КӨРКЕМ
ПРОЗАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМНЫҢ БЕРІЛУІ
Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы , филология
ғылымдар магистрі
Адамзат баласының болашақ үшін
қоғамдық, мәдени-өлеуметтік, экономикалық
т.б. күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани
жаңғырулары ұрпақтан-ұрпаққа сол
ұлттың тілінде сақталуы арқылы жетеді. Ана
тілінің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті
негізінде жаңа ұрпақ ұлтымыздың көне тарихы
мен мәдениетін дұрыс танып білуге бастау алады. Осы бастаулар
кешенді тіл ғылымының көкжиегінде ұлттық
мәдениеттің көзі ретінде тағлымдық мәні зор
ұлттық тілдің өн бойынан табылады. Осымен байланысты
тіл табиғатының қыр-сыры өзге ғылым салаларымен (философия,
мәдениеттану, антропология, психология, мифология, этнография т.б.) тығыз
қарым-қатынастың негізінде танылып, зерделеніп отыр.
Өйткені, ұлттық тілдің болмысын
шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын
білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші
этностың ғасырлар бойғы тарихымен, тұрмыс-салтымен,
мәдениетімен, дәстүрлі менталитетімен тікелей байланысты екені
сөзсіз. Сондықтан да ұлттық тілді сол этностың
дүниетанымымен, мәдениетімен, ой танымымен, тарихымен біріктіре
қарау мөселесі тіл ғылымында өзіндік өріс алып
келе жатқан этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану
сияқты жаңа бағыттардың тууына себепші болды.
Әлемдік
лингвистикалық ой-тұжырымдарда этнос тілінің
ұлттық мәдениетпен тығыз байланыстылығы,
ұлт мөдениетінің сол этностың тілінде сақталып,
дамып, болашақ ұрпаққа жеткізілетіндігі туралы идея атақты
ғалым В.фон Гумбольдтың: "Тіл - халық рухы, халық
рухы тіл арқылы көрініс табады" деген белгілі концепциясынан
бастау алады [1,32].
Осыған
сәйкес Ф.де Соссюр, Э.Сепир, А.Потебня, Ю.М.Лотман еңбектерінде,
қазақ тіл біліміндегі Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан,
Ә.Қоңыратбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов,
Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, А.Салқынбай, А.Сейсенова, А.Сейілхан т.б.
еңбектерінде "тіл мен мәдениет"
сабақтастығына ерекше назар аударылған. Бұл
бағыттағы зерттеулердің Қазақстандық
ғалымдардың назарынан да тыс қалмағанын осыдан
байқауға болады.
Осы бағыттағы еңбектерге көркем
мәтін тілін талдаған Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, Б.Момынова,
С.Ғұбайдуллин, К.Еңсебаева, Б.Мұратбек т.б. зерттеулері негіз болған.
Кез-келген тіл өзіндік жасалу жолдары бар жүйелі
сөзжасам жүйесінен тұратын тіліміздегі басқа
лексикалық қолданыстағы сөздер қабаты
сияқты дүниетанымдық лексиканың да өзіндік жасалу
жолдары бар. Бұл ұлт тілінің мүмкіндігіне, екінші
жағынан, жазушы шығармаларының тіліндегі сөз
қолданудағы жазушының шеберлігіне байланысты туындаған
тәсілдер болып келеді. Сондықтан дүниетанымдық
лексиканың жасалу жолдарын Т.Әбдіков шығармаларынан
алынған мысалдармен нақтылай отырып, өз алдына бөлек
талдап көрсетуді жөн санадық. Бұл тұрғыдан,
жазушының өзіне ғана тән сөз қолдану
тәсілдері, сол арқылы ұлт дүниетанымын, болмысын берудегі
шеберлігін ашып көрсетуді де негізге алдық. Сондықтан
жалпыұлттық тілдегі аталған сөздер
қабатының жасалу жолдары мен жазушының өзіне тән
қолданыстардың табиғатын өзара салыстыра отырып талдап,
ара жігін ашып көрсетуге ұмтылдық. Сол арқылы
тілдің дүниетанымдық лексика жасаудағы
мүмкіндігіне барынша тоқталып өтуді мақсат еттік. Жазушы
шығармаларында жиі кездесетін дүниетанымдық лексика қатарын
түбір сөздер құрайды. Алайда, бұл арада
түбір сөздердің барлығын дүниетанымдық лексика
қатарына жатқыза бермейтіндігіміз белгілі. Өйткені, жазушы қолданысындағы
кез-келген түбір сөз осындай ұлт танымына қатысты
сөздер бола бермейді. Олардың өз реті, қолданыста
айқындалатын ұлтқа, ұлт тіршілігіне қатысты
өз мағынасы бар екендігі айқын.
Жазушы шығармаларында
қазақ баласының туып-өскен жерге деген сезімі ұлттық болмыспен
ашылған. Мысалы, «Туған жерің, мейлі көкмайса болсын,
мейлі кезерген шөлейт болсын, бәрібір көкем де, ал
балалық шағың мейлі рақатпен өтсін, мейлі
жоқтықпен өтсін, бәрібір балдан тәтті емес пе.
Жаз бойы Қоңыраулы өзенінің жағасында бие байлап,
қымыз ашытатын он шақты киіз
үй менің көз
алдымда әрқашан әсем, көрікті күйінде елестейді.
Солардың күнге күйіп, қоңырайып кеткен көне туырлықтары да,
түтінге ысталған түндіктері
де, жел соқса сартылдап, сабалап тұратын үзік баулары да көңіліме алабөтен
ыстық. Мен көкжиектен шашырап, күн көтеріле
бастағанда-ақ шөпшілердің кешкі салқыннан аши
қоймаған саумал
қымыздың екі-үш кесесін сіміріп салып, өгізге
жайдақ мінетінінен бастап, бұл ауылдың қашаған құлындарын қалай ұстап,
желіге байлайтынын, жылқы қайырып жүрген балаға
кемпірлердің не деп ұрсатынын, тіпті сәскеде
самаурынның трубасынан шұбатылған көкшулан, ащы
түтіннің желсіз тымақта қайтіп көтерілетінін,
түскі аңызақта көл жақтан қандай иістер
келетінін, ақырында бақташылардың кешкі айғайы мен
шыбыртқылардың сартылын, жұмыстан қайтқан
шөпшілердің дабырлаған дауыстарын – бәрін
қалдырмай башайлап суреттеп бере алар едім. Өйткені
бұлардың барлығы менің балалық шағымда
көріп, біліп өскен белгілі өмір ғой. Көзімді
жұмсам болды, осылар тізбектеліп, сол бұрынғы ап-айқын,
түсінікті қалпында алдыма келеді» [2, 129].
Автор шығармаларында ұлттық дүниетаным ата-ана,
үй лексемалары арқылы дәл берілген. Мысалы, «Есімде, біздің үй соғыс
басталған жазда Ақсуатта отырды. Біздің үй деп отырғаным – жездемнің
үйі ғой. Өзім тақыр жетіммін. «Әкең
атқа мінген, билік айтқан кісі. Мәмбетейдің ішінде содан
тәуірі болған жоқ. Бірақ не керек, кешегі аласапыранда
бәрі кетті... Ал шешең болса, соның күйігінен
өлді» дейтін маған үлкендер. Бәлкім, солардың
тәуірлігінен болар, әкеммен дәмдес болған адамдар мені
көрген жерде жылыұшырап, маңдайымнан сипап қалады. Бір кезде менің де өзгелердей ата-анам болғанын, болғанда анау-мынау емес, елге сыйлы,
қадірлі, жақсы адамдар болғанын шын сезінгім келіп,
әлгі кісілердің мүсіркеген сөздерін мөлиіп,
беріліп тыңдаушы ем... » [2, 130].
Мақаламызда
тіл мен ойдың, тіл мен танымның, тіл мен тіршіліктің, тіл мен
салт-сананың бірлігін дөлелдеу үшін алдымен тілді, оның
табиғатын тану қажеттілігі туындайды. Яғни, аталган бірліктерді
немесе олардың әрқайсысын жекелей тани түсу үшін
де ұлт тіліне үңілуге тура келетіндігі өз-өзінен
алдымыздан шығатын тіл біліміндегі өзекті мәселе болып
табылады.
Соның негізінде ұлт болмысына, тарихына,
салт-дәстүр, ұлттық санасына, тұрмыс-тіршілігіне,
т.б. өзіндік ерекшеліктеріне қатысты дүниелердің сыры ұлт
тіліне байланысты екендігіне көз жеткіздік. Бұған
мақаламыздың өн бойында келтірілген мысалдар тобы да дәлел
бола алса керек. Нәтижесінде, ұлттың тілін тану оның бар
болмысын, ұлттық дүниетанымын тығыз бірлікте екендігі
жөніндегі тұжырымды нақтылай түстік. Қазақ
тіл біліміндегі тілтаным мен дүниетаным үғымдарының
біртұтас ұғымдар екендігін осындай пікірлермен, нақты
Т.Әбдіков сияқты ұлт болмысын, тарихын төптіштеп
суреттеп беруге ұмтылған жазушы шығармаларынан алынған
мысалдармен делелдеп көрсетуге ұмтылдық. Яғни, тілтаным
мен дүниетаным біртұтас ұғым. Жазушы шығармалары
арқылы халық, ұлт тілін, ұлт тілі арқылы
ұлт болмысын, тарихын, тұрмыс-тіршілік, салт-санасын тануға
болады. Бір сөзбен айтқанда, ұлт болмысы мен мөдениетін
тануға болатын бірден-бір құрал - ұлт тілі. Бұл -
ұлт тілдерінің қай-қайсысының
қарым-қатынас құралы болудан кейінгі маңызды
қызметтерінің бірі деп ұққан жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Гумбольдт В. Избранные труды по
языкознанию. - М.: «Прогресс»,
2000. -400 с.
2 Әбдікұлы Т.
Әке. Повестер мен әңгімелер. - Алматы: «Қайнар»,
2005. -384 б.