Қазақы әлеуметтік жарнама: қазіргі жағдайы мен мәселелері

Оспанова Құралай Толеубекқызы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
PhD магистратура және доктарантура институы
Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі

мен әдебиеті мамандығының I курс магистранты

 

    Тіл – қоғамның әр түрлі саласында қолданылып,  қоғамда әр түрлі қызмет атқарады. Тілдің дамуы да қоғамдық құбылыстармен тығыз байланысты. Сондықтан да  ол кез-келген салада еркін қолданылуы керек. Әлеуметтік жағдайға байланысты өмірдің әр саласында адамдардың қажеттілігі мен қызметіне қарай тіл де ерекшеленіп  қолданылады. Қазақстанда қоғамдық өмірдің 15 негізгі, 57 қосалқы саласында, барлығы 72 салада тілдің  қолданылатынын социолингвист ғалым  Б.Хасанұлы  көрсеткен. Соның бірі мемлекеттік тілдің жарнама саласында қолданыс табуы.

     Бүгінгі  күннің өзекті мәселесіне айналып, тілжанашырларын  алаңдатып отырған қазақ тілінің көрнекі ақпарат пен жарнама тілі ретінде қолданылуы. Қалай десек те, ана тіліміздің мәселесі әлі  күнге өз шешімін таппай келеді.

    Мемлекеттік тілде берілген кез-келген жарнамаға қарасақ, талғамға сай келмейтін, қазақ тілінің әдеби нормаларының сақталмағаны, стилистикалық жағынан сөйлемдер бір-бірімен байланыспай, не болмаса орыс тілінен тікелей аударылған жарнамалар көшемізден бой көрсетіп тұр. Оған қоса кейбір коммерциялық құрылымдардың қазақ тілін менсінбеуінен бе, шетелдік атауларға көшуі де жиілеп барады. Екі аттам жердің бәрінде ағылшынша айдар тағылған неше түрлі мекеме  атаулары көз шағылыстырады.  Құдды бір шетел көшелерінде  келе жатқандай сезінесің. Мысалы, «D $ N», «MEGA ALMATY », «MG Style», «Alika’s handmade soap», «Eye Clinic» - деген ағылшынша жазылған атаулар сәнге айналып барады. Бұл бір ғана көшенің бойынан келтірілген мысалымыз.

     Астана қаласындағы үлкен бір дүкеннің атын ағылшынша  кішкентай әріппен    «early learining centre» жоғарғы жағына оқылуын үлкен әріптермен жазған (Ерли Лернин Сентэ).  Мен алғашында өзіме таныс кириллица әріптеріне көзім түсті, сөйтсем, ол дүкен атауының  оқылуы екен. Мүмкін дүкенге кірген тұтынушылар дүкеннің атауын дұрыс оқи алмағаны дүкен иесінің «қытығына» тиді ме, кім білсін? Мұның өзі мемлекеттік тілдің  жарнама саласында өз дәрежесінде қолданылмай отырғаны.

     "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабында 
 «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде әрi жарнама берушiнiң ұйғарымы бойынша басқа да тiлдерде таратылады (орналастырылады)» - делінген.  Бұдан шығатын қорытынды  мемлекетіміздегі әр ұлт өкілі өз тілінде жарнама жасауға болады деген сөз. Сонда Қазақстанда тұратын 130 дан астам әр ұлт өкілі өз тілінде жарнама жасаса, күтілетін нәтиже айтпасада түсінікті. Әр халықтың  ұлтшылдығын біле тұрғанмен, ортақ тілге деген құрметті, ұлтжандылықты да ұмытпауы керек.

     «Жарнама туралы» заңның 1-бабында: «Осы заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату, орналастыру және пайдалану үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, жарнама саласындағы жосықсыз бәсекеден қорғау, жөнсiз жарнаманы болғызбау және оларға тыйым салу болып табылады»/ 1/.  Бірақ, заң іс жүзінде жүзеге асып отырған жоқ.

     Жарнама тілі  барлығына түсінікті, кең таралған тіл болуы тиіс екенін ескерсек, жарнаманың  тілі  жалпыға түсінікті,  әрі қысқа, әрі нұсқа, тартымды, әсерлі жазылуы керек. Өз көшемізден өз төбеміз көрінбей келеді. Мысалы, бір ғана  «Ақсай 3» сауда орталығының маңдайшасындағы жарнамалардың өзіндегі бірнеше қателерге қарауға өзің ұяласың. (Орысшасы: Детская одежда и игруши), қазақшасы:  «Балалар киім, ойыншықтар» (дұрысы – балалардың киімі) , «Ақсай 3 Сауда үйі №15 бутигі» деп басталатын екінші жарнамада, жұрттың назарын аудару үшін әдемі көйлек киген екі қыздың суретін қойып, ортасына көзге көрінбейтін кішкентай әріптермен «Ресей мен Турциядан әкелген әсем де әдемі балалар киімі», кейінгі жолына «Әсемдік заттар опа далаптар сапалы заттар жақсы бағалар» -деп төменгі жағына әр түрлі сауда маркаларының белгілері қойылған, қызыл, сары, көк түстер арқылы берілген, сапалы заттар деп жарнамалаған мұндай  сапасыз, арзанқол жарнамаға ешкімнің көңілі аумайды,  сондықтан да қатесіне де ешкім мән бермейді. Осы жердегі келесі бір жарнамада  (орысшасы: губки, щетки, моющие средства, шампуни, мыло, станки и многое другое.Огромный выбор хозтоваров и товаров личной гигиены. Все для вас!)  Қазақшасы : «ысқыштар, щеткелер, жуу ақылар, сабындар, қырыну үшін станоктар және дербес гигиена таурлардың алып талғам! Бәрі сіздер үшін!». Осындай сауатсыз жарнамалардан қашан көз ашамыз? Кімге мұңымызды айтып, кімге шағымданамыз? «Құрғақ қасық ауыз жыртады» емес пе?  Бір нәтиже шығаруымыз керек қой, қашанғы осылай жүреміз? Қайда барсаң да, қай қалаға барсаң да сауатсыз жарнамадан көз ашпайтын болдық. Одан қалса, жарнаманың төменгі жағына «Жарнаманың мазмұнына жарнама беруші жауапты» деп жазып қояды. Ал, енді кінәлі адамды тауып көріңіз?  «Алма-ата» сырасының жарнамасы да ойыңды адастырады. Жарнамада қазақша көйлек киген қазақтың қызы мен « Алматының ұмытылмас дәмі»  деп мәтіні беріліпті. Осы жерде Майқы бидің «Ішкенің сары су болар» дегені еріксіз ойға оралады. Ұлттық болмысымызға тән емес мұндай жаранамалар көше бойын торлады. Қазақ халқы ертеден  қызын қастерлеп, төрден орын берсе, ұлттық киімдегі қазақ қызын  бүгінде ішімдік өнімдерінің жарнамасынан  көргенде жүрегің сыздайды. Наурыз мерекесі қарсаңында «coco-cola» өнімінің жарнамасы көрсетілді. Сюжеті былай, наурыз мерекесін тойлап жатқан қазақ халық қазақы сусындардың орнына «coco-colaны» ішеді. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға нұқсан келтіретін мұндай жарнамалардың орын алуына жол бермеуіміз керек.  Әрине, Тіл заңының орындалуын дұрыс басшылыққа алатын мекеменің жоқтығы, жарнама саласымен арнайы айналыстан кадрлардың болмауы, қазақ тіліндегі жарнамаға сұраныстың жетіспеушілігінен осындай жағдайлар орын алуда. Бұл қоғам болып шешетін мәселе.

     Жарнамада бейнелік тілдік құралдардың қолданылуы, жарнама мәтіндерінде экпрессивті-эмоциялық лексика, көркемдік бояуы бар, көркем-әдебиет стиліне тән құралдар қолданылу керек /3/.  Осындай менталитетімізге жақын, салт-дәстүрімізді насихаттайтын  ұлттық болмысымызға жақын, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізден сыр шертетін, салауатты өмір салтын сақтауға насихаттайтын және ұлттық фольклор түрлерінің үлгілеріне де  арналып көрсетілетін бейнелі жарнамалық көріністер көп болса ұлт болашағының кепілі болар еді. 

     Мемлекеттік тілді жарнама саласында қолдану – ұлттық қажеттілік.   Бұл - мемлекеттік мәртебе.

     Жер бетінде қанша тіл болса, жарнама сонша тілде жарияланады. Ал жарнама  саласындағы тілдің қоғамдық қызметі социолингвистика ғылымының үлесіне тиеді [2]. Сондықтан, мемлекеттік мәртебе алған   ана тілінің бүкіл дүние жүзіне танымал етудің алғы шарты – ұлттық қажеттіліктен туындаған мемлекеттік тілді жарнама саласында дұрыс қолдану.

                                       

                                     Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

2.     Асанбаева  С.А.  «Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолданудың социолингвистикалық өзекті мәселелері». Алматы,1999. 10б

3.      Солтанбекова Ғ.Ә.  Қазақ жарнамалары: Тілдік сипаты және олардың ықпал ету қызметі. – Алматы, 2001ж/. Қазақ