Филологические науки/8. Родной язык и литература

филолог.ғ.к., доцент Шаридияр Валиханов

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

(Арқалық қ. Қазақстан )

 

Ғ.МҰСТАФИН КЕЗЕҢДІК ӘДЕБИЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

 

 «Ой әуендері» жинағындағы халықтың өнері мен мәдениеті, әдебиеті жайлы сала-сала, тарау-тарау, қадау-қадау ой сілемдері - қаламгер Ғабиден Мұстафиннің азаматтық, жазушылық ұстаным-бағытын әр қырынан ашып, айқындап жатқан, негіздей түскен құнды тоқтам, құнарлы талғам. «Қазақ көркемөнері жайында» мақаласында (1946 жыл) шығармашылық шаруасына табанды талап қойылып, мін айтылған. Театрлар, спектакльдер, музыкалық шығармалар туралы ащы-ащы айтылған ойдың кейінгі көркемдік даму өрісімізге ықпалын тигізгені даусыз.

Ғабиден Мұстафин осы мәселелерді қорғап, көтеруінде әпербақан белсенділікке де, сөз бұйдаға салып ойын бүркемелеген жалпақшешейлікке де ұрынбайды. Батыл айтып, жігерлі сөйлейді.

«Ой әуендеріндегі» көп құнды ойдың бірі Мұхтар Әуезовтің «Абай» романынан өрістеген. «Абай» романы – әдебиетіміздің мақтаны» атты мақалада автор шығарманың көркемдік құндылығын қысқа-қысқа тоқтамдармен, алыстан шалып отырып айтады. Шығарманың мәнін, өзекжарды сырларын жинақтай келіп түйілген мына бір тоқтамда Ғабиден Мұстафиннің дерек зердесі тағы бой көтереді. Айтары көп, астары терең, аумағы көп түйін...

«Романның сюжеті, жазушының қолданған әдісі – әдебиетіміздің алдына теориялық мәселелер қойып отыр. Совет әдебиеті социалистік реализм әдісімен жасалып жатса, социалистік реализм тек социалистік өмір тәжірибесінен ғана туады деген пікірді дұрыс десек, «Абай» романы өткен ғасыр тұрмысынан жазылған боп шығады. Бұл – бір. Екіншіден, Мұхтар сюжет құруда Батыс Европа романдары түгілі, орыс романдарына көп соқпай, өзінше кеткен. Сюжет дәстүрін, кейде аттап түсіп отырған. Сонда да роман жақсы шықты. Мұның себебі не, сыры қайда? «Абай» романының маңында әдебиетшілеріміз әдебиеттің осындай теориялық жағын кең толғанып, баспасөз бетінде айтыстар ашулары керек қой деп ойлаймын» [1, 61-б.].

«Өскелең проза» мақаласында Ғабиден Мұстафин қазақ прозасының даму кезеңдерін саралайды. Өсу, үйрену жолын, ізденіс өрісін, нақтылы шығармалардың мәнін айтады. Жазушы қазақ прозасы әсіресе 1940 жылдардан былай қарай кемелдене түсті дейді. Сол тұста елеулі шығармалар орнын қаламгердің өзіндік орнын айғақтай түседі.

Қазақ прозасының даму кезеңдерінің өзгешеліктеріне тоқтала келіп Ғабиден Мұстафин көркем әдебиеттің түбегейлі мұраттары туралы әдеби дамудың бар иірім, бар бағытын қамтып, қадағалап, қарауылдап отырып кесіп айтып, кеңеске тартады.

«Өскен әдебиетке тілек те өсті. Бұған дейін көніп келген кейбір кемшіліктерге енді көнбейтін болды жұрт. Шығарманың бетінде азын-аулақ қылшық көрінсе де, алып тастамай, төгіп тастайтын халге жетті. Қазақтың қазіргі жаңа қауымы бір кездегі ардақты эпос, ұлттық салт дегендердің өзін талғап-талғап қабылдайды.

... Прозамыздың басты екі кемшілігін атап айтпасқа болмайды. Бірі – әңгіме-новелла жанрлары үшінші кезеңге көтеріле алмай келеді, өте аз. Сол аздың өзі бірен-сараны болмаса, көркемдік жағынан қатты ақсап жатыр. Екінші кемшілік – тақырып кедейлігі. Бір жерінде жаңбыр жауып, енді бір жерінде күншуақ болып тұратын қазақтың кең жерінде не жоқ? Адам кәсіптерінің, адам образдарының, табиғат байлықтарының алуан-алуан түрлері бар, прозамыз осы бай дүниенің кескінін толық бере алған жоқ әлі» [1, 65-б.].

1949 жылы жазылған бұл мақалада социалистік реализм шарттарын, келешек күндерге ұмтылған көңіл-күйді де көрсету керектігін қадап айтқанымен, есте таза көркемдіктің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған тоқетер тоқтамдары, айқын қисындары қалатынын жазушы жақсы біледі...

1950  жаңа жыл қарсаңында «Жаңа тілек, жаңа іс» құттықтауында Ғабиден Мұстафин өзінің жаңа бір үлкен шығармашылық іске «Қарағанды» романын жазуға қанаттанып отырғанын жариялайды.

«Қарағанды» жазылды. Қазақ тарихындағы қоғамдық-әлеуметтік өзгеріс, өндіріс тынысы түскен бұл туынды – Ғабиден Мұстафиннің көркемдік өрісі кең, өмір шындығынан туған іргелі еңбегі.

Ғабиден Мұстафин «Халық сенімін ақтаймыз» атты мақаласында (баяндама – Ш.В.) көркем әдебиет – халық меншігі, осы меншікті талап-таразыға салушылар бар деген қынжылысын айтқан. Сол уақыттың саяси талаптары тұрғысында сөйлеп отыр дегеннің өзінде, жазушы түбегейлі көркемдік мәселелерін көтеріп, ащы-ащы сын айтады. Әдебиет шаруасында бел алып бара жатқан келеңсіздіктердің атын атап, түсін түстеп беріп сөйлейді. Сын, өзара сын дейтін құбылысқа бар ықыласымен, бар шынымен үндеседі.

«Біздің одақта творчестволық секциялардың жұмысы ойдағыдай емес. Творчестволық секцияларды талқылауды атүсті, немқұрайды өткізеді. Ал, одақтың президиумы секциялардың ұсыныстарын қалай болса солай бекіте салады. Шығарманы талқылап, бағалауға осылай жеңіл қараудың салдарынан бірсыпыра автор одақ секциялары мен президиумды аттап өтіп, өздерінің қолжазбаларын баспаға тікелей өткізетін болып жүр. Көркем әдебиет баспасы олардан одақтың ұсынысын талап етпейді, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алады. Әдебиет шаруашылығындағы осындай тәртіпсіздік, Жазушылар одағының әдебиетті басқарудағы қырсыздығы тамыр-таныстық пен ептілікке қолайлы жағдай туғызды, құнсыз, сұрқай шығармалардың жарыққа шығуына мүмкіндік берді» [1, 70-б.].

Ғабиден Мұстафин жазу ісінде сырттан таңып, тақырып ұсынып жазуға тартудың зардаптары, келеңсіздігі туралы нақтылы қойылым жасайды. Бұл баяндама әдебиет ісі әмбебаптықты көтере бермейді деп, мәселені төтесінен қоюымен де ерекшеленетін жайы бар.

Оқып, үйрену, іздену қажет жазу үшін дей келіп айтылған мына пікірде келелі мәселе қозғалған. «Творчестволық күшті орын-орнына қойып, дұрыс пайдалану екінші маңызды мәселе. Біз әрбір жазушыдан роман, пьеса, либретто, әңгіме, балалар кітапшасын жаз, киносценарий жаз, туысқан халықтар жазушыларының шығармаларын аудар деп талап етеміз. Белгілі жағдайда, әдебиет кадрымыз азғантай кезде мұның өзі мәжбүр қажетіміз болып еді. Бірақ, әдебиетіміз өскен, оның кадры өскен қазіргі жағдайда да осы қалыптасқан әдет әлі қалмай келеді...

Жазушының әдебиеттен өзі таңдап алған жанрында жарқырап көрінуіне көмектесіп, әрбір жанр мен түрдің шеберлерін тәрбиелеп өсірейік. Халықтың қауырт өскен әдеби талап-тілегін сонда ғана орындаймыз» [1, 73-б.].

Аударма талабы, шағын жанр өрісі, Жазушылар одағына мүшелікке алу жайлы да мәнді мәселелер осы баяндамада күн тәртібіне шыққан. Партия ұйымы жиынында жасалған осы баяндаманың өзінен де Ғабиден Мұстафиннің әдеби дамудың өзекті мәселелерін қозғап, көтеруде де, оны өмір ағымына тартуда да әр уақыт ұсақ-түйек демей, сақ, сергек болғаны көрінеді.

Автордың одақтық басылымдардағы драматургия туралы мақалалардың бағдарын саралап, сын айтуы оның әдебиет шаруасына қатысты ағымдағы үрдісті де қадағалап, сергек бақылап, қатысып отырған, үн қосып отырған тынымсыз шығармашылық жаратылысынан хабар береді.

Драматургиядағы тақырып қуу, жалаңдық, еліктеу сияқты көркемдікке опа бермейтін беталысты нақты көтеру арқылы да Ғабиден Мұстафин осы кенже жанрдың қазақ әдебиетіндегі кемелденіп толысуына өзіндік үлес қосты деп айтуға толық негіз бар.

Ғабиден Мұстафин ненің жайын қозғаса да дәлелмен, дәйекпен, нақтылы, істі мейлінше игеріп, меңгерген, білетін маман тілімен айтады. Әдебиеттегі науқаншылдық, жалғандық, жалаңдық, көзбояушылық пен әсіре пысықайлық – жазушының жаны қас құбылыстары болғаны оның әр байлам, әр ой бөлісу, әр тоқтамынан көрінеді. Аталған мақалада пьесаны қою, спектакль режиссурасы туралы да жазушы мағыналы ойлар қозғайды.

1953 жылы «Зор міндет, жоғары талап» мақаласында да жазушы көркемдіктің көп міндетін саралайды. Қалыптасып, дамып келе жатқан, жанрлық баюды бастан кешіп отырған туған әдебиеттің төңірегіндегі ой толқындарын ортаға салады. Жазу ісінің тәсілі мен әдісі, қиындығы мен қызығы туралы сыр ақтарады. Жақсы шығарма жазу үшін не қажеттің жайын әріден тартып, кеңінен қозғайды.

«Материал байлығымен де шығарма көркем бола бермейді. Материалды жазушы билеуі керек. Жазушыны материал билесе ой-өрісі тарылады. Бүгінгі өмірді көрсет дегенді біз әлі тегіс ұғынып болмаппыз. Өмірді көрсетемін деп кейде технологияны көрсетеміз. Жұмысшылар машиналардың арасынан, малшылар малдың арасынан көрінбей қалып жүр. Көркем әдебиет адамдар жайында және адамдар үшін. Адам неғұрлым айқын көрінсе, шығарма солғұрлым айқын. Адам неғұрлым солғын көрінсе, шығарма солғұрлым солғын. Сондықтан бүгінгі өмірді көрсет деген сөз, алдымен оның жасаушыларын көрсет деген сөз» [1, 93-б.].

Жазушы әдебиетті өсіріп, шынықтыратын шынайы сын кемеліне жете алмай келеді деп және бір келелі мәселені көтереді. Көркем сөздің құны өскен өз дәуірінің түпкілікті көркемдік мұраттарын Ғабиден Мұстафиндей бар ауқымымен алып айтудан ғұмыр бойы қол үзбеген дарын кем де кем. Сирек. Ол жазушылар дейтін халықтың бар тіршілігін алақандағыдай айқын айтады. Өзара өмірдегі сын көтере алмаушылық, болдым, толдым деп дандайсу, жылпостық, т.б. келеңсіз істер әдебиеттің, көркемдіктің шаруасы емес екендігін түйреп-түйреп айтқан Ғабиден Мұстафиндей жаны мазаң, қайраткер қаламгер көп емес еді...

1954 жылы Қазақстан жазушыларының үшінші съезінде жасаған «Әдебиетіміздің жайы және міндеттері» баяндамасында да көркемдік өрістің қалтарыс қалған құбылысы жоқ десек те болар.

«Абай» романы туралы алғаш айтылған салмақты, таза көркем таныммен туған салмақты ойлардың авторларының бірі Ғабиден Мұстафин осында романның қазақ әдебиеті тарихындағы аса елеулі, айтулы орнын тарау-тарау мәнде негіздейді. Романды халықтық туынды, орталық тұлға Абай ғана емес, халықтың да өзі дей келіп Ғабиден Мұстафин шығарма құндылығын тап басқан тоқтамдар жасайды.

«Романның тілі орамды, мағыналы, тапқыр екендігі өз алдына, сонымен қоса бай. Салақтықтан, білмегендіктен, кейде тіпті жалған сақтықтан халық жасаған бірсыпыра тіл әдебиетімізден қағажу қалып жүрді. «Абай» романында халық тілі кең қолданылған, олардың қайсы біріне автор жаңа мән сала, жаңа әсер бере отырған. Жылдар өтер, біздің тарихшыларымыз жазушының, кітаптың тіл байлығын терең зерттейтін болар, сонда «Абай» романының бұл қасиеті арта түсетіндігінде күмән жоқ.

... Абай жайындағы романдар тарихи романдарға жатады. Әрине, бұдан ешбір мінсіз, ол туралы жақ ашпа деген ұғым тумайды. Сынауға, мінеуге болады. Бірақ оның бірде-бірі аталған қасиеттерін жоя алмайды. Абай жайындағы романдар тек өскен прозаның ортасынан шығатын болса, сол өскен прозаның өзіне үлгі де бола алады. Біз енді прозамызға Абай жайындағы романдардың дәрежесінен қарайтын болдық» [1, 108-б.].

Ғабиден Мұстафин осы баяндамада Сәбит Мұқанов шығармашылығына мән беріп, баға беріп сөйлеуінде де ақиқат сөзден аспайды. Ұстамды, қонымды тоқтам жасайды. «Абай» мен «Оянған өлкенің» мәдениетті жазылуы, яғни көркемдік өресі туралы да ағынан ақтарылып өз бағасын айтады. Ғабит прозасын сұлу проза, Ғабит – сөз мергені дейді.

«Қазақ совет прозасының ұлттық тіл мәдениетін жасауда Әуезов пен Мүсіреповтің қосқан үлесін өзгеден ерекше айтуымыз керек» [1, 110-б.].

Ғабиден Мұстафин осы баяндамасында Әлжаппар Әбішевтің шығармашылығына қатысты біршама сын айтады. Соғыстан кейінгі әдеби дамуға қосылған тың дүние, жас жазушылар шығармашылығы туралы да автор жалпы айта салмай, нақтылы, арнайы тоқталып отырып сөйлейді.

«Нұрпейісов пен Шәймерденовтің романдары, Соқпақбаевтың кейбір әңгімелері мен «Алыстағы ауылда» атты повесі қазіргі күйінің өзінде кейбір сарыкідір жазушыларымыздың шығармасынан жоғары тұр. Ал авторлардың өз мүмкіндігінен төмен тұр» [1, 113-б.].

Ғабиден Мұстафин әдеби дамудың бар бағыт, бағдар, жетістік, кемшілігін айнаға түсіргендей айқын саралайды. Ол шығармаларға тоқталуында әсірелеп, әспеттеп, артық сөзбен аспандатып сөйлеуге бармайды. Ұстамды, қонымды, айғақты, нақ пікірімен алады нені көздегенде де.

 

Пайдаланған әдебиет

1.     Мұстафин Ғ. Ой әуендері. – Алматы: Жазушы, 1978.-296 б.