Филологические науки/8. Родной язык и литература

филолог.ғ.к., доцент Рахметова Б.А.

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

(Арқалық қ. Қазақстан )

 

ТЕМІРҒАЛИ НҰРТАЗИН ӘДЕБИЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

 

         Сан қырлы талант иесі қазақ әдебиеті тарихының қалыптасуына қомақты сүбелі үлес қосқан Т.Нұртазин әдебиеттанушы ғалым ретінде де, көрнекті сыншы есебінде де әдебиетіміздің өткеніне, кезеңдік сөз өнеріне байланысты ой пікірлерін әрдайым ортаға салып отырған. Осындай мақсатпен әр тұста жазылған зерттеу мақалалары мен еңбектерінің біразы «Шеберлік туралы ойлар» [1] кітабынде берілген.

 Кітапта қазақ поэзиясының қалыптасуы, даму жолы жайлы да біраз

мақалалар бар. «Эстетикалық пікіріміздің даму тарихынан» атты мақалада халқымыздың атам заманнан келе жатқан эстетикалық пікірінің барлығына тоқталады. Оны нақты деректермен, мысалдармен дәлелдеуге тырысады.         Төңкеріске дейін өмір сүрген суырып салма ақындардың, сондай-ақ Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың өнерге деген эстетикалық көзқарастарын сөз етеді.

Абай эстетикасын Белинский эстетикасымен сабақтастыра, салыстыра қарастыратын дәлелдері, пікірлері көңілге қонымды.

«Абай және әдеби жастар» деген мақаласында Абай мен жас ақындардың арасындағы рухани, шығармашылық байланыс, Абайдан үйрену мәселесі сөз болады. Жастар Абайдан үйрену үшін бірінші оны түсіну керек деген орынды пікір білдіреді.

«Шортанбай шығармалары жайында» мақаласында ақын мұраларының әлде де жинастыруды, сұрыптауды, зерттеуді қажет ететіндігін айтады. «Шортанбай мұрасы – үнемі айтыс-тартыста келе жатқан дүние. Абайдан бастап Шортанбайды мақтаушы да, даттаушы да аз болған жоқ. Алайда өзінің шағын көлемді шығармаларымен Шортанбай халық санасында, сыртқа сырып тастауға ешкімнің құдіреті жеткен жоқ» [1,171], - деп жазады.

«Жаңа бағыт, биік белес» деген мақаласы С.Торайғыровтың шығармаларын талдауға арналған. Сондай-ақ Т.Нұртазин мұнда ақын шығармашылығын зерттеушілер тарапынан жіберілген олқылықтарға да тоқталады.

«Ұлы жазушы», «Низами», «Тоқай және қазақ әдебиеті» атты еңбектері әдеби байланыстарға, халықтар достығына арналған.

«Очерк өзегі-өмір» зерттеуінде, очерктің жанрлық табиғатына, осы жанрда қалам тербеген М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Омаров, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов т.б. ақын-жазушылардың шығармаларына шолу жасайды.

1960 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Кең тынысты шығарма» [2] деген көлемді мақаласы белгілі жазушы Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін»  романына арналған. Сыншы жиырмасыншы жылдардағы қазақ ауылдарының әлеуметтік-саяси өмірін, ескі салттың ыдырауымен жаңа тәртіптің даму барысын бейнелейтін осы туындының жетістіктеріне тоқталып, олқылықтарын көрсеткен. Аталған тақырып төңірегінде біраз қазақ қаламгерлерінің қалам тартқаны белгілі. Қазақ ауылдарына Кеңес өкіметінің келуі, әйел теңдігі, жер бөліс науқаны, байлардың тәркіленуі секілді мәселелер отандық ақын-жазушылардың шығармаларында бұған дейін де әр түрлі дәрежеде сөз болған. Оларды тұтастай қарастырсақ жиырмасыншы жылдардағы ауыл сипатын толықтай дерлік тануға болар еді. Ал жеке-дара алғанда, сол аласапыран кезеңнің кейбір беттері, сәттері байқалғанмен, өтпелі кезеңнің толыққанды суреті бәрінде көріне бермейді. «Ал «Дауылдан кейінде», - дейді автор, - сол тұстағы ауылдың сан құбылалы өмірі тұтас қамтыла бейнеленеді, соның нәтижесінде он жылға жуық әлеуметтік тарихи даму жолына түбегейлі түйін жасалады, шешім қорытылады» [2].

Сыншы роман тақырыбына бүгінгі күн емес, өткен кезең, тарихи зерттеулерге, шолуларға азық бола бастаған жиырмасыншы жылдар оқиғаларын жатқызады. Онда да жай жылдар құрамы емес, романға арқау болған ерекше маңызы бар дәуірді атайды. Соған орай, «Дауылдан кейінде» бүгінгімізге, болашағымызға тікелей жанасты күрделі мәселелердің көтерілгенін, жаңа заманды кейіптеген жазушының ауыл өмірінің шындығын реалистікпен шебер суреттей білгенін айтады. Сонымен бірге роман кейіпкерлері мінездерінің құралу, даму жолын бейнелеуде, шешуші қаһармандардың бейнесін жасауда жеткен жетістіктері сөз болады. Романдағы Аман, Қазанғап, Шәкен, Шалабай, Тоқабай т.б. сан қилы кейіпкерлердің өздеріне тән сипатымен, мінезімен, сөз қалпы, жүз-көркімен көрінетіндігі, қаламгердің типтендіру, дараландыру секілді әдеби тәсілдерді ұтымды пайдалана білгендігі нақты мысалдармен дәйектеледі.

Зерттеуші романды талдап, байыптауда оны оқшауламай әдебиеттегі дәстүр жалғастығымен, жаңашылдықпен, шығармашылық ізденістермен бірлікте қарастырады.

«Кейіпкерді өмірдің басқа салаларымен қатар, еңбек, шаруа ұқыптау әрекетінде көрсету Абай, Алтынсариндерден бастап әдебиетіміздің дәстүріне енген болатын. «Дауылдан кейін» әр қалыптағы жандардың шаруадағы әрекеті жақсы көрінеді. Сонымен қатар әрекеттің құнарлылығы заман тілегіне бағыттас болумен байланысты екені ашыла отырады. Жазушы дүние бабына машық іскерлерді жарқын образда әсірелей бейнелейді» [2] – деп орынды пікір білдіреді.

Романның көркемдігін тілге тиек ете отырып, сыншы Ғ.Мұстафин тілінің бейнелі, бай екендігін атап көрсетеді. Оның мән-маңызын ашуға тырысады. Жақсы көркем тіл дегеннің жарқылдақ тіл, я судыраған шешен тіл емес; сан-алуан кейіпкерлердің болмыс-бітіміне, мінез-құлқына, білім-парасатына, өмір құбылысына, жан-күйіне лайық сөз кестесін, интонациясын табу, сөз қалпын сенімді жағдайға келтіру екенін ескерте келіп, Ғ.Мұстафиннің осы биіктен көрінгенін айтады.

Кең тынысты, ауқымды шығарма болғаннан кейін азды-кем сетінеулердің кездесуі заңды. Сыншы романдағы осындай олқылықтарды орынды аңғарған. Мәселен, кейбір беттерде жазушының көркем, суретті тіл кестесіне некен-саяқ натурализм нышандарының араласуын келісімсіз деп табады. Сондай-ақ кейбір елеулі, мәнді мәселелердің жұқа, ат үсті ғана сипатталып өткеніне қынжылыс білдіреді. Кітаптағы суреттелетін оқиғалардың көптігі, молдығы осыған әкеп соқтырған деп түйін жасайды. Бірақ, жалпы алғанда Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романы әдебиетімізге биік белес болып енді деп қорытындылайды.

Бүкіл саналы ғұмырын әдебиет мәселелеріне арналған адамның туған әдебиетіндегі сын мәселесіне немқұрайды қарай алмасы түсінікті. Әдебиетші ғалымның 1975 жылы «Жұлдыз» [3] журналында жарияланған «Сын туралы әңгіме» атты мақаласынан осыны аңғарамыз. Шекспир заманынан бері сынға қойылып келе жатқан талаптар жайлы әңгіме қозғай келіп, автор мұнда қазіргі әдеби сын туралы пікір қозғайды.

Бүгінгі оқушы қауымның талғамы өзгергендігін, оның сыншыдан байсалдылық, парасаттылық, тереңдік күтетіндігі айтылады. Мәскеуде шығатын газет-журнал беттеріндегі мақалалар мен Алматы баспаларында басылған мақалаларды салыстыра отырып, соңғысының солғындау, шабандау соғып жатқандығына өкініш білдіреді. Тіпті Республикалық газеттерді былай қойғанда, жазушылар одағының органдары болып есептелетн «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Просторға» да бұл салада әлі біраз тер төгіп, жұмыс жасау керектігін сөз етеді.

Сондай-ақ осы мақаласында Т.Нұртазин ана тілі мәселесіне де көңіл аударып оның болашағына алаңдаушылық білдіреді. Әсіресе кейбір жас авторлардың халқымыздың тіл байлығын еркін меңгеріп кете алмай, шоқырақтай беретінін; осы күні тіл бұзу, тіл шұбарлау фактілерінің жиі кездесе бастағандығын ескертеді. Жас авторларға көмекке келу, кемшіліктерін көзге шұқып көрсету де сынның міндеті екендігін атап өтеді. Сыншы-ғалым әдеби сын төңірегіндегі ар-ұят, әділдік туралы да өз ойларын ортаға салады.

«Кейбір сыншы жолдастарда адалдық, шыншылдық жете бермейді. Жақсыны көре тұрып, көргісі келмеушілік, жаманды жаба тоқушылық кездеседі. Бұл оп-оңай құтылып кете қоятын дерт емес, әрине, бірақ мұндай әдеттерден бірте-бірте арылатын шығармыз» [3]. – дейді. Жазушылардың жаңа шығармаларын талқылайтын жиналыстардың да өз дәрежесінде, талапқа сай өте бермейтіндігіде назардан тыс қалмайды. Мұнда да бірінші орында шындық қымбат екенін естен шығармаған дұрыс болар еді деген тілек білдіреді.

Ал, «Данышпан жазушы» [4] деген мақаласында сыншы орыстың біртуар жазушысы, данышпан Л.Н.Толстойдың өмірі мен шығармашылығына тоқталады. Артына терең мағыналы, теңдесі жоқ мұра қалдырған Л.Н.Толстойдың қарымы мол қаламгерлігімен бірге халқының тағдырына алаңдап, араша түскен қоғам қайраткері болғаны белгілі.

Т.Нұртазин мақаласында көрнекті қаламгердің осы қырларына көңіл қояды. Орыс адамдарының тұлғасы мен эстетика, мораль, саясат, үкімет басқару, халық ағарту мәселелері қатар көрінетін жазушының «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» романдары мен «Казактар», «Декабристер», «Қажымұрат», «Иван Ильичтің өлімі», «Крейсер сонатасы», «Албасты», «Не үшін» повестері мен «Надандықтың құдіреті», «Ағартудың жемісі», «Тірі аруақ» пьесаларын сөз ете отырып, зерттеуші Л.Н.Толстойға реалист жазушы деген әділ бағасын береді. Адам қауымының қалың қабатына еніп патшаларды, императорларды, ақсүйек помещиктерді жарлы-жақыбайлармен қатар өмір өткелінде бейнелеп, тіршілік сынына, сотына ұшыратуын Л.Н.Толстойдың батыл реалистігі, алып ойшылдығы еді дейді. Сөзіне дәлел ретінде Л.Толстойдың тұтқындағылардың жағдайын жақсартуды талап етіп патшаға, министр Столыпинге, губернаторларға хат жазуын, 1902 жылы ІІ Николай патшаға хат жазып, жерді халыққа бөліп бер деп талап қоюын, бұл тілектерінің бірі де орындалмаған соң ІІ Николай патшаны «Қанішер», «Құпия жендет», Ақылы кеміс гусар офицері», «Қуыс кеуде құнсыз адам» деп шенеуін; 1908 жылы жарияланған «үндемей отыра алмаймын» деген мақаласында қанаушы, талаушыларды жер-жебіріне жете, қирата сынауын, ІІ Екатерина патшаны сайқал деп,  онымен көңіл қосқан Понятовскийді отанын сатқан деп бағалауын т.б. деректерді келтіреді. «Патшалық қытымыр қатал заманда Л.Толстой қорғансыздардың, дәрменсіз езілгендердің жырын жырлаушы, жоғын жоқтаушы болды. Ол қалың бұқараның ауыр халіне жанымен күйзеліп, озбырларға лағнет айтты» - дейді [4].

Артында қалдырған орасан мол әдеби мұрасы миллиондаған оқушыларға ұзақ жылдар бойы рухани азық, өнеге болып келген, әдебиет қайраткерлеріне өшпес үлгі, шығармашылық мектеп болған Толстой туындылары қазақ оқырмандары мен қаламгерлеріне де жат емес. Т.Нұртазин қазақтың тұңғыш педагогы Ы.Алтынсариннің орыстың ұлы жазушысының педагогикалық идеясы мен халық мектептері жайлы пікірлерінің тиімді жақтарын алып өзінің педагогикалық тәжірибесінде кәдеге асыруда, оның шығармалары тұңғыш рет қазақ әдебиетіне төлтума етуде қыруар еңбек сіңіргенін айтады. «Интернатта оқып жүрде» Салтыков пен Толстойды арнайы атайтын Абайдың этикалық, моральдық, көркемдік тұрғыда Толстой туындыларынан нәр алғанын, шығармашылық даралықтары, ерекшеліктері бола тұра қалың бұқараның тұрмысын суреттеуде екеуінің мүддесі бір жерден шығып отырғанын атап өтеді. «Толстой орыс қауымы өмірінің алай-дүлей халін суреттесе, Абай қазақ қауымы өмірінің астан-кестенін шығара бейнеледі» [4], - деп жазады.

Қазақ кеңес әдебиетінде Л.Толстойдан көп үйренген, сол бағытта шығармашылық табысқа жеткен жазушылардың бірі ретінде сыншы М.Әуезовті атайды.

«Конфликтіні шытырман, қат-қабат ете, асқындыра дамытуда, адам характерлерін тау қиясындай құж-құж қалпында бейнелеуде, қайраткерді даралауда, олардың табиғатындағы ішкі қайшылықтарды аяусыз ашуда М.Әуезовтің суреттемелері көп жағдайда Л.Толстоймен үндес шығып отырады» [4], - дейді Т.Нұртазин.

Сонымен бірге Толстойдан шығармашылық жолмен үйренудің С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов еңбектерінен де байқалатындығына назар аударады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Нұртазин Т. Шеберлік туралы ойлар. – Алматы: Жазушы, 1968.

2.     Нұртазин Т. Кең тынысты шығарма // Қазақ әдебиеті. 1960. – 5 ақпан

3.     Нұртазин Т. Сын туралы әңгіме // Жұлдыз. 1973. №5

4.     Нұртазин Т. Данышпан жазушы // Қазақ әдебиеті. 1960. -18 қараша