Мырзақұлова
Мадина – ҚТӘ-31топ
студенті
«Астана» университеті
Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., доцент Резуанова
Ғ.Қ.
Тұрсын Жұртбайдың «Бір уыс жусан»
шығармасындағы кейіпкер психологиясы
Адам тағдыры – жазушы үшін шығарма арқауы ғана
емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де; өмірде
көрген тірі адамдар туралы,
олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана
ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген
қоғам туралы көзқарасы қалыптасады,
нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем
жинақтау мақсатындағы творчестволық әрекеті
басталып кетеді [1, 87].
Чернышевский айтқандай, сөз өнерінің « шын
мазмұны – тек адам өмірі» ғана [1, 86]. Демек, адам
өмірі дегеніміз адам өмір сүріп жатқан ортасы
ғана емес, оның ерік-сезімі, ішкі жан дүниесі. Ал,
«адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып
көрсетуге айрықша мән беретін шығарманы –
психологиялық шығарма» дейміз [2, 291]. Адам психологиясын, ішкі
жан дүниесін айрықша ашып көрсететін
шығармалардың бірі Тұрсын Жұртбайдың «Бір уыс
жусан» шығармасы.
Бұл шығарма аты айтып тұрғандай біріншіден,
жусандай жас ғұмырды, екіншіден, көп емес, бар болғаны
бір ғана уысыңа сияр, қысқа ғұмырды
бейнелейді. Жай ғана бейнелемейді, шынайы шырғалаңға
толы, үнемі күрес үстіндегі өмірді суреттейді.
«Өмірдің шарты – күрес. Күрес тоқтаған
жерде өмір де тоқтайды» [3,
36] деген қағиданы қаламгер жақсы сезінеді.
Жазушының бұл шығармасы қатерлі ісікке
шалдыққан бар болғаны он жеті-ақ жастағы
қыздың ажалмен арпалысу кезіндегі ішкі дүниесін
сипаттауға арналған. Алдымен, автор көтеріп отырған
тақырыптың бүгінгі күн тұрғысынан
өзекті екендігін айтуымыз керек. Екіншіден, ол шынайылығымен
оқырманын өзіне баурап, оны өз кейіпкерімен бірге толғантатынын,
мұңайтатынын, шығарма соңы немен бітеді деген оймен
оның қызығушылығын арттыратынын айтуымыз қажет.
Орыс жазушысы Гоголь: «....суреткер үшін керемет қиын нәрсе,
адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп
иірімдерді табу, тану және жазу», - дейді [1, 104]. Біз қарастырып
отырған шығарма авторы сол пернені дәл тауып, дөп
басқандай.
Бұл өмірде қатерлі ісікке шалдыққан адамдар
өте көп. Олардың дертімен
қалайша күресе аламыз? Олардың өмірін
сақтап қалу үшін не істей аламыз? .....Ештеңе де істей
алмаймыз. Қолымыздан келер дәрмен жоқ. Ал
қаламгердің
шығармасында ол шешімін қалай тапқан?! Бұны
көру үшін, алдымен, шығармадағы үзіндіге шолу
жасалық: «- Келдің бе? - деді ақырын. Мұңлы
қалпы белгісіз ойдан арыла алмады... – Тексеріп жатыр..... Жеке
бөлмеге ауыстырды. Уф, ернімнің кезеріп тұрғанын қарашы. Қуырған бидай
жегім келеді. Есіңде ме, баяғы да... көрші кемпір бізге
беруші еді ғой. Сәл жымиды. Мен оның жан дүниесіндегі
өзгерістерді бірден байқадым. Демек сезді... Нені?
-
Түнде қатты қиналдым. Шыбын жаным көзіме көрінді.
Неге басылмай ауырады?.... Күн құрғатпай келіп
тұрыңдаршы. Сен кейде жалғызбын дегенде ренжуші едім.
Соныңның растығын аңғардым. Бар ауыртпалық
саған қалады-ау» [4, 21].
«.... тән ауырса, көңілдің күрт түсуі –
табиғи құбылыс» [3, 35] - деп Әл-Фараби
айтқандай, кейіпкеріміз де ауруы асқынған сайын
көңілі құлазып қиналады, жалғызсырап, сан
қилы ойға батады. Ұлы Абай «Дүниеде жалғыз
қалған адам өлген адаммен тең» [5, 111], - дегені
шын-ау шамасы. Расымен де, жалғыздықтан азапты еш нәрсе
жоқ. Әсіресе, ажал алқымыңнан алған сайын
жалғыздықтан қорқа бастайсың. Адам қорыққан сайын
жүрегі үздік-үздік соғып дертімен жанталаса
түседі. Ауру ауруын білдіртпей тұра ала ма? Шығарманың
бас кейіпкері де ауру жанына батқанын айтып қалады. Жалғыз
қалуға қорқады. Туғандарымен, жақын
адамдарымен қош айтқысы келмейді. Олардың жиі келіп
тұруын қалайды. Қорқыныш, үрей. Ал оған
себеп болған не? Оны
төмендегі мына жолдардан байқаймыз.
«- Таңертең
қаланың әр ауруханасынан екі-үш профессор келіп,
мені бір сағаттай тексерді. Олар шығып кеткенде, есік сәл
ашық қалды. Менің бір бөлмеде жалғыз
орналасқаныма өзінің дәлізде жатқанына
бұйра бас әйел риза еместін. Сол қасындағы серігіне
саңқылдай сөйлеп: «Көрдің бе мыналардың
шұбыруын? Біреу өлерде ғана шыбындай үймелейді. Кеше бас
дәрігердің екі аяғын бір етікке тығып ем. Сен
үндеме... мына қыз... рак... жазылмайды.
Үш-төрт-ақ күн ғұмыры қалыпты. Сосын
ғой, жылы орнымды суытпай жатқаным»,- дегенде көзім
қарауытып, басым айналып төсекке құладым [4, 22].
«Жазмыштан озмыш жоқ» [6, 40] демей ме дана
халқымыз. Дегенмен, өзіңнің айықпас дертке шалдыққаныңды
білу оңай нәрсе емес. Жас организм күресе алмай азап шегеді.
Өміріңнің аз ғана ғұмырында
өткен-кеткен сәттерін ойлап, терең ойға батады. Алайда,
«сау адам біреудің жарасы ауырып отырғанын білмейді», - деп Саиф Сараи [3, 38] айтқандай,
кейіпкеріміздің ішкі дүниесіндегі ауырлықты ешкім де
дәл өзіндей сезіне алмас.
Фуллер «Дертке шалдыққанша, денсаулықтың
қадірін ешкім де білмейді» [3, 35]
дейді. Шынымен де, ол жайында еш ойланып, толғанбаймыз.
Жеңіл айтылатын «РАК» ауруымен қазіргі қоғамымызда арпалысып
келе жатқан жандар айтарлықтай көп десек қателеспеген
болармыз.
Негізінде сезім дүниесін, адамның психологиясын, ондағы
өзгерістерді көрсету үшін кейіпкердің
өзімен-өзін сөйлестіру арқылы да адамның басында
болатын күйініш-сүйініштерді суреттеуге болады. Жалпы кейіпкер
психологиясын аша түсетін – монолог. Қажым Жұмалиев монологке
мынадай анықтама береді: «Шығармаларда қатысушы біреуге не
көпшілікке қайырыла сөйлесе, басқалар оның
сөзін бөлмей, тек тыңдаушы есебінде болса, ондай сөздерді
монолог дейміз» [7, 65]. Ендеше кейіпкердің ішкі жан айқайына
құлақ салып көрелік: «- Шынымен жарығымның
сөнгені ме? Өмірден қызық көріп үлгерген де
жоқпын ғой... Жалған, әлгі әйел көре алмай
айтып отыр. Енді не істеймін? Өлімнің тез болғаны ма?» [4, 22].
Не деген жан түршігерлік сөздер.... Дертпен қоса
өліммен де арпалысу. Енді кейіпкер үміт сәулесі сөнер
шақта:
Ем таба алмай,
От жалындай,
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай,
Пендеге [8, 95] - дегендей өзін іштей
жеген сауалдарға жауап іздей бастайды.
«Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек –
қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе де баян жоқ
екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?
Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі
қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді? [3, 211] -
деп Хакім Абай айтып өткендей, қандай жағдай болмасын,
қай жерде болмасын ешқашан үміт отын сөндірмеуіміз
қажет. Кейіпкеріміз де ажал отымен арпалысып жатса да үмітін
сөндірмеген. Автор оны былай көрсетеді:
«-
Шындығын айтсам, әлгі әйелдің сөзін естіген
соң, үрей билеген жоқ. Операцияға өзім келісім бергенім де сол. Жазылып кетермін, басқа дерт
шығар деген үміт
өшпей қойды. Менің жанымды да жұбатқан сол
үміт-сәуле еді. Адам санасы сондай сәтте сәбидің
ойлау жүйесіне ұқсап, қиялға беріліп ,
өзіңді-өзің алдайсың, әлденені медет
тұтып, алданыш етесің. «Суға кеткен тал қармайды».
Іштей мен де дайындалдым. Қандай азапқа да шыдап, секем бермеуім
тиіс. Күн сайын солып бара жатқанымды сезсе тіпті...» [4, 23].
Сағаттың
шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір
өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне
ұқсас,
Өтті, өлді тағдыр
жоқ қайта келмек [8, 176] деген Абайдың өлең
шумақтарында берілгендей, кейіпкеріміз де тағдырға
мойынұсынады. Дегенмен оны
жақын адамдарына білдірмеу мақсатымен жан дүниесімен
арпалысады.
«-Расында, ойыма
Жасұланның әр түрлі сәбилік мінездері,
сөздері түсті. Оның сәби иісі мұрнымды
қытықтап тұрғандай. Сен шығып кеткенде мен одан
көп нәрсені сұрадым. «Үйге барғанда папаң
не істейді, жылай ма? Кімдер бар?- дегендей. Ол бәрін айтты. Өзі
әңгімешіл, екеуміздің бір кезде қыдырғанымызды
айтты: «Ауруыңнан жазыласың ғой иә, енді сені мен
паркке апарамын, балмұздақ
әперемін. Ай паркке
кіргіземін. Сонда сен қорықпа», - деді. Е, менің осы
жатқанымнан тұрмайтынымды қайдан білсін. Тек, менің
бейнемді жүрегінде мәңгі сақтайтын
мүбәрәк көңілді адамның барлығын
сездім. Бала көңілі еш нәрсені ұмытпайды ғой [4, 25].
Баланың таза көңілі қиналған жанды онан сайын
азапқа салып, өршіте түседі. Оның«жазыласың
ғой» деген сөзін ойлаған сайын жан дүниең
құлазып бір ауыр күй кешкендей боласың. «Шыдай білуге
де күш керек» [3, 13]. Кішкентай ғана баланың сөздері
періштенің құлағына шалынса екен деп тілейсің,
алайда «Өмірді беретін де Алла, алатын да бір Алла». Біздің
қолымыздан келер еш шара жоқ. Кейіпкер де осыны жақсы
түсінеді. Сондықтан да жақын адамдарын азапқа
салғысы келмей: «- Егер мен жанталасып, жарық дүниені
қимайтыным туралы сәл емеурін танытсам, сенің
ғұмыр бойы жан азабынан арылмайтыныңды сездім.
Түрің сондай үрейлі, жынданып кететін шығарсың
деп сескендім. Морфи ақыл-есімді тұмандырса да, есімнен сол
кейпің кетпеді. Тек сендер жоқта ғана көз жасыма ерік
беретінмін. Арман-ай... Соңғы жылы туған күнімді
өткізе алмағаныма өкінемін, әттең...» [4, 19] деп
жазады күнделігіне.
«Тумақ, өлмек –
тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмір, жоқтық
қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтың
арасында,
Тіршілік деп аталар біраз жасы [9, 87].
..........
Арманда кеткен жас қыршын. Шығарма тартымды, шынайы, алайда ауыр.
«Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны
қозғайды» [5, 115] дегендей кейіпкердің басынан кешкені
әркімнің де жүрегін жылатады. Алайда, кейіпкеріміздің
өмірі арқылы қазіргі таңда осындай азаппен өмір
сүріп жатқан адамдарды түсінгендей боласың. Лев Толстой
айтқандай «Ең басты нәрсе адамның жан тіршілігі» [1,
105]. Суреткер бұл
шығармасымен өз дертімен арпалысқан жанның жан
дүниесін тамаша аша алған, көрсете білген.
Дүние, шіркін, жалған- ай,
Жалғаннан көңіл
қалғаны-ай.
Көгеріп келіп өмірге,
Көміліп кеткен арман-ай [4, 30]- деген
жолдармен мақаламызды аяқтайық.
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі:
1.
Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Мектеп», 1982.
2.
Ахметов З. Әдебиеттану. – Семей-
Новосибирск: «Талер Пресс», 2006.
3.
Жарықбаев Қ. Ақылдың кені. – Алматы: «Ана тілі», 2012.
4.
Жұртбай Т. Бір уыс жусан. – Алматы: «Атамұра», 2009.
5.
Шаймерденұлы Е. Қазақ афоризмдері. – Алматы, 2012.
6.
Әлпейісова К. Мағыналас мақал-мәтелдердің,
қанатты сөздердің қазақша-орысша сөздігі. –
Астана: «Аударма баспасы», 2006.
7.
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: «Мектеп», 1964.
8.
Абай «Қалың елім қазағым». – Алматы: «Атамұра»,
2002.
9.
Шәкәрім «Қазақ айнасы». – Алматы: «Атамұра»,
2003.