Сембаева Г. П., Қыдыралиева С.

 М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚИЫН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ

ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГ ПЕН ОТБАСЫНЫҢ РӨЛІ

 

Қазіргі ХХІ ғасыр табалдырығын аттап отырған кезеңде «қиын балалар» мәселесі бізді әлі де ойландыруда.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын».

«Қиын балалар» ұғымы 1920-1930 жылдарда тәрбие мәселесінде пайдаланып жүрді. Бара-бара бұл 1950-1960 жылдары қайтадан қолданысқа енді. Қазір бұл мәселе ғылымда нақты орын алып отыр. Әрине, бұл мәселемен көптеген ғалымдар айналысқан, қиын балалар мінезін, өмірін жан-жақты зерттеген. Қазір де мұндай жасөспірімдер көп.

Қиын балалар қайдан шығады?- деген сұраққа былай жауап берсе де болады. Ең басты себеп отбасы тәрбиесінде жатыр: ата-ананың ішімдікке салынуы немесе екеуінің біреуі болмауы. Осының бәрі баланың мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне әсер етеді.

Кейбір тәрбиесі, мәдениеті  өте төмен  ата-ана баласын ұрып-соғып, жаман сөзбен балағаттап, тіпті баласына қайыр-садақа сұратқызады. Мұнда бала ертеңгі күні кекшіл, жасқаншақ, төбелескіш келеді. Сонда оның тағдыры, болашағы қандай болмақ.

А.Макаренконың мына бір сөзіне көңіл қою артық болмас еді. «Бала тәрбиесі  біздің өміріміздің саласы. Біздің балаларымыз мемлекетіміз бен әлемнің болашақ азаматтары. Олар ертеңгі әке мен шеше, олар да өз балаларын тәрбиелейтін болады. Біздің балаларымыз тамаша азамат, жақсы әке, жақсы шеше болып өсуі керек.Бірақ мұнымен де бітпейді. Біздің балаларымыз –біздің қартайған шағымыз. Дұрыс тәрбие-бұл бақытты қарттығымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдармен бүкіл ел алдындағы кінәміз».

Қазіргі уақытта мінез-құлықтың бұзылу себебі түбегейлі түрде зерттеліп, жаңа сипатқа ие болуда және әлеуметтік-психологиялық, клиникалық, криминалогиялық тұрғыда қарастырылуда.

Мінез-құлықтағы қиындық – бұл шексіз ұғым, тәрбиелік және әлеуметтік педагогтік әсерге қиындықпен көнетін, қайталанбайтын  психологиялық ерекшелік. Мұндай жасөспірімдер өсе келе  ауыр қылмыстық істер жасауға бет бұрады. Егер талдау жасап, жасөспірімдер қылмысын тізе берсек, тізім созыла береді. Ал балалардың сол қылмысқа бару себебін  іздеп, қиын балалар қалай шығатынын зерттесек, біріншіден, баланың  қарны тойып тамақтануы, үйде жанжал шыққан күннің ертесінде мектепке бару, бармау мәселелері тұрады. Осы және тағы басқа мәселелерді реттеу, шешу  жолдары тиісті адамдар тарапынан ұсынылған. Бала–біздің болашағымыз, елді өсіретін де, өшіретін де, осы келешек ұрпақ.

Мінез-құлықтағы қиындық және қиын балалар ұғымын зерттеу және бақылау 1920-30 жылдары пайда бола бастады. Бастапқы ғылым саласында емес, күнделікті  өмірде қолданылып жүрді. Біраз уақыт қолданысталған ғылым ұмтылып, 1950-60 жылдардың басында қайтадан қолданысқа енді. Қазірде  бұл терминдер  ғылыми  сөздіктерде  нақты  орын алып отыр.

Сөз етіп отырған бұл мәселе әрдайым  социолог, психолог, әлеуметтік педагог, заңгер, дәрігер, педагог мамандарының  зейінін  өзіне аударып, оларды  алаңдатып отыратын үлкен мәселе  екенін айтып өту керек.

Ең алғаш осы мәселе бойынша зерттеу жүргізген  П.П.Бельский (1917ж., 1924ж.) болды,  ол өз мінез-құлқы шамасынан  ауытқыған,  кәмелетке жасы  толмаған  балаларды  қарастырды. П.П.Бельский  өзінің  30 жыл уақытын заң бұзушы  балалар мен жасөспірімдердің  ішкі әлемін  зерттеуге арнады. Бірақ та оның теориялық  позициясы  жеткіліксіз  болды. Ол Л.И.Петражицскийдің  теориясына  сүйенеді (1908), З.Фрейд пен К.Левиннен,  сонымен қатар, Ч.Ломбрододан  да бірталай мағлұматтар алды.

Осы қиын балалар  мәселесі бойынша, жоғарыда аталған ғалымдарымыздың ішінде А.С.Макаренконың қиын балалар  мен  жасөспірімдерге  арналған еңбектері  отандық  педагогикалық  алтын қорына енді.

П.О.Эфрусси  мінез-құлықтағы  қиындық  табиғатын  жүйке  жүйесіндегі  ерекшеліктері   қозғаушылық,  көңіл-күйдің аумалы-төкпелігімен, жұмысқа қабілеттіліктің  нашарлауымен  түсіндіруге әрекет  жасады, сонымен бірге ол  психологиялық  себептерді  физиологиямен  ұшырастырды. Оның зерттеуінің құндылығы мынада, ол кейбір  жекелік  ерекшеліктерді талдауға,  соның ішінде  оқушылардың өзін-өзі қалыптастыру әдетін  анықтауға көп септігін тигізеді.

Көп жылдық оқу мен бақылау негізінде И.А.Невский  қиындықпен  тәрбиеленетін баланың пайда  болуын, балалармен  отбасына, мектепте  жүргізілетін оқу тәрбие  жұмыстарының  жеткіліксіздігінен, кемеліне  жетпеген педагогикалық  практика нәтижесінен  деп түсіндірді. Ары  қарай ол  өз ойын  бойлай  көрсетеді. Бұл  қыңыр   құбылыспен  күресу  бағытының  шешімі әлеуметтік педагогтің тиімді  әдістерді  меңгеру  қабілетіне  қарай емес, сол әдістерді   дұрыс  қолданып,  дұрыс игеруіне негізделеді. Ал бұл негіз ең біріншіден  әлеуметтік педагогтің жеке қасиетіне, қабілетіне,  оқушымен  қарым-қатынасына, олардың әрекеттерін  дұрыс  ұйымдастыруына  қарай құрылады.

Баланың психикасы көп факторлы, әлеуметтік өмір жағдайына қоғам дамуына тәуелді екенін қарастырды.

Ғалымдардың бірқатары  баланың  дамуындағы  кідіріске, қоғамға бейімделудің қиындылығына  себепші  болып отыратын қолайсыз  әлеуметтік-биологиялық  факторларды анықтады.

В.В.Трифонов зерттеулерінде «қиын оқушы» анықтамасы–бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша  уақыт бөліп қаруды, әлеуметтік педагогтің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы. Бұл шексіз ұғым. Ол жеке  адамның өзгеру құбылысын жинақтаушы. Осы категориядағы  балалардың жалпы адамдық  және өзге ешкімде  қайталанбайтын қасиеттері, әлеуметтік және биологиялық факторлардың ықпалымен қамтамасыз етіледі.

Біраз зерттеулер (М.А.Алемаскин, Л.М.Зюбин, Д.В.Колесов, В.Н.Кудрявцев, Г.М.Минковскиий, И.Ф.Мягков және тағы басқа) «қиын балалардың»  басым көпшілігі–бұлар мектеп бағдарламасын дұрыс меңгере алмайтындар, сондықтан да оқушылар  ұжымынан тысқары  шығып қалатын балалар, - деп атап көрсетті. Ұжымдағы жағымды позициядан қалыс қалу оларды теріс мінез-құлыққа, айналасындағы адамдармен, әсіресе бірге оқитын құрбы-құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас жасауына кедергі келтіреді.

«Қиын балалар», «мінез-құлықтағы қиындық» ұғымынан басқа, «қиындықпен тәрбиелену» ұғымы де кеңінен қолданылады.

«Қиындықпен тәриелену» - баланың теріс мінез-құлқы, дау-жанжал кейде бұл қайшылық  табиғи түрде, тек бір-бірін түсінбеуден шығатын дау-жанжал екенін айтуға болады. Ал мұндай да кейде онша қауіпті емес және ол қиындықсыз жойылуы мүмкін.

«Қиын балалар» намысқой келеді, олар бір нәрсеге  өзінің жарамсыз екенін сезіп тұрады және сол себептен  қиянат жасауға физикалық  күшін жұмсап, «маған бәрі жоғарыдан төмен қарайды, мені адам екен деп санамайды, мен оларға көрсетемін»,-деп саналы түрде ой тұжырымдап өзін-өзі сендіреді.

Ұзақ мерзімді дау-жанжал баланы қиын атандырып ғана қоймайды, сонымен бірге оның жүйке-жүйесінің бұзылуына себепші болуы мүмкін (психоневроз). Балаларда ішкі дау-жанжалдың ықпалынан сыртқы дүниеге, қоршаған ортаға деген сенімсіз, тіпті жауластық сияқты қатынастар пайда болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.   Ахметжанова Н. «Қиын балалар қиғылығының қыры»,Ұлағат,№2, 2000.

2.   Атемова Қ. «Қазақ отбасындағы тәрбие үрдісі», Қазақстан мектебі, №1,2006.

3.   Сағымбекова А. ««Қиын бала» мәселесі әлі де қиын», Тәрбие құралы, №3, 2004.

4.   Жарықбаев Қ., Қалиев С., Қазақ тәлім-тәрбиесі: Оқу құралы. –Алматы: Санат. 1995.