УДК
373.2.015.324
МЕКТЕП
ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ АУЫТҚУЫН ТҮЗЕТУГЕ
АРНАЛҒАН ЭКСПЕРИМЕНТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Кикимбаева
Айжан Жумабековна
«Тұран-Астана» университетінің
«Педагогика
және психология» мамандығының магистранты
Астана,
Қазақстан
Ғылыми жетекші - п.ғ.к.,
доцент Ахтанова С.К.
«Тұран-Астана» университеті
Жаңа ғасыр білім беру жүйесіне
жаңа міндеттер жүктеп отыр. Қазіргі заманда білім беру
парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып,
жаңа көзқарас, жаңаша қарым - қатынас пайда
болды.
Неміс
ақыны Гете «Біліп қою - аз, сол білгенді өмірде қолдана
білуің керек. Ниеттену ғана аз, сол ниетінді іске асыруың
керек» деген қанатты сөзімен толық келісемін, себебі
педагог-психологтың ерекше
қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізуде қоғамға
бейімдеудің қиындықтары жетерлік.
XXI ғасырда ерекше қажеттіліктері бар
балалардың толыққанды өмір сүруіне жаңа
мүмкіндіктер ұсынылып келеді. Нақтырақ айтқанда,
олар кәдімгі мектепке дейінгі мекемелерге бара алады. Осы кезде инклюзивті
білім беру жүйесі ерекше балалар үшін қоғамға
ықпалдасудың жаңа тәсілі ретінде қарасытырылатынын
айта кеткен жөн.
Бұл жүйенің басты ерекшелігі балалардың
диагнозын қиындық деп қабылдамай, керісінше оны танып
білудің жаңа мүмкіндігі деп қарастыру. Халық
арасында осы түсінік қалыптаса бастаған кезде, ерекше жандарға
жаңа мүмкіндіктер ашылады. Дегенмен, мектептердің
жағдайы ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды
қабылдауға әлі дайын емес.
Мектеп жасына дейінгі дамуында ауытқуы бар балалар
психологиялық, медициналық және педагогикалық
комиссиядан (ПМПК) өтеді. Оның мүшелері баламен, ата-анасымен
әңгімелеседі, артынша қорытынды шығарады. Гипербелсенді
балалар да осы комиссиядан өткізіліп, оңалтуға жіберіледі.
Гипербелсенді бала терминінің танымал
болғанына да көп уақыт өткен жоқ. Аталған
термин 80-ші жылдардың басында «мидың ең төменгі
әрекетсіздігі» ұғымынан алынған еді.
1980 жылы Американдық психиатрлар
ассоцияциясы DSM-IV (the Diagnostic and Statistical Manual of Mental Disorders,
Fourth Edition) деген атпен бұл ұғымды ұсынып,
мидың ең төменгі әрекетсіздігін «ЗЖГБ» (зейін
жетіспеушілігі мен гипербелсенділік) деп атауды ұсынды [1].
Жалпы алғанда бұл әлеуметтік маңызы бар дерт.
Себебі ғалымдардың пайымдауынша бойында гипербелсенділік белгілері
бар балалар нашақорлық, ұрлық, маскүнемдік
секілді зиянды әдеттерге жақын болады.
Гипербелсенді баланы тәрбиелеу оңай
емес. Р. Кэмпбелл айтуы бойынша ата-аналар төмендегі 3 қателікке
жол береді:
- олар ақыл айтып, бақылап жүріп,
онымен әңгімелесуді ұмытып кетеді,
- бала тәрбиесінде қатаңдық
таңытпай, оның тәрбиесін үнемі қадағалап
отырмайды,
- ашуын бақылауда ұстаудың
дағдыларын үйретпейді.
«Ашуды
бақылауда ұстау» атты кітап авторлары баланың ашулы кезінде
ата-аналарға тиімді және тиімсіз қарым-қатынас
түрлерін мысал ретінде ұсынады:
Тиімді:
- балаға тынышталуға мүмкіндік
беру;
- баланың дәлелдерін зейінмен
тыңдау;
- өзінің сезімдерін анық
және дұрыс жеткізу;
- қалыптасқан жағдайдан
шығудын дұрыс жолдарын көрсету;
Тиімсіз:
- баланы жазғыру;
- оны мұқатып, келтірген
дәлелдерін күлкіге айналдыру [2].
Зейін жетіспеушілігі синдромы бар балаларды емдеу
мен бақылаудың жүйесінің әлі де зерттелмеуі
бұл аурудың патогенезінің анықталмағанымен
байланысты. Оны емдеудің дәрімен емдеу және
дәрі-дәрмексіз емдеу әдістері белгілі.
Дәрі-дәрмексіз емдеу
әдістерінің қатарына психотерапиялық,
педагогикалық, нейропсихологиялық коррекция жатады.
Гипербелсенді балаға 12 баладан артық
емес топта, сабақ ұзақтығы 30 минутқа дейінгі
уақыт аралығы және бірінші партада отыру ұсынылады.
Себебі бұл баланың мұғалімге қарап отырып,
зейіннің шоғырлануын қамтамасыз етеді. Ата-аналармен
психотерапиялық жұмыс жүргізу барысында баланың
іс-әрекетін «бұзықтық» деп қабылдамай, оған
түсіністікпен және сабырлы көзқараспен қарау
керектігі айтылған жөн. Сондай-ақ ата-аналар гипербелсенді
баланың күн тәртібінің сақталуын, яғни ұйқыға,
демалуға жеткілікті уақыт бөлінуін қадағалау
керек. Осы орайда гипербелсенді балалардың ашушаң,
қозғыш екенін естен шығармай, адамдар көп жиналатын
іс-шаралардан алыс ұстағаны дұрыс. Мұндай балаларда зейін
шоғырлануында қиындықтары бар болғандықтан
белгілі уақыт аралығына бір тапсырма беру керек. Ойын кезінде
баланың достарының салмақты болуы шарт.
Зейін бұзылуы мен гипербелсенділік белгілері
бар балаларды тиімді емдеу үшін бала мен оның ата-анасына әртүрлі
психологиялық әдістерді қолдану, сонымен қатар
дәрімен емдеу арқылы қол жеткізуге болады [3].
Балалардың
гипербелсенділігінің көптеген себептері бар. Солардың жиі
кездесетін түрлері:
-
генетикалық тұқым
қуалаушылық;
-
биологиялық (сәбиді дүниеге
әкелген кезде алған жарақаттар);
-
әлеуметтік-психологиялық
(ата-анасының ішкілікке салынуы, отбасындағы микроклимат,
тұрмыс жағдайы, дұрыс тәрбие бермеудің салдары)
болуы мүмкін.
Әдетте
мұндай балаларды өзінен үлкен аға-апаларымен
салыстырып, үлгі етеді. Алайды мұндай қөзқарастан
гипербелсенді балалар іштей күйзеледі.
Қозғалысты қажет ететін ойындар мен жаттығуларды
таңдамас бұрын ұстаздар гипербелсенді балалардың
төмендегі ерекшеліктерін ескерген жөн:
-
зейін жетіспеушілігі;
-
алаңғасарлық;
-
аса белсенділік.
Гипербелсенді бала кез-келген жағдайда, кез-келген жерде (үйде,
қонақта, дәрігер бөлмесінде, көшеде болсын)
қылықтарын өзгертпейді: жүгіреді, мақсатсыз
қимылдап, бір орында ұзақ тұра алмайды,
қызықты деген ойыншықтармен алданып, ойнай бермейді.
Бұл балаға ешқандай айла-шаралары әсер етпейді, мейлі
ол алдау, тыныш отыруын сұрау, ұрсу әрекеті болсын. Тіпті
гипербелсенді баланы ұрып та көндіру мүмкін емес. Ондай
балалар тоқтай алмайды. Оның басты себебі баланың
өзін-өзі ұстау механизмінің дұрыс жұмыс
істемеуінде.
Гипербелсенді
баламен жұмыстың негізгі мақсаттарына мыналарды
жатқызуға болады:
- отбасындағы
ата-анасы мен өзге де туыстарымен
қарым-қатынасын жақсарту;
- тыңдай
білу қабілетін дамыту, ұқыптылық мен әр ісіне
жауапкершілікпен қарауды үйрету;
- айналасындағы
адамдарды құрметтеуді, дұрыс сөйлесе алуды және
өзінің іс-әрекетін қадағалауды үйрету;
- жаңа
дағдыларды үйрену мен оқудағы жетістіктері арқылы
өзін-өзі бағалауды жоғарлату;
-
психомоторлық функцияларды жаттықтыру;
-
эмоцианалдық күшті азайту;
-
рөлдік ойындар арқылы мінез-құлықты түзету;
Педагог мамандарда әдетте
баланың бойынан гипербелсенділік белгілері байқалса не істеу керек
деген заңды сұрақ туады. Медициналық картасында
диагнозы жазылмай, ата-анасы жасы ұлғая басылып кетеді деген
үміт жетегінде жүреді.
Бұл жағдайда педагог арнайы ата-анасымен сөйлесіп,
психиатр немесе невропотологтың көмегіне жүгіну керектігін
айтады. Бастысы, ата-анасына баласына көмек қажет екенін
түсіндіру.
Мектеп жасына дейінгі жастағы балалардың
гипербелсенділік белгілерін түзетуге арналған экспериментті
ұйымдастырудың жолдары бірнеше әдістерін қарастырсақ.
Психотерапияның маңызды салаларының
бірі қазіргі таңда арт - терапия болып табылады.
Алғашқы арт - терапия түсінігі енгізілген кезде оны тек
сырқат, ауру немесе демалыс үйіндегі емделушілерге ғана
қолданған болса, қазіргі кезде оның қолданыс
аясы, шеңбері кеңеюде, яғни, бұл терапия баланың
шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, баланың
бойындағы ресурстарының мүмкіндігін түсініп,
ашуға да жағдай жасайды.
Арт-терапия бейнелік өнер арқылы жанның
дамуы мен емдеудің табиғи және қолайлы әдісі.
Арт-терапия терминің ғылымға 1938 жылы Адриан Хилл енгізді.
Арт-терапия ағылшын тілінен аударғанда шығармашылық
терапия деген ұғымды білдіреді.
Осы терапия әдісінің бір түрі -
қуыршақ-терапиясы. Қуыршақ-терапияның рөлі
түрлі аспектілерде қолданылады. Қуыршақ-терапия сөзін
қазақшаға тікелей аударғанда «қуыршақ
арқылы қамқорлық жасау, емдеу» деген мағынаны
білдіреді.
Аталған терапияның түрі қазіргі
таңда үлкен жетістіктерге ие. Қуыршақ арқылы
адамның ішкі болмысын тануға болады. Дәлірек айтқанда,
баланың немесе ересек адамдардың ішкі дүниесімен сырласуына
мүмкіндік беретін ем түрі. Ұсынылып отырған
саусақтарға киілген қуыршақтар балалардың
психикалық денсаулықты жақсарту, әлеуметтік бейімделуді
дамыту, танымдық белсенділігін арттыру, қызығушылығын
және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру,
баланың эмоцияналдық және адамдық дамуын арттыру,
денсаулық жағдайларын қалыптастыруда ең тиімді
әдісі болып табылады. Бұл әдісті пайдалану - уақытша
психикалық дағдарысқа ұшыраған немесе дамуында
ауытқуы бар балалармен жұмыс жасайтын мектепке дейінгі мекемелерге
ең пайдалы жұмыс түрі.
Ойын терапиясы – арт терапияның ерекше түрі.
Бұл терапияның жүргізу балалардың әлеуметтік
және психологиялық мәселелерді жеңу үшін, жеке
және эмоционалды дамуы үшін арнайы ойындар қолданады. Егер
бала ойынға белсенді және бар ықыласымен қатысса емдеу
әсерлі болады.
Ойын баланың психологиялық ахуалын
сақтауға, оның қоғаммен
қарым-қатынасын анықтауға, ересек өмірге
дайындайды. Ойын балаға белгілі дағдыларды меңгеру
үшін, сонымен қатар қарым-қатынасты, өмірге деген
құлшынысын арттырады, эмоционалды және физиологиялық
жағдайын жақсартады. Ойын психологиялық күйзелістен
шығу үшін емдеудің бір тәсілі ретінде
қолданылады.
Бала ойынға өз еркімен қатысып, ойыннан
қуаныш рахатын көру керек. Әсіресе бұл гипербелсенді балалардың
қатысуымен ойын өткізу барысында эмоционалды әсерін
мөлшерлеп, өзін қалай сезінетінін бақылау керектігін
айта кеткен жөн.
Құм терапиясы - адамға
өзінің жан дүниесіндегі өз «Менін» танытуға,
өзіне өте маңызды, жан тебірентерлік және
құпиясының ашылуына көмектеседі.
Құмның адам ағзасына тигізер
әсері мол. Әсіресе балалардың ұсақ қол
моторикасын дамытып, олардың психикасын реттейді. Саусаққа
тиген құм түйіршіктері әрбір ұйықтап
жатқан қолдың жасушаларын оятады, жүйкесін
тыныштандырады. Құмның бала психикасының жағымсыз
қуатын жоқ қылатын сезімталдық жай күйді
реттейтін қасиеті бар. Құм балаларға магнит
сияқты әсер етеді. Ол суды сіңіру қасиетіне ие.
Ғалымдар құм барлық ауыр психологиялық энергияны
сіңіріп, адамның энергетикасын тазалап, эмоционалдық
күйді орнықтырады дейді.
Сондай-ақ музыка терапиясы мен бейнелеу
терапиясының біріктіріліп өткізілуі арқылы арт-терапия
бойынша шығармашылық тапсырма беруге болады.
Тыныштандыруға арналған әуен
қосылады. 4-5 топқа балаларды топтастырып, «Менің
бақытты балалық шағым» тақырыбы аясында тапсырма
беріледі. Балалар тек саусақтарымен сурет салады. Бұл баланың
миының психикалық қызметінің (зейін, еске сақтау,
ойлау қабілетін, сөйлеу) дамуына және қол мен
саусақ икемділігін дамытуға арналған тапсырма. Берілетін
уақыт әуен біткенше. Әр топтың жұмысы
қорғалады. Жұмыстың бұл түрі көп
жағдайда балалардың көңілінен шығып жатады.
Гипербелсенді балалармен жұмыс бойынша жүргізілген
зерттеулердің мақсаты гипербелсенді балалардың
эмоцианалдық-еріктік сферасын зерделеу үшін тиімді түзеу
бағдарламасын құрастыру болып табылады.
Эксперименталдық топқа 50 бала қатысты. Оның 43
төмен, 4 орташа, 3 жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Гипербелсенді 3 тәрбиеленушіге 2013-2014 оқу жылына жеке
жұмыс жоспары жасалынды. Жұмыс жоспарына мектепке дейінгі
жастағы баланың шығармашылық қабілеті мен
қиялын дамытуға бағытталған тапсырмалар мен
жаттығулар енгізілген.
Балалардың
зейін шоғырландыру көрсеткішінің жоғарлауы,
топтағы балалармен, туған-туыстарымен қарым-қатынастың
жақсаруы, конструктивті іс-әрекет дағдыларының
қалыптасуы, мазасызданудың азайғандығы эмоцианалдық-еріктік
сфераны түзеу мен дамытуға арналған жеке жұмыс
жоспарының нәтижесінде байқалды.
Гипербелсенділік белгілері баланың бойынан
жасөспірім шақта мүлде жоғалып кететін жағдайлар
да көптеп кездеседі. Баланың ағзасының өсіп,
жетілуіне байланысты кейбір белгілер мүлдем жоғалады. Алайда зейін
жетіспеушілігі мен гипербелсенділік синдромының 30-70% ересек адамдарда
да байқалады [4].
Гипербелсенді баланың қоғамға
бейімделуін қамтамасыз ету үшін жанұяның және мектепке дейінгі мекеменің,
қоғамның ынтымақтастығы қажет.
Егер де біз эксперимент ретінде
алынған балалардың бойындағы гипербелсенділікті барынша
азайту жолында дұрыс жұмыс жүргізетін болсақ, сонда
ғана дені сау, жан-жақты дамыған ұрпақ
тәрбиелей алмақпыз.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Заводенко H.H., Петрухин А.С., Семенов П.А. Лечение гиперактивности с дефицитом
внимания у детей: оценка
эффективности различных методов фармакотерапии. – М, 1998 г.
2. Монина
Г., Лютова-Робертс Е., Чутко Л. «Гиперактивные дети: психолого-педагогическая помощь».
3. Заводенко H.H., Петрухин
А.С., Соловьев О.И. Минимальные мозговые дисфункции у детей. –
M, 1997 г.
4.
Biederman J., Mick E., Faraone S.V.
Normalized functioning in youths with persistent attention-deficit/hyperactivity
disorder. -J. Pediatr, 1998 g.