Э.ғ.к., доцент
Нургалиева К.О., магистрант Барсаева
С.М.
Қазақстан,
Халықаралық Бизнес Университеті
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайын бағалау қажеттілігі мен
мәні
Кәсіпорын
қызметінің қаржылық жағы оның бәсекелестік
статусының негізгі критерийлерінің бірі болып табылады.
Қаржылық бағалау базасында қандай да бір қызмет
түрінің инвестициялық тартымдылығы туралы
қорытындылар жасалады және ұйымның
несиеқабілеттілігі анықталады.
Қаржылық
жағдайды бағалау – қаржы менеджерлерінің бірінші
кезектегі міндеттерінің бірі. Шешім қабылдаудың алдында
кәсіпорынның қаржылық жағдайы бағалануы
тиіс.
Қаржылық
жағдайды бағалаудың негізгі міндеті шектелген
көрсеткіштер шеңбері негізінде табыстылық, өтімділік
тұрғысынан оның жағдайын анықтау болып табылады.
Кәсіпорынның қаржы қызметтері алдында
қаржылық жағдайды бағалау және
қаржылық тұрақтылықты жоғарылату бойынша
шараларды әзірлеу жөніндегі міндеттер қойылады.
Қаржылық
жағдай дегеніміз кәсіпорынның өз қызметін
қаржыландыру қабілеті. Ол кәсіпорынның қалыпты
қызмет етуі үшін қажетті қаржылық ресурстармен
қамтамасыз етілуін, оларды орналастыру және пайдалану тиімділігін,
басқа заңды және жеке тұлғалармен
қаржылық өзара қарым-қатынасын,
төлемқабілеттілігін және қаржылық
тұрақтылығын сипаттайды.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайы – бұл капиталдың шеңбер
айналымы процесінде оның жағдайын және реттелген уақыт
сәтіндегі шаруашылық жүргізу субъектісінің өзін-өзі
дамытуға қабілетін бейнелейтін экономикалық категория.
Жабдықтау,
өндірістік, өткізу және қаржылық қызмет
процесінде капиталдың шеңбер айналымының үздіксіз
процесі жүреді, қаражаттар мен олардың қалыптасу
көздерінің құрылымы, қаржы ресурстарына деген
қажеттілік және осының салдары ретінде
кәсіпорынның қаржылық жағдайы
өзгереді.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайы тұрақты, тұрақсыз
және дағдарысты болуы мүмкін. Кәсіпорынның дер
кезінде төлем жүргізу, кеңейтілген негізде өз қызметін
қаржыландыру, қолайсыз жағдайларда өзінің
төлемқабілеттілігін ұстап тұру қабілеті
оның тұрақты қаржылық жағдайы туралы
айғақтайды.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайы, оның тұрақтылығы
кәсіпорынның өндірістік, коммерциялық және
қаржылық қызметінің нәтижелерінен тәуелді. Егер өндірістік және
қаржылық жоспар сәтті орындалса, бұл
кәсіпорынның қаржылық жағдайына оң әсер
етеді. Керісінше, өндіріс пен өнімді өткізу жөніндегі
жоспардың орындалмауы нәтижесінде өзіндік
құнның жоғарылауы, түсім мен пайда
сомасының азаюы және осының салдары ретінде
кәсіпорынның қаржылық жағдайы мен оның
төлемқабілеттілігінің нашарлауы жүреді. Сәйкесінше, тұрақты
қаржылық жағдай бұл кездейсоқтық емес,
кәсіпорынның шаруашылық қызметінің
нәтижелерін анықтайтын факторлардың кешенін сауатты
басқару қорытындысы болып табылады.
Тұрақты
қаржылық жағдай өз кезегінде өндірістік
жоспарлардың орындалуына және өндіріс
мұқтаждықтарын қажетті ресурстармен қамтамасыз
етуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан қаржылық
қызмет шаруашылық қызметтің құрамды бөлігі
ретінде ақшалай ресурстардың жоспарлы түсуін және
жұмсалуын қамтамасыз етуге, есептеулерді орындауға, меншікті
және қарыз капиталының ұтымды пропорцияларына жетуге,
сондай-ақ оны неғұрлым тиімді пайдалануға
бағытталған.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайы қолда бар талдау түрлері мен
әдістерін, сан алуан көрсеткіштер кешенін пайдалана отырып
жүйелі және жан-жақты бағалануы тиіс. Бұл
мыналарға мүмкіндік береді:
· кәсіпорын
қызметінің қаржылық нәтижелері мен оның
қаржылық жағдайын талданатын кезеңдегі статикада да,
сонымен бірге бірнеше кезеңдегі динамикада да сыни бағалауға;
· кәсіпорынның
қаржылық қызметіндегі «ауру» нүктелерді
анықтауға;
· қаржылық
ресурстарды тиімді пайдалану және оларды ұтымды орналастыру
жолдарын табуға.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайын талдаудың мақсаты
кәсіпорынның қаржылық жағдайы жөнінде
объективті және жан-жақты баға беретін өзекті
параметрлерді алу және осының негізінде қаржыны
ұйымдастыруды жақсартудың нақты жолдарын анықтау
болып табылады.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайын талдау міндеттері мыналар:
-
кәсіпорынның табыстылығы мен қаржылық
тұрақтылығын зерттеу;
- қаржы ресурстарын
тиімді пайдалануды анықтау;
- шаруашылық
жүргізуші субъектінің қаржы нарығындағы
жағдайын бағалау және оның
бәсекеқабілеттілігін сандық бағалау;
- өтімділікті,
төлемқабілеттілікті, қаржылық
тұрақтылықты объективті бағалау;
- табылған
кемшіліктерді жоюға және қаржылық ресурстардың
экономикалық қайтарымын арттыруға бағытталған
шараларды анықтау мен бағалау;
-
кәсіпорынның мүлігін (капиталын) пайдалану тиімділігін
зерттеу;
-
кәсіпорынның меншікті айналым құралдарымен
қамтамасыз етілуін анықтау және оларды пайдалануды
талдау.
Сан алуан меншік
формаларын енгізу жағдайларында кәсіпорынның
қаржылық жағдайын дер кезінде және объективті
бағалаудың мәні мәні өсіп отыр, өйткені
ешбір меншік иесі фирма пайдасын өсірудің потенциалды
мүмкіндіктерінен бас тартпауы тиіс. Бұл тек
кәсіпорындағы қаржылық талдау негізінде анықталуы
мүмкін.
Кез келген
кәсіпорын пайдасы мен табысы мөлшерінің оның
төлемқабілеттілігінен тәуелділігі, сондай-ақ
кәсіпорынның қаржылық жағдайын есепке ала отырып
пайыз ставкаларының дифференциациясы мен несиелендіру режимі
жүйелік талдауды іске асыруды талап етеді.
Содан басқа,
кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау
кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру жоспарлары мен
болжамдарын әзірлеу үшін қажетті саты болып табылады.
Кредиторлар мен
инвесторлар қарыздар мен салымдар
бойынша өздерінің тәуекелдерін төмендету үшін
кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдайды.
Қаржылық
талдау нәтижесінде менеджер кәсіпорынның қаржылық
жағдайының нақтылы сипаттамасын беретін негізгі параметрлерді
алады.
Талдау барысында менеджер
алдына әрқилы мақсаттарды қоюы мүмкін:
- ағымдағы
қаржылық жағдайды талдау;
- перспективаға
проекция.
Кәсіпорынның
қаржылық жағдайында үш негізгі проблема бар:
-
төлемқабілеттіліктің төмен болуы.
Төлемқабілеттіліктің төмендігі туралы бюджет, персонал,
кредиторлар алдындағы нормативтен жоғары борыштар, тартылатын
несиелердің қауіп төндірерліктей өсуі
айғақтайды. Міндеттемелердің жабылуындағы мүмкін
мәселелер туралы өтімділік коэффициентінің төмендеуі
көрсетеді.
- меншікті
капиталдың төмен рентабельділігі. Тәжірибеде бұл меншік
иесі өзінің салымдарына сәйкес келмейтін табыстар
алатындығын білдіреді. Мұндай жағдайдың салдары
ұйым менеджментімен қанағаттанбау және компаниядан шығу
ойының болуы мүмкін. Компанияға салынған капитал
қайтарымының төмендеуі туралы рентабельділік
көрсеткіштерінің нашарлауы айтады.
- қаржылық
тәуелсіздіктің төмендеуі немесе төмен
қаржылық тұрақтылық. Тәжірибеде төмен
қаржылық тұрақтылық болашақта
міндеттемелердің өтелуіндегі проблемалармен, дербестікті
жоғалтумен қауіп төндіруі мүмкін.
Компанияның
кредиторлардан өсіп келе жатқан тәуелділігі туралы автономия
коэффициенті төмендегенде ойлануға тура келеді.
Кәсіпорындағы
проблемалардың туындау себептерін айқындау үшін оның
қаржылық жағдайын бағалау қажет.
Қаржылық-шаруашылық
қызметті талдауға арналған ақпарат көзі оперативтік және бухгалтерлік
есептің мәліметтері болып табылады.
Қаржылық
жағдайды бағалау келесілермен жүргізіледі:
- басшылармен
және кәсіпорынның сәйкес қызметтерімен.
Қаржылық жағдайдың нысаны кәсіпорын
қызметінің барлық тұстары болып табылады;
- ресурстардың
пайдалану тиімділігін зерттеу мақсатында оның
құрылтайшыларымен, инвесторлармен. Қаржылық
жағдайдың нысаны қаржылық нәтижелер мен
қаржылық тұрақтылық болады;
- несиелендіру
шарттарын бағалау және тәуекел дәрежесін анықтау
үшін банктермен. Қаржылық жағдайдың нысаны
несиеқабілеттілік болып табылады;
- төлемдерді
алу үшін жеткізушілермен. Қаржылық жағдайдың
нысаны төлемқабілеттілігі болып табылады;
-
қаражаттардың бюджетке түсу жоспарының орындалуы
үшін салық органдарымен. Қаржылық жағдайдың
нысаны кәсіпорынның қаржылық нәтижелері болып
табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Бочаров В.В. Комплексный финансовый
анализ. – СПб.: Питер, 2012
2.
Савицкая Г.В. Экономический анализ: учеб. – М.: Новое знание, 2012
3.
Стоянова Е.С. Финансовый
менеджмент: теория и практика. – М.: Инфра-М, 2013.