ӘОЖ (373.016):911. 

Мақтарал ауданының жер бедерін экологиялық сауықтыру мәселелері

Problems of ecological rehabilitation of district relief Maktaaral

Аманбаева М.А., Алдоңғарова К.

М.Әуезов атныдағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

Summary

The article discusses possible solutions to problems of wastewater farmers Maktaaral region, the opening of new arable land in neighboring Saryagash district, construction of the reservoir at the mouth of the river Kurkeles, and also provides the possibility of saving the Aral Sea.

In addition, analyzed a radical improvement of the ecological situation in the region and Maktaaral Saryagash, achieving three useful positive result in the state of the economy, ways of rational use of water resources and water supply of irrigated agriculture.

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқына жолдауына»   сәйкес жасалған Қазақстан Республикасының 2003-2005жж арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасында өсімдік шаруашылығы өнімдерін ұлғайту көзделген. Бұл міндеттерді шешудің жолдары ретінде егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру, суғарылатын алқап көлемін арттыру, суару жағдайларының тиімділігін арттыру ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету, өсімдіктерді қорғау, дамыту және т.б. шаралар қарастырылған [1].

Жыл сайын ерте көктемде, яғни ақпан, наурыз айларында Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына мол су ағып келеді, шамамен 1200-1400 м3/с. Сол судың бір бөлігі 800 м3/с Шардара ГЭС-інен өтеді, 100 м3/с су Қызылқұм каналы арқылы өтеді. Қалған су Шардара суқоймасында жиналады. Шардара суқоймасының сыйымдылығы –  5млрд м3.  Бұл жағдай қыс жылы болып келгенде және жауын-шашын аз болғанда орын алады. Егер қыс суық болып жауын-шашын көп болса, Сырдария өзені арқылы келетін судың мөлшері арта түседі. Қазақстан Сырдария өзенінің төменгі жағында орналасқандықтан барлық салмақ біздің мемлекетке түседі, яғни қыс пен көктемде су мол болады, ал жазда суға тапшы. Оның себептері мынадай: Қырғызстан көмір, мұнай сынды ресурстар тапшылығына байланысты қыс күндері барлық энергияны ГЭС-терден алады. Көп электр энергиясын өндіру мақсатында ГЭС-тердегі суды мол қылып босатады. Өзеннің төменгі жағындағы елдерге (Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан) қыста және ерте көктемде ағын суға сұраныс болмайды. Сол себепті мол судың зардабын осы елдер, әсіресе Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Қазақстан көріп келеді. Су мол болған кезде Шардара суқоймасына үлкен қауіп төнеді. Шардара суқоймасына су сыймай қалғанда,  600 м3/с су Арнасай плотинасы арқылы Өзбекстандағы Айдаркөлге жіберіледі. Әрине, Өзбекстан бұл үшін төлемақы талап етеді. Бұл су Арал теңізіне бармай қалады. Осы жағдаяттың тікелей асерінен Арал теңізінің биоресурс қоры жыл санап таусылуға айналған. Бұған қоса Қазақстан Қырғызстанға жылда қыс кездері суды мөлшерден артық босатпау үшін көмір және мазут жіберіп отырады. Жалпы айтқанда жалғыз біздің мемлекет Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің мүдделері үшін шығындалып келеді [2].

Ал жазда осы жағдай керісінше сипат алады. Тәжікстан және Өзбекстан елдері жазда Сырдың суын молынан пайдаланады. Сырдария өзенінің бойында орналасқан Мақтарал ауданының диқандары ағын су тапшылығының зардабын шегіп келеді. Жылда Мақтарал ауданының басшылары көрші елдерге делегация жіберіп, су жөнінде келісім шартқа отырып келеді. Бірақ бұл келісім шарттар жылда орындалмай келеді немесе шала орындалады [3].

Көксарай суқоймасы Шардара суқоймасының жұмысын біраз жеңілдетті, бірақ Шардара суқоймасына төніп тұрған қауіптің алдын ала алмайды. Аталған мәселелердің шешімін табу үшінМақтарал ауданында Құркелес өзенінің сағасында плотина құруға болады. Егер де плотина салынса Шардара суқоймасына төнген қауіптен ғана емес Арал теңізінің биоресурсын қалпына келтіруге, Сырдария өзенінің су ресурстарын реттеуге, Сарыағаш ауданындағы адырлардың жер бедерін сауықтыруға, Мақтарал ауданын сумен қамтамасыз етуге, халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға, Қазақстан Республикасының су ресурстары бойынша мүддесін қорғауға, Оңтүстік Қазақстан облысының инновациялық дамуына бірқатар септігін тигізер еді [4].

Құркелес өзенінің сағасында (Шардара суқоймасына құйылатын жер) салу ұсынылып отырған плотинаның ұзындығы 10 км, биіктігі 25-30 метр шамасында болады. Осылайша бізде ені 10 км, ұзындығы 10 км, сыйымдылығы  1 млрд м3су сыйатын суқойма пайда болар еді. Плотинаға гидроэлектр станцияларының инфраструктуралары қоса құрылады (турбина, генератор). Плотинаның Шардара суқоймасы жағына үлкен насос станцияларын құрса (су сору мөлшері 600 м3/с), бұл насос станциясы қыстың соңғы айында және ерте көктемде, яғни су мол кезде іске қосылып, біздің жаңа суқоймамызға құяды. Шардара суқоймасына төнген қауіп сейілгесін жаңа суқоймадағы суды плотинадағы турбина арқылы Шардара суқоймасына жіберуге болады. Бұған қоса турбинадағы генераторлар арқылы электр тогын өндіреміз. Жаңа суқоймадағы суды үнемдеу арқылы 3-4 айға сақтауға болады. Әрине, конденсация процессін ескерген жөн. Буланған судың орнын Құркелес өзені мен Ащысай өзендері толтырып отырады. Жаңа суқоймадағы судың төменгі және жоғарғы деңгейлері (бьеф) 15-20 метр. Жаңа суқоймадан Жетісай-Шымкент трассасындағы көпір арқылы Мақтарал ауданына су көпірін құрамыз (акведук). Бұл су көпір арқылы  Мырзакент қаласындағы «Достық» каналына құйылады. Су көпірінің биіктігі бастапқы кезде 12 метрден басталады. Су көпірімен барған су қазіргі таңдағы Шардара суқоймасынан Мақтарал ауданына су сорып жатқан насостардың жұмысын едәуір жеңілдетер еді және диқандардың  ағын су проблемаларының шешімі табылған болушы еді. Насос станциялары жұмысқа қосылған кезде Шардара суқоймасының су басатын жерлері судан тазаланады (шамамен 10000 га). Бұл жерлерге ағаш отырғызуға болады. Мысалы, 1 ағаш 1 тәулікте 3 адамға қажетті оттегі шығаратынын ескерсек, 100000 ағаш ексек Мақтарал ауданындағы 300000 халықтың жұтатын оттегісін шығарады. Ағаш егу арқылы осы өңірдің экологиялық жағдайын түзетуге болар еді. Ал бір тәулікте автомашинадан шыққан түтінді, улы газдерді жоюға 8 ағаштың күші келеді [5].

Жаңа суқоймадан Сарыағаш ауданындағы адырларға канал тарту арқылы жаңа егістік жерлерді ашуға мүмкіндік туады. Жаңа суқойманың суын үнемдеп пайдаланып, яғни тамшылатып суаруды іске қосып, көп жерлерге жеміс ағаштарын, бау-бақша егуге қол жеткіземіз. Бау-бақшадан шыққан дақылдар бүкіл Қазақстанның сұранысын қамтамасыз етеді. Әрине, ағын суды пайдалану кезінде Арал теңізін сақтап қалуды ескергеніміз жөн. Біз суды сақтай отырып екі рет пайдаланамыз және суды Арал теңізіне жіберуге мүмкіншілік туады.

Өзен суын және түрлі су жүйелеріндегі су көрсеткіштерін реттеу су қоймасы арқылы іске асырылады. Су қоймасының сенімді және тиімді жұмыс атқаруы, оның алдын-ала жасалған жобаларының сапасына тікелей байланысты. Су қоймасын жобалау ерекше күрделі творчествалық жұмыс қатарына жатады. Ерекше күрделіліктің себебі су қоймасы суды тиімді пайдалануға, сол аймақтың климатын жандандыруға, балық шаруашылығымен, егін шаруашылығымен және сонымен қатар ең бастысы халық шаруашылығындағы ауыз суды жоспарлы қолдануға мүмкіндік тудырады.

Құркелес өзенінің сағасында су қоймасын салудың ұтымды жақтары:

1. Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіншілік туады.

2. Мақтарал ауданы диқандарының ағын су проблемалары шешімін табады.

       3. Сарыағаш ауданында жаңа егістік жерлер ашылады (50000 га астам жерге тамшылатып суару арқылы).

4. Шардара суқоймасының су басатын аймағына егілетін жасыл желек, ағаштар.

 5. Жеміс ағаштары мен көкөністер, бау-бақшалар (бүкіл Қазақстан Республикасын қамтамасыз етуге болады).

6. Балық шаруашылығын дамытуға болады.

7. Халықты жұмыспен қамтамасыз етуге болады.

8. Жаңа жерге көшу арқылы халықтың тығыз орналасу проблемалары шешіледі.

Су қойманы салудағы бірқатар кедергілер:

1. Қаржы көп талап етеді (бірақ Қазақстан Республикасының бұл жобаны іске асыруда экономикалық және әлеуметтік жағдайы мол жетеді).

Құркелес өзенінің сағасына су қоймасын салу идеясы іске асырылса мемлекетіміздің ағын суға деген проблемалары шешіледі, мүддесі қорғалады. Ұтымды жақтары өте көп, кемшіліктері жоқ десек те болады. Әрине, оны мамандар толық жан жақты зерттеген кезде оған көз жеткіземіз деп ойлаймыз.

Қорытындылай келе  көрсетілгендей плотиналарды сел қауіпі бар, көктемде су басатын, тау шатқалдарында құрса болады. Біріншіден, сел қауіпі сейіледі, екіншіден, электр энергиясын өндіруге болады. Нәтижесінде мерзімдік (сезондық) электр энергиясын арзандатуға мүмкіншілік туады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      Дукенбаев К. Энергетика Казахстана. Движение к рынку. - Алматы: Гылым, 1998. - 584 с.

2.      Дукенбаев К. Энергетика Казахстана и пути ее интеграции в мировую экономику. - Алматы: Гылым, 1996. - 532 с.

3.      Регионы Казахстана, 2002. Статистический сборник. /Под ред. А.А. Смаилова/. – Алматы: Агентство Республики Казахстан по статистике, 2002. – 432 с.

4.      CD: Окружающая среда Центральной и Восточной Европы, Кавказа и Центральной Азии. Издание к 5-й конференции «Окружающая среда для Европы». Киев, 21-23 мая 2003 г.
Internetсайттары:

5.      www.SPARE.net.ru – Информационный сайт проекта “SPARE”