Музыка и жизнь / 1. Музыка: изучение и преподавание

Джумагалиева А.М. аға оқытушы, өнертану магистрі,

Мукушева Ж. 3 курс студенті

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Алматы қ. (Қазақстан)

Музыкалық тәрбие берудің маңызы мен міндеттері

Басқа өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін терең мағыналы, кең ауқымды «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мақал тегін айтылмағаны жөнінде ойланған артық емес. Егеменді елдің ертеңі - оқу-біліммен өнегелі тәрбиемен өлшенеді.

Әр отбасында дүниеге келген сәби, өсіп жатқан жас буын, ата-анасының ғана емес, туған елінің ертеңгі арқасүйер азаматы, төл ұлтының туын көтерер перзенті. Сондықтан жас ұрпақтың дені сау болып өсіп, уақытында білім алып, жүрек қалауы мен еңбекке араласып, туған Отанына қызмет етуіне қамқор болу бір ғана ата-ананың емес, қоғамның, оны басқаратын мемлекеттің биік борышы, абыройлы міндеті екені даусыз.

Бүгінде еліміздің балабақшаларында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің арасынан болашақ небір майталман өнерпаздар, әншілер, жазушылар, ақындар қайраткерлер бір сөзбен айтқанда талай-талай мамандьқ иелері шығуы әбден ықтимал.

«Бұлақ көрсең - көзің аш» - демекші солардың бойындағы әлі бүршік жармаған небір адами қасиеттерін ерте бастан байқап, жақсы нышандарға қарай баулу ең алдымен ата-ана мен тәрбиешілердің сезімталдығы мен ізденімпаздығына көп байланысты. Осы маңызды міндетті орындау үшін алдымен баланың жалпы музыкалық қабілетін дамыту керек.

Біріншіден музыкалық шығарманың сипатын сезіну, естігеніне бірге қуану не күйіну, музыкалық бейнені түсіне білу. Музыка баланы толғандырады, қабылдаушылық қабілетін оятады.

Екіншіден баланың есту қабілетін арттыру, неғұрлым жарқын және түсінікті музыкалық құбылыстарды салыстыруға, баға беруге баулу. Мұның өзі ең қарапайым музыкалық дыбысты тыңдап, ести білу мәдениетін, кейбір бейнелеу құралдарына ден қойып, еркін тыңдау қабілетін ояту. Мысалы, балалар музыкалық дыбыстың ең қарапайым қасиеттерін (скрипка мен домбыраның дыбысын ажырата білу), музыканың ең қарапайым құрылымының (әннің бастамасын, қайырмасын, көңіл-күйін, қайырманың екпінін) орындалу айырмашылығын байқайды. Бара-бара балалардың өздері бар ынтасымен тыңдайтын және орындайтын сүйікті шығармаларының қоры жинақталады, музыкалық талғамдарының алғашкы негіздері қаланады.

Үшіншіден бала музыканы тыңдай отырып әнді, ойынды, көркем кейіпкерлерді, биді көз алдына елестете отырып өзінше қабылдайды. Мысалы, бала салтанатты адымдап келе жатқан сарбаздарға, маң-маң басқан аюға, ақсақ құланға т.б. тән бейнелі қимылды іздейді, өзі орындайды.

Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер ете отырып адамгершілік бейнесін қалыптастырады, жалпы бейімдеушіліктің дамуына қарай балалардың музыкаға деген әсерлі көзқарасы қалыптасып, есту қабілеті жетіле түседі, шығармашылық елестету сезімі пайда болады. Музыканың ықпалы кейде үгіттеуден де, нұсқаудан да анағұрлым күшті болады. Балаларды мазмұны әртүрлі шығармалармен таныстыра отырып, біз оларды қосыла әсерленуге тәрбиелейміз. Мысалы, туған жер, Қазақстан туралы әндер Отанымызға деген сүйіспеншілік сезімдерін туғызады. Әртүрлі халықтардың әндері мен билері олардың әдет-ғұрыптарын білуге ынталандырады. Музыкамен айналысу мектеп жасына дейінгі баланың мінез-құлқына, мәдениетіне әсерін тигізеді. Түрлі тапсырмаларды, іс-қимыл түрлерін (ән айту, музыка тыңдау, балалар аспаптарында ойнау) алма-кезек ауыстырып отырса, балалардың ықылас қоюын, тапқырлық көрсетуін тез қабылдап, тез қимыл жасауын, ұйымшыл болуын қалыптастырады. Жігерлі күш қимылды: әнді дер уақытында бастап, аяқтауды, биде, ойындарда тезірек жүгіріп кеткісі, озып кеткісі келетін ықтиярсыз тілекке берілмей, музыкаға бағынып, қимылдай білуді талап етеді. Осының бәрі ұстамдылықты жетілдіреді, ерік жігерді тәрбиелейді. Сөйтіп, музыка баланың жеке басының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар туғызады, болашақ адамның жалпы мәдениетінің алғашқы түп негіздерін қалайды.

Музыканы қабылдау ақыл-ой үрдісімен де тығыз байланысты, яғни балалардың дыбыс үніне зейінді байқағыштықты, тапқырлықты талап етеді. Балалар дыбыс үніне құлақ салғанда, ұқсас және өзгеше дыбыстарды салыстырып, олардың бейнелік мәнімен танысады, көркем бейненің мағыналық ерекшеліктерін байқайды, шығарманың құрылымын түсіне білуді үйренеді.

Өнер баланың әлемді тануына, саналылыққа, халықтың мәдени мүрасы байлығынан рухани сусындауына, батылдық сезімдеріне, азаматтық, адамгершілік касиеттерге бір сөзбен айтқанда жан-жақты адам болып қалыптасуына тәрбиелейді. Сондықтан да, балалардың өнерге деген құштарлығын арттырудың бірден-бір жолы балабақшада сазды әуен мен сиқырлы күй тыңдатып, әсіресе ұлттық аспаптардан домбыра мен қобыз үнін тыңдатып, олардың музыка сырын түсіне білуіне жол ашу, еліктіру.

Күй - қазақтың рухани мәдениетінің аса маңызды саласы. Халық композиторларының күйлері қазақ халқының бастан кешкен оқиғаларды, өмір шындығын суреттеген. Халық күйшілері әр түрлі ортада, әрқилы тұрмыста өмір сүргендіктен күйлердің тақырыптық, құрылымдық, стильдік ерекшеліктері сан алуан. Сондыктан өсіп келе жатырған жас ұрпаққа өнерде де жақсы мен жаманның, өтірік пен шындықтың қатар жүретінін, әрқашанда шындық, әділдік жеңетінін, нағыз халық үшін жазылған музыкалық шығарма ғана мәңгі өмір сүретінін білдіру басты мақсатымыз. Сонымен қатар халық музыкасы балалардың ақыл-ойына, сезіміне әсер етіп балалардың шығармашылық қабілетін арттырады.

Күй өнері және оны өмірге келтірген күйші-композитордың өмірін насихаттауға көп көңіл бөлінген жөн. Ол үшін күй тыңдаудың алдында шығарма туралы қысқаша мәлімет беріп, көрнекті құралдар арқылы балалардың санасын оята отырып, домбырамен немесе күй табақтан күйді тыңдатқан абзал. Ол жас бүлдіршіндерді өз халқының мәдениеті мен өнерін түсініп, бойына сіңіре білуге бірден бір тиек боларына күмәніміз жоқ. Баланы қай нәрсеге қызықтыра білсең, сәби қабілетінің ұшан-теңіз екендігіне көзіңіз жетеді.

Қорытындылай келе, музыканың қандай сезімді білдіретінін, не жайында толғайтынын ұғыну бір күнде пайда бола қалатын қасиет емес. Ол адам бойындағы барлық асыл қасиеттерді қастерлеп, мәпелеп, аялап баптау арқылы мысқылдап жиналады да біртіндеп кәсіпке, одан шеберлікке ұласады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Музыкалық-эстетикалық тәрбие туралы/ Қазақстан мұғалімі. 1989

2.     Казыханова Б. Эстетическая культура казахского народа. Алматы, 1973

3.     Қалиева С., Жарықбаев Қ. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Алматы: Санат, 1995

4.     Жайымов А., Ысқақов Б., Еңсепов Ж., Сәрсенбаев Ж. Музыка оқыту әдістемесі. Алматы: Атамұра, 2001