Магистр  Жармаганбетова Ж.Р.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Педагог-музыканттың кәсіби дайындығындағы сөйлеу мәдениеті

 

 

«Тіл мәдениеті» негізінен «сөз мәдениеті», «сөзді орынды қолдану» деген ұғымды білдіреді, өйткені тіл мәдениетінің негізгі зерттейтін нысаны – сөз, сөздің дұрыс айтылуы, дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы, сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі, екі ұштылықтың, күңгірттіктің болмауы. Соған орай тіл мәдениеті ғылымын үлкен екі салаға: ауызша сөйлеу мәдениеті және сөз қолдану мәдениеті деп бөлуге болады.

Ауызша сөйлеу тілі күнделікті тұрмыста қолданылатын, бетпе-бет көріп отырған екі немесе одан да көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, пікір алысуы [1,52 б].

Музыка мұғалімінің сөйлеу мәдениетінің ерекшелігі шығарманың көркемдік, эстетикалық, өнегелі мазмұнын аша білу, балалармен байланыс орната  білу, олардың шығармашылық талабын дамыту  болып табылады.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес тілінің дамуын психологиялық тұрғыдан қарастырып, ғылыми жүйеге келтірген – әйгілі мамандар Л.С.Выготский мен Швейцария психологы Жан Пиаже.

Қазақ этносы баланың тілін дамытуға айрықша мән беріп, оны бесік жырымен сусындатқан, бала кезінен-ақ оған қысқа-қысқа өлең-жыр, жұмбақ пен тақпақ, жаңылтпаш пен ән үйретіп, оның ақыл-ойын, пайымын, сөйлеу мәнерін өрістетуге тырысқан.

Тілді меңгеру осы заманғы ғылымда айрықша маңызы бар мәселе болып саналады. Әсіресе, баланың ана тілінде айқын сөйлеп, тіл грамматикасын меңгеруінің шетел тілдерін меңгеруге тұрақты тиянақ болатынын нақты деректер дәйектеп отыр. 

Оқушының дүниетанымының кең, қасиет-сипаттарының әр тарапты және терең болуының мән-жайы да оның сөйлеу әрекетіне, болмысты дыбысты анық тіл арқылы тепе-тең етіп бейнелей алуына байланысты.

Сөйлеу мәдениетін жүзеге асыру шартына қойылатын негізгі талаптар:

-          сөз сөйлеу тақырыбын меңгеру, оның мақсатын анық тура түсіну;

-         орындаушылық деңгейдегі жеке қызығушылық;

-         тыңдаушыларға психологиялы-жігерлі мақсатта әсер ету;

-         орындау жоспарын  дайындау: кезеңдердің реттілігі, негізгі және

     болмашы сұрақтарды табу, олардың байланысы;

-         тексті жазбаша көркемдік деңгейге жеткізу;

-         мұғалімнің сабақ беру барысында дұрыс жүріс-тұрысы, логикалы-психологиялық, өнегелі, тілдік мәнерлігі;  

Сөйлеу негізгі екі қызметті атқарады – коммуникативтік және сигнификативтік, олардың арқасында сөйлеу қарым-қатынас құралы және ойдың, сананың өмір сүру түрі болып табылады. Сөзде негізгі болып табылатын оның мәні, оның  семантикалық мазмұны. Біздің зейінімізде негізінен сөйлеудің мағыналық мазмұны шоғырланған. Адам тілінің әрбір сөзі қандай да болмасын затты білдіреді, сөздерді айта отырып, біз  әр уақытта да белгілі бір затты немесе құбылысты білдіреміз. 

Сөздің осы негізгі қызметін сигнификативтік деп атайды.  Ол тілді құрайтын сөздің негізгі  қызметі болып табылады.  Ол адамға ерікті түрде заттардың бейнесін жасауға  мүмкіншілік береді. Сөйлеудің келесі қызметі оның – коммуникативтік қызметі, ол өзі мәнерлі бейнелеудің  құралдарын қамтиды.

Сөзді мәнерлі бейнелеу  құралы  ым, әртүрлі бет қимылы деп танылады. Педагог-музыканттың қызметінде  сөз мәнерлі бейнелеу құралы  болуымен қатар, ықпал ету құралы ретінде оқушылардың мінез-құлқына санасына әсер етеді.

Сөз байлығы – оралымды тілге қойылар талаптың бірі. Сөзі жұтаң адамның ойы да таяз тартып тұрады. Соның салдарынан мақсатсыз қайталау да көп болады. Орынсыз қайталау тілдің коммуникациялық сапасын күрт төмендетеді, ойды дәлме-дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болады да, аз сөзбен көп мағына беру қағидаты бұзылады  [2,46 б].

Музыкалық педагогикада сөйлеу мәдениетінің маңызын О.А.Аппраксина, Л.Г.Арчажникова, Ю.Б.Алиев, А.Жұбанов, Д.Б.Кабалевскийдің  ғылыми теориялық еңбектерінде көрсетілген. Музыкалық білім беруде сөз шеберлігімен көзге түскен атақты музыка пәні мұғалімдері Н.Л.Гродзенская, Д.К.Кабалевский.

  Музыка мұғалімінің тілдік іс-әрекеті  оқушының мінез-құлқы мен іс-әрекетін басқарып реттеп отырады, оған өзінің іс-әрекетін түсінуге, жіберілген кемшіліктерді түзетуге, әрі қарай жоспар белгілеуге көмектеседі.

Оқу    іс  әрекеттің негізгі түрі.  Оқыту мұғалімнің басшылығымен білімді меңгеруге, икемділікті, дағдыны қалыптастыруға, ақыл-ой дамуына бағытталған шәкірт пен мұғалімнің өзара байланысты іс-әрекеті. Музыкалық педагогикада оқу іс-әрекетінің мазмұны оқу жоспарларымен, оқу бағдарламаларымен анықталады.  Мұғалім практикалық іс-әрекетінде  сөйлеу мәдениеті негізінде білім беріп қана қоймай, оқушылардың  көзқарасын қалыптастырып,  өнерге қызығуы мен бейімділігін арттырап, еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді.

Қазақ зиялылары: А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Балақаев, К.Аханов, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, Н.Уәлиев, Р.Сыздықова, А.Жапбаров, Ә.Болғанбаев, С.Исаев, А.Ысқақов, Р.Әміров, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдар еңбектерінде «тіл» ұғымының сан қырлы жағына тоқталады. Тіл табиғатының қыр-сырына терең жан-жақты үңілу-ғалым А.Байтұрсынұлынан бастау алып, Қ.Жұбанов зерттеулерімен өз жалғасын тапқан [3,67 б].

 Музыкалық білім беруде педагог-музыканттың қарым-қатынас, кәсіптік сөйлеу мәдениеті маңызды орын алады. Мұғалімнің тіл іс-әрекетіндегі қарым-қатынасының негізгі белгілері:

1        Іс-әрекетте  субъект арасындағы психологиялық байланыс;

2        Ауызша және музыкалық әдіс арқылы мәліметтермен алмасу;

3        Бір-біріне өзара әсер етуі, әрекеттестігі.

Педагог музыканттың іс-әрекетінің негізгі мазмұны бірнеше функциялардың орындалуы болып табылады – оқытушылық, тәрбиелеушілік, ұйымдастырушылық және зерттеушілік.

Педагогикалық әсер етумен байланысты әңгімелесу деңгейі Ананьев зерттеген парциалды баға беруге сәйкес келеді. Осы әсер етуді екі түрге бөлуге болады:

- оң – мадақтау, мақтау, юмор, тілек, кеңес және ұсыныс.

-теріс – түзетулер, мысқылдау, ирония, қорқыту.

        Республикамыздағы әрбір музыка пәнінің мұғалімі жалпы білім беретін мектептердің музыка сабағына арналған бірнеше бағдарламаларды негізге ала отырып өз сабағын іс-тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты қарастырады. Көркем-мәнерлі орындауда әдеби тіл негізгі орынды алады, өйткені музыкалық шығармаларды оқушылардың бойына дарыту үшін тыңдату немесе орындап берумен тоқталмай, сонымен қоса ұстаз  шығарманың шығу тарихын, композиторлар жөніндегі мағұлматтарды жоғары шеберлікпен айтып жеткізе білсе, оқушылар музыкалық шығарма  тарихын көз алдарына елестете отырып,  музыка тілін жақсы түсінеді.
Педагогикалық мамандық басқа да мамандықтар сияқты сандық әрекеті  ғана емес, сапалық мінездемесі де бар. Педагогикалық еңбектің мазмұны мен белсенділігін тек қана оның өзінің мамандығына шығармашылық қатынасының қандай деңгейде екенін білгеннен кейін ғана білуге болады. Сондықтан педагогикалық мамандықтың шығармашылық мінездемесі оның объективтік мінездемесі  болып табылады. Сөйлеу тек қана мәнерлі болған уақытта ғана тыңдармандардың назарын тарта алады. Педагог-музыканттың кәсіби дайындығында сөйлеу мәдениетінде  төмендегі талаптар ескерілуі қажет.

Бірінші талап – сөйлеудің мазмұндылығы. Өзің жақсы білген нәрсеңді ғана жазып, айта алсаң.

Екінші талап – қисындылық сөздердің дұрыс құрылуына айқындылығы болашақ педагог-музыканттың не жазып, не айтатынын жақсы білімі және де бұл білім қисынды түрде бір тақырыптан екінші тақырыпқа өтуде қиыншылық тудырмауына, бір пайдалы нәрсені өткізіп алмауына, қайталамауға әкеледі. Дұрыс сөйлеу сөйлемнің дұрыс басталып дұрыс аяқталуын қажет етеді.

Бұл екі талаптар сөйлеудің мазмұны мен құрылымына қатысты,  келесі талаптар сөйлеудің ауызша түріне қатысты.  

Сөйлеу дәлділігінің астында біз тек қана белгілі бір нәрселерді беру ғана  емес, оған ең жақсы тілдік заңдылықтарды қолдана отырып, берілген заттың керекті ерекшеліктерін талдай білуді айтамыз.

Мәнерлілік дегеніміз – бұл ойды ашық, нақты, қысқаша ғана беруді, бұл адамдарға дауыс ырғағы, фразалардың, сөздердің дұрыс қолдану арқылы әсер ету.

Сөйлеу анықтығы  – бұл тыңдармандарға дұрыс жетілуі және де сөйлеудің жақсы дыбысталуы, жақсы дикция, дыбыстардың анық шығуы, орфоэпия ережелерін сақтау, сөйлей, оқи білу, дауыс ырғағын дұрыс ұстану.

Сөйлеудің мәнерлігі мен анықтығы тазалығына әкеледі, яғни ешбір ебедейсіз, әдеби емес сөздердің қолданбауын айтамыз. Болашақ педагог-музыканттың  қызметіндегі  сөйлеу мәдениетінің ең бір маңыздылығы, оның әдеби тілді қолдануы.

Жақсы сөйлеу тәртібі тек қана осы талаптарды ұстану барысында жүзеге асады. Жақсы сөйлеу деп біз тек қана әдеби сөзге бай, лексикалық, грамматикалық құрылымдар бар, әрі нақты стильдің ұстануын айтамыз.

Педагогтың сөйлеу  мәдениеті дегеніміз – тілдік  тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі, яғни, сөйлеген кездегі сауаттылық, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық заңдылықтар мен нормаларды, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану деген сөз.

Дыбыстау мәдениеті дегеніміз – сөйлеу барысында барлық тілдік  құралдарды (дыбыстарды дұрыс айту, мәнерлеп сөйлеу тәсілдерін есту қабілеттерін жетілдіру, дұрыс тыныс алу) орынды пайдалана білу. 

Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасау, пікір алысу, басқаның сөзін ұғыну психологияның жәрдемін керек етеді. Өйткені тілдік жүйе адамның санасында сақталады. Сонда тіл ойды білдірудің құралы ғана емес, көңіл-күйді білдіретін де құралы болып есептелінеді. Сондықтан педагог сөзі оқушының санасына, сезіміне, еркіне, есте сақтауына, қабылдауына байланысты әсер етеді.

 

Негізгі әдебиеттер:                                              

1.     Б.Қ.Қапасова  Тіл мәдениеті.  Шешендік өнер – Алматы 2014. 

2.     З.Бейсенбаева, Н.Уәлиев, Ж.Исмаилова, М.Қанабекова, Г.Қайдарова  – Алматы 2005. 

3.     Адамбеков Б. Казахское народное ораторское искусство – Алматы: Ана тілі, 1994.