Тоқжанов Т.Т. – доцент

Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақстан (Алматы)

Алқаны игеру

         Әдетте  жырау-жыршыларды жырлатқанда олар алдымен шағын әндерден, күйлерден шертіп, терме-толғауларға ауысып отырған. Содан соң өздерін  таныстыра бастайды. Ұстаздарын, кімнен нені үйренгенін, содан кейін тыңдаушыға өзінің білетін репертуарын толық баяндап "осыны айтсам бола ма?" деп, жыр таңдауды тыңдаушының өз еркіне қалдырады. Жыршы- жыраулар мұндай тәсілді өзінің әр-түрлі жырды көп білетінін дәлелдеу  мақсатында, тыңдаушы халықтың қандай жырды қалайтынын және олар қандай жырды ынтасымен тыңдайтынын біліп алу үшін  де айтатын болған. Міне, осы кезде тыңдарман тарапынан "жолға түс" , "жолға түс" деген дауыстар, өтініштер естіле бастайды. Бұл, жыраулардың ірі шығармаларға, үлкен жырларға , қисса-дастандарға бет бұруын талап ету. Таңды таңға ұластыра ұзақ жырлайтын жыршылар топқа түскенде тамағы қызып,шекесі тершігенше бірден ашыла қоймайды. Ұзақ жырлайтындар бірте-бірте, бара-бара қалыпқа түсіп, содан соң барып салалы жолға төселе бермек. Тамағын жібітіп, саусақтарын қыздырып өзінде психологиялық тұрғыда  дайындап алған жырау көп күттірмей халықтың қалаған жыр-дастанын айтуға кіріседі. Нағыз шынайы өнер, нағыз даланың даналық дәстүрі осы кезде басталады.  Арқасы қозған жырау бойындағы бар қабілетін, бар қуатын сарқа қолданып өзін де, өзгені де биік белеске көтеріп тастайды.

Көп айтылып жүрген жыраудың синкреттік қалпы осы тұста айқын көрінеді. Жыраудың ақындық, күйшілік, әншілік, актерлік, шешендік қасиеті ешқандай қоспасыз таза күйінде шарықтау шегіне жетеді. Осы кезде жырдың да толық, жыр бастаулар, жыр күйлері , неше түрлі мақам-саздар, және қайырулардың да бірнеше түрін естуге болады. Жыршы айтып отырған негізгі әуенін неше түрлі жағымды құбылтып, қыза-қыза  келе мақамдағы бұрынғы өрнектерді қайталамай тыңнан тербеп, тосын да әдемі иірімдер шығарып отырады. Жыршының тағы бір ерекшелігі, шеберлігінің бір үлгісі  екі мақамның ара жігінде тұрып құбылтуы. Жыршы жырлап отырған сәтте ерекше шабыт үстінде мақам -саздарда болатын осы өздерістерді ертеңіне сұрасаң, не болмаса сол қалпында айтып беруін өтінсеңіз ешқандай жырау-жыршы дәл сол қалпында қайталап бере алмайды. Бұл жыршының жырлау процесіндегі жанды импровизация болатынының айқын дәлелі.  Жыршылық дәстүр үнемі қозғалыспен дамудан тұратын жанды құбылыс дейтініміз осыдан. Өкінішке орай жыраудың осындай "арқасы қозған" сәтін толық түрінде зерттеп талдау немесе запиське жазып алып нотаға түсіру әлі бола қоймағанға ұқсайды.

Көптеген зерттеушілердің, кезінде түрлі фольклорлық экспедициялар құрамында ел аралап жыршыларды жазып алғанда, олардың от-басына барып , тосыннан келіп жыр айтқызып, жазып алғандықтары белгілі. Ал, алқалы жиынның ардақтысына айналған арқалы жыршы үшін өзінің отының басында жеке отырып жыр айтудан асқан азап жоқ екені бесенеден белгілі. Кез-келген жырау-жыршы шаршы топта еркін жырлағанымен  алдына жазу техникасын қойған кезде аузына сөз түспей қиналатындарын өз басым талай көргенмін. Тіпті өмірінде бірінші рет жыр айтып отырғандай күйге түсетіндері де бар. Жырау қандай "мықты" болғанымен, жыр әрленіп әшекейленіп толық нұсқада айтылуы үшін міндетті түрде тыңдаушы халықтың болуы шарт. Қағаз қаламын жинап, магнитофонын  арқалап барған өнер зерттеушілеріне жырау-жыршылардың "ашыла" бермейтіні сондықтан. Сол сияқты радио-телевидениеге шақырып жыр жазуда  жыраулық дәстүрдің, жырдың шынайы түрін көрсете алмайды. Оны қордаланып жиналып қалған магнитофон записьтерінен байқап жүрміз. Ең бастысы; жыршының көңіл- күйі , денсаулығы, от-басындағы жағдайы т.б. сияқты былайғы жұртқа елеусіздеу көрінетін мәнді мәселелер жыршы шығармашылығында үлкен қызмет атқарады. Орындаушының бағы тек тыңдаушысымен ғана жанады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін қағида, жазылмаған заң.

Совет өкіметі мен қазақ даласына сахна келді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді сахнаныңда пайдасы мен зияны болды. Әсіресе аспапты музыкамызда күйдің қасиетін мазмұн-мағынасын ең қажеттісі, күйді сіңіретін аңыз- әңгімесі ұмыт бола бастады. Өзін қоршаған ортаға күй аңызымен күйдің шығу тарихын айта отырып күй тартатын күйшілер енді тек пәленшенің күйі түгенше орындайтын пәленшемен ғана шектелді. Бұл әсіресе өнердің ауыр жүгін арқалаған арқалы жырауларымызға ауыр соқты. Жыр-дастандардың құйрық жалын күзеп, қысқартып нақыл сөз, өсиет, мысалдарды теріп -теріп айтуға мәжбүр болды. Міне осылайша жаңа өмірге жаңа жанр " терме" келді. Сөйтіп таңды-таңға асыра жырлайтын жыраулар мен бірнеше мың жолдан тұратын жар-дастандарымыз сахна сыртында қала берді.