П.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна

Магистрнат Абуева Айзада Газизовна

 

«Тұран-Астана» университеті, Астана, Қазақстан

 

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖӘНЕ

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОРФОГРАФИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ

Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме алғаш рет Қазақстанда 1923 жылдың аяғында Мәскеу, Орынбор, Ташкент тәрізді ірі қалалардағы зиялы азаматтар мен сол жерлерде білім алып жүрген қазақ жастары тарапынан көтерілді. Бұл мәселенің көтерілуінің негізгі себебі, сол кезде Кеңес Одағының жүргізіп отырған саясатына орай, КСРО құрамындағы барлық түркі халықтарында латын жазуына өту жайы сөз бола бастаған еді, сондай-ақ өркениетті Еуропа елдерінің латын жазуын қолдануы, Түркия мемлекетінің латын әліпбиіне көшуі де себепші болды. Олар өз ойларын баспасөзде жариялап, араб жалзулы қазақ әліпбиін ауыстыру жөнінде Қырғыз (қазақ) білімпаздарының 1924 жылы жазда болатын тұңғыш съезінде талқылауды ұсынды.

Съезге латын әліпбиінің үш жобасы дайындалып (Н.Төреқұлов (Москва), Х.Досмұхамедов (Ташкент), Мурзин (Орынбор), талқылауға Н.Төреқұловтың жобасы ұсынылды [1]. Жалпы жазу жүйесі, орфография жайлы жасалған баяндамаларда түркі халықтары қолданып жүрген әліпбилер сарапқа салынып салыстырылды, мәселен, профессор Л.В. Щерба әліпбидің төрт түрлі жүйесі:

- дыбыс жүйелі әліпби (қазақ пен қырғыз емлесі);

- туыс жүйелі жүйелі әліпби (орыс емлесі);

- тарих жүйелі әліпби (араб жазуын өзгертпей қолданушылар, ағылшын, неміс, француз емлелері);

- таңба жүйелі әліпби (қытай, шумерлер) болатынын көрсетіп, «бұлардың ең жақсысы – дыбыс жүйелісі» - десе, Ә.Ибрайымұлы «Емле түзеу жүзінде түрік жұрттарының алдыңғысы – қазақ» - деп қазақ әліпбиінің басқаларға қарағанда биік тұратынын атап айтады [2].

1927 жылы Қызылорда қаласында «Жаңа әліпбишілер қоғамы» (ЖАҚ) құрылған болатын. Бұл қоғам республикадағы латын әліпбиінің мүддесін қорғайтын тұңғыш ресми ұйым еді. Жалпыодақтық жаңа түркі әліпбиі Орталық Комитетінің бастығы Агамалыоғлы Қазақстанға келіп, латын әліпбиіне көшу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Осы пленумда белгілі лингвист-ғалымдар – академик Е.Д. Поливанов, профессор П.Ф. Яковлев тіл ғылымының даму қағидалары жайлы баяндама жасады [3].

Оның ғылыми-педагогикалық бағытта жазылған «Жаңа әліпби неге керек?», «Ұлт мәселесі және мектеп» деген еңбектері белгілі [4]. «Ұлт мәселесі және мектеп» деген орыс тіліндегі мақаласы 1926 жылы Мәскеуде оқытушылардың жалпыодақтық тобында сөйлеген сөзі екені ескертілген. Бұл мақалада Н.Төреқұлов патша үкіметінің басты мақсаты – «бұратаналардың біржола тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу» екенін ашына айтты. «Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға тура келеді» - деп сол кездегі сауатсыздықпен күресудің әлсіз ахуалы мен ащы шындығын батыл айта білген. Мақалада Н.Төреқұловтың сөйлеген сөзі бойынша көптеген ұсыныстар жасалғаны айтылады. Н.Төреқұловтың әліпбиге байланысты көлемді де көрнекті «Жаңа әліпби неге керек?» деп аталатын ғылыми мақаласында жалпы әліпбилер тарихы, қазақ-қырғыз мәдениеті және әліпби ауыстыру мәселелері қарастырылған. Ол әр кезеңдегі түркі халықтары әліпбилерінің шығу тарихы мен даму кезеңдері туралы айта келіп, сол кездегі «әліпбиді ауыстыру» мәселесі неден туып отырғанына тоқталады.

Жазба тілі қалыптаспаған немесе жазу жүйесі болғанымен сол тілдің дыбыстық ерекшеліктерін толық қамти алмайтын әліпбилерді қолданып жүрген түркі халықтарында латын жазулы жүйеге өту дау-дамайсыз іске асырылды. Ал, ана тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне, табиғатына сай араб әліпбиінен реформаланған, тілдік қажеттілікті толық өтей алатын төл әліпбиі бар қазақ халқында бұл мәселе үлкен айтыс-тартыс туғызды. А. Байтұрсынов бастаған М.Дулатов, Қ. Кемеңгеров, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Садуақасов, Е.Омаров, тәрізді қазақ зиялылары қазақ әліпбиін латын жазуы негізінде жасалған жаңа әліпбиге көшіруге үзілді-кесілді қарсы болды.

1929 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті Президиумы мен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Советі латын графикасы негізінде жасалған қазақ әліпбиін бекітті де, оны баспасөз бетінде жариялады. Бұл қазақ жастарын сауаттандыру жұмысындағы елеулі қадам еді.

Алғашқы кезеңде жазба тілі қалыптаспаған халықтарға латын жазуына негізінде әліпбилер түзу идеясы таралып сөз бола бастаса, кейіннен КСРО-ның құрамындағы барлық түркі халықтарын біріңғай жазу жүйесіне көшіру мәселесі қолға алынып, барлық түркі халықтарының латиницаға көшуі талап етіле бастады. 1930 жылы Жаңа түркі әліпбиінің қаулысымен КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Жаңа әліпбидің Бүкілодақтық Орталық Комитеті (ВЦК НА) болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс тек түркі халықтарының ғана емес Кеңес Одағындағы басқа да халықтардың жазуын жетілдіруге бағытталған еді. Жаңа комитет «Шығыс мәдениет және жазуы» (Культура письменность Востока), «Жазу және революция» («Письменность и революция»), «Революция және жазу» («Революция и письменность») атты журналдар шығарып, олардың беттерінде жазу, әліпби туралы мәселелерді талқылауға, басқа да жазу жүйесінің өзекті мәселелеріне арналған мақалалар жарияланып тұрды. Кеңес үкіметі сол кезде бұл ағымға «латындастыру – Күншығыстағы революция» деп баға береді. Бірақ бұған сол кездегі ғалымдардың бір тобы оңайлықпен келіспей: «Араб әліппесін тастауға болмайды, бұл 1000 жылдық мәдениетке байланысты, ескі мәдениетіміз құрып кетеді, Кеңес Одағынан басқа жердегі мұсылмандардан қол үземіз...» десе, кей жерлерде: «араб әліппесі құранмен бірге аспаннан түскен, оның жоғалуы адам баласымен бірге болады, ол ақыр заманда ғана жоғалады...» деп надан елдің зәресін алмақ болып бақты [5].

Мұндай мақалалар қатарында латын жазулы түркі әліпбилерінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы да сөз болды. Комитеттің жұмысында Е.Д.Поливанов, А.А. Реформатский, А.Н. Самоилович, Б.Я. Владимирцов, Н.Ф.Яковлев, Д.Ф. Бубрих, Б.М. Грандс, Е.Э. Бертельс, В.А. Артемов, Н.Я.Марр тәрізді белгілі ғалымдармен қатар әр ұлт республикаларының мамандары да белсене қатысты [6].

Қорыта келгенде, осы кемшіліктерді жою мақсатында 1930 жылы 11 маусымда Қазақстанда Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен жаңа қазақ әліпбиіне бас әріптер бекітілсе, 1938 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің және Қазақ кеңестік халық комитетінің қаулысымен әліпби құрамына жаңадан бес әріп (в, й, ф, ю, я) қосылып, соған байланысты орфографияға да өзгерістер енгізілді, кейбір дыбыстардың таңбалары өзгерді. Латын жазулы қазақ әліпбиінде сонымен барлығы 32 әріп болды [7]. Алғашқы кезеңде жазба тілі қалыптаспаған халықтарға латын жазуына негізінде әліпбилер түзу идеясы таралып сөз бола бастаса, кейіннен КСРО-ның құрамындағы барлық түркі халықтарын біріңғай жазу жүйесіне көшіру мәселесі қолға алынып, барлық түркі халықтарының латын әліпбиіне көшуі талап етіле бастады.

Әдебиеттер:

1. Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. - Орынбор: Қырғыз мем. баспасы, 1925. - 43 б.

2. Ижанов З. Әліпби туралы архив не дейді? //Қазақ әдебиеті. 2000, №27.

3. Мусаев К.М. Языки и письменности народов Евразий. - Алматы, 1992. 27-28 бб.

4. Төреқұлов Н. Жаңа әліпби неге керек? 1926.

5. Аманжолов С. Алфавит тарихынан кейбір мәлімет. Алматы, 1940.17 б.

6. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана, 2011. - 150 б.

7. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы, бүгіні, болашағы. – Астана, 2015. - 200 б.