П.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна
Магистрнат Абуева Айзада Газизовна
«Тұран-Астана» университеті,
Астана, Қазақстан
С.АМАНЖОЛОВ ҚАЗАҚ
ӘЛІПБИІ МЕН ОРФОГРАФИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАЙЫНДА
Қазақ
КСР Жоғарғы Кеңесінің 1940 жылғы
қаңтар айында өткізілген бесінші сессиясында
қазақ жазуы мәселесі қайта қаралды. Онда латын
алфавитінен орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшу
туралы заң қабылданып, бұл заңның іске асырылуы
республикадағы халық ағарту жұмысын жаңа белеске
көтерді. Мектеп бағдарламасын қайта жасау қолға
алынып, ана тілінің оқу бағдарламасына біраз
жаңалықтар енгізілді. Оқу сабағында орындалатын кейбір
талаптар бұрынғысынан айқындала түсті.
Еліміз латын графикасына негізделген әліпбиді
қолданған кездері сауатсыздықты жоюда, сауат ашуда
едәуір жетістіктерге жетті. Ондағы әрбір әріп
өзінің жеке тұрғандағы қалпын
сақтайды және қазақтың байырғы
сөздерін дұрыс жазуға мүмкіндік берді. Латын әліпбиіне
көшкен кезде ғалымдар f, x, v
дыбыстарын енгізуге қарсы болды. 1938 жылы қазақ тілінде
бұндай дыбыстардың «бар екендігі» дәлелденіп,
«жұртшылықтың тілегі» бойынша деген желеумен енгізді. Кейбір
ғалымдар сол кездің өзінде-ақ я, ю, э, ц, щ, ь, ъ дыбыстарын
қазақ әліпбиіне қоспау керектігін айтты, бірақ
олардың пікірлері ескерілмеді. Өкінішке
орай, кеңес тұсындағы «әр түрлі саясатқа»
байланысты бұл әліпбидің ғұмыры да
ұзақ болмай, небәрі он шақты жылдай қолданыста
болды.
С. Аманжолов
орыс алфавитіне негізделген қазақ алфавитін құрастыру
барысында былай деді: «...орыс алфавитіне көшетін болған соң
оның барлық әріптерін түгел алу керек және
олардың орыстағы мағынасымен алуымыз керек, егер
олардың біреуін алмай қойсақ, орыс тілі арқылы тілімізге
енген советтік, интернационалдық терминдердің жазылуы, айтылуы
бұзылады» [1]. Сол кездердің өзінде осы ережеге қарсы
пікірлер айтылып, щ, ч, ь, ъ таңбаларын әліпбиімізге алмайық
деген ғалымдар болған. Тілімізде жоқ дыбыстарды
әліпбиге зорлап енгізуге қарсы болған мұндай
ғалымдарымызды үкімет «ұлтшылдар» деп айыптаған. Олар
«біріншіден, біздің тілде бұндай дыбысы бар сөздер
мүлдем жоқ немесе өте аз, екіншіден, бұл әріптер
оқуға мүлдем қиын болады, үшіншіден, біз
алфавитті қазақтар үшін жасап отырмыз, орыста
болғанының біз үшін маңызы жоқ» - деген
дәлелдер айтқан.
Қазіргі
кезде осы үш дәлелді ғалымдарымыз толығымен растап,
ендігі латын-қазақ әліпбиін тіліміздің ерекшеліктерін
сақтайтын таза қазақ әліпбиінің жобасын
құрастыруда пайдаланып жүргені баспасөз беттеріндегі
осы мәселе жөніндегі мақалалардан анық байқалуда.
1940 жылы С.
Аманжоловтың «Сөз жоқ, араб әліппесіне
қарағанда латын әліппесі оқу-ағарту ісімізді,
әлдеқайда алға бастырды» - деген сөзі бұл
ойымызды қуаттай түскендей [1].
1940 жылы
жаңа әліпби жасағанда қазақ орфографиясының
ережелеріне «орыс тілінен енген интернационалдық сөздер орыс
тілінде өз қалпында жазылып, оқылсын» деген де қосымша
енгізілді.
КСРО
Ғылым академиясының Қазақстандағы
филиалының қазақ тілі секторы С. Аманжоловтың
басшылығымен жасалған орыс графикасына негізделген
қазақ әліпбиі мен орфографиясының жобасы 1940 жылы
латын графикасымен жарық көріп, онда орыс тілінен енген
сөздер емлесіне қатысты пікірлер сөз болды. Солардың
бірнешеуін атап өтсек:
- орыс сөздерін
жазуда графикалық транскрипция принципін түбегейлі қолдану,
яғни сол тілдің қосымшасын түсірмей жазу: секунда,
цитата (секунд емес, цитат емес) т.б.;
- орыс тілі
сөздеріне қазақ тілі қосымшаларын
жалғағанда ы, і
әріптерінің дәнекерлігін орынсыз пайдалана бермеу: фондқа,
шрифтке, банкке (фондыға емес, шрифтіге емес, т.б.).
- орыс тілінен
қазақ тіліне «етене еніп кеткен» сөздерді,
түпнұсқасындай етіп жазу: ящик, батист, ботинки, русь,
суд, областъ (жәшік емес, бәтес емес, бәтеңке
емес, орыс емес);
- жіңішкелік
белгісіне аяқталған сөзге тәуелдік
жалғауының III жағын қосқанда жіңішкелік
(ь) белгісін түсірмей жазу: ролъі, котролъі;
- қос дауыссызбен
аяқталған орыс сөздеріне қосымша жалғағанда
бір әріпті түсірмей жазу: классқа, конгресске, т.б.
Емле мәселелері жөніндегі осындай тұстардың сауат
ашудағы қиындықтарын әдіскер ғалымдардың
мақалаларында қарастырылды [2].
Орыс тілінен енген
сөздерге қатысты емледегі осындай ережелер әртүрлі
пікірлердің тууына әкелді. Шындығына келсек, ең
соңғы пікірден басқасының барлығы
қазақ тілінің ерекшелігіне, заңдылығына
қайшы келетіні көрініп тұр. Профессор Р.Сыздық:
«қазіргі қолданып жүрген емле тәртібімізге байланысты
айтылып жатқан пікірлер негізінен кірме сөздерді, оның ішінде
әсіресе орыс тілі арқылы енгендерін түпнұсқаша
жазбай, қазақша жазу керек» - деген болатын [3].
Жеке дыбыс
таңбалары туралы ережелерге келер болсақ, и әрпі туралы көптеген даулы пікірлер айтылды. 1956
жылы Тіл және әдебиет институты әзірлеген орфографияның
жаңа жобасын талқылауда профессор М.Балақаевтың
қосарлы ый, ій
таңбаларының орнына и
әрпін жазуды ұсынған пікіріне ғалым С.Аманжолов
келіспеді. Мұны «Балақаевтың қазақ тіліне шабуыл
жасауы» деп санады. И әрпінің
қабылдануына сол жылдары оқу-педагогика баспасының редакторы
болып қызмет еткен Р. Сыздықованың сөйлеген сөзі
үлкен себеп болды. Әйтпесе біресе ый (қыйын), біресе и
(иық, ғылми), енді бірде екі варианты да қатар
қолданылып жүрген (қағида-қағыйда) и
әрпінің емлесі әбден шатасқан еді [4].
Бірге, бөлек жазу
мәселесіне байланысты да пікірлер легі көп болған, енді
солардың бірнешеуін атасақ: Ғ. Мұсабаев жаңа
сөздерді бірден біріктіріп жазуды; Қ. Есенов сөздерді
біріктіру амалын даму үрдісі ретіңде қарап, (аққұман,
ақсаусақ, желөкпе) сөздерді бірге жазуды; Қ.
Шаукенов бір ұғым емес, бір заттың атауы болатын
сөздерді бірге жазуды; Г. Жаркешова күрделі сапалық сын
есімдерді (қараторы, ақкұба) бірге жазуды; М.
Балақаев біріккен сөзді айтылуы бойынша жазуды; А.
Абдрахманов соңғы сыңары тәуелдік тұлғада
тұрған барлық сөздерді бөлек жазуды [5]; Ж.
Жолаев айтылуы бірдей, мағынасы басқа сөздерді (ұр
да жық, ұрдажық) екі түрлі жазуды ұсынса,
С.Жиенбаев жеке мағынасын сақтап тұрған сөздерді
біріктіруге әуес болмауды, өйткені сөз біріксе жігі
жоғалып, одан әрі кірігуге жол ашылатыны туралы пікірлер айтты [6].
Қорыта келгенде, қазақ
жазуы біршама тұрақтанған десек те, оның
тіліміздің тазалығын сақтап, мәртебесін көтеруде
көптеген кемшіліктер орын алды: тұрақты емлесі жоқ жазу
айналасы отыз жылдың ішінде үш дүркін (1912, 1929, 1940)
ауыстырылды. Бірнеше рет емле ережелеріне реформа жасалды, алғашқы емле
ережесі 1940 жылы жобаланып, 1957 жылы 5 маусымда Жоғарғы
Кеңестің қаулысымен бекітілгенге дейін әр түрлі
даулы пікірлер де туындап, негізгі ережені барынша қалыптандырып,
оның іс жүзінде сақталуына күш салынды.
Әдебиеттер:
1.
Аманжолов С. Жаңа алфавиттің принциптері. // Социалистік
Қазақстан, 1941, №35.
2. Әбдікәрім
Т.М. Қазақ әліпбиінің өткені мен бүгіні. // Ғылыми ізденістердің негізгі
мәселелері және перспективалық бағыттары. - Алматы, 2008. - 5
б.
3.
Сыздықова Р. Қазақ тілінің анықтағышы
(емле, тыныс белгілері, сөз сазы). - Астана: Елорда, 2000.
4. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы, бүгіні,
болашағы. – Астана, 2015. - 200 б.
5. Абуқанов
Ғ. Орфографияның кейбір мәселелері. // Советтік
Қазақстан. 9.01.1949.
6. Мусаев З.,
Төлегенов М., Бисенов Б. Қазақстан мұғалімі //
Біздің пікіріміз. 25.04.1953.