Магистр Иманбаева Жанар Кадырбаевна

Магистрант Жумекенов Бакдаулет Акрамашович

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан, Астана

 

АХМЕТ ЯСАУИДІҢ ХИКМЕТТЕРІНІҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қожа Ахмет Ясауидың өз туындысын қыпшақ, оғыз ұлыстарының ана тілінде – көне түркі тілінде жазуы дін тарату талабынан туса да, ол бұл шығармасы арқылы түрік тілінде жатық, әрі көркем жыр жазудың қайталанбас үлгі-өнегесін жасады. Сол мақсатта ақын өзіне дейінгі әдебиетте бірыңғай үстемдік етіп келген араб, парсы тілдерімен жарыса жазып, түрікше де көркем шығармалар тудыру мүмкіндігін ашып берді.

Белгілі ғалым Т. Есембековтың тұжырымдағанындай, «шығарманың бет-бейнесін айқындайтын нәрсе – аталуы, ол жазушы идеясынан хабар беретін, туындының жанрын, стилін анықтайтын мағлұмат береді. Әр жазушының атауға қояр өз талабы бар», бұл жайтты қай дәуірге тән әдеби туынды сөз етілгенде де ескеру орынды [1]. «Диуани хикмет» түпнұсқалық атау емес, яғни автордың өзі белгілеген атауға жатпайды. Бұл мәселеге алғаш назар аударған түрік ғалымы Ф. Көпрүлүзаде: «Шығыс түркілерінде (Қазақстан және Орта Азия түркілері – А.Ә.) А. Ясауи стиліндегі өлеңдер «хикмет» деп аталады. «Диуани хикмет» есімі тек Ясауи шығармаларына тән емес, бұл атаудың кейіннен берілген болуы мүмкін» - деп жазған болатын [2]. «Хикметтер жинағы» ұғымындағы бұл атау Ясауи хикметтерін жинақтап, көшіріп, хикмет дәстүрінде жазылған өз туындыларымен қоса бір еңбекке біріктірген ақын шәкірттерінің тарапынан берілген деуге негіз бар.

Диуани хикметтің» тілін тек бір халықтың тіліне телуге болмайды. Өйткені шығармада қазақ пен өзбектің, ұйғыр мен татардың, тағы басқа түркі тектес халықтардың тіліне ұқсастық бар. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген дәуірде бұлар әлі жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған еді, тек түрік елі, түркі тілі деген ұғым ғана болатын. Қ.А. Ясауиды ұлтқа бөлуге болмайды, өйткені ол кезде қазақ, өзбек, түрікпен ұлттары әлі жоқ еді. Олар әлі де ұлыс болатын. Мұны түркі халықтарына ортақ тіл деген жөн. Сондай-ақ құрылысы, буындық өлшеуіші өзгелерден гөрі бізге, қазақ тіліндегі өлең-жырлардың буындық өлшеуішіне ұқсас келеді. Мұны тіл бейнелеу құралдары да, көркемдік жүйесі де дәлелдейді.

Енді Ясауи шығармасына берілген атаудағы «хикмет» сөзінің мағынасына үңіліп көрелік. Әдеби-ғылыми орта мен көпшілік оқырманға «Диуани хикмет» арқылы таныс болған, сопылық ілімді насихат еткен Йасауи мен оның шәкірттерінің табиғаты ерек туындылары ретінде қабылданатын «хикмет» ұғымының мән-мазмұны тереңде жатыр.

Ясауитанушы-философ Д. Кенжетай еңбегінде аталмыш ұғымның мәні төмендегіше таратылады: «Хикмет» сөзі (арабша) тілдік тұрғыдан алғанымызда «ақыл», «парасатты сөз», «дін ілімі», «ең шынайы ілім арқылы ең шынайы болмысты (Тәңірді) тану» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар хикмет – Құранның мазмұны мен мәні, яғни Құдайлық аянның өзегі болып табылады» [3].

Яғни, хикмет – Алладан берілген ілім, адамның өзін тану арқылы Алланы тану ілімі. Рухты кемелдендіру арқылы болмыстың бірлігін түйсіну, жаратылыс сырларын ұғыну, Жаратушының хикметін сезіну ілімі. Сопылық танымның негізін хикмет ілімі құрайды. Оған барар ауыр да азапты жолдың алғышарты – дін исламның шариғат жолы. Шариғат шарттарын толық түсініп, берік ұстанып, өмірінің өзегіне айналдырған адам ғана хикмет ілімін ұстын еткен тариқатқа қадам баса алады. «Шариғатсыз тариқатқа кіре алмадым», «Шариғатсыз тариқатқа кіргендердің Шайтан келіп иманын алады екен» [4] деген Ясауи хикметтері осыны аңғартады. «Қал ілімі» – шариғатты меңгергеннен кейін «хал ілімі» – тариқатқа жол ашылады. Алланы бір сәтке де жадынан шығармау (зікір), нәпсіні ауыздықтап, «өлмес бұрын өлу», дүнияуи ластықтардан қарайған жүректі зікір арқылы тазарту, жеруани сынақтан өтіп, рухани кемелдікке жету үшін тәнге кірген рухты ұдайы жетілдіру, шыңдап-шынықтыру, өз болмысының, он сегіз мың ғаламның терең сырлары мен ұлы үйлесімділігін тану арқылы ақиқатқа-Аллаға ұласу – сопылық жолының өткелдері, хикмет ілімінің мәні болып табылады.

Қ.А. Ясауидың «Хикметтерін» қазіргі қазақ тілімен салыстырып, оның тілінің грамматикалық ерекшеліктері бойынша мынадай қорытынды жасауға болады [5]:

- Диуани-хикмет” тілінде тәуелділік қатынасты білдірудің тәсілі – түрік изафетінің І және ІІ типі өте сирек ұшырасады, ІІІ типі жиірек қолданылады, бірақ «Хикметтерде» тәуелдік жалғауларының жалғануында, қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылық байқалмайды;

- тәуелділікті білдіретін сөздердің мен, сен, ол жіктеу есімдіктерімен тіркесіп келуі «Хикмет» тілінде сирек кездеседі;

- тәуелдеулі сөз бастауыш қызметінде тұрғанда, оның қай жақта тәуелденгеніне қарамастан онымен байланысатын баяндауыш тұлғасы әрдайым ІІІ жақта тұрады деген қағида «Хикмет» тілінде де сақталып қалған;

- ілік септігінің -ның формасының орнына –ни тұлғасының келуі «Хикмет» тілін басқа ескерткіштер тілінен ерекшелеп тұратын, сондай-ақ орта ғасыр ескерткіштері тілін біріктіріп тұратын құбылыс;

- көптік жалғауының ІІІ жақ жедел өткен шақта жіктелген етістікке жалғануы жиі байқалады (келділер, бардылар). Бұл орта ғасыр ескерткіштерінің тіліне тән тілдік тәсіл болған. Тәсіл қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде, мысалы өзбек, түрік тілдерінде жиі кездесіп, қимыл іс-әрекетті орындаушылардың көптігін білдіреді. Алайда, мұндай қолданыс қазіргі қазақ тілінде кездеспейді;

- -лар, -лер көптік жалғауы көптік мән берумен қатар, жинақтық ұғымын да білдірген. Көптік жалғаулары дене мүшелерін білдіретін атауларға жалғанып, жұптық мәнін және автордық субъективті көзқарасын білдірген (көзләрім, тілләрім). Қазақ тілінде мұндай қолданыс тек жыраулар поэзиясында көрініс тапқан;

- уақытты білдіретін сөздерге жалғанып, көптік жалғаулары көптік мәнін емес, үстеудің белгілі бір тұлғасын жасап тұр (сахарлары, кечалары). Мұндай қолданыс қазіргі қазақ тілінде кездеспейді;

- араб тілінің «бұрыс көптік» тұлғасы арқылы жасалған сөздердің үстіне -лар, -лер көптік жалғаулары қабаттасып қолданылған (машайықтар, халайықтар, әруақтар). Бұндай тәсіл – қазіргі түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де қалыптасқан құбылыс;

- көптік мән беретін сөздердің құрамында көптік жалғауы өлең өлшемі, ырғақ, ұйқас секілді шарттарды орындау үшін қолданылған (чөлләр кезіб – чөл кезіб, қанлар йұтты – қан йұтты). Қазіргі қазақ тілінде мұндай қолданыстар кездеспейді.

«Диуани хикметте» оқиға Ясауидің өз атынан баяндалады:

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сырымды көрген сайын бүркеп жапты.

«Билхамдиллаһ көрдім» деп ізімді өпті,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды,

«Хикмет айт!» деп басыма нұр шашылды.

Бихамдиллаһ Пірмұған шарап ішірді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге [6].

Ясауи хикметтері сопылық ілімнің жалаң уағызшысы емес. Автордың болмысты сопы ретінде түйсінуі қаншалықты терең болса, ақын ретінде сезінуі де соншалықты шынайы. Хикметтерде баяндалатын оқиға, суреттелетін хәл, насихатталатын ілім ең алдымен сыршыл сезім көрігінен өткізіліп, тұнық поэзия табиғатына тән бейнелілікпен, көркемдікпен, шеберлікпен жеткізіледі [7].

Қорыта айтқанда, түркі әдебиетінде хикмет ілімін алғашқы болып поэзия тілімен өрнектеген Қожа Ахмет Ясауи болып табылады. Сопы ақын шығармашылығын түркі халықтарының әдебиет тарихында даралап тұратын басты ерекшелік осы. Ясауи хикметтерінің тілдік ерекшеліктерін, жанрлық бітімін, стильдік табиғатын саралауда аталған ерекшеліктің негізгі роль атқаратыны даусыз.

Әдебиеттер:

1. Есембеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. – Қарағанды: КарГу баспасы, 1991. 52 б.

2. Көпрүлү М.Ф. Ясауи танымы мен тағылымы (Ауд. К. Коч). – Шымкент, 1999. 167 б.

3. Кенжетай Д. Қожа Ахмет Йасауи дүниетанымы. – Түркістан: Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, 2004. – 341б.

4. Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы). –Алматы: Жалын, 1998. 290 б.

5. Жолдасова А.А. «Диуани-хикмет» ескерткіші тілінің грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік, жіктік және көптік жалғауларының қолданылуы) филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2009. – 121 б.

6. Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы). –Алматы: Жалын, 1998. 183-185 бб.

7. ӘбдірәсілқызыА. «Диуан» мен «хикметтің» сыры неде?. - Астана, 2015.