Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу

кафедрасының оқытушысы Минайдарова М.И.

 

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

Мектеп жасына дейінгі  балаларды тәрбиелеуде  ұлттық салт-дәстүр негіздерін қалыптастыру

 

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан халқына жолдауында: Заманауи білім беру жүйесінің және кадрларды қайта даярлаудың негізгі бағдарында «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылданғанын көрсеткен [1].

Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қатысты күрделі мәселе бұл ұлттық тәрбие және жалпы адамзаттық мәдени мұралар негізінде жас өспірімнің бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, ұлттық сана сезімін қалыптастыру, рухани байлығын өсіру болып отыр.

Ұлттық тәрбиенің өміршең әдіс-тәсілдерін бүгінгі күннің талабымен ұштастыра отырып, халқымыздың бұрынғысы мен бүгінгі ісін жүйелі түрде сабақтастыру абзал. Ол үшін халықтық педагогиканың мазмұның, даму заңдылықтарын, ерекшеліктерін, негізгі қағидаларын, тиімді әдістерін ғылыми түрде зерттеп, ұрпақ тәрбиесінде жүзеге асырудың жолдарын айқындау керек. Қазақ халқы ертеден-ақ адамдар арасындағы сыйластық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлген. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл қазынасының ішкі астарына зер салсақ, ата-бабамыз ұстанған тәлім-тәрбиенің биік шоқтығына тап боламыз. Бала дүниеге келген шақтан бастап, адамның қартайып,  өмірінің соңына дейін сол қоғамның заңдары мен ережелері мен қалыптасқан тәрбие қағидаларына  сай дамиды. Ол жайында ұлы бабамыз Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі тиіс, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекке, оның барлық өміріне апат әкеледі», - деп тәрбиенің маңызын жоғары бағалайды.

Халық ауыз әдебиетіне сүйенетін болсақ, онда қазақ балаларының жас ерекшеліктеріне қарай: «1 жасқа дейін нәресте, 1 жастан 7-ге дейін сәби. Осы дәстүрлі қағиданың негізіне сүйене отырып,  ұлт ойындарын 2 топқа бөлнеді. [2].

1-ші топта 1 жасқа дейінгі нәрестені тәрбиелеудегі «Бесік жыры», «Саусақ санау» және «Тұсау кесу» жырлары жатады. «Баланы жастан »дегендей нәресте дүиеге келгеннен бастап тәрбиеге алынады. «Бесік жырында» ата-ананың баласына деген ізгі тілегін, жақсы ниетін, еңбек сүйгіште өнерлі болып, жеке бастың пайдасы тек даңқ үшін еңбек етуге тәрбиелуді аңсаған ойын көреміз [3].

6-8 айға дейін «Бесік жырын » есітіп келген нәресте саусағының жыбырлағанын қызықтап, айналасындағы дүниені бірінен бірін ажырата бастайды. Осы сәтте ата-анасынан «Саусақ санау» жырын естиді.

Нәресте өмірінің келесі кезеңі – еңбектеуден өтіп, қаз тұрып аяғын басар кезде оның тез жүріп кетуі үшін, «Тұсаукесер» жыры қолданылады. 2 топта сәбидің дүиеге көзқарасын қалыптастыратын әр түрлі ойыншықтармен құмалақ ойындары жатады.

Қай елде болмасын өткен дәуір мәдениетінің жақсы дәстүрлерін сұрыптап алып, жаңа мәдениетті қалыптастыруға пайдаланып келгені мәлім. Сондықтан халқымыздың сан-салалы мәдени дәстүрлерін бүгінгі күн талабына сай жаңғыртып қолданудың пайдасы орасан зор. Бұл жөнінде Н.К.Крупская: «Әртүрлі ұлттық мәдениеттердің жақсы жақтарын кеңінен дамыту үшін ұлттық ерекшеліктерінің барлығын пайдалану керек», -  деген болатын.

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық салт-дәстүрлері мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, балалардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын және оған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Тәрбиенің негізгі мақсаты – ұлттық сана-сезімі мол, рухани деңгейі биік, иманды, табиғи, әдепті, іскер, еңбекқор адам тәрбиелеу. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейінен адамның ана тіліне, ұлттық мәдениеті мен тарихына, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі, азаматтығы көрінеді. Өз елін, ұлтын қадірлейтін адам басқа ұлтты да, басқа елді де құрметтей алады.

Тәрбиенің түрлері мен бағыттары, әсіресе, оның негізгі қағидалары (принциптері) халық көзқарасымен айқындалып, содан туындап отырады. Жоғарыды айтылған тәрбие мен үйретуді (оқытуды) шебер пайдалану үшін оның тәрбиеленушіге әсер ету жолдары мен жөндерін білу керек, басқаша айтқанда тәрбиелеушінің  психологиясын жан-жақты, жетік білу керек.

Халық ертегішілерінің көбі балаларға тек ертегі айтып беруші ғана емес, олардың ішкі жан дүниесін терең білген психологта болған. Баланың ішкі жан сезімін жетік білген халық педагогтары (аналар) бесік жырын әуезді, сезімге әсерлі етіп орындаған. Жаңылтпаш, санамақ, тақпақ, жұмбақ, шағын күлкілі әңгімелер мен ертегілерді баланың ішкі ой-сезіміне қозғау салып оятып өсіретіндей әсерлі де мәнерлі етіп айтып бере білген.

          

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1.   Н.Назарбаев. Туған елім – тірегім, (Құрастырғандар: М.Қасымбеков. Қ.Әлімқұлов). – Алматы: Рауан, 2001. - 128 б.

2.    Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Санат, 1995. - 481 б.

3.   Пралиев С.Ж. «Ұлттық тәрбие және жаһандану». Егемен Қазақстан, 25 желтоқсан 2009.

4.   Р.К.Төлеубекова. Ұлттық тәрбие және оның философиясы. Педагогика және Психология журналы №1, 2009.