«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» кафедрасының оқытушысы Минайдарова.М.И

 «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының студенті  Спандиярова А

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ОЙЫН АРҚЫЛЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ЖОЛДАРЫ

    

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған бұтақ кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс.  [1]

Адамгершілік тәрбие дегеніміз – балалардың бойында мінез-құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір-біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормалары мен ережелерін дарыту жөніндегі ұстаздардың арнаулы мақсат көздеген қызметі.  [2]

Адамгершілік тәрбиесі мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерді қалыптастыруға және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым-қатынасты дамытуға, құндылықты тиімді пайдалануға бағытталған жалпы адамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі – деген анықтама берілген.  [4]

Ойын – мектепке дейінгі балалар үшін айналаны танып – білу тәсілі.Ойын мен ойын әрекеті мазмұнының әлеуметтік сипаты баланың қоғамда өмір сүретіндігімен байланысты. Ол алғашқы айлардан бастап – ақ маңайдағылармен қарым – қатынас жасауға ұмтылады , қарым – қатынас жасаумен қоғамдық тәжірибені игерудің қуатты құралы – тілді бірте – бірте меңгереді.  Ойында үлкендердің қызметіне еліктеп, өзінің шамасы келмесе де олардың қуанышы мен ренішін түсіне отырып, осындай өзіндік жолмен қоршаған өмірді  - адамдардың қимылын , іс- әрекеттерін , олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым – қатынасын бейнелеуі болып табылады.  [6]

Адамгершілік тәрбиесінің маңызды заңдылығы балаларды ұжымда тәрбиелеу заңдылығы. Ұжым – бұл баланың жеке басын қоғамдық бағытта қалыптастыру мектебі. Мұнда оның жеке қасиеті, қабілеттілігі және адамгершілік сапалары неғұрлым айқын көрінеді. Адамның адамгершілік тазалығы ең алдымен оның әрекетінде көрініс табады. Ұжымда бала өзінің білімін, айналадағы дүниеге, іс-әрекетке көзқарасын: көмек көрсетуге, нәтиже шығаруға, құрбыларына қамқорлық жасауға, рахымдылыққа, қарапайымдылыққа, еңбек етуге ұмтылуын көрсете алады. Ұжымда тәрбиелеу заңдылығы тәрбиешілерді әр баланың мінез-құлқына ізгі ықпал жасауы үшін балаларды бірлесіп қызмет жүргізудің алуан түрлеріне біріктіруді міндеттейді. Бұл заңдылықты іс жүзінде қолдану тәрбиешінің мейірімділікті балалардың жеке ерекшеліктерін, адамгершілік тәжірибесін, дамуы мен мүмкіншіліктерін ескере отырып талап қоя білумен ұштастыра білуінен көрінеді. Мұның өзі олардың  ұсыныстарын, идеялары мен ұмтылыстарын басып тастамай, адамгершілік мінез-құлықтың, тәртіптіліктің негізін қалыптастыруға, топта орнатылған тәртіпті құрметтеуге мүмкіндік береді. Өз кезінде тәрбиешіден ұстамдылық, шыдамдылық, орынды қатаңдық, тәрбиеленушілерге құрметпен қараушылық талап етіледі. [9]

Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі реніші немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады. Эмоциялық әсерлену: жақсы қылықтарына, үлкендердің мақтауына риза болу, өзінің орынсыз қылықтарынан: үлкендердің ескертуінен, наразылығынан ұялады, қапалану, уайым жеу оның адамгершілік сезімдерін қалыптастырудың негізіне айналады. Мектепке дейінгі шақта балада қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады [10]

Ойын негізінде ойлай отырып , тапсырмалары өзінше зерттеп , орындау , өзінше шешім жасау өз ойындағысын айту жағдайларына мүмкіндік туғызылса ғана бала еркін ойлы , өзіне сенімді , ерік – жігерлі , дүние танымы кеңейген , сөйлеу тілі жақсы қалыптасқан , болашаққа қызығушылығы оянған дара тұдға ретінде  жан – жақты дами алады. Баланың ақыл – ойының дамуы тек белгілі  білім көлемін ғана емес , жалпы тәлім – тәрбиелік іс - әрекеттерді игерумен бірге , ойлау , қиялдау , есте сақтау , елестету және т.б. қабілеттерінің; танымдық , іскерлік , шығармашылық қасиеттерінің дамуын қамтиды. «Ойы саяздың , тілі саяз» деген ұлағатты сөз бекер айтылмаған. Ойлау негізгі баланың сөйлеу тілін қалыптастырады.

Ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Қазақ халқының «Ойын ойнап , ән салмай , өсер бала бола ма?» - деп айтқандай , баланың өмірді танып , еңбекке деген қатынасы , психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойын балаларға ақыл – ой , адамгершілік , эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі деуге болады. Баланың қуанышы мен реніші ойын кезінде анық байқалады , сонымен қатар құрбыларымен тез тіл табысып , жақсы қарым – қатынас жасайды. 

Бала ойын арқылы өзін толқытқан бүгінгі қуанышын , ренішін, асқақ арманын , мұрат – мүддесін бейнелесе , күні ертең сол арман – қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бүгінгі ойын , бейнелі әрекет , ертеңгі шындық ақиқатқа айналады. Болашақ қайраткердің тәрбие жолы тәлімдік өнегесі ойыннан бастап қалыптасады. Ойын мен еңбектің бір – біріне ұқсас сипаттары көп , сондықтан кейбір педагог ғалымдар «Жақсы ойын – жақсы жұмыс сияқты» деп қарап , бұлардың арасында айырма шамалы деген түйін жасайды.

Баланың тәртібіне белгілі талаптар қою олардың орындалуын бақылаумен ұштасады. Бақылаудың әлсіреуі балаға тәртіп бұздырады. Талап пен бақылау тәрбиешінің берген бағасы арқылы бекітіледі, ол балалардың іс-әрекетінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін тануға, тәртіп ережелерін игеруге мүмкіндік жасайды. [11]

Мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісі ойынның баланың негізгі іс- әрекеті екендігін ескере отырып , өз тобында түрлі ойындарға қажетті құрал – жабдықдарды, ойыншықтарды, атрибуттарды топ ерекшелігіне қарай дұрыс іріктеп таңдауы керек.

Тәрбие бағдарламасы талаптарына сай ойындарды күн тәртібіне дұрыс орналастыра отырып , оларды тиімді ұйымдастыра білсе , ойын бала үшін тәрбиенің мықты құралына айналуы әбден мүмкін. Ол үшін тәрбиешінің өзінің бойында іздемпаздылық , орындағыштық , тиянақтылық , белсенділік сияқты сапалары болуы керек.


Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Ф. Н. Жумабекова «Мектепке дейінгі педагогика» Астана «ФОЛИАНТ» 2008

2. «Бала мен балабақша» журналы № 10 2014 жылы

3. «Мектепалды даярлық мектепте және балабақшада» журналы № 5/6 2013 жылы

4. «Мектепалды даярлық мектепте және балабақшада» журналы № 6 2014 жылы

5. «Мектепалды даярлық » журналы № 2 2014 жылы