Р.Т.Шыниева аға оқытушы

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың халық ауыз әдебиеті арқылы танымдық ойлауын дамыту

 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы жаңа ұрпақты өз ана тілінде оқытуға, білім беруге, әдеби, мәдени мұраларымызды танып-білуге мол мүмкіндік туғызды. Ата-бабадан бүгінгі күнге жеткен тарихи мұраларды таныту халық қазынасы ауыз әдебиеті, балаларға арналған көркем әдеби шығармаларды кеңінен пайдалану арқылы жүзеге аспақ. Бұл жөнінде ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде: «... біз тарихи мүмкіндіктерді, әдеби-мәдени мұраларды таныта тәрбиелеуді мектепке дейінгі кезеңнен бастап, үзіліссіз жүзеге асыруға тиіспіз. Осы арқылы жастарды адамгершілікке, өз еліне сүйіспеншілікке, патриоттыққа тәрбиелеуге тиіспіз», - дей келе, «бәріміз де бала кезімізде халық ауыз әдебиетінің баға жеткісіз бай мұрасымен сусындап өттік. Қазақ ертегілерін, батырлар жырларын оқымаған қазақ баласы жоқ шығар деп есептеймін», - деген болатын.

Балаға өз ұлтының мәдениетін меңгерту халықтың ауыз әдебиеті: ертегілер, әндер, аңыздар және т.б. арқылы жүзеге асады. Балаға қоршаған ортаны танытуда, олардың арасындағы байланыстар мен заңдылықтарды қарапайым да тұжырымды етіп ұғындыруда, бала табиғаты мен түсінігіне тән құнарлы қазынаны халық ауыз әдебиетінен табуға болады.

Халық ауыз әдебиетінің танымдық негізі, тәлім-тәрбиелік маңызы туралы зерттеу дәстүрі ертеде қалыптасқаны белгілі. Ертеде қазақ даласындағы ұлы ғұламалар (Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари т.б.), күміс көмей, жез таңдай ақын-жыраулар (Шалкиіз, Досмағамбет, Бұхар жырау т.б.), ұлы ағартушылар (Шоқан, Ыбырай, Абай) болашақ ұрпақты имандылық, адалдық, шыншылдық сияқты қасиеттерге тәрбиелеуге талпынған және халық даналығын жоғары бағалаған.

Қазақ этнопедагогикасының тәлімдік тағылымдары, құнды идеялары, әдіс-тәсілдері, амал-жолдары, құралдары Қ.Жарықбаевтың, С.Қалиевтың, С.Ұзақбаеваның, К.Қожахметованың, А.Мұхамбаеваның, Е.Сағындықов пен К.Сейсенбаевтың, И.Оршыбековтың және т.б. еңбектерінде жан-жақты баяндалады.

Қазақстан Республикасы көлемінде халық ауыз әдебиетінің дамуы туралы Ш.Ахметов, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, К.Нұғыбаева, Б.Ыбырайымов, С.Ахметова, К.Сейсембаев, Н.Албытова т.б. зерттеулерінде әдеби шығармаларды пайдалану тәсілдері жөнінде келелі ой қозғағанына көз жеткіздік.

Халық ауыз әдебиетінің арнасы өте кең, түрі сан алуан. Жас ұрпақты ойлы, тілге бай етіп өсіру еңбекке баулу халықтың үлкен мұраты саналған. Жас бүлдіршінге әжелері ертегі, аңыз, жұмбақ, жаңылтпаш үйретіп, ойы мен тілін дамытқан. Мұны баланың ойына дарытар рухани уыз, рухани тәрбие деп білген. Ертегі, мақал, жұмбақ, жаңылтпаш білмеген, білгенін айта алмаған балалардың мүмкіндіктерін ескеріп, қаламақтар, мазақтамалар т.б. үйретуге тырысқан. Яғни, халық әр баланың жеке-дара ерекшелігін қатаң есте ұстаған деуге болады.

Ересек топ балалары өз елін, жерін, Отанын, отбасын қорғауға, сүюге тәрбиелеуде көркем шығарманың алатын орны ерекше. Елін, жерін, Отанын қорғаған халық батырлары туралы, олардың батырлық, ерлік істерін паш ететін әңгімелер, өлеңдер, аңыз-ертегілерді оқып, оның мазмұнын түсіндіруде тәрбиеші кездесулер ұйымдастырып, баланың қиялын шарықтатып, ерліктерге баулиды. Көркем шығармаларды сахналату, ролдерге бөліп ойнату арқылы бала кейіпкерге еніп, яғни оның іс-қимылын, жүріс-тұрысын барынша бейнелеуге тырысады.

Біздің ойымызша, балалардың халық ауыз әдебиетіне деген көзқарасының төмен болуының бірнеше себептері бар: біріншіден, тәрбиешілердің оларды танымды қалыптастыру мақсатына жүйелі пайдаланбауы, оларды балалардың жеке-дара және жас ерекшеліктерін ескере отырып, сұрыптап таңдауға, мазмұнына мән бермеуі; екіншіден, халық ауыз әдебиеті жанрларын ұйымдастьырылған оқу іс-әрекетінде және күннің екінші жартысында оқылмайтындығы; үшіншіден, балалардың жанрларды қажеттілігін түсінбей, қызықпай өсуі, олармен таныстығының аздығы, қызығушылығының жоқтығы, төртіншіден, ата-аналардың балалармен жұмыс жүргізбейтіндігі, яғни оларға кітап оқып бермейтіндігі, қазіргі нарықтық кезеңде балаларға арналған кітап сатып алуға жағдайының жоқтығы; бесіншіден, тәрбиешілерге арналған әдістемелік құралдардың болмауы және  балаларға арналған арнайы қазақ тілінде кітаптардың аздығы және т.б.

Осы айтылғандардың бәрі халық ауыз әдебиетінің балалардың  танымдық әлеуетінің өз деңгейінде пайдаланылмай отырғанын дәлелдейді. Көпшілік жағдайда халық ауыз әдебиеті негізінде балаларының таным қызығушылығын қалыптастыру біртұтастық тұрғыда қарастырылмайды. Яғни халық ауыз әдебиетінің танымдық потенциалын арттыруда ғылыми негізделген әдістеменің қажеттілігі айқын сезіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі бөлімдерде сөз болады.

 

Пайдаланылған  әдебиеттер

1        Қалиев С.Қ., Жарықбаев Қ. “Қазақ тәлім-тәрбиесі” (І-ІІ том) Оқу құралы.–Алматы.: Санат, 1995. -352 б.

2        Тұрманжанов Ө. Адам адамға дос.  –Алматы., 1989. –75 б.

3        Ыбырайымов Б. Қазіргі қазақ балалар прозасы және рухани-эстетикалық       даму мәселелері. Пед.ғыл.док.дис.автореф. – Алматы., 2000. –  341 б.

4        Аралбаева Р.Қ. Мектепке дейінгі педагогика. – Астана 2012.