Мамырова Анар Тұрғановна, Демеубаева Ұлжан Оспановна

 

МЕКТЕП оқушыларының ДІНИ  ТӘРБИЕ дүниетанымын қалыптастырудың теориялық мәселелері

 

 «Дүниетану» ұғымының ғылыми негізі. Қазақстан Республикасының егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап білім беру мәселесінің дамуына аса мән берілуде. Білім беру барысында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты жетілдіруге, олардың танымдық әрекетін дамытуға, ой-санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр. Мұның дәлелі республикамыздағы «Білім туралы» заңының қабылдануы.

Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақ қоғам мүшелері — жастардың қандай болуға тиіс екендігін айта келіп, «Біздің балаларымыз білігі жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженерлер, банкирлер және өнер қайраткерлері, магазиндердің иелері, мұғалімдер мен дәрігерлер, зауыттар мен фабрикалардың иелері, биржа делдалдары және спортшылары болады. Олар мұнай, газ бен электр қуатын, тамақ өнімдерін өндіретін, әрі олармен әлемдік экономиканы қамтамасыз ететін болады...», — дейді.

Жастардың болашақка деген бағыт-бағдары отбасында, мектеп қабырғасында, жалпы қоғамдық деңгейде алсақ, бүкіл қоршаған дүние ортасында қалыптасады. Әрине, қоршаған дүниенің әр саласының көзқарасқа тигізетін әсері, беретін білімі, тәрбиеге ықпалы әртүрлі. Мемлекетіміз осының бәрін ескеріп, білім беру жүйесін баса дамытуға, оның дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне аса мән беруде. Осындай аса маңызды сенім жүктеліп отырған жастарымыздың болашақта мемлекеттік жауапты қызметтерді атқаратындай, өз мүддесінен гөрі халықтық мүддені жоғары қоятын деңгейде өсіп жетілуі үшін оларға сапалы білім беру, саналылыққа тәрбиелеу, жеке бас құндылығын көтеру оқу-ағарту саласының үлесіне тиеді.

Осыған байланысты білімнің мазмұнын, оқыту әдістері мен сабақты ұйымдастыру нысандарын жетілдіруді нақтылай түсу қажеттілігі туындайды. Білімнің әрбір бөлігі оқушы дүниетанымын қалыптастыруға септігін тигізіп, олардың әлем туралы ой жүйесін дамытуға негіз салуы тиіс. Орта білім стандартында «Мектептің әрбір саласында жеке тұлғаны дамыту міндетіне сай білім мазмұнының толық жүзеге асуын қамтамасыз ету» талабы қойылып отыр. Мұнда әсіресе, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мәселесі басты орынды алмақ.

«Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз — айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктін мәні, мағынасы туралы көзқарастың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы». Дүниетанымның көзі — білім. Білім неғұрлым тереңдеген сайын дүниетаным да қалыптасып, тұрақтанады. Мектеп қабырғасында алған білімнің шындығы мен ғылымилығы практика жүзінде қолдану барысында айқындала түспек. Осы арқылы адам, заттар, құбылыстар арасындағы қарым-қатынас пайда болады.

«Адамзаттың, қоғамның пайда болып қалыптасуы қоршаған табиғи ортаның қажетті алғы шарттардың, жағдайлардың болуына байланысты...», «...адамның өмір тіршілігінің қызмет әрекетінің негізі табиғат заттары мен табиғи процестер» — дейді, философтар Д.Кішібеков пен Ү.Сыдықов. Табиғатты танып, білу, игеру барысында адам қоршаған ортаға ауқымды, қуатты ықпал ете алатын күш екенін және осы қарым-қатынас барысында дүниетанымы қалыптасатынын А.Г.Спиркин, В.С.Степин, Д.П.Горский, А.П.Шептулин, А.Ф.Файзуллаев еңбектері де әр саладан дәлелдейді. Адам тіршілігінің көзі — табиғат. Осы табиғат заттары туралы оқып, оны танып білу арқылы адам сол табиғатпен қатынасқа түседі, оның заттарын пайдаланып, екінші бір қолдан жасалған заттар шығарады. «Екінші затты жасау үшін ол ақылын, білімін жұмсайды, соның нәтижесінде «екінші табиғат» заттары пайда болады. Бұл «екінші табиғат» дүниелері қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Табиғат заттары туралы ғана емес, оның құбылыстары жайында ұққандарын да ой елегінен өткізіп, табиғаттың даму заңдылықтарын ашатын да — адам. Мұндай жетістіктерге ол қоршаған ортаға бақылау жүргізу, ой қорыту, ғылыми-зерттеулер жүргізу нәтижесінде жетеді.

Табиғат заттарын оқып білу арқылы адам табиғат байлығын керегіне пайдаланады. Сонымен қатар бүкіл білімін, дағдысын, шеберлігін жұмсап, оны ендіру үшін еңбек етеді. Осының нәтижесінде жасалған заттарды әлеуметтік өмірде қолданып, қажетіне жаратады.

Ғылым мен техника дамыған сайын әлеуметтік өмір деңгейі де өзгереді. Осының бәрі табиғат байлығын игерудегі адам миы мен күшінің жұмысы. Адам табиғат, қоғам — біртұтас дүние. Тұтас дүниені өз мәнінде бір-бірімен байланысты қабылдау таным үрдісі арқылы жүзеге асады.

Дүниетану ұғымы диалектикалық дамудың қарама-қарсылығы мен біртұтастығына сүйенбей өте алмайды. Дүние — ол тек бізді қоршаған табиғат қана емес, ол — адам, адам мен адамның қарым-қатысы, ол — табиғат, табиғат заттары мен құбылыстары, ол — қоғам. Әр қоғамның өркендеуіне адамның ойы мен білімі қандай керек болса, табиғат пен оның байлығы да сондай керек. Осының өзі дүниенің бір-бірімен байланысты дамитын, оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын орта екенін көрсетеді.

Дүниетану — «дүние» және «тану» деп аталатын екі бөліктен тұрады. Алдымен нені танып-білу керектігін анықтауымыз керек. Оқушыларға танытқалы отырғанымыз — дүние. Сол дүниені танып-білу әдістері мен оларды қаруландыру жолын іздестіріп, тиімділерін іс жүзінде қолдануға ұсынбақпыз. Дүние — қоршаған орта, табиғат, бүкіл әлем, олай болса бұған енбейтін, оның құрамына кірмейтін бірде бір зат не құбылыс жоқ. Адам дүниені өмір бойы танып, білумен, оның таусылмас ерекшеліктерін бақылап, байқаумен айналысатыны анық. Бірақ оның сырын түгел біліп шегіне шыға меңгеру мүмкін емес. Дүниені өз дәрежесінде танып-білу әр адамның меңгерген білім деңгейі мен оның мазмұнына байланысты жүзеге асады.

Адамның әрбір даму кезеңіне байланысты дүниені тану шеңбері мен оның мәнін ұғыну дәрежесі тереңдей түседі. Әр кезеңнің психологиялық ерекшелігіне байланысты дүние тану мүмкіндігі де өзгереді. Дүниені өз мәнінде тану үшін адамның санасы, ой-пікірі, білім деңгейі дамуы керек. Керісінше дүниені танып-білуге байланысты білім көлемі мен ұғым деңгейі, сана-сезімі кеңейе түседі, адамның көзқарасы қалыптасады. Сөйтіп, диалектикалық дамудың қарама-қарсылығы мен біртұтастығы жүзеге асады. «Материалды дүниеге айналадағы қоршаған заттардың бәрі, яғни адамның санасынан, ой-жүйесінен тысқары, әрі одан тәуелсіз, объективті түрде өмір сүретіннің бәрі жатады».

Қоршаған дүниені білу танымға байланысты. Таным — адам санасын дамытуды негізі және ол арқылы адам өзін қоршаған ортаны игеруге де үйренеді.

«Таным» — философиялық ұғым, «...айналадағы материалдық шындықты» адам санасында бейнеленуі. Қоршаған дүние объективті түрде өмір сүретін болғандықтан, оның заттары мен құбылыстары санада бейнеленеді. Көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерімізге материалдық заттар әсер етеді де, біз оларды қабылдаймыз. Қабылданған дүниені танып білеміз. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғаңда ғана білім қалыптасады. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып, танымды нақтылай түседі. Сезінуді ойлау процесі құптау арқылы танымның логикалық формасы дамиды.

Адам баласы таным арқылы білмеуден білуге көшіп отырады. Ол затты құбылысты танығаннан кейін, енді таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Сөйтіп, әлде де толық емес білім, толығырақ, дәлірек білімге қарай дамиды. Тану үшін адам дүниеге белсенді әсер етеді, оған ықпал жасап, өзгертеді, екінші зат өндіреді, соның нәтижесінде өзі де өзгереді.

Таным арқылы заттар мен құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау нәтижесінде ұғым туады. «Таным... практикалық қызмет барысында іске асады».

Осылайша таным нақты дүниеге, қоршаған ортада бар заттарға негізделсе, оны өз мәнінде танып-білу үшін ғылым керек. Дүниетанымды қалыптастыру үшін биологиялық, химиялық, тілдік және басқа ғылым салаларынан, өз ұлтымыздың мәдениеті, әдебиеті, қазіргі таңда рухани өмірде жеткен жетістіктерін бір-бірімен байланыстыра отырып білім беруді қамтамасыз ету керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1          Ержанова Ұ. Тілдегі  қазақтар  дүниетанымы.  // Ұлағат. №7-2006

2          Гулзыхан А. Қазақтардың дүниетанымы - А: Қазақ университеті, 1999

3          Ғаббасов С.  Халықтық  педагогиканың  негіздері.  Алматы, 1995.