П.ғ.к., доцент Тлегенова К.А.
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық
сауда университеті
Магистрант Жумекенов Бакдаулет Акрамашович
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
ҚОЖА
АХМЕТ ЯСАУИДІҢ «ДИУАНИ-ХИКМЕТ» ДАСТАНЫНЫҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
А. Ясауи өзінің бүкіл жарқын
қабілетімен талантын, күш жігерін түркі халқына,
туған еліне жалпы түркі дүниесіне, әсіресе келешек жас
өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне
жұмсаған ғұлама ғалым қаламгер. Оның
әдеби, мәдени, сопылық шығармалары бүкіл
түркі әлеміне оның ішінде қазіргі қазақ
әдебиетінің, тілінің қалыптасып, дамуына, ал
оқу-ағарту саласындағы көзқарастары бүкіл
түркі әлеміндегі, оның ішінде Республикамыздағы
педагогикалық ой-пікірлердің пісіп жетілуіне, хикметтері мен рухани
адамгершілік, мағнауи мұралары ұлттық
тәлім-тәрбие беруде үлкен ықпал етуде. Соның
нәтижесінде, ұлы ғұлама ғалым есімі өз
кезінде біршама түркі әлемінің мәдениетінің білім
беру саласының тарихынан да ерекше орын алды.
Көрнекті
ұлы ғұлама ғалымның танымдық тәрбиелік мәні орасан зор көркем
рухани адамгершілік туындылары ана тілі, ұлттық
салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйым, наным-сенім, таным, оқу-білім,
тәлім-тәрбие тақырыбына байланысты жазған мұралары, ой-пікірлері, өткен ғасырларда жарық көрген көптеген белгілі,
белгісіз еңбектері бірнеше салада
зерделі ғылыми зерттеулерде көрініс тапты.
Қожа Ахмет Ясауидың
өмірі мен шығармашылығы ең алғаш
М.Ф.Көпрүлүзаде тарапынан зерттелген [1]. Қазақ
жерінде де Ясауидың тіпті аты аталуына қатаң тиым
салынған кездер болған. Соған қарамастан белгілі
ғалымдар, әдебиетші-тілшілер М. Дулатов, Ж. Аймауытов, бертін келе
Н.Сауранбаев, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Мағауин. Р.
Бердібаев, С.Бақбергенов, Ә. Қоңыратбаев, М.
Шафиғи, т.б. зерттеулер мен ғылыми мақалалар жазады.
А. Ясауидің біршама
уақытқа дейін бізге жеткен жалғыз еңбегі – «Диуани
хикмет» қана болып келді, соңғы жылдары ақынның
«Рисала» атты туындысы табылды. А. Ясауидің «Хикметтерін» талдай келе,
қазіргі қазақ тілімен салыстырылып, келесідей
қорытындылар жасауға болады: тәуелділікті білдіретін
сөздердің мен, сен, ол жіктеу есімдіктерімен тіркесіп келуі
сирек те болса кездеседі; тәуелдеулі сөз бастауыш қызметінде
тұрғанда, оның қай жақта тәуелденгеніне
қарамастан онымен байланысатын баяндауыш тұлғасы
әрдайым ІІІ жақта тұрады деген қағида мұнда
да сақталып қалған; ілік септігінің -ның
жалғауының орнына -ни тұлғасының
келуі «Хикмет» тілін басқа ескерткіштер тілінен ерекшелеп тұратын,
сондай-ақ орта ғасыр ескерткіштері тілін біріктіріп тұратын
құбылыс; көптік жалғауының ІІІ жақ жедел
өткен шақта жіктелген етістікке жалғануы жиі байқалады
(келділер, бардылар). Бұл орта ғасыр ескерткіштерінің
тіліне тән тілдік тәсіл болған. Тәсіл қазіргі
түркі тілдерінің кейбірінде, мысалы өзбек, түрік
тілдерінде жиі кездесіп, қимыл іс-әрекетті орындаушылардың
көптігін білдіргенмен, мұндай қолданыс қазіргі
қазақ тілінде кездеспейді; «Диуани-хикмет» тілінде тәуелділік
қатынасты білдірудің тәсілі – түрік изафетінің І
және ІІ типі өте сирек ұшырасады, ІІІ типі жиірек
қолданылады. Бірақ «Хикметтерде» тәуелдік
жалғауларының жалғануында, қазіргі қазақ
тілімен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылық
байқалмайды; -лар, -лер көптік жалғауы
көптік мән берумен қатар, жинақтық
ұғымын да білдірген. Көптік жалғаулары дене
мүшелерін білдіретін атауларға жалғанып, жұптық
мәнін және автордық субъективті көзқарасын
білдірген (көзләрім, тілләрім). Қазақ
тілінде мұндай қолданыс тек жыраулар поэзиясында көрініс
тапқан; уақытты білдіретін сөздерге жалғанып,
көптік жалғаулары көптік мәнін емес,
үстеудің белгілі бір тұлғасын жасап тұр (сахарлары,
кечалары) [3]. Мұндай қолданыстар бүгінгі
қолданыстағы қазақ тілінде кездеспейді.
Қожа Ахмет Ясауидің
«Диуани хикмет» туындысы – әлі де тілдік тұрғыдан болсын,
діни тұрғыдан болсын зерттеуді қажет ететін еңбек.
«Хикметтердегі» септік жалғаулары жеке зерттеу болып
қарастырылған. 2004 жылғы шыққан
Р.Сыздықованың көлемді монографиясы «Хикмет» тілін зерттеуге
арналғанымен, онда тек грамматикалық категорияларға
ғана шолу жасалып, кейінгі жас ізденушілерге үлкен міндет
жүктелген. «Хикметтер» тілінде араб-парсы элементтерінің де
қолданылуы өте жиі кездесетіндіктен, жеке тақырып ретінде
қарастыруға болатын болашақтың ісі деуге болады [4].
Ясауи хикметтерін зерделей
оқыған азамат тек діни жағынан ғана емес, тілдік,
адамшылдық, сабырлылық, үнемділік, жауапкершілік секілді
этикалық әдептерден де сабақ ала алады.
Қорыта келгенде, осындай жеті принципке бөліп
жеке-жеке талдап келтірілген өсиеттерді орындасақ кәмілдікке
қадам басқан болар едік. Тек жоғарғы оқу
орындарында емес, мектептерде, жалпы оқырман қауымға да
қажет шығарма. Қалай дегенмен Ясауидің хикметтері
қазақ тіл білімінің тарихын кеңейте түсетін,
келешек ұрпаққа таусылмас рухани азық болып
қалады. Сондықтан да Құл Қожа Ахмет
Ясауидің ілімі күні бүгінге дейін өз маңызын жоймай
келуде.
Әдебиеттер:
1. Қожа Ахмет Иасауи. Диуани хикмет
(Ақыл кітабы). – Алматы: Мұраттас орталығы, 1993. – 261 б.
2. Көпрүлүзаде М.Ф. Қожа
Ахмет Ясауи. Танымы мен тағылымы. – Шымкент: Арыс, 1999. – 122 б.
3. Жолдасова А.А. «Диуани-хикмет» ескерткіші
тілінің грамматикалық ерекшеліктері (тәуелдік, жіктік
және көптік жалғауларының қолданылуы) филол.
ғыл. канд. дис. – Алматы, 2009. – 121 б.
4. Сыздық Р. Ясауи “Хикметтерінің”
тілі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2004. – 550 б.
Резюме
В данной статье рассматриваются грамматические
особенности языка средневекового памятника «Диуани-хикмет» Ходжа Ахмета Ясауи.
Summary
The article deals with
grammatical pecularities of medieval monument language “Divani-khikmets”
Khodzha Akhmet Yassavi.