МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ХАЛЫҚ ДӘСТҮРІМЕН ТАНЫСТЫРУ ТӘЖІРИБЕМНЕН
Мусаева Галия Еспергеновна,
«Ж.Ермегияев атындағы орта мектебі мектепке дейінгі
шағын орталығымен» коммуналдық
мемлекеттік мекемесі «Күншуақ»
шағын орталығының аға-тәрбиешісі,
Жалаңаш ауылы
Райымбек ауданы,
Алматы облысы, Қазақстан
Республикасы
Бүгінгі
таңда жаһандану үдерісі жас ұрпақты халық ауыз әдебиетінен, ән-жырынан,
ұлтқа тән ою-өрнектері мен салт-дәстүрінен
алшақтатып бара жатқаны аян. «Халықтың игі
дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз» деген
Б.Момышұлының сөзін ескеріп, халықтық
дәстүрді бүлдіршіндер бойына сіңіру бүгінгі
күннің басты талабы1. Қазақтан
басқа өзге ұлт өкілдері тұрмайтын біздің
кішкентай ауылымыздың өзінде де ұлттық
салт-дәстүрдің сақталуы мен дамытылуы біздің бала
кездегімізбен салыстырғанда көңіл көншіте
қоймайды. Ал өзінің тәлім-тәрбиелік
мазмұнымен, көз қарықтырар сұлулығымен
талғаммен жасалған үйлесімділігімен, бояулар мен
түстердің ғажайып үндестігімен көп нәрсеге
таңырқай бермейтін европалықтарды тәнті еткен асыл
мұраларымыз жайлы ұғымды титтей сәбилердің бойына
сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге жол табу –біздердің қолымызда.
Мектеп
жанындағы «Күншуақ» шағын орталығында бұл
жұмысты жүзеге асыру сала-салаға бөлініп жоспарланған. Соның бірі –
қазақ халқының мәдениеті мен
тұрмыс-тіршілігі. Осы орайда біз әсемдік пен жарасымдықты,
көркемдік пен жүйелі сабақтастықты таныту
құралы болып табылатын қолөнер дәстүрімен
таныстыруды төмендегі жоспар бойынша жүргіздік:
ü Қазақ халқының ою-өрнегі балалардың эстетикалық
қызығушылығын оятатын әдіс-тәсілдер. Балаларды
ою-өрнек жасауға үйрету;
ü Ұлттық ойындар – ептілікке, шапшаңдыққа,
төзімділікке үйрететін жол. Дене тәрбиесі
сабағымен мерекелік кештерде
пайдалану;
ü Халықтың саз аспаптары – балалар қабілетін дамыту
құралдары. Саз аспаптарымен таныстыру;
ü Халық ауыз әдебиеті – тәлім-тәрбие негізі. Қазақтардың
кешегісі мен бүгінгісі»тақырыбында альбом жасау. Бейнелеу
өнері сабағында қолдану
ü Ұлттық киім үлгілерін компьютерден шығарып,
суреттерді бояту.
Осы
жұмыстардың жүйелі
жүргізілуінің өзі балалардың есінде қалатындай
көп нәрсені жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мектеп
жасына дейінгі балалар тәрбиесінде
қазақ халқының асыл мұраларының
ішінде халық дәстүріне көңіл бөлуге тырысу
керек. Әсіресе, үлкендерді құрметтеуге үйрету
алғашқы кезекте болғаны жөн. Балалар
өздерінің шамасы келетін істерге көмектесіп ненің
қалай істелінетінін кішкентайларынан көздерімен көріп
өскендері дұрыс. Сонда ғана олар есейгенде ата-аналары мен
үлкендерге қамқорлық жасайтын болады. Қазір
балалар бақшасындағы бүлдіршіндерден бастап студенттерге
дейін тек тұтынушылық пиғылда болып келетіні жасырын емес.
Ұлттық
киім ерекшеліктерімен таныстырғанда ою-өрнекке аса көңіл аударамыз, «Үкілі
кәмшат бөрік, бүрмелі көйлек, қынама камзол, оюлы
шапан, кісе белдік» тағы басқа киім – кешек үлгілері балалардың
қызығушылығын оятумен
бірге, оның қалай тігілетінінен де хабардар боп, ой - өрістерін
кеңейтуіне көмектеседі.
Балалар
серуен кезінде табиғаттың сұлулығына тамсанып, оны
түсінуге тырысады. Аулаға, ауыл іргесіндегі қырға,
паркке саяхатқа шыққанда олар өсімдіктер дүниесі
жайлы да мәлімет алады, өздеріне таныс шөптерді,
гүлдерді атап, (мысалы; түймедақ, шайшөп,
қоңырау гүл, жолжелкен, қалақай,
түйежапырақ т.б) олардың қасиеттері туралы білгендерімен
бөліседі. Ал біздің міндетіміз олардың атын атап, түсін түстеумен қатар оларға қамқорлық жасауына да ықпал ету. Біздің
бала кезімізде ата-әжелеріміз
гүлді, көк шөпті жұлма, кез-келген жерді
күрекпен қазба, келер жылы сол жерге шөп-шықпай қалады деп тиым салатын. «Ал біз,
алақандай жердің шөбі
соншама неге қажет екен деп таңқалушы едік».
Сөйтсек бұл қоршаған
ортаны, табиғатты қорғауға тәрбиелеудің
бастамасы екен. Жыл мезгілдері ауысқан сайын табиғат құбылыстарын – қар , бұршақ,
жаңбырдың жаууы, желдің соғуы, қырау салған өрнектер, құстың
келуі мен қайтуы сияқты жағдайларға да көңіл
аудару байқампаздыққа,
аңғарымпаздыққа ешнәрсеге бей-жай
қарамауға тәрбиелейді. «Қалың қар адамды
үсіп қалудан сақтайды», «Ит шөп жесе жаңбыр
жауады», «Жұлдыз көп болса күн ыстық болады» деген сияқты
тұжырымдар балаларды табиғатты тануға, өз
айналасындағы заттар мен құбылыстардағы
өзгерістерге ден қоя қарап, ой қорытуға
жетелейді.
Сондай-ақ
туған өлкеге, оның
табиғатына сүйіспеншілікті тәрбиелеу үшін түрлі-түсті
фото-суреттерді пайдаланамыз. «Көлсай», «Қайыңды»
көлдерінің, «Шарын», «Меркі», «Кеңсу», «Кеген»
өзендерінің, тау беткейлерінің керемет көріністері мен
аң-құстары жайлы суреттер – эстетикалық тәрбие мен
дүниетанымының қайнар көздері. Аң –
құстардың қимылдарын келтіру олардың
жүгіру, секіру, жемтігін аңдуы тағы да басқа
қимыл-қозғалыстарын айнытпай орындау, би жаттығу
ырғақтарын игерулеріне де жәрдемдеседі.
Мерекелік
шараларда, наурыз мейрамында,
ұлттық салт-дәстүрлерді сахналық
қойылым ретінде көрсетулері, халықтық саз – аспаптарын
- Домбыра, Асатаяқ, Қобыз
т.б. өз әлдерінше
пайдаланулары да ата-бабаларының ежелгі өнерін құрметтеуге тәрбиелейді.
Ал
мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштар,
өлең, ертегілер балаларды халық ауыз әдебиетімен
таныстырумен қоса, белсенділіктерін арттырып, бейімдік қабілеттерін
дамытады.
Асық,
бестас, арқан тартыс, қол күрес тағы да басқа
ұлттық ойындар балалардың денесін шынықтыру мен бірге
ұлтымызға тән ерекшеліктермен де танысуларына да жағдай
жасайды.
«Салт
– дәстүрлер көнелігімен берік; уақыт елегінен
өткен сайын нығая бермек, әрі рудан – руға, буыннан –
буынға, атадан – балаға мұра ретінде жалғаса өтіп
отырады. Олар халықтың сыр – сипатын байқатады, онсыз
халықтың өзіндік кейіп – қалпы байқалмас еді», -
деген бағаға ие халық дәстүрінің
тәрбиелік ықпалы қай салада болса да табысқа жеткізері
даусыз2.
__________________________________________________________________________________
1.
Қ.Жарықбаев. Ақылдың кені. 42 –
бет.
2.
М.Базарбаев. Өлең сөздің патшасы,
сөз сарасы. 43 – бет
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
М.Базарбаев. Өлең сөздің патшасы,
сөз сарасы. «Жазушы» баспасы, А.,1973ж.
2.
Қ.Жарықбаев. Ақылдың кені.
«Қазақстан» баспасы, А., 1991ж.
3.
С.Кенжеахметұлы. Жеті қазына. «Ана тілі»
баспасы, А., 2000ж.
4.
С.Бабажанов. Этнографиялық мақалалар.
«Қазақстан» баспасы, А., 1993ж.
5.
Ұ.Әбдіғаппарова.
Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. «Өнер»
баспасы А., 1999ж.