Студенттердің білім алуын ынталандыру

Жолдыбаева А.Е., Ахмадиева Э.М. – Қазмемқызпу (Алматы қаласы)

 

Білім алу – адамзаттың дамуы шыңдарының бірі. Білім мәдениетті байытып, жаһандық деңгейде өзара түсіністіктің орнауына ықпал етеді. Демократиялық қоғамның негіздері мен заңды сыйлауды нығайтады. Адам капиталының дамуының кепілі және экономикалық өсім мен нарықтық тиімділіктің қозғаушы күші болып табылады. Жаһандық инновациялық қоғамды дамыту барлық мемлекеттердегі адамдардың, білімнің және технологияның бір-бірімен кіріктірілуіне тікелей тәуелді.

         Қоғамның даму мүмкіндіктері мен болашағы, біздің ойымызша, бірінші кезекте,  жоғары білім алуға тікелей тәуелді. Алайда, бұл жерде білім алушы тұрғындар контингентінің сандық көбеюі жеткіліксіз. Білім беру саласындағы саясат жалпы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.

         Егер азаматтың білімі азаматтың өзінің және оның отбасының тиісті деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ететін болса, онда мемлекет бәсекеге қабілетті болып табылады.

         Қазақстандық мемлекеттің заманауи дамуы құқықтық мемлекет қалыптастыруға бағытталған. Мұндай мемлекеттің стратегиясы азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және құқықтық мінез-құлықтық ұстанымдар олардың өмірлік басымдықтарын анықтайтын маңызды құндылықтардың бірі болып табылатын тұлғалардың үлес салмағын жоғарылатуға сүйенеді. Осы орайда, білім беру институттары қоғамдағы болып жатқан жағымды және жағымсыз құбылыстардың айнасы болып табылады. Осыған байланысты, еліміздегі әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуалды өзгерту, білім беру саласында жаңа халықаралық стандарттардың пайда болуы, білімге негізделген экономиканы қалыптастыру ЖОО-ның құқықтық субъектілігінің құрамдас бөліктерінің сандық көбеюіне әкелетінін айта кету керек. Кез келген көп аспектілі жүйе секілді, білім беру жүйесінде де бұқаралық және жеке мүдделердің өзара кірігуі негізінде жүзеге асатын мемлекет, қоғам және адам секілді үш негізгі күш ықпал етеді.

         ЖОО – бұл өзінше бір мемлекеттік орган. Себебі, ол өзіне мемлекетпен жүктелген білім беру қызметін атқарады және мемлекет атынан қызмет етіп, оның бақылауында болады.

         Ал жалпы білім беру бұқарасы тұлғаның білім алу мүмкіндігіне қатысты әлеуметтік-жауапкершілік қатынасын және қоғамның осы тұлғаға деген сәйкес қарым-қатынасын білдіреді.

         Мемлекет өзінің азаматтарының жоғары білім алуға қол жеткізуі үшін жағымды жағдай жасауға, сондай-ақ, бітіруші мамандардың сапасының жоғары болуына мүдделі. Ақылы білім беруді дамыту тәжірибесі – білім беруді таза бюджет тарапынан жүзеге асырудың мүмкін еместігі есебінен туындаған мәселені шешуге бағытталған әдістердің бірі. Ал ЖОО өз тарапынан қажетті материалдық және әдістемелік базаны қамтамасыз етуі, оқу үрдісін тиісті деңгейде ұйымдастыруы тиіс. Алайда, оқу үрдісі барысында студент тарапынан белсенділік танылмаса, ЖОО-ның өзінің міндеттерін орындауы тиісті деңгейде білім алуға кепілдік бермейді.

         Студенттің білім алуға деген қызығушылығын сезіну дәрежесі оның мақсаттарының, қажеттіліктерінің және өмірлік ұстанымдарының жиынтығы ретіндегі мотивацияларымен анықталады. Мотивациялық аспектілерді зерттеу іс-әрекеттің жалпы бағыты мен қозғалысын анықтайтын себептерді ашып көрсетеді.

         Біз Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік және коммерциялық ЖОО-ның студенттері арасында жоғары білім алуды ынталандыру мәселесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың негізінде қорытынды жасадық.

       Әр тірлі ЖОО-ында жүргізілген сауалнама барысында алынған мәліметтерге жасалған талдау нәтижесі көрсеткендей, жоғары білім алудың негізгі мотивтері сауалнамаға қатысқан студенттердің белгілі бір топтардың әлеуметтік-мәдени қатыстылығына, мекен-жайлық урбанизациялануына қарамастан бәрі бірдей бір-біріне ұқсас. Мотивтер иеррархиялық қағида негізінде келесідей түсіндіріліді: жақсы жұмыс табу мақсатында; оқу мекемесін аяқтауға ұмтылу (диплом алуға); жақсы жалақы алу; қоғамда белгілі бір орынға ие болу; жоғары білімі болудың басымдылығы.

         Ал коммерциялық ЖОО-ның классикалық оқу формасында білім алатын студенттердің мотивациялары әлеуметтік капитал жинауға және мәдени басымдықтарға бағытталған, олар болашақта капиталдың басқа да түрлеріне алмастырылуы мүмкін.

         Коммерциялық ЖОО-ның студенттерінің мотивациясы олардың  кәсіби тұрғыдан өзін-өзі дамыту басымдығын анықтайтын кәсіби-прагматикалық бағытпен сипатталады.

         Қашықтықтан оқыту бөлімінде білім алатын студенттердің мотивациясы аралас сипатта. Бір жағынан, ресми мәртебе алуға бағытталса, екінші жағынан, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтауға бағытталған. Төмен мотивация, әдетте, әскерден қашумен, студенттік өмірге енумен және т.б. себептермен байланысты.

         Жоғары мотивация, әдетте, ата-анасы жоғары білім алған студенттердің арасында көп кездеседі.

         Жоғары білімнің болуы, оны алу мотивтеріне тәуелсіз, студенттермен болашақ жақсы өмір мен сәттіліктің негізгі құрамдас бөліктерінің негізі ретінде қабылданады. Бұл жоғары білім алу құндылығы барлық студенттермен қабылданатындығын және олардың мұны сезінетіндігін білдіреді, алайда бұл құныдылықты толтыру әдісі мен оны жеке тұлғаның сезінуі әр қилы.

         Студенттер мотивтерінің оқыту кезеңіне қарай белгілі бір градациясы белгілі болып отыр. Бастапқы курс студенттерінің басты мотиві жоғары білім алу, жаңа әлеуметтік қасиеттерді меңгеру болса. Ал үлкен курс студенттері үшін басты мотив кәсіби машықтарға ие болу, білімін тереңдету. Осылардың барлығы оқыту барысында білімді жоғарылату арқылы студенттердің құндылықты-нормативтік ұстанымдарын қалыптастыруға болады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

         Студенттің мінез-құлықтық ұстанымының өзгеруі – ЖОО оқытушы құрамына жүктелген міндеттердің бірі болып табылады. Оған қол жеткізу құралдарының бірі болып мотивацияны қалыптастыру табылады. Тәрбиелеудің психологиялық объектісі болып тұлғаның мәндік саласы, тұлғалық мән мен оларды мәндік ұстанымдарда жүзеге асыру табылады. Тұлғаны қайта тәрбиелеу әрқашан да іс-әрекетті өзгерту арқылы жүзеге асырылады, осылайша, мәндік ұстанымдар да өзгереді. Егер студент ЖОО-на түскен кезінде туыстарының, таныстарының кеңесіне және білім беру мекемесінің имиджіне жүгінсе, ал оқыту барысында студенттің басты назары жоғары білім алудың маңыздылығына, білім алудың әлеуметтік маңыздылығына ауысады.

         ЖОО-ғы жеке қабілеттер мен мүдделердің дамуының басты факторларының бірі оқытушылар мен студенттер арасындағы қарым-қатынас, гуманитарлық цикл пәндерін меңгеру болып саналады.

         Осылайша, мотивация білім сапасын жоғарылатуға мүмкіндік беретін элементті білдіреді. Бұл жерде, бірінші кезекте, жоғары білімді жайлы өмір сүру жолындағы ресми бөлім ретінде емес, керісінше, кәсіби білімді меңгеру үрдісі ретінде қарайтын ұстаным қалыптастыру керек екендігін айта кету керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мотивациясы жоғары студенттер үлгерімі, жаңа материалдарды үлгеруі жағынан мықты болып келеді.

         ЖОО арасындағы бәсекелестік жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету мәселесі ақылы білім алумен байланысты. Ақылы білім алу оқуға кұлшынысы бар, алайда, оны бюджет есебінен жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған жағдайдағы білімге қол жеткізудің бір әдісі болып табылады. Өкінішке орай, бұл құбылыстың жағымсыз жақтарының бірі ЖОО-на түсер алдында студенттердің білім деңгейін тексеруге қойылатын талаптардың, сондай-ақ, оқу үрдісі барысында студенттерге қойлатын талаптардың төмендігі. Дәл осы себеп бойынша мемлекет тарапынан білім беру сапасын бақылау қажеттілігі өзекті мәселе болып отыр.

         Білім беру үрдісінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік бағыттардың бірі болып табылады. Қазіргі күні, техникалық прогресс жоғары қарқынмен дамып келеді, сәйкесінше, материалдық-техникалық және әдістемелік базаны үнемі жаңартып отыру қажеттілігі туындайды. Осы орайда, қайта оқудың, біліктілікті жоғарылатудың қол жетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттің міндеттерінің бірі болып отыр.

         Жоғары білімнің сапасы мен тиімділігін арттыру міндетін шешуде кәсіби ұтқырлықтың өсімін есепке алу қажет. Алайда, біздің пікірімізше, білім сапасын жоғарылату оқытушылардың студенттермен бетпе-бет байланыс орнатуына тікелей тәуелді. Студенттермен жұмыс жасау әдістері нақты өмірдегі жағдайды және жастардың психологиялық ұстанымдарының өзгеруін есепке ала отырып, қайта құрастырылып немесе жаңартылып отырылуы тиіс. Адам – бұл ең алдымен, белгілі бір психологиялық ұстанымдары бар жеке тұлға.  Оқытушы мен білім алушы арасындағы диалогтың білім алушының оқуға деген құлшынысын қалыптастыруда қандай да ұйымдастырушылық шараларға қарағанда тиімділігі жоғары. Диалогты «жетекші мен бағынушы» типі бойынша емес, керісінше, белсенді одақтасуға тарту арқылы жүзеге асырған жөн. Оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас дәрістер мен семинарлар аясында ғана қалыптаспауы тиіс. Бұл жерде оқытушының міндеті – студенттің жұмысын, оның дайындығы мен оқуға деген құлшынысын ғана бағалау емес, сонымен қатар, оны оқу үрдісіне тарту, оның қызығушылығын арттыру. Біздің ойымызша, ЖОО-ның міндеттерінің бірі жеке тұлғаға дұрыс жолмен ықпал ету, оның белсенділігін арттыру болып табылады. Бұл жерде студенттердің жоғары білім алуға деген мотивациясымен қатар, олардың психологиясын назардан шығармауы тиіс. Көбінде, студенттердің белсенді емес мінез-құлқы оның оқу оқығысы келмегендігімен емес, олардың өзіне деген сенімінің болмауынан, аудитория алдында қорқыныш сезімінің туындауынан қалыптасады. Уақыт өте келе бұл аталған себептер студенттің сабақты жай отырып өткізуге әдеттенуіне, өзін-өзі дайындау деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Дәл осы себептерге байланыстығ әсіресе, оқудың алғашқы кезеңдерінде студенттің іс-әрекетін бақылап, оны жеке тапсырмалар орындауға тартып, өз ойын айтуға, бұқара алдында баяндама жасауға тарту арқылы оның аудитория алдындағы қорқынышын жою керек.

         Осы жоғарыда айтылғандардың барлығы оқуға қабілеті бар студенттердің өзінің күшін жүзеге асыруына мүмкіндік беруде маңызы зор. Мінез-құлықтың дұрыс нұсқасын немесе оның ережелерінен бас тарту жағдайында жоғарыда аталған студенттердің мотивациясын зерттеудің оқу үрідісі әдістемесінің әлсіз және күшті жақтарын болашақта есепке алу үшін және студенттердің бойына қоғамдық-пайдалы машықтарды сіңіру барысында олардың санасына ықпал етуде, жалпы алғанда, студенттердің жағымды құқықтық ұстанымдарын қалыптастыруда маңызы жоғары.

         Соынмен қатар, ЖОО-ның студенттердің мінез-құлқына ұйымдық жағынан да ықпал ететіндігін ұмытпаған дұрыс. Сондықтан, оқытушы студентпен тікелей қарым-қатынас жасау мен пәннің шараларын қалтықсыз орындауды ұйымдастырудың тепе-теңдігін таба білуі маңызды. Себебі, оқу үрдісі барысында сіңірілген мамандық бойынша машықтар мен еңбектер қазақстандық еңбек заңдылықтарының ережелерін жүзеге асыру барысында қажет болады.

 

1.     Шкатулла В.И. Правовые аспекты современной системы образования в России. // Журнал Российского права. - №4. – 2007.

2.     Самарцева О.К. Мотивация получения высшего образования студентами различных типов вузов // www.nostalgia.nestu.ru/content/-docs/pdf/conf/past/2001/