Оқыту технологиялары

 

Төреханова Г.И.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

Бұл еңбекте, оқытудың педагогикалық технологияларына шолу жасалып, ерекшеліктері талқыланған. Зерттеу барысында «технология» ұғымы ашып көрсетіліп, оқу процесінде қолдану жолдары сөз болады.

 

Білім беру жүйесі - басқару органдарының, түрлі типтегі және деңгейдегі білім беру мекемелерінен, жүйенің жұмыс істеуі және дамуын қамтамасыз ететін қаржы қорлары мен материалдық обьектілерден, ғылыми орталықтардан тұратын күрделі құрылым болып табылады. Технологиялық тәсіл білім беру жүйесінің кез-келген саласында (басқару, білім беру, қаржыландыру, мониторинг т.б.) қолданылуы мүмкін. Сондықтан, "білім беру технологиясы" деген сөз тіркесін бірыңғай түсіндіру мүмкін емес. Білім беру технологиясына - оқытудың техникалық құралдары, білім беруде қолданылатын ақпараттық технологиялар, қашықтан оқыту да жатады. Әрбір нақты жағдайда білім беру технологиясының белгілі бір түрі туралы сөз болады, сондықтан, оларды жеке қарастырған кезде түрлік ерекшелігін атап көрсетуге тиіспіз. Бұл ережеден тыс тұрған тек "педагогикалық технология" ұғымы ғана. Бұл бұрын оқу үрдісінің "педагогикалық үрдіс" деп аталуына байланысты. Кей жағдайда бұл екі ұғымды синоним ретінде қолдануға болар еді. Бірақ, әлемдік терминологияның бірегейленуіне байланысты «білім беру технологиясы» ұғымына тоқталуға тиіспіз [1, 2, 3].

Сырт көзге оқу үрдісіндегі әдістемелік және технологиялық әдіс-тәсілдерде қарама-қайшылық жоқ. Себебі, «оқытудың әдістемесі» ұғымы «білім беру технологиясы» ұғымынан әлдеқайда кең. Әдетте, әдістеменің пәні – білім берудің мақсатын, мазмұнын, оқу үрдісін ұйымдастырудың әдістерін, түрлерін, құралдары мен тәсілдерін қамтитын әдістемелік жүйе деп саналады. Дәлірек айтсақ, әдістеме негізгі үш сұраққа жауап беруге тырысады: не үшін?, неге? және қалай оқыту керек? Ал, технолог болса, мақсат белгілі болып, оған жетудің нақты іс-әрекетін, жолдарын анықтауға келген кезде ғана іске кіріседі. Сондықтан, технология негізінен, триаданың үшінші сұрағына ғана жауап береді. А. Кушнир: «Технология әдістемеден өзінің нәтижелерінің тұрақтылығымен, тез қайта қалпына келетіндігімен, көптеген «егерлердің» жоқтығымен (егер, оқушылар талантты болса; егер, оқытушы талантты болса; егер, мектеп бай болса... т.б.) ерекшеленеді». Бір сөзбен айтқанда, оқытудың технологиясы – оқыту іс-әрекетінің әдіс-тәсілдері мен құралдарын ұйымдастыру және қолдану теориясы. Оқытудың технологиясын – қолданбалы дидактика десе де болады.

Қазіргі педагогикалық зерттеулер (В.П.Беспалько, В.Монахов) жаңартылған әдістемелік жүйенің оқыту процесінде іске асуы үшін оны технологияландырудың қажет екенін дәлелдеп отыр. Педагогикалық технология - бұл, педагогикалық əрекеттер практикада табысты іске асырылатын педагогикалық жүйенің қатқыл ғылыми жобасы; кешенді, бірігімді процесс. Ол, өз құрамына адамдарды, идеяларды, құрал-жабдықтарды, сонымен бірге жоспарлау, қамсыздандыру, бағалау жəне білім меңгерудің барша қырлары жөніндегі проблемалар шешімін басқаруды қамтиды. Ғылымға мықтап енген «педагогикалық технология» ұғымына әртүрлі түсініктеме берілген. Дегенмен, барлық  анықтамаларға ортақ басты негіз бар. Бұл, «Педагогикалық технологиялар – бұл, білімнің басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің; оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдамамен байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен әдістерінің күрделі, әрі ашық жүйелері. Мұнда, әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында оқушының дамуына жағымды жағдайлар жасайды» [4].

Бүгінгі таңда, П.М.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы; Д.Б.Эльдконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы; Ш.А.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы; В.Ф.Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы; М.Чошановтың проблемалық модульді оқыту технологиясы; В.М.Монаховтың, В.П.Беспальконың, Ж.А.Қараевтың, Ә.Жүнісбектің және басқа да көптеген ғалымдардың технологиялары танымал. Педагогикалық технологиялар көп түрлі болуына қарамастан, олардың іске асуының екі ғана жолы бар. Біріншісі – теориялық негізде орындалуы (В.Б.Беспалько, В.В.Данилов, В.К.Дьяченко жəне т.б.), екіншісі – тəжірибемен жүзеге келуі (Е.Н.Ильин, С.Н. Лысенкова, В.Ф.Шаталов жəне т.б.).

Педагогикалық технология мынадай 4 басты шартты қанағаттандыруы тиіс:

а) оқытудағы педагогикалық экспромтарды жою;

ә) оқушының оқу-танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие процесінің жобасына негізделуі;

б) оқу мақсатын диагносты түрде анықтап, меңгерілу сапасын дәл тексеріп бағалауы;

в) практикада оқу процесінің толықтығын қамтамасыз етуі.

Оқудың дəстүрлі (қайта жасау- репродуктивті) технологиясы білім, ептілік жəне дағдыларды ұсынуға бағытталған. Ол өтіліп жатқан материалдың игерілуін, қайта жасау деңгейіндегі білім сапасының бағалануын қамтамасыз етеді. Бұл технологияның ежелгі түрі. Ол бүгінгі таңда да кең таралған (əсіресе орта мектепте). Оның мəні: жаңаны игерту–бекіту–қадағалау–бағалау сұлбасы (схема) бойынша оқу процесін жүргізу. Технология негізіне табысты өмір тіршілігін қамтамасыз ететіндей білім ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін жəне оны оқушыға жеткізу жолын көрсететін білімдік бағыт-бағдарлама (парадигма) алынады [5]. Осыған орай оқу - оқытудың басты əдістері ретінде:

1) көрнекілік жəне онымен бірге жүретін түсіндіру,

2) оқушының жетекші іс-əрекеттері түрлеріне – тыңдау мен есте қалдыру,

3) басты талап жəне тиімділіктің негізгі көрсеткішіне – игерілгенді қалтқысыз қайталап жаңғырту ептілігі алынады.

Мұғалім қызметтері – түсіндіру, əрекеттерді көрсету, оқушылар орындағандарды бағалау жəне реттеу, түзету. Бір технологияны əрбір оқытушы жеке іске асырып отыруы мүмкін, ал осы іске асырудағы технологиялық ерекшеліктерден мұғалімнің оқу шеберлігі көрінеді.

Оқыту технологияларын жете меңгеру – педагог мамандардың кәсіби, педагогикалық шеберлігінің биік көрсеткіші болып табылады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 319-ІІІ ҚРЗ. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев. - Астана, Ақорда (2014.14.01. Берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

2.     Өстеміров. К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары. – Алматы: Казпрофтех, 2007. - 144 б.

3.     Өстеміров. К., Айтбаева А. Қазіргі білім беру технологиялары. - Алматы: АГТУ, 2006. - 108 б.

4.      Жанпейсова М. М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. - Алматы, 2002.

5.      Бұзаубақова К. Ж. Жаңа педагогикалық технология. Оқу құралы. - Алматы: Жазушы, 2004. - 208 б.