Гуманитарлық циклдағы мамандық иелерін ақпараттық қамтамасыз етуде белсенді оқыту әдістерін қолдану

 

Төреханова Г.И.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

Бұл еңбекте, гуманитарлық циклдағы мамандық иелерін даярлауда белсенді оқыту әдістерін қолданудың жайы сөз болып, практикада іске асыру мүмкіндіктері көрсетіледі. Зерттеу барысында, білім беруді ақпараттандырудағы белсенді оқытуда қандай ақпараттар берілу керек, нені оқыту, ескеру қажет деген мәселені шешумен қатар оларды қандай ретпен, тәртіппен оқыту, яғни, оқу курсын барынша тиімді түрде жеткізу мәселесінің оңтайлы шешімдері іздестіріледі.

 

Жоғары оқу орнының саясаты халықаралық білім стандарттарына сәйкестендіретін, ғылым мен өндірісті біріктіретін, жоғары мектептің тәжірбие-нысаналық және интеллектуалдық әлеуетін күшейтумен, республика экономикасының барлық салалары үшін бәсекеге қабілетті және білікті мамандарды дайындаудың кәсіби шарттарымен міндетті түрде қамтамасыз етумен анықталады. Қазақстанның жоғары мектебі дүние жүзілік білім деңгейіне жетуге және бірыңғай білім беру кеңістігіне енуге ұмтылуы керек. Алға қойған мақсаттарға жету механизімі Болондық процестің өлшемдерін орындау болып табылады. Олар үш деңгейлі жүйеден тұрады: білім берудің несиелік технологиясы, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, сонымен қатар жоғары білім сапасына бақылау.

Білім беру процесі және оның құрамы мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім стандарты негізінде қатаң тәртіпте реттеліп отырады [1].

Қазақстанда ақпараттық-қатынастық технологияларды білім беру жүйесінде, оның ішінде жоғары оқу орындарында қолдану қоғам мен білім беруді ақпараттандырудың мемлекеттік саясаты ауқымында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы компьютерлік бөлмелермен, серверлермен, интерактивтік дәрістік залдармен, мультимедиалық лингафондық бөлмелермен, ғылыми виртуальдық зертханалармен, технопарктермен, цифрлық оқу телекөріністерімен, электрондық оқу залдарымен, ресурстық орталықтарымен, медиатектерімен және ғаламтор-кафесімен сипатталады. Қазақстандық жоғары оқу орындары жеткілікті түрде электрондық тақталармен, мультимедиалық проекторлармен, бейнекамералармен, теледидарлармен, бейне магнитофондармен, фотоаппараттармен, DVD/VCD-плеерлермен жеткілікті түрде жақсы жабдықталған. Барлық жоғары оқу орындары осы кезде оқу ақпаратын және кейстік технологиялардағы цифрлық білімдік ресурстарды жеткізудің электрондық тәсілдерін пайдаланады.

Жоғары оқу орындарында әзірленетін электрондық инфрақұрылымды технологиялық қолдау әдіскерлер, тьютерлер, педагогтар, басшылар үшін қажетті нұсқаулардың дайындамаларымен қамтамасыз етіледі [2].

Жоғары оқу орындарында әзірленген инфрақұрылымды технологиялық қолдау Open Source Community әлемдік қоғамдастықтың  идеологияларына, қағидаларына, құралдарына да, әлемдік көш бастаушы-бренділердің ақылы жүйелеріне де негізделеді. Ашық бағдарламалық жүйелердің ішінде Қазақстан жоғары оқу орындарында ең көп таралымды алғандар: RedHat Linux, FreeBSD, Gentoo Linux, OpenOffice, Incskape, Toad, Gimp, Moodle, Java, JQuery, Apache, Sendmail, MySQL, Squid, Postfix.

Әлемдік көш бастаушылар мойындаған бағдарламалық жүйелер жоғары оқу орындары-нда үлкен танымалдылықпен пайдаланылады:

·                   Утилиттер: Winrar, Nero, WinZip;

·                   Бағдарламалау тілдері мен мәліметтер базалары: My SQL, Пролог, Visual Basic, Borland Delphi, Borland Pascal, C++, C++ Builder, JavaScript, HTML, Macromedia Flash, PHP, MSDN;

·                   Офистік БЖ: MS Office, Deform, Abbyy, Adobe Reader, Fine Reader;

·                   VoIP қосымшалары, хабарларды лездік алмасу бағдарламасы, браузерлер: Internet Explorer, Skype, Opera;

·                   Сөздіктер мен аудармашылар: Izet, Тілмаш, Promt

·                   Құжат айналым жүйесі: 1C Бухгалтерия, Lotus, SAP және т.б.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жүйесі ұйымдастырылып, сол жұмыстарды жүргізудің әдістемелік негіздері жаңа ғана қалыптасып келеді. Локальды және глобальды білім беру желілерін, мультимедиа ортасын, компьютерлік оқыту жүйелері мен электронды оқулықтар, видео және аудио жазбалармен қамтамасыз етілген оқу-әдістемелік материалдар мен қашықтан оқыту жүйесі әмбебап оқыту ортасының болуын қажет етеді. Мұндай көпқырлы әрі күрделі міндетті атқару негізінен мұғалімдерге жүктеледі. Сондықтан, Білім беруді ақпараттандыруда оқу пәндерін белсенді оқытудың дамуы мұғалімнің әрбір оқушымен нақты қатынасы тәрізді эмоциональды-психологиялық мәніне тәуелді. Кері байланысты белсенді пайдалану – педагогикалық жүктемені күшейтеді. Сондықтан, электронды оқу басылымы арқылы оқытатын мұғалімдердің жаңа технологиялармен оқыту, оқытудың компьютерлік және желілік құралын практикада пайдаланудың физикалық және психологиялық даярлығы болуына қойылатын талап аса жоғары.

Білім беруді ақпараттандыруда оқу пәндерін белсенді оқыту технологиясы арқылы оқытатын пән мұғалімі – жетекші, ұстаз, тәрбиеші, ұйымдастырушы әрі кеңесші болып табылады [3].

Гуманитарлық циклдағы мамандық иелерін белсенді оқыту технологиясы арқылы оқытуға даярлаудың негізгі міндеттері:

- белсенді оқыту технологиясы арқылы оқытудың мақсаты мен міндеттері, оның даму перспективасын ұғынуы; 

- белсенді оқыту технологиясымен таныстығы;

- мамандардың компьютерлік сауаттылығын қамтамасыз ету;

- ақпаратты ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру;

- оқу бағдарламалары мен пәніне сәйкес модульдік курсты әзірлеу әдістемесін мазмұндау.

Білім беруді ақпараттандыруда гуманитарлық циклдағы мамандық иелерінің оқу пәндерін белсенді оқыту технологиясы арқылы оқытуға даярлықтың функционалдық, эмоционалдық, әлеуметтік психологиялық бейімделу кезеңдерінен өткен пән мұғалімінің жиынтық бейнесі болып:

-         білімділігі мен біліктілігі;

-         ұйымдастырушылық қасиеті;

-         қол астындағы студенттермен қарым-қатынасы;

-         жаңалыққа көзқарасы;

-         басшылықпен және ұжым мүшелерімен қарым-қатынасы;

-         қабылданған шешімдердің сапасы және деңгейі;

-         ақпараттық, экономикалық және заңды біліктілігі;

-         ұнамды-жігерлілік сапасы табылады.

Кейінгі жылдардағы қоғамдық және әлеуметтік өмірімізде болып жатқан елеулі өзгерістер еліміздің білім беру жүйесіне де жаңа міндеттер жүктеп отырғаны анық. Еңбек рыногындағы қатаң бәсекелестік білім беру менеджменті жүйесінің ұтқырлығы мен серпінділігін талап етеді. Әсіресе, іс-құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне деген талап пен қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологиялардың күнделікті тыныс-тіршілігімізге дендеп енуі – білім процесіндегі басқару-ұйымдастыру қызметін замани тұрғыда қалыптастыруға еріксіз мәжбүрлейді. Ал, бұл өз кезегінде білім саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық белсенділігінің жоғары деңгейде болуын қажет етеді. Қойылып отырған мәселелерді шешудің әрі, жүзеге асырудың тиімді жолы – замани технологияларды жете меңгеру, электронды оқу құралдарын әзірлеу әрі пайдалана білу деп есептейміз. Осы орайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық заңдылықтары мен диалектілік ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген «Іс жүргізу» электронды оқыту программасы қазақ тілінің мүмкіндігін жете бағалауға итермелейді.

«Іс жүргізу» электронды оқыту программасы «Қазақстан Республикасы Конституциясы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңы», «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен Қазақстан Республикасының «Ақпараттық технологиялар. Электрондық басылым. Электрондық оқу басылымы» ҚР СТ 34.017-2005 мемлекеттік стандарты негіздерінде әзірленді.

Электронды оқыту программасының мақсаты: мемлекеттік қызметкерлерді компьютер көмегімен қазақ тілінде іс жүргізуге баулу.

Мақсатқа жету үшін келесі мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажет:

·                   Оқу материалын оқыту бірліктеріне оны модулдерге, блоктарға және сабақтарға бөлу жолымен құрылым жасау;

·                   Әр сабақ, блок және модул бойынша оқу материалын, жаттығулар және тесттік тапсырмалар дайындау;

·                   Оқу материалының ішкі мазмұнын ашу үшін интерактивтік суреттер, анимациялық және мультимедиалық материалдар дайындау;

·                   Әр оқыту бірлігі және толық пән бойынша оқу материалын қарау процесін қамтамасыздандыру үшін интерактивтік программа құрастыру;

·                   Әр оқыту бірлігі және толық пән бойынша оқыту процесін қамтамасыздандыру үшін интерактивтік программа құрастыру;

·                   Әр оқыту бірлігі және толық пән бойынша оқу материалын меңгеруді өзін-өзі тексеру мақсатымен тестілеу процесін қамтамасыздандыру үшін интерактивтік программа құрастыру;

·                   Берілген пән бойынша анықтама материалдар және глоссарий дайындау.

Осы мәселелер компьютерлік жүйелер мен ақпараттық технологиялардың қазіргі мультимедиалық және интеллектуалдық құралдарын қолдана отырып толық шешімін тапты.

«Іс жүргізу» электронды оқыту программасында өзге қойылған талаптармен қатар қазақ тілінің қаріптерін айырып-тану, мәтіндердің дұрыс жазылуын тексеру және оларды автоматты түрде аудару мәселелері де өз шешімін тапқан.

Белсенді оқыту әдістерін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беруде қолданудың негізгі мақсаты - еңбек нарығының қажеттіліктерін, елдің индустриалды-инновациялық дамуының және тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын жоғары білім сапасының деңгейіне қол жеткізу болып табылады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. 2007 жылғы шілденің 27-сі. № 319-ІІІ ҚРЗ. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев. - Астана, Ақорда (2014.14.01. Берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

2.     Нұрғалиева Г. Қ. Қазақстан республикасында жоғары білім беруге АҚТ-ды қолдану: дамудың ағымдағы жай-күйі, мәселелері мен болашағы. АО АҚ порталы.

3.     Тантыбаева Б. С. Кредиттік оқыту жүйесі жағдайында оқытудың белсенді әдістерін қолдану тиімділігі. http://www.group-global.org/

4.     Қазақстан Республикасының «Ақпараттық технологиялар. Электрондық басылым. Электрондық оқу басылымы» мемлекеттік стандарты. ҚР СТ 34.017-2005.

5.     Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1995 жылғы 30 тамыз.

6.     Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген.

7.      Іс жүргізу. Электронды оқыту программасы. № 156, 25 шілде 2005 ж.