Кітап - зерде құралы, кітапхана - тұрағы

Наушева А.А

Спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат кітапханашысы, БҚО,Орал қаласы

 

Кітап - біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан аламыз.

Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы - кітапханашылар.

Мектеп кітапханасы - мектептің жүрегі, бір бөлігі. Еліміздің болашағы – білімді де, білікті ізденімпаз жастар. Олай болса, оқушы оқырмандарға құнды қазына - әдеби туындылармен және жаңа ақпаратпен қаруландыра отырып, еш уақытта маңызы жойылмайтын кітапты насихаттау.

Кітап оқуды қалыптастырған оқушының ойлау жүйесі жүйрік, әр сұраққа жауабы жүйелі нақты болады. Сөйлегенде мәдени, әдеби тілде көптеген сөздердің баламасын тауып айтып, өз ойы бойынша мазмұндап айта алады. Көркем әдебиетті үнемі оқитын оқушылар суреттер бойынша сөйлегенде шешендік қабілеттерін де көрсете біледі, сөз таңдай алады. Топпен жұмыс істеуді, қасындағы достарының пікірін сыйлай білуді үйренеді. Оқушыларға рухани тәрбие беру - қазіргі мектеп кітапханасының ең маңызды міндеттерінің бірі.

Бүгінгі мектеп кітапханасы тәрбие қызметін ұйымдастыруда ұжыммен істелген жұмыс нәтижесі, пән апталығы, тақырыптық кеш т.б. мәдени іс-шараларды өткізуде. Кітапханамызда 15804 мың кітап қоры бар, соның ішінде 8356 мектеп оқулықтары, 9745 дана жаңа буын оқулықтары, 706 әдістемелік нұсқаулар, 50 дана электрондық оқулықтар бар. Соңғы жылдарда кітапханамызға балаларға арналған басылымдар толыға түсуде. Мәселен «Айголек», «Мөлдір бұлақ», «Ұлан», «Самал», «Жастар жанары», «Спорт жұлдыздары» т.б.

Сонымен қатар кітапханамызды балаларға арналған ертегілер, әңгімелер, повесьтер,э нциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалар, т.б жаңа кітаптармен, толықтырып келеміз.

Мектебіміз спортқа дарынды балаларға арналғандықтан оқушыларымыз спорт саласына көп мән береді. Мектеп қабырғасында 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 31спорт шебері, 94 спорт шеберіне үміткерлер және 100ден аса 1-ші дәрежелі споршылар дайындалады. Алайда оқушыларымыз тек спорт жағынан биіктерде көрінгенімен кітап оқуда да алда. Оқушылардың ұнататын кітаптары: мақал-мәтел, батырлар туралы дастандар, қиял-ғажайып ертегілер, «Менің атым Қожа», «Шыңғыс хан» т.б тарихи кітаптар. Оқырмандардың көркем әдебиетті оқып, қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханаға түскен жаңа әдебиеттермен таныстырып, кітапханалық сабақтар, шолулар, әңгімелер өткізіп тұрады. Атап айтсақ, тіл апталығында «Сүйемін туған тілді анам тілін» тақырыптық кеш оздырылды. Аталмыш шара мектебіміздің 8а,8б сынып оқушылары ақын- жазушылардың өлеңдерін оқып, әсем әндерін шырқады. Жеңістің 70жылдығына «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран»сынып сағаты, «Поэзия падишасы-Фариза» атты поэзиялық кеш, «Айбары асқақ-Ата Заң», «Кітап-асыл қазына» деген іс-шараларды атауға болады.

Мәдениетті ұл мен қызды тәрбиелеудің басты көзі - әдебиет десек, әдебиетті оқытудағы әрбір дұрыс әдіс-тәсіл - нәтиже бесігі. Өз ұлтының көркем тілінің кәусарынан қанып ішкен ұл мен қыз шын мәніндегі елінің толыққанды мәдениетті азаматы болатынын әсте естен шығармағанымыз жөн.

«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай кітапты үзбей оқып, өзімізге сенімді дос ретінде қабылдайық. Кітаптың ұлы қасиетін бағалап, құрметтеп жүрейік.