А.Б. Насимуллина, аға оқытушысы,
магистр.
М.Өтемісов
атындағы Батыс Қазақстан
мемлекеттік университеті
Қазақстан, Орал қаласы.
Шарлотта Бронте мен «Джейн Эйр» романы
хақында
Шарлотта Бронте (ағылшынша Charlotte Brontе; 1816 жыл 21
сәуір - 1855 жыл 31 наурыз, әдеби лақап аты Каррер Белл,
ағылшынша Currer Bell) – ХІХ ғасырдағы ірі жазушылардың
бірі, ағылшын әдебиетінің классигі.
Шарлотта Бронте кедей әрі
көп балалы діни қызметкердің отбасында 1816 жылдың 21
сәуірінде дүниеге келген. Өмірін Батыс Йоркшир елді мекенінде
өткізді. Оның әкесі Патрик Бронте шығу тегі
жағынан голландық еді; ол ағылшын шіркеуінің
қызметкері болды. 1824 жылдың тамыз айында Мария мен
Элизавета Гарвардқа жақын жердегі Кован-Бридждегі әйелдер
пансионына тегін оқуға жіберіледі. Мұнда оларды гувернант
ісіне оқытатын. Бұл мектептің өте суық та
көңілсіз, күңгірт мектеп өмірі Шарлоттаның
«Джен Эйр» романында айқын суреттелген. Пансиондағы тамақтың
аздығы, қара суық, персоналдардың балаларға деген
дөрекілікке толы мейірімсіз қарым-қатынасы балаларға
өте ауыр тиіп, көп ұзамай мұнда туберкулез ауруы
эпидемияға айналып, ол Шарлоттаның екі бірдей әпкесінің
өмірін жалмады (1825). Екі қызының өлімі ауыр тиген
Патрик Бронте тірі қалған қыздары Шарлотта мен Эмилияны
бельгиялық пансионға орналастырады. Мұнда қыздар
оқуын жалғастырып, француз тілі мен әдебиетін оқып
үйренді; Шарлотта – ағылшын тілінен, Эмилия – музыкадан сабақ
беріп, сол арқылы оқуларына ақша төлеп отырды. Осы
кезеңде ол «Веллесли» деген псевдониммен «Жасыл қортық» атты
новелласын жазады. Жақсы педагогикалық білім алып
шыққан Шарлотта Йоркширдегі бірнеше семьяда гувернант болып
істейді. Бұдан әбден қажып, бөтен үйдің
босағасында жұмыс істемеймін деп шешкен қайсар қыз
сіңлілерімен бірге мектеп ашуды жоспарлайды. Онда балаларға француз
тілі мен әдебиетін, ағылшын тілі мен музыканы үйретеді.
Таңғы сағат алтыдан түнгі он бірге дейін тынымсыз
жұмыс істеу оларды материалдық азаттыққа жеткізген
жоқ. Керісінше, денсаулықтарына зиян
келтірді. Оларға енді өсіп келе жатқан Энн
қосылды. Жақсы білім алған, талантты қыздар
әдебиетпен, көркемөнермен айналысып, 1846 жылдың
көктемінде талаптанып, Коррер (Шарлотта), Эллис (Эмилия) және Энтон
Бель (Энн) деген бүркеншік атпен өздерінің өлеңдер
жинағын жарыққа шығарады. Бірақ, бұл
еңбекті ешкім елемейді (жинақтың екі-ақ данасы
сатылады). Бірақ бұған қаймықпаған
Бронтелер «Керрер Белл» деген псевдониммен жазуды жалғастыра берді.
Шарлотта мен інісі Брэнвелл Байрон рухында жазса, Эмилия мен Энн статьялар,
Гондаль рухында өлеңдер жазады. Оған қоса, Бронтелер прозалық
туындылар жазуды да қолға алды. Мысалы, Шарлоттаның
«Прогрессор»; Эмилияның «Нөсерлі өткел»; Эннің «Анес
Грей» атты повестері бар. Шарлотта секілді жас қызға
әдебиеттен өз орнын алу қиынға соғады. Оның
«Оқытушы» атты ең бірінші романын ешбір баспа жарияламайды.
Шарлотта Бронтенің 1847 жылы «Джен Эйр» романының жарық
көруі Англияның әдеби өміріндегі ірі оқиға
болды. Романда көтерілген азаттық рухы үшін
буржуазиялық баспасөз бұл шығармаға қарсы
тұрды. Алайда, дәл осы көтеріліс рухы автордың атын
шығарып, демократиялық ортаның сүйіктісіне
айналдырған еді. 1849 жылы «Шерли» романы жарық көргеннен
кейін бүкіл Англия «Керрер Белл» псевдонимімен «Джен Эйр» романын
жазған адамның – Шарлотта Бронте екенін білді. Керрер Белл – ер
адамның есімі; сондықтан көп жылдар бойы оқырмандары
сүйікті жазушыларының әйел адам екендігін білген жоқ.
Бронтеге өз оқырмандарын осылай алдауға тура келді; себебі
жазушы ағылшын буржуазиясының бұл шығармаларды
әйел адам жазғандығын білсе, өзін тыныш
қалдырмайтынын түсінді. 1849 жылы Шарлоттаның бүркеншік
аты ашылып, оның алдынан Лондонның әдеби
үйірмелерінің есігі айқара ашылды. Ш.Бронте Теккерей
мектебінің ең дарынды өкілдерінің бірі болып
есептеледі. Оның сүйіп оқитын жазушысы да Теккерей болатын.
«Шерли» романынан кейін Шарлотта Бронте Брюссельде болған кезін
баяндаған «Вильет» (1853) романын ғана жазған. Жас кезіндегі
туындылары, төрт романымен қатар, жазушы өз
дәуірінің қоғамдық және эстетикалық
мәселелеріне арналған қызықты көзқарастары,
ой-пікірлері жазылған хаттарын қалдырды. Шарлотта Бронтенің «Джен Эйр»
көркем шығармасының мазмұны тереңде жатыр.
Көркем шығарманы оқи отырып шығарманың
тақырыбынан белгілі, осы тақырып арқылы автордың алға
қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін
баратын кейіпкердің мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін
қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен
әдісіне, эститикалық идеалына жетудің жолдарын көреміз.
Сонымен, автор көркем шығармадағы шындықты, яғни
адам образын жасауға қажет өмірлік материалды
жинақтауды типтендіру тәсілімен жүзеге асырған. Мен осы
бір көркем шығарманы аудару барысында әдебиеттің жалпы
мәні мен маңызына жағалай теліне беретін жағдай,
жалаң уағыз емес, жаппай жапсырыла беретін жамау емес, терең
шығармашылық сипаттағы орасан күрделі мәселе
екенін аңғардым және аударма жасауда автордың ойын
толық жеткізуге тырыстым.
Шарлотта Бронтенің «Джен Эйр» көркем
шығармасында суреткердің жасаған уақыты мен
жағдайларын ескермей оның дүниеге
көзқарасының сипатын терең талдамай, оның
оқырман үшін қажеттілігін түсіну мүмкін еместігі
дәл және әділ айтылады. Автор шындық
құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер
образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын
қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін
даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам
ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, оның тек
өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және
қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт екенін
көрсетеді. Суреткердің өмір шындығын жинақтау
әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау
әрекетімен ұласып, ұштасып жату себебі де сондықтан деп
білу керек.
«Джейн Эйр» ағылш. Jane Eyre [ˌdʒeɪn
ˈɛər]) (роман) – Шарлотта Бронтенің классикалық
романы, Британиядағы ең әйгілі романдардың бірі.
Алғаш рет 1847 жылы «Jane Eyre: An
Autobiography» деген атпен басылып шыққан. Бірден
оқырмандардың және сыншылардың жүрегін жаулап
алған. Роман готикалық дәстүр ұстанымымен
жазылған. BBC нұсқасы бойынша «ең үздік 200
кітап» тізімінде«Джейн Эйр» романы оныншы орында тұр.
Көптеген романдардың жазылуына түрткі болған. Кітап
желісі бойынша 1934 жылданбері біраз фильм түсірілген. Орыс тіліне роман о
баста-ақ аударылған. 1983
жылы Мәскеудің «Издательство правда» баспасынан шыққан
романның толық орысша аудармасы қолда бар. Бірақ
әзірше қазақ әдебиетінде аталмыш романның
түпнұсқадан аудармасы жоқ деп айта аламын. Кейбір
осындай ғылыми жұмыстарды жазу барысында романның әр
жерінен алынған үзінділерді аударумен шектеліп жүрміз. Қазақ әдебиеті
қорына осы бестселлер шығарманың түгелдей аударып,
қосу болашақтың жұмысы. Сондай-ақ
әдебиетіміз бен тілімізге жаны ашитын және тілімізді жетік
меңгерген адамның атқарар ісі деп ойлаймын. Аударма мәдениеті үздіксіз
өсіп келеді. Сонымен бірге, қазіргі бар аудармалардың
өзінің де маңызын елемей, оны «мәртебелі
ғылымның» назар аударуына арзымайтын нәрсе деп кемсітуге
болмайды. Ондай пікірден қауіпті қорытынды шығып кетуі
мүмкін. Аудару арқылы, тұтас алғанда, түпнұсқаның
бар қасиетін беруге болмайды деу, сөйтіп, әдебиет
жайындағы ғылым үшін көркем аударманың
маңызын жоққа шығару –
түпнұсқаның тілін екінші тілде бейнелеуге келмейтін
әлдеқандай бір құпия жазу деп
бағалағандық болар еді. әр аударма,
шынында,өзінше эксперимент. Кез келген туынды – автор қолымен
дүниеге келген қайталанбас дүние. Ол жақсы болар, жаман
болар, дарынсыз болар – бәрібір, бұрын мұндай шығарма
жазылмаған, енді қайтадан дәл осындай шығарма
жазылмайтыны тағы рас, демек, қайталанбас дүние. Аудармашы
сол қайталанбас дүниенің басқа тілде
қайталанған нұсқасын жасауы, яғни басқа
тілде дүниеге қайта әкелуі керек. Көркем аударма
ұғымының өзі өнердің барлық
түрінің ішінен тек сөз өнеріне қатысты.
Кескіндеме, мүсін өнеріне, биге, музыкаға аударма керек емес,
белгілі бір дәрежеде киноны да түсінбейтін тілде көріп,
ұзын-ырғасын ұғып шығуға болады. Ал
түсінбейтін тілдегі әдеби шығарма тек әріптер мен тыныс
белгілер жиынтығы ғана.оған жаңа өмір сыйлайтын
адам – аудармашы. Бір тілде туған өнер гүлін басқа
топыраққа алып келіп қондыра салуға болмайды. Жалпы,
оны сол топырақтан суыруға болмайды. Көркем шығарманы
аударушы, сол гүлдің дәнін алғандай, жаңа
топыраққа, жаңа гүл өсіріп шығаруы керек.
Жаңа топырақ дегеніміз – жаңа тіл.
Көркем шығарманы
аударудың ғажап қасиетін
мынадан білуге болады. Адам ойы деген атқан оқтай
түзу, төселген тақтадай тегіс нәрсе емес. Бір
ойдың өзі бір тілде қағазға түскенде бар
қырын бірден аша салмайды, мүмкін, тіпті аша алмайды.
Әлем әдебиетінің айналымына
түскен туындылар сан түрлі тілдерге аударыла жүріп,
мәтіннің қатпар-қалтарыстарындағы астар,
емеуріндері табыла бермеуі де мүмкін. Тіпті бір ойдың төл тілдегі көмкерілген
түрінен гөрі ағылшын тілдегі көмкерілген түрі
сәттірек болып шығуы да ғажап емес. Олай болған
күнде де әр аударма сайын қайтиа бағамдалудың
өзі шығарманың бойына жасырылған жұмбақты
шешуге, көркемдік кестелерін жаңаша жайып көрсетуге
көмектесетіндігі анық. Көркем шығарманы аударушы
аудармаларды оқу, салыстыру, зерттеу арқылы біз
пүпнұсқаның өз бойындағы қасиеттерге
ерекше, тың көзбен қараймыз, жаңаша бағалаймыз,
оның соңғы қырларын, бұрын байқамаған
бояуларын ашамыз. Мәтінге қайта-қайта үңіле
жүріп, түпнұсқаны оқыған
тұстағыдан гөрі зеректік танытамыз. Сол әдебиет
нұсқасы жасалған елдердің өкілдері де
біздің жазушымыз қалай аударып жатыр екен өзі,
деңгей-дәрежесі төмендемей жеткен бе деп салыстыру
арқылы да туған әдебиетінің қазыналарына
бұрынғыдан ерекше назар аударып қарай бастайды.
Қазақ аудармасын қапы қалдыратын жайттардың бірі
– сан түрлі себептерге байланысты туыстас тілдерден тәржімені де
көп уақыт бойы орыс тілі арқылы жасап келгендігіміз.
Әрине, негізгі аударма орыс тілінен болғаны түсінікті.
Соның ішінде орыс поэзиясынан басқалары – тәржімеден
тәржімелеу. Егер біз тәржімеден тәржімелеуден атымен бас
тартар болсақ, онда көп қазынадан кұр қалар едік.
Бұл тәсілден бас тартар болса, орыс поэзиясы да жұтаң
тартып тұрар еді. Бірақ солай екен деп алдағы кезде де, Батыс, Шығыс поэзиясының асыл
үлгілерін түпнұсқа тілін білмегенімізге бола орыс
тіліндегі нұсқасынан ғана аудара беру де жарамсыз жол,
түптің түбінде тұйыққа тірейтін
тәсіл. Ол аудармаларды жасау барысында біраз дүние өзгеріске
түскені, біраз нәрсенің жоғалғаны сөзсіз,
сол орысшадан тағы аудару барысында жоғалту жалғаса беретіні
тағы сөзсіз. Бұл – қазақ тіліне аударатын
аудармашылардың көкейкесті мәселесі. Сондықтан
ағылшын тілінен тура
қазақ тіліне аударма жасаудың тиімділігіне зерттеу
жасай жүріп көзіміз жетуде.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Жакыпов Ж.А. Аударматануды аңдату,
Астана,Аударма баспасы 2004. 234-236б.
2.
Жұмайқызы
Г.Ағылшын және қазақ тілдеріндегі салыстырмалы ерекшеліктер,Алматы,2006,53-54б.
3.
Нелюбин Л.Л.
Толковый переводческий словарь. Москва,2003.
4.
Charlotte
Bronte. Jane Eyre. Айрис-пресс,2004.
5. Шарлотта Бронте. Джен Эйр. Издательство правда,1983.