Филологические науки
Рапишева Жанат Дабыловна (фил.ғыл.канд, доцент, Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті), Қазақстан
Аширбекова Гульмира Жоламановна (Қарағанды
қ. №59 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
мұғалімі), Қазақстан
Мақалада қазақ және орыс
тілдеріндегі есімдік сөз табының кейбір ерекшеліктері
қарастырылады. Екі тілдегі есімдіктерге есімдіктің жіктеу, сілтеу,
сұрау, өздік, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау аталатын
түрлерінің айырмашылықтары мен қолданылу ерекшеліктері
нақты мысалдар арқылы көрсетіледі.
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕСІМДІК СӨЗ ТАБЫНЫҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Есімдіктердің
қазақ тілінде де, орыс тілінде де өзіне тән
грамматикалық категориялары жоқ. Олардың басқа
сөз таптарынан басты айырмашылығы да осы. Есімдіктер заттың,
сынның, санның атын білдірмейді, бірақ зат есім, сын есім,
сан есімдердің орнына жұмсалады. Олардың мағыналары тек
контекске байланысты айқындалады.
Екі тілде де
есімдіктер морфологиялық жағынан есімдер сияқты
түрленеді, бірақ өздеріне тән ерекшеліктері бар.
Мысалы, субстантивтенген есімдіктер зат есімдер сияқты көптеліп те,
тәуелденіп те, септеліп те, жіктеліп те қолданылса, атрибутивтік
есімдіктер сын есімдер ретінде қолданылған жағдайда грамматикалық
жағынан түрленбейді.
Мағыналарына
қарай есімдіктер мынадай топтарға бөлінеді:
1.
Жіктеу
есімдіктері (Личные местоимения)
2.
Сілтеу
есімдіктері (Указательные местоимения)
3.
Сұрау есімдіктері (Вопросительные местоимения)
4.
Өздік
есімдіктері (Возвратные местоимения)
5.
Белгісіздік есімдіктері
(Неопределенные местоимения)
6.
Болымсыздық есімдіктері
(Отрицательные местоимения)
7. Жалпылау есімдіктері (Определительные местоимения)
Жіктеу есімдіктеріне мен – я, сен – ты,
сіз – вы, ол — он, она, оно, біз ( біздер ) – мы, сендер, сіздер –вы, олар –они деген сөздер жатады. Бұл
есімдіктер жақтық ұғыммен байланысты келеді. Мысалы: Сен
бүгін келесің бе? – Ты придешь
сегодня? Біз ертең кездесеміз. – Мы встретимся завтра.
Қазақ тілінде плеонастика
құбылысы байқалады. Мысалы: Мұны айтқан менмін, естіген сенсің. Түркологтар жіктік жалғаулары жіктеу есімдіктерінен жасалғанын жан-жақты дәлелдеп
берген. Мысалы:
Айтқан менмін. Мұндағы мен – жіктеу есімдігі, мін – осы меннің өзгерген түрі: мен>мін
(е-і). Орыс тілінде жіктеу есімдіктері жіктік жалғауларын
қабылдамайды.
Қазақ тілінде жіктеу
есімдіктерінің кейбір дауыссыз дыбыстары септеу барысында түсіп
қалады, мысалы, мен – сен – ол есімдіктері септелгенде менің – сенің –
оның, маған – саған – оған, мені – сені – оны, т.с.с. өзгереді.
Ал орыс
тілінде септеу барысында жіктеу есімдіктерінің негізі өзгереді,
мысалы: я – ты – он (она, оно), мы – вы – они септелгенде меня – тебя – его (ее), мне – тебе – ей (ему), нам – вам – им, нас – вас – их, обо мне – о тебе – о ней (о нем), нами – вами – ими, т.с.с.
түрленеді.
Мұндағы сөз тұлғасының танымастай болып
өзгеруі (ты – тобой, он – ею, им, о ней) ішкі
флексияның салдары деп қараймыз. Ал я – меня, мной болып
түрленуін орыс тілін зерттеушілер супплетивизм құбылысы деп
түсіндіреді [1, 321]. Алайда бұл әлі де
зерттей түсуді қажет етеді.
Қазақ тілінде жіктеу
есімдіктерінің жіктелуінде де ерекшелік бар. Оларға жіктік
жалғаудың барлық жақтарының қосымшалары
қосыла бермейді. Жіктеу есімдіктеріне жалғанатын жақ жалғауларын
есімдіктерден болған баяндауыштың қабаттасып келген
плеонастикалық көрінісімен байланыстыруға болады. Өйткені жіктік жалғау, жіктеу есімдіктері
баяндауыш қызметінде жұмсалғанда,
бастауыштың жақтық мағынасына қарамастан,
баяндауыштың жақтық
мағынасына қарай жалғанады. Мысалы: ана –
сенсің, бала – сіздер т.б. Екі тілде де жіктеу есімдіктері сөйлемде
бастауыш, толықтауыш, баяндауыш, анықтауыш болып қызмет атқарады.
Сілтеу есімдектеріне бұл, осы – это, эта, этот; сол, анау, сонау – тот, то, та; ана – тот, та, то; мынау – этот, эта, это; мұндай, сондай,
осындай – такой, такое, такая;
әне – вон, міне – вот деген
сөздер жатады. Бұл есімдіктер сілтеу, көрсету, нұсқау
сияқты мағыналарды білдіріп, қай? қайсы? – который?
какой? деген сұрауларға жауап беретін атрибутивтік
сөздер.
Сілтеу
есімдіктері мағына жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Мысалы: Бұл кітапты мен оқығанмын. – Эту
книгу я читала. Сол кітапты алдым. – Я взяла ту книгу. Бұл (это) деген
есімдіктер жақындағы, көз алдындағы затты білдірсе, сол
(тот, ту) есімдіктері алысырақтағы затқа сілтегендікті
білдіреді.
Қазақ тілінде сілтеу
есімдіктері атрибутивтік формада тұрғанда септелмейді, көптелмейді, тәуелденбейді. Тек субстантивтенгенде ғана септік,
тәуелдік, көптік жалғауларын қабылдайды. Мысалы: Осыны
ал. Анауың дұрыс
шешілген. Бұныңызды
қалай түсінуге болады? Бұнысы қалай?
Орыс тілінде сілтеу есімдіктері сын
есімдер сияқты септеледі. Қазақ тілінде сілтеу есімдіктерінің
сөйлемдегі қызметтері де мағыналары сияқты
ерекшеленеді. Мысалы: міне, әне деген есімдіктер сөйлемде
қыстырма сөз ретінде қолданылып, ешқашан
бастауыштың да, толықтауыштың да қызметін
атқармайды, ал бұл, ол сөздері баяндауыш болмайды, сонау,
осынау есімдіктері де толықтауыш, бастауыш бола алмайды. Негізінен,
сілтеу есімдіктері екі тілде де анықтауыштың қызметін
атқарады. Мысалы: Сол адамды көрдім. – Видела того человека [2, 205-207].
Сұрау
есімдіктері: кім? – кто? не? – что? қанша? (неше?) – сколько? қай? – который? қандай? – какой? какая? какое?, қалай? – как? қашан? – когда? қайда ? – где ? куда?
Қазақ тілінде қай деген негізгі сұрау есімдігінен қайсы?қайдан? қашан? сияқты есімдіктер туған. -Қай,-қан,-қа деген түбірлерден қайсы? Қайдағы? қандай? қанша?
қалай? қашан? қашанғы? қашаннан? деген есімдіктер қалыптасқан.
Морфологиялық жағынан сұрау есімдіктерінің ішінен кім? не? қайсы? нешеу? сияқты
есімдіктер септеліп те, тәуелденіп те,
көптеліп те, жіктеліп те қолданыла береді. Мысалы:
кім? – кімнің? – қайсың? – кімдер? — кімсің?
Кім? Не? Неше? деген сұрау
есімдіктері ғана көптеледі: кімдер?
Нешелер? нелер? Тек кім? не? қандай? қанша?
қалай? Нешінш? деген есімдіктер ғана жіктеледі: кіммін,
қандайсың т.б. Тәуелденетін
есімдіктер: кім? не? қайсы? нешеу? (Кіміңіз? Несі? Қайсың? Нешеуің?). Басқа сұрау есімдіктері тәуелденбейді. Қазақ тілінде «кім» деген сұрау тек
адамға, оның туыстығына, мамандығына байланысты
сөздерге ғана қатысты
қойылады: Ол кім? – Ол бала. Сен кімсің? — Мен мұғаліммін.
Сен агрономсың т.б.
Орыс тілінде кто? деген сұрау есімдігінің мағыналық өрісі тым кең. Бұл сұрау жанды
заттардың бәріне қойыла береді: Это кто? – Это человек. Это кто? –Это волк. Это кто? – Это слон.
Салыстырыңыз: Бұл не?
– Бұл қасқыр.
Бұл не? — Бұл
піл. Салғастырылып отырған тілдерде сұрау есімдіктері, негізінен, сұрау
мағынасын тудырады. Бірақ кейде сөйлемнің жалпы мағыналық ерекшелігіне
және қолдану өзгешелігіне қарай сұрау есімдіктері сұрау мағынасын білдірмей, экспрессивтік
мағына береді. Мысалы: Қандай сұлу! – Как
прекрасна!
Сабақтас құрмалас сөйлемдерде сұрау есімдіктері қатыстық мағынаны да
білдіреді. Мысалы: Кімді айтсаң, сол
келеді. Кто ищет, тот всегда найдет. Екі тілде де сұрау
есімдіктері сөйлемде сөйлемнің барлық мүшелері
ретінде қызмет атқарады. Орыс тілінде сұрау есімдіктері сұрау
мағынасын тудырмаса, қатыстық мағына білдіріп,
қатыстық есімдіктер (относительные местоимения) деп аталатын жеке
бір топ қүрайды. Олар сөйлемде, негізінен, шылаулардың
қызметін (союзные слова) атқарады. Мысалы: Я сказал, что знаю. Узнай, который час [3, 204].
Қазақ
тіліңде өздік есімдікке жалғыз ғана өз сөзі
жатады. Ал орыс тілінде – себя. Қазақ тілінде бұл
есімдік көбінесе өзім, өзің, өзіңіз,
өзі, өзіміз, өздеріңіз деген сияқты
оңаша және ортақ тәуелдеулі түрде
қолданылады. Мысалы: Өзім көмектесемін. Өзіміз
үшін керек. Қазақ тілінде өздік есімдіктің тәуелдеулі
формада қолданылуында мынадай ерекшеліктер бар:
1. Өздік есімдік
тәуелдіктің
қай жағында тұрса, қабаттасатын жіктеу есімдігі де сол жақта
қолданылады. Мысалы: өзім – мен өзім,
өзің – сен өзің
т.б. Бұл жерде істі атқарушы субъектінің
өзі екендігін (анықтайды) білдіреді. Орыс тілінде бұл мағына «сам» деген
жалпылау есімдігі арқылы беріледі. Мысалы: сам – я сам, сам – ты сам. Мысалы: Ол өзі
айтты. – Он сам сказал. Сен өзің білесің. – Ты сам
знаешь.
2. Тәуелдеулі
өздік есімдік сөйлемде бастауыш болса, жақ жағынан жіктік жалғауды тікелей өзіне
бағындырады, яғни бастауыш болатын өздік есімдік
тәуелдіктің қай
жағында тұрса, баяндауыш та
жіктіктің сол жағында тұрады, ал тәуелдеулі зат есімдерде оңдай қасиет
жоқ. Мысалы: өзім
келдім – ағам келді, өзің келдің – ағаң
келді т.б. Тәуелдеулі өздік есімдік тәуелдеулі зат есімше септеледі, мысалы: Атау – өзім – әкем, Ілік – өзімнің – әкемнің,
Барыс – өзіме – әкеме, Табыс – өзімді
–әкемді, Жатыс – өзімде – әкемде, Шығыс
– өзімнен –
әкемнен, Көмектес – өзіммен – әкеммен.
Орыс тілінде
себя өздік есімдігінің көптік, тек (род), атау септік
формалары жоқ, барлық жақта себя формасында
қолданылады. Мысалы: Они купили
себе квартиру – Он купил себе костюм – Она купила себе платъе.
Екі тілде де өздік есімдіктің
тәуелдеулі түрі сөйлемнің барлық мүшесі
бола алады, тек орыс тілінде себя бастауыштың қызметін атқара алмайды [3, 203].
Қазақ және орыс тілдерінде мағыналары жағынан
заттар мен
құбылыстарды нақтылы түрде білдірмей, белгісіз мәнде айтылатын сөздер
белгісіздік есімдіктер деп аталады.
Қазақ
тілінде бір, әр, әлде деген сөздердің
басқа есімдіктермен бірігуі арқылы белгісіз есімдіктер жасалады.
Мысалы: біреу, кейбіреу, кейбір, қайсыбір, әрбір, бірнеше, бірдеме (бірнеше), әркім, әрне,
әрқайсы, әрқалай, әлдекім, әлдене,
әлдеқайдан, әлденеше, әлдеқалай,
әлдеқашан т.б. Белгісіз
есімдіктер қазақ тілінде заттық ұғымды білдіреді
де, зат есімше өзгереді, сөйлемде бастауыш немесе
толықтауыштың қызметін атқарады. Кейбіреулері
анықтауыш, пысықтауыштың қызметін атқарады.
Орыс
тіліңде белгісіздік есімдіктері (неопределенные местоимения) сұрау
есімдіктеріне -то, -либо, -нибудъ, -кое
(-кой) демеуліктері мен не- сөз
алды қосымшасының (приставкасының) қосылуы
арқылы жасалады. Мысалы: кто-то,
что-либо, кто-нибудь, некто, ненто, кое-кто т.б. Сонымен
қатар орыс тіліңде кейбір есімдіктердің мағыналары сын есімдер арқылы да
беріледі. Мысалы: данный
деген сын есім этот, тот есімдіктері мағынасын, известный, определенный деген сын есімдер некоторый, кое-какой, этот, только что упомянутый деген есімдіктердің
мағынасын білдіреді.
Қазақ
тілінде болымсыздық есімдіктер еш деген сөзбен кейбір
есімдіктердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы: ешкім, ешбір, ешқашан, ешқандай,ешқайсы т.б. Орыс тілінде сұрау есімдіктеріне -не,
-ни демеуліктерінің
қосылуы арқылы жасалады. Мысалы: никто, никого, никаких,
ничем т.б.
Қазақ
тілінде болымсыздық есімдіктері болымсыздық мағына білдіретін
емес, жоқ дегең сөздермен
және етістіктің болымсыз түрімен байланысты қолданылады. Мысалы: ешкім келген
жоқ, ешкім көрген емес т.б.
Орыс тілінде
болымсыздық есімдіктер болымсыздық
мағына білдіретін нет сөзі немесе не демеулігімен байланысты қолданылады. Мысалы: Никуда не ходила. Ничего нет.
Екі тілде де
болымсыз есімдіктер септеледі, сөйлемде әртүрлі қызмет атқарады. Мысалы:
Оған ешкім сенбейді. – Ему никто не верит. Қазір
ештеңеге сенуге
болмайды. – Сейчас
ничему верить нельзя. Бұл ештеңе емес. – Это ничего [4, 83].
Салғастырылып отырған тілдерде мағына жағынан кем
дегенде екі не онан көп заттар мен құбылыстарды жинақтай
атау үшін қолданылатын сөздер жалпылау есімдіктері деп аталады. Қазақ
тілінде жалпылау есімдіктеріне бәрі, барлық,
барша, күллі, бүкіл, түгел деген сөздер жатады. Орыс тілінде сам, весь, все, всякий т.б. сөздер
жалпылау есімдіктеріне жатады.
Қазақ
тіліңде бар, барлық, барша есімдіктеріне тәуелдік жалғаулары
оңаша және ортақ түрінде жалғана береді. Жалпылау есімдіктері
жіктелмейді. Жалпылау есімдіктерінің
ішінде тек субстантивтенген түрлері тәуелденіп барып қана
септеле алады. Сөйлемде бастауыш, анықтауыш,
толықтауыш болып
қызмет атқарады. Мысалы: Бәрі келді. Бар байлық – денсаулықта.
Жалпылау
есімдіктері орыс тілінде сын есімдер сияқты септеледі:
И.п. Сам, само, сама, сами
Р.п. Самого, самого, самой, самих
Д.п. Самому, самому, самой, самим
В.п. Сам, самого, само, самое, саму,
сами, самих
Т.п. Самим, самим, самой (ою), самими
П.п. (О) самом, (о) самом, о самой,
(о) самих
Ал қазақ тілінде
тәуелденіп барып септелетіндіктен зат есімдер
сияқты септеледі: А.с. Барлығы І.с Барлығының Б.с. Барлығына Т.с. Барлығын т.с.с.
Сөйлемде
сөйлемнің барлық мүшелерінің қызметін атқарады. Мысалы: Все отказались. Каждая мать должна думатъ о ребенке.
Орыс тілінде
тәуелдеу есімдіктері жеке бір топқа бөлінеді де, екі
топқа жіктеледі:
а) жіктеу тәуелдеу есімдіктері
(личные притяжательные местоимения): мой, наш, твой, ваш;
ә) өздік тәуелдеу
есімдіктері (возвратное притяжательное местоимение): свой. Мысалы: Наше
общее дело. – Біздің ортақ
ісіміз. Я свою мать уважаю. –Мен
өз шешемді құрметтеймін.
Қазақ тілінде бұл топқа сәйкес келетін есімдіктер жоқ. Осыған байланысты бұл есімдіктер қазақ тіліне тәуелдік
жалғаулары мен тәуелдік мағына білдіретін жұрнақтар және өздік есімдіктері
арқылы беріледі. Мысалы: Менің кітабым жаңа. – Моя
книга новая. Бұл кімнің үйі? – Это чей
дом? – Менікі. –
Мой. Өз үйім – өрен
төсегім. – Свой дом, своя постель [5, 113].
Қазақ тілін орыс
аудиториясында дұрыс әрі тиімді оқыту үшін оны мынадай
үш бағытта ұйымдастырып жүргізу керек.
Практикалық сабақтың сапалылығы, оның
әдіс-тәсілдері, ұйымдастыру мәселелері жан-жақты
түрде іске асқанда ғана оқыту және үйрету
мәселесін дұрыс жолға қоюға болады.
Орыс, қазақ
аудиторияларында сабақ беретін оқытушы, ең алдымен, екі тілді
– қазақ, орыс тілдерінің грамматикалық
құрылысын, лексикалық, дыбыстық жүйесінің
айырмашылығын, ұқсастығын, әсерін жақсы
білуге тиіс.
Салғастырмалы тіл білімінде
есім сөз таптары арнайы зерттеу нысаны болмағандықтан,
тың мәселелердің қатарында саналады. Мемлекеттік тілді
үйрету, қазақ тілін басқа тілді аудиторияларды
оқыту ісінде мұндай зерттеулердің берері мол. Сондықтан
қазақ және орыс тілдеріндегі аталған сөз
таптарының ұқсастықтары мен айырмашыдықтарын,
олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап, зерттеудің
маңызы зор.
Әдебиеттер тізімі:
1 Розенталь Д. Э. Современный русский язык. – М.:
Айрис-пресс, 2006. – 444 с.
2 Тұрсынов Д., Хасанов Б., Ислямов А., Бейсенбаева К.,
Ищанов К. Сопоставительная грамматика русского и казахского
языков. – Алматы, 1967. – 297 б.
3
Бейсенбаева К. А.
Сопоставительная грамматика русского и казахского языков. –Алматы, 1994. – 243 с.
4 Мажитаева Ш., Головина
К.М. Қазақ және орыс тілдерінің салғастырмалы
грамматикасы. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2002. – 92 б.
5 Янко-Триницкая
Н.А. Русская морфология. – М.: Русский язык, 1982. – 246 с.