Шетел тілі сабағында оқушыны сөйлеуге үйрету

 

Қазақстан Республикасы. Алматы қаласы. Абай атындағы ҚазҰПУ

Арнайы мақсаттағы шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы

 Муканова З.А.

 

 

Елімізді дамыту тұрғысында білім беру жүйесінде бірталай іс-шаралар жүзеге асуда. Оның мақсаты – елдің біліктілігін арттыру, сол арқылы елді дамыту. Білім беру жүйесінде ақпараттық және инновациялық технологияларды көтеру шаралары іске асуда. Солардың қатарында тіл мәселесі де бар. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес елдегі беделді тілдің үшінші түрі – халықаралық қатынастағы ағылшын тілі болып саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2008 жылғы 29-мамырда бір топ бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесуінде «Тілдердің үш тұғырлығы» мәселесіне байланысты ағылшын тіліне деген өзінің ой пікірін төмендегі сөзімен дәлелдеп берді: «Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі. Бұл тіл қазақты дүниеге танытатын, әлемдік деңгейге шығаратын тіл».

Ал, әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Ағылшын  тілін  біздің халқымыздың жаппай меңгеруі сол тілде жасалған, жасалатын шексіз байлықты аудару жөніндегі машақаттан, артық шығыннан құтқарады. Демек, студенттердің ағылшын тілін білуі, сол тілде сөйлеуі – уақыт талабы.

Сөйлеу – әрекет. Сөйлеу әрекеті дегеніміз – адамның қарым-қатынас жасау үрдісіндегі қоғамдық-қатысымдық қажеттілігін іске асыру тәсілі. Сөз бұл жағдайда ойды құрастырудың және жеткізудің құралы ретінде болады. Психолог-ғалымдар сөйлеу әрекетін  адам организмінің психофизикалық жұмысы деп санайды.

         Өзге тілді үйрену  тілдік аспектілерін  меңгеру,   қарым-қатынас құралы ретінде  қолдана білуге дағдылану – оқыту   үрдісіндегі күрделі мәселе. Тілді жүйелі түрде меңгеру  мектеп курсынан  басталатындықтан,  оны оқыту қазіргі ғалымдарды,   атап айтқанда,  лингвистиканың,    психологияның,   педагогиканың соңғы жетістіктеріне сүйенетіні сөзсіз.  Осы тұрғыда   одақ    кезінде шетел   тілін өзге тіл   ретінде  оқытудың ғылыми  негізі   жан-жақты қарастырылған.         

            Психологтар дағдыларға қоса  оқушы өз ойын дәл жеткізуге септігін тигізетін іс-қимыл,  дауыс ырғағы т.б. да қолдану қажет деп есептейді. Ойын сөзбен жүйелі түрде жеткізе алуы үшін адамда алдымен ой туады, ал ой  мен сөйлеу – бір–бірімен өте тығыз процесс. Неғұрлым  жан-жақты  терең ойланған  сайын  адамның  айтпақ  болған ойы  соғұрлым  нақты, айқын болып шығады.

            Сөйлеудің  негізі ой болып табылатынын айта келе И.А.Зимняя  шетел тілін үйретуде студенттерді әуелі қызықтыру, талпындыру  арқылы ойландыруға жағдай жасау керек екендігін айтады. Ол үшін түрлі таяныштар, суреттер, жағдайлар, қосымша материалдар қолданылады.

            Сөз әрекетінің ерекшеліктерін талдаған А.А.Леонтьев: «қандай да болмасын іс-әрекет  талпыныстан  және жоспардан тұрады да, белгіленген  бір нәтижемен аяқталады» дейді. Ал оның  ортасында мақсатқа жетуге бағыттайтын  нақты іс-әрекеттердің жүйесі жатады.

            А.А.Леонтьев бұл жүйеде  мынадай  кезеңдер бар екенін  көрсетеді:

а) талпыныс, ә) айтылатын ойдың жоспары, бағдарламасы,  б) ойдың іске асырылуы,  в) ойдың іске асырылуын сол ойдың  өзімен салыстыру.

            И.А.Зимняя  шетел тілінде  сөйлеу әрекетінің ерекшелігін ескере отырып, оны үш кезеңге бөледі:

         1. талпындыру;

         2. қалыптастыру;

         3. іске асыру  .

            Сөйлеуге  талпындыру  кезеңі  талпыныс, мақсат, қажеттілік, өзара бірігуі  арқылы іске асады. Талпыныс,  мақсат,  қажеттілік біріге келе сөздің тууына  әсер етеді. И.А.Зимняяның  пайымдауынша қажеттілік  пен талпыныс  адамды белгілі бір  іс-әрекетке  итермелейді. А.А.Алхазишвили  «оқушы шетел тілінде  сөйлей  алуы үшін, сөйлеуге мәжбүр  болатын  жағдайға тап болуы тиіс» екенін айтады. Сонымен шетел тілінде сөйлеу үшін  талпыныстың, қызығудың маңызы өте зор, ал оның пайда  болуына жағдай қажет.

            Ал қалыптастыру кезеңінде тіл үйренушінің бар тәжірибесі іске асырылады. Ол сөздерді қалай пайдалану  керектігін түгел еске түсіреді, яғни  бұл ой мен тілдің байланыстылығын көрсетеді.

            Сөйлеудің үшінші кезеңі – іске  асыру.  И.А.Зимняя бұл кезеңді дұрыс айту кезеңі деп есептейді. Бұл кезеңде сөздің екпініне көңіл бөлінеді, бұл сөйлеудегі ой жемісін көрсетуге сеп болады. Сөйлеу әрекетінің осы үш кезеңінде де оқушы ұзақ мерзімдік немесе қысқа мерзімдік есте сақтау қабілетін  пайдаланады екен.  Психологтар ұзақ мерзімдік ес арқылы оқушы алған білімін ойында сақтап қалады, ал қысқа мерзімдік ес  арқылы ол  бұрын ойында сақтап қалған білімді алып қолданады. Ағылшын тілі сабағында  осы  қысқа мерзімдік ес тетігін  жетілдіру  үшін мәтінді қолдану  арқылы студенттерға жаттығулар жасатудың  пайдасы мол.

            Шетел тілін меңгеру – сөз дағдыларының жүйесін игеру. Тіл адам психикасында қажет бола қалған сәтте  пайдалана алатындай дағды түрінде болады. Біз А.А.Леонтьевтің «қарым-қатынас  жасау  үшін  қалыптасқан сөз  дағдылары  жеткіліксіз,  ол үшін сөйлеу іскерілігі де қажет» деген пікірді құптаймыз, Іскерлік  шығармашылық  іс әрекетке  жетелейді, өйткені  ол ойлаумен, сезіммен, қиялмен байланысты.   

            Ағылшын тілі материалдарын  меңгертудің процестері тікелей  сол материалдардың психологиясына байланысты қаралады. Тілдік материалдардан сабақ беруде студенттердің сезімі мен түсінігін, байқауы мен қабылдауын,  ойы  мен қабілетін ескеріп отыру – ағылшын  тілін меңгертудің белгілі шарттары.  Сондай-ақ  сабақ үрдісінде  жеке  студенттердің үлгерімін  байқап, тәуір, нашар үлгерудің себептерін де ескеріп  отырған мақұл. Институтта өтілетін   ағылшын тілі  материалдарын  меңгертудің  психикалық  құбылыстары  психикалық процеспен,  психикалық  қалыппен  және психикалық сипатпен ұштасып жатады.

            Ағылшын тілінде берілетін тақырыптарды студенттерға танытуда  және оны студенттердің ойына қалыптастыруда психикалық әрекет пайда  болады. Логикалық  ойлаудың  индукциялық және дедукциялық амалдары,  сигнал жүйелерінің барлығы  адам  баласының ойлау сезімдерін  оятады. Бұл  сезім аралық  ми деп аталатын  орталық  мидың бір  бөлігіне байланысты. Мидың  осы бөлігінің клеткалары қозғалғанда түрлі  сезім дүниелері оянады. Осы сезімнің негізінде ағылшын тілі  тақырыптарын студенттер  ойында  қалыптастырудың  дағдылары  пайда болады. Өтілетін материалдың  тақырыбын тақтаға жазу, көрнекілік  құралдарды ілу,  түрлі дидактикалық материалдарды пайдалану,  тақырыпты  студенттерға хабарлау процесінде  оларда белгілі  дәрежеде ұғым,  түсінік сәулеленеді. 

       Психология  бүгінгі таңда жан-жақты дамыған ғылым саласы. Бүгінде оның дами түсуі пәндерді оқыту, соның бірі тілді оқыту әдістемесі үшін маңызы зор. Өзге тілді оқытудың психологиялық  ерекшелігін  анықтау пәнді оқытудың тиімді тәсілдерін айқындап беруге  мүмкіндік береді. Осы тұрғыда  студенттердің сөзді қабылдауы, оны  іс жүзінде қолдана білуі  ойлау операциясының бірлескен қызметі  негізінде жүзеге асады.

          Психологтардың    анықтауы   бойынша  адамның  сөйлеу әрекеті  ойлаумен, оны жинақтау, талдау, салыстыру, дерексіз ойлау, жалпылау сияқты операциялармен тығыз байланысты. Сөйлеу әрекеті – психикалық күрделі әрекет ретінде  тілде  төрт жағдайда көрінеді: оқу, таңдау, сөйлеу, жазу.  Оқу, таңдау репродуктивті деп  аталса,    сөйлеу,   жазу  продуктивті деп  аталады.  Сөйлеу әрекеті  адамның  іс-әрекетінің бірі ретінде  түрткі,   себеп /мотив/  арқылы   жүзеге   асады.  Бұл жөнінде адам әрекетінің  теориясының   негізін   қалаған А.Н. Леонтьев  «себепсіз әрекет болмайды» деп тұжырым  жасайды.

Әрекеттің механизмі ми қабатында жұмыс істейді. Ол 4 кезеңге бөлінеді: мотивациялық кезең, бағдарлау кезеңі, орындаушылық кезең және айтылым кезеңі. Демек, сөйлеу әрекеті күрделі ақыл-ой әрекеті арқылы іске асады. Адам айтайын деген ойының түсінікті болуы үшін дайын тілдік модельдерді пайдаланады. Ол модельдер арқылы құрастырылған айтылымдар алдымен іштей сөзге айналады.

Студенттерді ағылшынша сөйлеуге үйрету үшiн фонетикалық, лексика, грамматиканы оқыту барысында студенттердің бiлiм дағдысын қалыптастыру мен жетiлдiрудiң өзгешелiгi бар. Бұл тiлдiк салалар мен материалдарды тiзбектеп оқыта берумен емес, керiсiнше, олардың iшiнен сөйлеуге қажеттi ең керектiлерiн сұрыптап ала бiлумен, сөйлеу материалдарын танумен, оларды дұрыс қолданумен, сөйлеу әрекетiнде тиiмдi пайдалана бiлумен ерекшеленедi.

            Сөйлеуге үйретудегi негiзгi мақсат тiлдiк материалдарды студенттерға таныстыру емес, оларға фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалдардың қолданылу заңдылықтары мен амалдарын үйрету, оларды сөйлеу кезеңiнде дұрыс жұмсауға дағдыландыру екенiн естен шығармау керек.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.Зимняя М.А. Психология обучения иностранным языкам в школе. – Москва: Высшая школа, 1981. – 222 с.  

2.Алхазишвили А.А. Основы обучения  иностранным языкам. –Москва, 1988. – 56 с.

3.Ильинская Е.С.  Психологический анализ урока иностранного языка. М, 1980. 

4.Леонтьев А.А.  Некоторые  проблемы обучения  русского  языка как иностранный. Москва, 1970.