ф.ғ.к., аға оқытушы Сатемирова Дариға

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті,

Филология институты, Қазақстан

 

2-курс магистранты  Мағаз Ретбек

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті,

Филология институты, Қазақстан

 

Қазіргі қазақ поэзиясындағы постмодернизм

 

Ағылшын тіліндегі «post» сөзінің уақыт жаңалығына емес, сапаға қаратылғанын ескерсек постмодернизм деген атауды ортаға қоюшы оны жаңа әдеби қозғалыс ретінде пайдаланған. Постмодернизм әсілінде модернизм әдебиетінің нәзіктігі мен сырға толы жұмбақтығын түзетіп, жай оқырмандар жеңіл қабылдайтын жаңа әдісті жаратуды мақсат етсе де іс мұның керісінше болған. Англиялық сыншы Давид Лож: «Модернизм әдебиет - көркемөнері бейнелеу жағында жаңалыққа бой ұрамын деп қанша күрделесіп кетсе де бірақ оқырмандардың шығарманың маңызы мен мақсатын түсіну мүмкіндігі бар еді...Постмодернизмдік шығармаларды оқығанда оқырмандардың қиыншылығы әрқашан олардың түсініксіздігі емес  қайта құбылмалылығында болса керек.  Бұның өзі постмодернизмнің өзіне ғана тән қасиеті» [1;29]  - деген екен. Ендеше біздер осы бүгінгі «нәзіктігі мен сырға толы жұмбақтығы» басым, «түсініксіз» «құбылмалы» «шеңбердің сыртындағы» дүниелерге қалай қараймыз? - деген сұрақ туады. Жаңалыққа үрке қарау, үрке қарай отырып оған бойымызды үйрету, қабылдау ежелгі әдетіміз. Олай болса әлемдің әдебиеттік озық үлгілеріне еліктеу және оның қазақы болмысын жасау - жаңа ағымшыл жастарымыздың ғана емес әдебиетіміздің де мұрат-мақсатының бірі, кімде кім қашып құтыла алмайтын замана ағымындай әдебиеттің таптауырынсыз парақтары. Қуанарлығы бүгінгі қазақ поэзиясы осы сауалға өлеңмен жауап іздеп, әр ақын шамасынша іздену үстінде. Әсіресе, жастар легі.

Ал жаттанды теорияшылдардың постмодернизмдік үлгісінеде келетін, оқырманның да сұранысына жауап бере алатын қанашама қаламгерлер бар. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтарларды, А.Сүлейменовты, О.Бөкеевті жаңа заман әдебиетінен жат деп кім айта алады. Әрине, оларға деген әдебиеттің де бағасы биік, оқырманы да сүйіп оқиды.

Жаңа буын ақындардан Есенғали Раушан, Тынштықбек Әбдікәкім, Гүлнар Салықбай, Сұраған Рахмет жырын қай қазаққа түсініксіз деп айта аламыз. Демек, бұдан жаңаны жатырқама, көнені көзге ілмей қойма, көнені жаңа үшін, жаңаны көне үшін қызмет еттір, әдебиеттің биік шоқтығына таласа алатын, халықтың да қажетін қанағаттандыра алатын ортақ ойлы шығарма жаз деген сөз келіп шықпай ма? Біз елге қарап емес, ел бізге қарап еліктейтіндей жақсы әдебиеттің үлгісін неге жасамаймыз?

Осы жағынан қарағанда жастар поэзиясында Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ардақ Нұрғазы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Қуаныш Дәлей, Гүлманат Әуелхан, Ықылас Ожай, Ырысбек Дәбей, Серік Боқан, Азамат Тасқараұлы сияқты ізденіс үстіндегі бір топ жас ақын сол бір соны соқпақтарға түрен салғысы келетіндігімен қуантады.

Өзін тынымсыз ізденіс үстінде көрсететін Ақберен жыры көбінде жұмбақ сырларға оранып, оны өзіне ғана тән өзгеше бояумен беруді мақсат ететін сияқты. Мысалы:

Менің жұмық көздеріммен бір кісі,

Жылап отыр...

Сондай оның күлкісі...

...Оның жасы - мыңжылдықтар құрдасы,

...Оның сөзі - мың мұңлықтың сырласы...

...Менің соқыр саусағымды шошайтып,

Бәз-біреуге күрсінеді қош айтып.

Содан кейін менен шарап сұрайды,

Сіміре сап тұңғиыққа құлайды,

Жүрегімді масайтып...

Бір қазада еріп келген қорымнан,

Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.

Жетімек шал...

Орын беріп ішімнен...

Содан бері қара дертке ұрынғам. [2;26]

Біз осы өлеңді оқып отырып енді «жетімек шалдың» кім екенін іздейміз. Ол ақынның өзі емес пе, өзегін жарған қайғы-мұң емес пе деген әр түрлі ойларға барамыз. Ақын бізді күмән торына қамайды. Оның ғарыштан, беймәлім дүниеден іздеген жұмбағын біздің де бірге іздескіміз келеді.

Ақбереннің тағы бір ерекшелігі өз ойын сылдыр сөзден көрі оқиға немесе суретпен жеткізуге тырысатындығы.

Құмардың шөбін тістедім

Құмырсқаша ойланып...

Жусанды иіскеп айықтым,

Жымиған гүлдер ішінен..., – деген тәтті де сәтті жолдар жәй ғана сурет болмастан өзіндің философиясымен көкірегіңді жылы ағынымен жуып өтеді.

Бүгінгі жас әдебиеттің таза өкілдерінің бірі, ешкімге ұқсағысы келмей «одағайлау» жүрген Ерлан Жүнісұлының да айтары мен берері аз емес.  «Есінеуік» өлеңінде ол былайша толқиды:

Тым алыс қалғандай таңдану дәуірі,

Мұнда ешкім селт ете қоймайды:

Маңқылдақ ой менен сезімнің мәуілі,

Ауаға сурет сап ойнайды..!

 

Адамзат жалыққан бір ғажап күтуден,

Жаңаға тағы да келмейді сенгісі.

Әлемде бәрі де бітеді үтірмен,

Тек тыйым салуға керек леп белгісі!

 

Дүние құлықсыз жаңалық ашуға,

Бұйыққан жүрекпен,қалғыған мименен.

...Пандора көшіп жүр ғасырдан ғасырға

жәшігін сүйреген!

 

Ұлы ойлар кетті де қартайған ғасырмен,

«Құдайлар» қалды тек жасында:

Жаңалық ашу жүр - тек соғыс ашу

мен сұлудың етегін ашуда!

 

Ұлы ұйқы басталып жатқандай әлемде,

Ояну рухына сенбейтін!..

Бір ақын ояу жүр беймаза өлеңде,

Пайғамбар болғысы келмейтін..!

 

Болмыс пен жан сыры - Гегельдің қонағы,

Қол бұлғап тұр әне бейтаныс пішінде...

...Маужырап жер шары домалап барады

Көгілдір экран ішінде! [3;6]

 

Ерлан жырларын оқып отырып есіңізге Маяковский, Омарғазы Айтан келеді екен. Маяковскийдің 1915 жылдан бұрынғы жазған өлеңдері модернизмдік үлгіге барынша жақын еді. Кейіннен қытай топырағында туып-есейген көрнекті ақын Омарғазы оны қазақша қанаттандырды. Біз айтып отырған «түсініксіздік», «күңгірттік», «күмәндік» өлеңнің көкесін сол кісі жасады. Атап айтқанда қазақ қаламгерлерінен 1950 жылдардан бастап

ақ таңдаққа - посмодернизмдік үлгіге түрен салған сол көкеміз еді. Енді Ерлан аталған екі дананы да қайталамай, бірақ, жаңаша жаңғыртып жастар поэзиясында жаңа бейне жасап, тағы бір бүйірімізді жамаған екен.

Ерланның «Диалогтар», «Кедей» секілді көптеген өлеңдері де аз жазсада саз жазғысы келетін Ерланша жазғандығымен құнды. Оның қаламынан туған әрбір дүниеге бей-жай қарамайтынымызды білдірсек, бүгінгі поэзияға тән тынысты толық меңгерген жаңа заман ақыны екеніне де көз жұма алмаймыз. Ерлан жырында ойлылыққа, тереңдікке бет бұру бар. Десе де кейде «тым тереңдеп» кеткісі келіп «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» қасиеттен бөлекшелеу көрінгісі де келетін кездері де жоқ емес. Мүмкін ақын қарымының жетпегендігінен емес, қанатын кеңге сермеймін деп өзіне тән әдеби жол ретінде таңдап алған болар. Бұл жағында оның поэзиясы әлі де зерттеуді қажет ететіндігімен жұмбақ көрінеді.

Поэзияға жастыққа тән жалынмен, өлеңге, өнерге тән өзгешелікпен келген ендігі бір жас ақын Азамат Тасқараұлы. Аты танымал болмағанымен өлеңдерін тебіренбей оқу, бағаламау мүмкін емес. Ең әуелі оның «Гамлет» атты қысқа өлеңін толық оқиық:

 

Іңірдің еніп көкшіл сағымына:

Ұзарған көлеңке үні жорылмаған.

Ғасырдың Ай қадаған ағымынан

Өлеңге орын табам...

 

Құдайын кітап бөлген халықтардың

Ойымен санасамын  -

Мәйіті бұзылмаған табыттардың

Түсіне ұласқанда қара сағым.

 

Ақылдың айнасынан бұлақ тауып

Бәрін де білсем деп ем!..

Миымның мешітінде шырақ жағып

Тарихи көрінісім бүрсеңдеген.

 

Ішімде жалғыз қалдым.

Жаңбырдың жаназасына жалғасамын.

Суфлердің сөздерінен жұлдыздардың

Жанарын шаң басады.

 

Ұзақ түн жүрегімде түйіледі

Көз жасым кебіндеген...

Тағдырды ойнау қандай қиын еді

Өлімнің сахнасында - ӨМІР деген!.. [4;23]

Азаматтың бұл өлеңдері жоғарыда айтылған Маяковский, Омарғазы, Ерлан жырларымен көгендесіп жатқандай көрінеді. Бірақ басқа. «Миының мешітінде шырақ жаққан» ақын беймазалықты, наланы өмірдің қиындығымен түсіндіреді. Оның «Түсіністік» өлеңінің де өзіндік айтары бар. Десе де кейде тұманды ойларның беті тым бүркеулі қалғандай тұңғиыққа тартар тереңдері де көп. Жалпы алғанда сөзіміздің басында Ә.Кекілбаев айтқандай «Өзінің шыққан биігін ұстап тұра алса» Азаматтан жаңа поэзияның туын көтеретін мықты ақын шығуы әбден мүмкін. Қарым-қайраты, сөз сұлулығы, көмескіленіп жатқан ішкі ирімдері  соны байқатады және сендіреді.

Өз бойында бар өзгеше талантымен көзге түсіп жүрген ендігі бір жас ақын Ұларбек Нұрғалымұлы.

Ол «Керіағыс» өлеңінде:

Жылдар өткен шудасынан шұбырып,

Менде тұғын нар бойындағы ірілік.

Айдаһарға жебе тартып құлатқам,

Домбырамның шанағынан суырып, - деп жырлайды. Бұл асау ақынның, арда күреңді ауыздықтаған такаппар үні.[5;20]

Ұларбектің Ж.Бөдешовке арнаған «Жер - өлеңі» жалғыз Жәркен ағасына ғана арналған емес, күллі ақындар тағдырына арналып тұрған шағын поэма сияқты. Өлең өзінің ең биік шарықтау кезеңіне шыққанда:

Кіргісі келмей тар үйге,

Сыйғысы келмей фәниге,

«Бірге екенмін» деп кімменен?

Жұлдызға қарап тұрды өлең, - деп аяқтайды. Еріксіз ойға қаласыз. Басынан бастап қайта оқығыңыз келеді. Ақындар сынды асау халықтың таудай тұлғасы мен тарыдай сезімі қатарласып, ол тіптен бөлек жырланып тұр.

Ұларбектің «Жылқылар», «Алтай. Қыс. Сағыныш», «Көксерек», «Қаңғылес», «Соңғы ауыл», «Қазақы Наурыз» өлеңдерін оқысақ, онда жүректі жарып шыққан сағыныш, қазақы қара домалық ауыл ұлының тауға қарап ұлыған бөлтіріктей бөгенайлы жырына таңдай қақпау, сүйінбеу мүмкін емес екенін білеміз. Егер Ұ.Нұрғалым сирек жазғаннан көрі үзбей талпынып, жалықпай жаттыға берсе оның арғы жағында жатқан қомақты халықтық қор мен қара өлеңді қамырша илеген шеберлігі көмбелерден ғана көрінетін ақын болар еді деген ойға әкеледі.

Қазаққа өлең, өлеңге ақын көптік етпейді. Бүгінгі жас поэзиямызда дәл қазір аузымызға түспей отырған талай ақын бар. Сол топқа қайта қайрылсақ - Әлібек Шегебай, Дәурен Берікқажы, Білісбек Әбдіразақ, Алмат Исәділ, Адалбек Ахмәди, Саят Қамшыгер, Серік Сейітман, Асанқадыр Исабек, Мағиза Құнапия, Құралай Омар, Ерғали Бақаш, Еркін Исахан, Балтабек Нұрғали, Шұғайып Ақынұлы...есімдері еске оралады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.   Қайырбеков Ә. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы (1991-2001):  проблемалар, ізденістер: Филол. ғыл. канд. дисс. авторефераты - Алматы, 2004. – 47б.

2.   Елгезек А. Көлеңкелер күбірі. Өлеңдер. – Астана: Фолиант, 2009. –135б.

3.   Нұрдыхан Е. Көлеңке көзіндегі елес // Қазақ әдебиеті. 2009. №41.

4.   Тасқара А. Гамлет // Алтын тамыр. 2010. №3.

5.   Нұрғалым Ұ. Керағыс. –Алматы: Өнер. 2002. –80б.