ТАТУЛАСУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН БОСАТУ НОРМАСЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 

з.ғ.к. Сартбаева У.К., Базарбекова М.Б., Бекембаев Д.Д.

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабында көрсетілген татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы арқылы мемлекет өзінің мақсатын іске асыру негізінде келесі шарттарды қылмыс жасаған адамға қоя отырып, онымен келісімге келеді деуге болады. Олай дейтін себебіміз, заң талабына сай қылмыс жасаған адам мемлекет тарапынан қойылып отырған шарттық талаптарды орындай отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылады немесе босатылуы мүмкін. Яғни айтқанда мемлекет қылмыс жасаған адаммен шарттық тұрғыда келісімге келіп отыр деуге толық негіз бар.

Жоғарыда аталып өткендей татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының негізгі мақсаттары ізгілік, қылмыс барысында жәбірленген адамның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және қылмыстың қайталануына тосқауыл болу болып табылады. Аталған норманың қылмыс жасаған адамға қойып отырған шарттық талаптары да осы  норманың мақсаты негізінде туындап отыр.

Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институты жаңадан қабылданған норма болғандықтан оны қолданудың өз ерекшілігі бар. Аталған норманы қолдануда бірінші кезекте жәбірленушімен татуласына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың барлық негіздерінің жиынтығы болған кезде ғана жузеге асырылатынын ескерген жөн.

Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығында орын алып отырған татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институты көршілес Ресей Федерациясының, Өзбекстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының қылмыстық құқығында да орын алып отырған институт. Еліміздегі қолданылып жүрген норманы Ресей Федерациясында алғашында ауырлығы орташа қылмыстарға қолданылмады, аталған норма Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексіндегі 76-бабында орын алған, оның атауы қазақшаға аударғанда «Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» деп көрсетіліп, заң нормасының диспозициясы қазақшаға аударғанда төмендегідей «Бірінші рет онша ауыр емес қылмысты жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келген зиян орнын толтырса қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін» деп көрсетілген. Аталған норманы қолдануда Ресей Федерациясының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 25-бабын басшылыққа алады  [ 1; 2; 3; 4].  

Н. Киреева жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату жөнінде айта келе Литва Республикасының Қылмыстық кодексінің 38-бабында орын алып отырған кінәлі мен жәбірленуші татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы келесі негіздерден тұратындығын көрсетеді. а) қылмыс жасағандығын мойындау; б) жеке немесе заңды тұлғаға келген зиянды өз еркімен өтеді немесе өтеу немес орнын толтыру жөнінде келісімге келу; в) Мемлекеттік сатыда әлде заңды тұлғаның заңды өкілімен немесе жәбірленушімен татуласу жүзеге асырылуы; г) ол жаңа қылмыс жасамайды деуге негіз болса. Аталған негіздер  орындалған жағдайда  жасалған қылмыс қылмыстық әрекетке, абайсызда жасалған қылмысқа немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысқа жатуы тиіс.

Латвия Республикасы Қылмыстық Кодексінің талабына жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату тек сотпен қолданылады. Жоғарыда көрсетілген негіздердің талабына сай рецидивист, аса қауіпті рецидивист және бұрын қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайтындығын айтады. Н. Кирееваның айту бойынша Литва Республикасының Қылмыстық кодексіндегі жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы өзінің негіздеріне сай шартты түрде соттау негіздеріне келетіндігін көрсетеді [5, б. 36].

Жоғарыда көрсетілген Республикалардың қылмыстық құқығанда орын алып отырған татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының негіздері Қазақстан Республикасының қылмыстық құқықтағы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы негіздерімен ұқсастығы бар, алайда аталған Республикаларда оны қолдану міндетті емес, яғни факультативті болып келеді және оны қолдану тек онша ауыр емес қылмыстарға ғана қолданылуы мүмкіндігін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының негіздері мен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 65-бабында орын алып отырған шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасын негіздерінің арасындағы айырмашылықтарға тоқтала өтейік.

Біріншіден, татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының, өзінің атауы айтып тұрғандай негізгі мақсат қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы болып танылады да, шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы қылмыс жасаған адамның жасаған қылмысына шын өкінуі басты мақсат болып саналады. Екіншіден, шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасына бірінші рет қылмыс жасау, негіз болмайды. Үшіншіден, шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың негіздерінің бірі қылмыс жасаған адам қылмысты ашуға көмек көрсетуге міндетті. Сонымен шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы арасындағы айырмашылық негіздерімен де мақсатымен де ерекшеленеді.

Татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының негіздерді өзінің орындалу кезеңіне, баға берілуіне, кімнің баға беретіндігіне байланысты бастапқы және қосымша негіздер деп екіге бөлуге болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуды қолдануда осы негіздердің екі топқа бөлінуі іс-тәжірибеде жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасын дұрыс қолдануға өзінің әсерін тигізеді деп санаймыз. Сондықтан, негіздер бастапқы және қосымша деп екі топқа бөлініп отыр.

Татуласуына байланысты, қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының бастапқы негіздерін орындалу реттілігіне орай жасалған қылмыстың онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстарға жатуы мен қылмыс жасаған адамның қылмысты бірінші рет жасау негіздері құрайды. Бұлай құралу себебі, аталған негіздер бірінші кезекте орындалуға жатады, яғни айтқанда қылмыс жасаған адам қылмысты бірінші рет жасап отыр ма анықталуы қажет, себебі қылмыстың қайталануы кейбір қылмыстардың қандай санатқа жатуына әсер етеді. Екінші негіз қылмыс жасаған адамның жасаған қылмысы онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстарға жататындығын анықтаудың бірінші кезекте болуы, қылмыс жасаған адам жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы қолданылуға жататын қылмыстың субъектісі болып танылады ма, егер, қылмыс субъектісі болып танылмайтын болса, онда ол қылмыс жасаған адамның жәбірленген тұлғаға келтірген зиянды өтеуі немесе онымен татуласуы рөл ойнамай қалады. Сондықтан, қылмыс жасаған адамның аталған норманы қолданылуға жататын қылмыстың субъектісі екендігін бірінші кезекте анықтап, содан кейін барып оған қалған шарттарды қоя беруге негіз бар.

Татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату негіздерінің бастапқы негіздері қылмыс жасап кінәлі болып танылған адамның бұрынғы қылмысына, қазіргі жасаған қылмысына байланысты туындайтын негіздер, сондықтан аталған негіздер жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату институты қолданылатын қылмыстың субъектісінің өтер шақтағы жасаған іс- әрекеттері, яғни болған жағдайларға баға берер бастапқы негіздері.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінін 68-бабының 1-бөлімі қылмыстық қудалау органдары мен соттарға осы негіздердің бар жиынтығы болған жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатуға яғни айтқанда империативтік тәртіпте міндет жүктейді.

Осы аталған негіздердің ең болмағанда біреуі болмаған жағдайда татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды қолдануға болмайды.

Жоғарыда көрсетілгендерге тоқтала келе, қылмыстық құқықта орын алып отырған жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасының негіздері қылмыстық құқықтық саясаттың барлық мақсатын қамтый алмай отыр. Аталған норманың әр бір негізі қылмыстық құқықтың барлық қағидасынан, мақсатынан және міндеттерінен туындауы тиіс.

Мысалы, С.М. Рахметов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 68-бабтың негіздерін келесідей 4 түрге бөледі: «Біріншіден, кінәлі адамның істеген іс-әрекеті онша ауыр емес немесе ауырлықтағы орташа қылмыс деп танылуы керек. Сонымен қатар абайсыздықпен немесе қасақана жасалған қандай да болмасын қылмысқа тағайындалған жаза бес жылдан аспайтындай болуы керек.

Екіншіден, тұлғаға моральдық не физикалық немесе мүліктік зардаптың нақты түрде келтірілуі қажет. Мұндай қылмыс түрлеріне мысалы, 130-баптағы жала жабу, 131-баптағы қорлау, 188-баптың 1-бөлігіндегі ұрлық, 107-баптағы Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру, 294-баптың бірінші, екінші бөлігіндегі бұзақалық және т.б жатады.

Үшіншіден, кінәлі адам жәбірленушімен өз ара татуласып, мәмілеге келуі қажет. Мұндай татуласу қорқытудан, тәуелділіктен емес, шын өзара түсіністіктен ғана болуы қажет.

Татуласу қылмыстық іс қозғалғанға дейін, алдын-ала тергеу жүргізу барысында немесе істі сотта қарау кезінде орын алуы қажет, яғни соттың үкім шығаруға кеңесудің алдында орын алуы шарт.

Төртіншіден, жәбірленушіге келген зиянның орны толтырылуы қажет. Орнын толтыру жәбірленушіге тигізілген зиянды салдардың орны толық қалпына келтірілуі немесе оның көңілінен шығуы нәтежиесінен көрінуі керек.

Бұл негіздер татуласуыға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатудың себептері ретінде 68 бапқа сәйкес іске асырылады. Қылмыстық істің тоқтатылуы мәселесінің шешілуін анықтау органы, тергеуші прокурор немес сот қарастырады» [6, б. 227-228].

С.М. Рахметовтың көрсетіп отырған негіздері татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормасы қолданылмайтын қылмыстарды да қамтып отыр. Атап айтар болсақ, С.М. Рахметовтың мысалға келтіріп отырған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 130-бабындағы «Жала жабу» мен 131-бабында көрсетілген «Қорлау» қылмыстары жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатпайды.

А.Н. Ағыбаев жәбірленушіге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормасын қолданудағы басшылыққа алынатын негіздерді келесі түрлерге бөліп былай дейді: «Мұндай негізде қылмыстық жауаптылықтан босату үш түрлі негіз болғанда жүзеге асырылады:

Біріншісі, кінәлі адамның істеген іс-әрекеті ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыс деп танылуы мүмкін

Екіншісі, кінәлі адам жәбірленушімен өзара татуласып, мәмілеге келуі қажет. Мұндай татуласу қорқытудан, тәуелділіктен емес, шын өзара түсіністікпен ғана болуы қажет.

Үшіншіден, жәбірленушіге келтірілген зиянның орны толтырылуы қажет. Осы белгілердің жиынтығы орын алған кінәлі адамға 68-бапта көрсетілген жазаны қолдануға негіз бар. Көрсетілген белгілердің кем дегенде біреуі болмаса, онда айыптыға бұл көрсетілген заң нормасын қолдану арқылы қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз жоқ» [7, б. 254].

А.Н. Ағыбаев пен С.М. Рахметовтардың жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормасын қолданудағы басшылыққа алатын негіздерді белгілеуде өз ара айырмашылығы А.Н. Ағыбаевтың түсінігінде аталған норманың бірі ретінде «бірінші рет қылмыс жасау» ұғымы қарастырылмай отыр.

Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасы қолданылған адам тарапынан алдағы уақытта басқадай қылмыстар орын алмас үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының диспозициясын «қылмыс жасаған адамнан қайталап қылмыс жасамау туралы міндеттеме алу» туралы сөйлеммен толықтыру қажет деген тұжырым жасаймыз.

Қылмыс жасап, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамға Мемлекет тарапынан кешірім жасалып отыр, сондықтан, ол адам осы Мемлекет тарапынан жасалып отырған кешірімді бағалау қажет. Сондықтан, қылмыс жасаған адам жәбірленушімен татуласып, қылмыс барысында келген зиянның орнын толтырып, қылмыстық іс жүргізу органына өзінің қылмысын мойындап, алдағы уақытта басқадай қылмыстар жасамайтындығы туралы міндеттеме алып, өзін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатуын өтініш білдіруі қажет. Сол кезде ол қылмыс жасаған адам өзінің алған міндеттемесін бұзбауға тырысады деген ойымыз бар. Егер қылмыс жасап жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам өзінің міндеттемесін бұзып қайталап қылмыс жасаған уақытында оған қайталап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының талабына сай қылмыстық жауаптылықтан, қылмыстық жазалаудан босату заң нормалары қолданылмауы қажет.

Осы аталған негіздер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының диспозициясынан өз орнын алатын болса татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату заң нормасындағы орын алып отырған өзекті мәселелердің дауы шешіліп нүкте қойылар еді демекпіз.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1 Комментарий к Уголовному кодексу Российской Федерации / Отв. ред. д.ю.н., проф. А.В. Наумов. – М.: Юристъ, 1997. – 824 с.

2 Сборник кодексов Российской Федерации. Изд. 9-ое. – М.: Информационно-издательский дом «Филинъ», 1999. – 784 с.

3 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Т-Ү (таңертең-үрей). Т. 9. – Алматы: Ғылым, 1986. – 560 б.

4 Комментарий к Уголовному кодексу Кыргызской Республики. Общая часть / Под общ. ред. Абдылдаева М.Ю., Сабирова А.А., Асаналиева Т.А. – Бишкек, 1999. – 214 с.

5 Киреева Н. Практические проблемы примирения института примирения с потерпевшим // Уголовное право. №5. 2005. – С. 34-36.

6 Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы. Жалпы бөлім: Оқулық. – Алматы: Жеті жарғы, 2001. – 272 б.

7 Қылмыстық құқық: Оқулық. – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 288 б.