Өскемен қаласы С. Аманжолов атындағы
ШҚМҮ
Матаева Бақытгүл Үкіжарқызы магистр,
«Психология және коррекциялық педагогика» кафедрасының
аға оқытушысы
Келгенбаева Сымбат
Өскемен қаласы С. Аманжолов атындағы
ШҚМҮ
«Казақ тілі және әдебиет»
мамандығының 2 курс студенті
Қыз тәрбиесі –ұлттық тәрбие
Қыз тәрбиесі – ұлттық
тәрбие «Қызды тәрбиелегеннің – бір ұрпақты
тәрбиелегенің», - деген екен ата- бабамыз. Бұл
сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Қыз бала қай халықта болмасын
әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен
іңкерліктің символы. Халқымыз қыз психологиясы
ерекшелігін түсіне білген. Отбасы, әке-шешесі,
аға-жеңгелері, бойжеткен қызын жібектей мінезімен, уыздай
тәтті қылығымен, іскерлік-ұқыптылығымен,
сыпайы-салмақтылығымен, әдепті-ізеттілігімен көргісі
келген. Оларды кішкентайынан көздің қарашығындай
сақтап, жаны мен арының таза, мінезінің жайсаң болуын
қадағалап отырған, олардың мінездерінің өзгертіндігін
ескере отырып, "қырық үйден тыю" керектігін
үнемі (ескеріп отырған).Өйткені қыз болашақ
ұрпақтың анасы. Олай демеске лаж жоқ. Ұрпақ
жалғастығын бәрінен жоғары қою,
өле-өлгенше баласына қамқорлық көрсету
әлемнің бірқатар елдерінде сақтала бермейтін
дәстүр. Жасыратыны жоқ біз қызбаланы тәрбиелеуде
ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен
алшақтап кеткенбіз. Атам заманнан келе жатқан
салт-дәстүрдің қуанышы мол, қызықтысы –
ұлын ұяға қондыру, қызын қияға
ұшыру, бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін
түсіру болған. «Алып анадан туады» дегенді түптей
түсінген қазақ елінде Ананы ардақтау, Ананы сыйлау,
оның ішінде жаңа түскен жас келінді құметтеу
бұзылмас салт-дәстүрге айналған.
Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені,
имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының
әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін
еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) « Кімнің үш
қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай
терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар ( қыздарын
тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан
қалқан болады», - деген. Бұл шынымен де қыз бала
тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтіндігін
дәлелдейді. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын
сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы
өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «бір ұл
тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір
қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің»
деген дана сөз бар. Әубәкір сынды үлкен ақын
«Қыз бала – үйдің бояуы» деген екен. Сол кісінің
айтқанындай қыз әлемнің көркі, әрі
ұрпақты көбейтуші. Қыз баланың тәрбиесін
ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын
халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де
қалтықсыз ұстануымыз қажет. Болашақта да,
қазір де сыр-сымбаты ақыл парасатына сай, адамгершілік
қасиеттерді өз бойына толыққанды топтастыра алған
қыз тәрбиелеу біздің басты парызымыз болып табылатынын еш
уақытта естен шығармауымыз керек. Қыз баланың болмысын
биіктететін, оның тұлғалық ерекшеліктерін
айқындайтын тәрбие мен ұлттық
құндылықтарды айтар едім. Ана тілімізде «қыз» деген
сөз бар. Ол ең қасиетті де, құрметті сөз.
Қасиетті болатыны- бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз
келін болады, келін - анаға айналады, ал ана-әже деген зор
дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп,
ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ халқы
қыз баланың қадір қасиеті мен қылығы
ұлттық ұлылығын танытады деп халықтық
болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың
тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені
қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықтарды
топтастырған. Қазақ қауымында қыз баланың
орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп
есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып
қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер,
қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап
отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.
«Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен қазекем
өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша
көңіл бөлген. Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі
келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым»
жасайды. Осы тұста қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі
де көзден таса болмайды. Бұл байланысты аталарымыз «Қызы бар
үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деп тұжырымдаған.Өйткені
әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткізеді. Қыздың
балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы
жеңгелер жүреді. Ата-ана қызынан еш нәрсені аямайды.
Оның еш нәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін
қадағалайды. Өйткені қызға бергенді қызыр
өтейді деп біледі.Сонымен бірге қазекең қызды бетімен
де жібермейді. Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей
отырып, оларды қанаттыға қақтырмай,
тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз санайды.
Олардың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін
ешуақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан
«қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейілінше
сақ қарайды. Қыз баққаннан қысырақ
баққанның оңайлығын» жадынан шығармай
баянды отанын тапқанша өзінің, жауапты екенін еш
ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы
құндыздай күтеді. «Күйеу жаман болса
қызыңнан» деуінде үлкен мән бар.Өзінің
отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен
қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса,
парасатты да пайымды болса екен дейді. Қызын дұрыс тәрбиені
алмаған ата-анаға бабаларымыз тағыда «Қызды күте
алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн
етеді» деген. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі
нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке,
байлыққа жиһазға
қызықпағандығын жыр- дастандардан білеміз.
Қазақ қызды махаббат атты асыл сезімді айрықша
қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып
бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де
бақыттымын деп, өмірге риза болған. Ұлттық
бойындағы бір жақсы қасиеттерді – тілін, дінін,
әдеп-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне,
немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел –
ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке – бірлігін, туыстық
татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел – ана. «
Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», -
деген ұлағатты сөз осыдан туса керек. Кең байтақ
ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде
сөйлеп, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрінің,
мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып
келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша
бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере,
Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.
Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз
өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани –
моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп,
табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала
берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл
жақсы үрдіс, ғибратты кәде бүкіл
ұлттық бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген.
Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп,
қонақ деп еркелетіп, парасаттылыққа баулып еркін
өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан
шыққан.Сұлулық
пен сымбаттылықты, шеберлік пен іскерлікті қажетсінетін үй
ішілік еңбекке (кесте тігу, өрнек, кілем тоқу) көркем
сөз, ән-күй, айтыс секілді өнерге баулуды-бойжеткен
тәрбиесінің басты міндеті санаған.
Xалқымыздың ұлттық
дәстүрінің бір ерекшелігі - ақыл-кеңесті жас
ұрпақ санасына, әсіресе қыз балаға
түспалдап,астарлап жеткізу. Мысалы, "Келінім саған айтам,
қызым сен тыңда".Қыз тәрбиесінде-күш
көрсету, қорқыту тәсілдерінен бойды аулақ
ұстап, мәпелеу, сендіру,үлгі өнеге әдістеріне
ерекше мән берген.
Әдепті қыз үсті-басын таза
ұстап, сәнді киінуге, айналадағыларға қарап бой
түзеуге тырысады, шаш күтімі, тіс күтімі сияқты кісіге
ажар беретін косметикалық-гигиеналық талаптарды сақтайды.
Жақсы мінезге қыз бала жастайынан
үйренсе ғана ол бойға қонымды болады.
Мінез-құлық тәлімі, бойжеткеннің
мінез-құлқы, психологиясы туралы жазылған, жақсы
ақыл-кеңестер беретін кітаптар: Ж.Байжанова "Қызым
саған айтам"(Алматы, 1985 жыл); А.Хрипкова, Д.Колесов "Ұл
өссе, қыз өссе"(Алматы 1988 жыл);
И.Қарақұлов "Қырық сұрақ"
(Алматы, 1985 жыл).
Қыз абыройы - болашақ
отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе.
"Қыздық жолы жіңішке" деп, оның абыройын
сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыз
баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына,
махаббатты жоғары бағалауына байланысты. Әр
әке-шеше, туған-туысқан, бауыр өз
қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп,
қадағалайды, әсіресе қыз тәрбиесіне анасы
жауапты. Халқымыз бойжеткен қыздың алдына келешектегі
өмірлік міндеттерін қойып, орындап отыруды қыздық
абыройы деп санаған.
Олар: ізетті болу, әсем киіну, әкені
күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабаң шытпай
жүру, үлкендердің алдынан кесіп өтпеу,
ұқыпты болу, өсек айтпау, ұрпақ тәрбиесінен
хабардар болу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу, ана
тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, сиыр
сауа білу, кілем тоқып, кесте тіге білу, т.б. секілді
мінез-құлықтық қасиеттер мен дағды
икемділіктері. Отбасында, бала бақшасында, мектепте, көпшілік
орындарда қыз абыройын тәрбиелеу баршамыздық міндетіміз.
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі:
1. Т.А.Ильина. Педагогика. - Алматы,
1977.
2. Қ.Б.Сейталиев. Тәрбие теориясы. -
Алматы, 1976.
3. И.А.Қайров Адамгершілікке
тәрбиелеу әліппесі. Алматы, 1980.
4. К.А.Оразбекова. Иман және инабат. -
Алматы, 1993.
5. Қ.Жарықбаев. Аталар сөзі,
ақылдық-көзі. - А., 1980.
6. А.Құнанбаев
шығармаларының толық жинағы. - Алматы, 1954.
7. Ел аузынан. - Алматы, 1989.
8. Тәлім-тәрбие
тұжырымдамасы/Қазақстан мұғалімі. 5
ақпан,1993.
9. М.М.Тілеужанов. Қазақ
халықтық педагогикасының кейбір мәселелері. - Орал,
1992.
10. Құран хикаялары.
11. Ж.Байжанова. Қызым
саған айтам. - Алматы, 1990.
12. Ж.Байжанова. Ұлым
саған айтам. - Алматы, 1990.
13. Г.Исаева. Шаңырақ
шаттығы. - Алматы, 1992.
14. Ү.Жөнібеков.
Уақыт керуені. - Алматы, 1992.