Психология/Психология развития

Психол.ғ.к., доцент Уақпаева Ү.А.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ  ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН  ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА  МЕКТЕП  ПСИХОЛОГЫНЫҢ  ЫҚПАЛЫ

 

Психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың біреуі – қарым-қатынас. Қарым-қатынассыз  тұлғаны түсіну, оның дамып жетілуін талдау мүмкін емес.

Қарым-қатынаста адамдар өзін көрсетеді, өзі үшін және басқалар үшін психологиялық қасиеттерін аша түседі. Сонымен бірге ол қасиеттері қарым – қатынаста қалыптасады да. Адамдармен қарым-қатынаста адамның адамзаттық тәжірибені игеруі, қалыптасқан мораль, құндылықтар, білім мен іс-әрекет түрлерін игеруі, жеке адам және дара адам түрінде қалыптасуы іске асырылады. Яғни қарым-қатынас адамның психологиялық дамуының маңызды факторы.

Қарым-қатынас адамдардың өзара әрекеттестік және өзара қатынас жасауының ерекше формасы.

Қарым-қатынас ұғымы С.И. Ожегов сөздігінде өзара келісім, іскерлік және достық байланыс арқылы анықталады. Нақты әлеуметтанулық, психологиялық, педагогикалық зерттеулерде қарым-қатынас ұғымы өзара әрекеттестік, байланыс ұғымдарымен жақын мағынада қолданылады. Сонымен қатар қарым-қатынас контексінде өзара әрекеттесуді, қатынасты тиімді жүзеге асырудың тәсілдері, дағдылары, құралдары, адамның қабілеті мен қасиеттері жүйесінде қарастырылады. Қазіргі кезде қатынас мәселесін философия, психология, әлеуметтану, этика, психолингвистика - осы сияқты, саладағы ғалымдар әр жақты зерттейді. Мәселен, Л.П.Буева іс-әрекет пен қарым-қатынас өзара байланысты, сонымен қатар өзбетті  деп тұжырымдаса, М.С.Каган қарым-қатынасты адамның іс-әрекетінің бір түрі, құрлым мен атрибутына тән деп  қарастырады. М.В.Соковин адамның қарым-қатынасын коммуникативті іс-әрекет, қатынас, өзара  түсіну  және  өзара  әсер ретінде қарастырады.

“Қарым-қатынас” ұғымының көп анықтамаларының арасында біз оны - “коммуникативті іс-әрекет” ұғымымен синоним деп қарастыратын (А.Н.Леоньтев, М.И.Лисина, Х.Т.Шерьязданова, Т.И.Суркова, Д.А.Исмайлова, Ж.А.Абишева   және т.б.) позицияларына  жүгініп, М.И.Лисинаның  анықтамасын арқау етеміз. Сонымен қарым-қатынас  деп - екі  (немесе одан да  көп)  адамның қатынастарын  жасап, реттеуі мен ортақ  нәтиже алуды  мақсат етіп, келісім мен  бірлестікке  бағытталған  өзара әрекеттерін  атаймыз.  А.Н.Леоньтев іс-әрекеттің қай түрін болмасын қарым-қатынаспен қабаттас  болады  деп түсіндіреді. Ол  іс-әрекетті қарым-қатынастың қажетті шарты ретінде қарастырады. А.Н.Леоньтевтің қарым-қатынасты іс-әрекеттің өзгеше түрі деп талдау концепциясы, Б.Г.Ананьевтің, А.А.Бодалевтің коммуникативтік әрекет жайлы ілімдері біздің зерттеулеріміздің  әдіснамалық  негізі болды.

Ал әйгілі қазақстандық ғалым-психолог С.М.Жақыпов бүтіндей оқу-тәрбие  үрдісініің  тиімділігін  анықтайтын факторлардың  бірі  және  оқытушы  мен оқушының  арасындағы  өзара  әрекеттестік  деп  бірлескен  диалогтық танымдық іс-әрекетті тиімділік  критериі  деп  көрсетеді. Мұнда  өзара әрекеттестік, қарым-қатынас  мәселесі шешілгенде  танымдық  іс-әрекетті  қалыптастыру  үрдісіне  жетекшілік  жасау мүмкіндігі  пайда болатындығы  дәлелденеді.

Қарым-қатынасты зерттеу мәселесімен айналысушы  ғылымдардың көпшілігі (А.Г.Ковалев, М.И.Лисина, А.В.Петровский, К.Обуховский, В.С.Мусина , В:С.Мухина  және т.б.) адамдардың  қарым-қатынасты  жүзеге  асыруын қажетсіну, басқа адамды танып-білуге ұмтылу, ниет білдіру ерекшеліктері деп түсіндіреді.

Психологиялық, педагогикалық  зерттеулерде  педагог пен балалар  арасындағы  қарым-қатынас   мәселесі  басқы  орын алады.  Бұл қарым-қатынасты  анықтауда  арнайы “педагогикалық  қарым-қатынас” деген ұғым  қолданылады. Педагогикалық қарым-қатынас А.А.Бодалев, В.А.Кан-Калик, Я.Л.Коломинский, В.А.Петровский, А.А.Леонтьев   т.б.  еңбектерінде  мазмұны, формалары,  тәсілдері  бойынша  сипаталады. Педагогикалық қарым-қатынас  педагог пен  балалар арсындағы  нақты  психологиялық контракт деп түсіндіріледі.

Педагогикалық қарым-қатынас  негізінде  балалардың  мінез-құлқы,  таным дүниесі,  адамгершілік  позициясы  қалыптасып  жетіледі. (Х.Т.Шерьязданова, В.Ф.Моргун  т.б.).

Педагогикалық қарым-қатынастың  формасы - балалар мен  педагогтың  “субьект-субьект” жүйесіндегі бірлескен әрекеттестіктері болып табылады.

Әдебиеттерге талдау жасағанда педагогтық қарым-қатынас стилінде коммуникациялық тәсіл, қатынас сипаты, даралық, балалар ерекшелігі, әлеуметтік-адамгершілік  құндылықтар,  әлеуметтік рөлі мен статус көрінеді.

Әрбір қарым-қатынас стилі  де  педагогтың балаларға  әсер етуін  байқатады. Педагогтың қарым-қатынасындағы авторитарлық стиль педагогтың позициясымен сипатталады. Онда педагогтың балалардан бағынуды талап етуі, не іс-әрекетті күшпен орындатуы, жазалау тәсілдерін қолдануы, балалар инициативасын табан асты етуі, балалар мүмкіншілігінен тыс жетістікке үміттенуіне әсер ету, тәрбиелеу тәсіліне айналады. Мұндай жағдайда балалардың өз мінез-құлқын, жүріс-тұрысын реттей алмауы, қорқыныш-үрейлі күй кешуі, кез-келген іс-әрекетке қызығушылық, ниет, мотивтің болмайтындығы талай зерттеулерде белгілі болған. Педагогикалық қарым-қатынастың демократиялық стилі педагог пен балалардың бірдей белсенді позициясын қамтамасыз етеді. Педагог балалардың жағымды эмоцияларды қажетсінуі мен өзінің ішкі мүмкіндіктерін шығаруға мүмкіндік жасайды. Мейірім, достық негізіндегі дара стиль арқылы балалардың өз-өзіне сенімді болуын, адамгершілік  құндылықтарды  қалыптастыруы, дамытуы мүмкін болады. Мұнда педагог сендіру және  иландыру тәсілдерін пайдаланып қарым-қатынас құрады.

Педагогикалық қарым-қатынастың либералды – босаң стилі негізінде балалардың өз міндеттерін түсінбеуі, мінез-құлқын, жүріс –тұрысын реттей алмауы, топтық жағдайға бейімделе алмауы сияқты негативтер болады. Бұл педагогтың кәсіби әлсіздігімен, енжарлығымен түсіндіріледі.

Әрбір педагогтың қарым-қатынас сферасында барлық стилдер  қолданылғанымен бірі басымдылау болады (А.В.Мудрик,  В.С.Мухина).

Мектептегі психологиялық қызмет үшін балалардың қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу, анықтау және оны түзету мәселелері көкейтесті проблема болып табылады. Өйткені бала өзін-өзі анықтаудың күрделі проблемаларын жалғыз өзі шешпейді, ата-анасының, құрбы-құрдастарының, мұғалімдерінің қолдауымен шешеді. Дегенмен бала жеткіншек кезінен өзінің есеюін сезіне бастағанннан үлкендердің қамқорлығын теріс бағалау феномені орын ала бастайды. Олар ата-аналарынан және басқа үлкендерден қарым –қатынасты тең дәрежеде жүргізуді талап етеді. Бұл тенденция жас өспірімдік кезеңінде де жалғасады.

Баланың өзін-өзі анықтауы, қарым-қатынас ерекшеліктерін меңгеруі,  басқа балалар ортасында абыройлы болуы - үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады. Басқаларға әсерлі болудың қыр-сырын әлі түсінбеген бала оны дөрекілікпен немесе ерекше қылжыңдықпен көрсеткісі келеді. Дегенмен бала мінез-құлық мәдениетін меңгерудің қажеттілігін түсінгенімен ол қандай болу керегін және оны қалай дамыту керек екенін әлі түсіне алмағандығынан балалар көптеген қателіктер жібереді. Сондықтан үйлесімді қарым-қатынас орнатуда бірінші көмекші болатын адам - мектеп психологы.

Мектепте оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында іскерлік қарым-қатынасты (функционалдық-рольдік) ұйымдастыру арқылы оқушылардың бір-бірімен тіл табысқыш, ұйымшыл, басқалардың пікірімен санасу және сыйлау қабілетін қалыптастырады. Психолог осы міндеттерді шешу үшін оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жолдарын анықтап, әр оқушының басқаларға және өзіне ыңғайлы, жайлы болуына жағдай жасауы қажет. Оқушылар қарым-қатынас мәдениетін зерттеу нәтижесі оларға психологиялық көмек қажет екенін көрсетті.

Қарым-қатынасты зерттеген ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін, ұғымына төмендегідей анықтама беруге  болады:

Қарым- қатынас мәдениеті дегеніміз-адамдардың өз мінез-құлқын басқару арқылы басқалармен тіл табысу және алдына қойған мақсатына жетудің тиімді жолын табуды айтамыз.

Қарым-қатынас мәдениеті қалыптасу деңгейін, оның сапасын өлшеп көрсету өте қиын. Өйткені тек қана іскерлік, қолданбалы, тәжірибелік мәселелердің тиімді шешілгені қарым-қатынастың барысында барлық қатынасқан субьектілері үшін оң жағдайда жүргенін көрсетуі мүмкін. Сондықтан іс-шаралар нәтижесі гуманистік, адамгершілік қасиеттерді сақтау негізінде, басқаларға психологиялық қысым, зорлық көрсетпей жүргізу бағытында болғанда ғана қарым-қатынас мәдениеті сақталғаны анық байқалады.

Қарым-қатынас мәдениеті қалыптасқан адам сыртқы орта жағдайына байланысты өз мінез-құлқының моделін жасап оны жүзеге асырады. Осы модельге көптеген психологиялық көрсеткіштер әсерін тигізді. Г.М.Андреева, Э.Берн  зерттеулерінде келесі көрсеткіштер анықталған: адамның дүниетанымы, қарым-қатынас обектісіне көзқарасы,өз құқығы мен міндеттерін түсінуі, өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі басқаруы, өзін-өзі реттей білуі, әдеттері, қарым-қатынас тәжірибесі, мінезі, көңіл-күйі т.б. Осы көрсеткіштерге сүйене отырып оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін жан-жақты зерттеуге болады.

Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін зерттеуге әлеуметтік  психологияда қалыптасқан әдіс-тәсілдердің басым көпшілігін қолдануға болады. Ол әдістемелерді сынып ұжымындағы балалардың өзара қарым-қатынасын зерттеу барысында  жүргізудің көптеген ұтымды жерлері бар. Балалар сабақ барысында, сыныптан тыс іс-шаралар жүргізгенде, көптеген оқу-тәрбие мәселелерін шешу барысында бір-бірімен себептес байланыста болып, қарым-қатынас жасайды. Сондықтан балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін, қажетті болған кезде психологиялық түзету жұмыстарын жүргізу, тәрбиелік мәні бар қосымша іс-шаралар ұйымдастыру үшін сынып ұжымы ыңғайлы. Баланың өзі оқитын сыныпта жолдастары, достары,бос уақытында бірге ойнайтын құрбылары бар. Осы әлеуметтік ортада қалыптасқан сыныптағы ұжымішілік қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу арқылы балалардың қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасу деңгейін анықтауға мүмкіндік  туады.

Топтағы қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеуге кеңінен пайдаланылатын әдістемелер Э. Берн жасаған трансактілік талдау және Дж.Морено ұсынған социометриялық талдау болып табылады. Бұл әдістемелерді пайдаланудың өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар.

Әр адамның қарым-қатынас мәдениеті оның жекедаралық қасиеттеріменде тікелей байланысты. Сондықтан оқушылардың  қарым-қатынас мәдениетін зерттеуге әлеуметтік психологияда қалыптасқан әдіс-тәсілдердің басым көпшілігін қолданумен қатар әр баланың жекедаралық ерекшеліктерін анықтау керек. Осы қарым-қатынас барысында әр баланың жеке позициясы және мінез акцентуациясының көрініс беруі т.б. қасиеттері үлкен роль атқарады. Сондықтан бұл тарауды зерттенушілердің жеке-даралық қасиеттерін бағалау үшін төмендегідей әдістемелерді қолдануға болады: Дж.Мореноның «Социометрия» әдістемесі; Оқушылардың жекедаралық қасиеттерін, коммуникациялық және ұйымдастырушылық қабілеттерін зерттеуге  арналған (КОС) әдістеме; Леонгардтың «Мінез акцентуациясын зерттеу тесті»; Агрессияны анықтауға арналған Басса-Дарки әдістемесі.

Қарым-қатынас  мәдениетін қалыптастыру барысында түзету жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Топта әр адамның өзін еркін сезінуіне қолайлы жағдайларды қалыптастырудың ең тиімді жолы- ойын тренингін жүргізу. Ойын адамның мінез-құлқын, қабілетін, әлеуметтік өзара әрекет дағдысын дамытуда, бейтаныс топтармен қарым-қатынас жасау жолдарын көрсетуге, мінез-құлық нормаларын меңгеруіне т.б. құндылықтарын  мен  байқап, бағамдау таныстыру үшін тиімді әдіс-тәсілдер жинағы болып табылады. Сондықтан түзету жұмыстарының басым көпшілігі ойын арқылы жүргізіледі. Ойын барысында қатынасушылар талап ететін тұлғаарлық қатынасты құру арқылы балалардың жалпы қарым-қатынас мәдениетін көтеруге мүмкіндік туады. Топтағы балалардың бір-біріне сенім артып, қарым-қатынастағы кеңістіктің маңыздылығын жете түсінуге көмек көрсетіледі және серіктестік қатынас барысында кеңістікте орналасудың өзінің өте маңызды екенін, оның әсерін түсінеді. Мәселен: «Мәдениаралық өзара әрекет» тренингі, Ситуативті-коммуникативті ойындар т.б осыған байланысты тренингтерді жүйелеп, қолдану тиімді.

Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда мектептегі психологиялық қызметтің жүйелі әрі жоспарлы жұмыс атқаруы ерекше маңызға ие.

 

  Әдебиеттер:

1.   Әбеуова  И.Ә. Әлеуметтік  психология (оқу  құралы) Алматы 2001. 57 б.

2.   Әубәкірова Ж.Қ. Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым-қатынас тренингін ұйымдастырудың психологиялық – педагогикалық негіздері. Пс.ғ.канд.дисс.Алматы. 2001ж. 135-бет

3.   Ожегов С.И. Словарь русского языка. М.,1960.-с.427.

4.   Буева Л.П. Человек: деятельность и  общение.-М.,1978.-с.113.

5.   Лисина М.И. Общение, личность и психика ребенка. М.,1997

6.    Кравцова Е.Е.  Психологические проблемы готовности  детей  к  обучению в  школе.М.,1991.-с. 135-143.

7.    Шерьязданова Х.Т., Суркова Т.И.  Педагогу о стиле общения с детьми.-Алматы, 1996.

8.   Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. Алма-Ата, Изд-во КазГУ 1992. – 195 с.

9.   Божович Л.И. Проблемы формирование личности. 2-е изд. –М.,1997.