Этнографиялық киімдердің эмоционалдық-көркемдік образы

Г.С. Смагулова«Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялауы және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, техника және технология магистрі»

(Тараз қаласы. М.Х. Дулати атындағы тараз мемлекеттік университеті)

К.К. Иманбекова - «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялауы және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, техника және технология магистрі»

(Тараз қаласы. М.Х. Дулати атындағы тараз мемлекеттік университеті)

 

            Сән ешқашан бір орында тұрған емес. Қазіргі заманның сән дизайнерлері әртүрлі әлем халықтарының киім үлгілерін кеңінен пайдалануда. Халық өнерін терең зерттеп, оның дәстүрлерін кеңінен пайдалану арқылы суретші-модельерлер өздерінің шығармашылық қызметтеріне жаңа тенденциялар қалыптастыруда.

            Этникалық стиль өзінің көпжақтылығымен, нұсқаларының алуан түрлілігімен, өзіне ғана тән ерекшелігімен, әлемдегі өте ықпалды сән  брендіне бұрыннан ие болған. Бұл айрықша стильдің ең басты ерекшеліктерінің бірі – әртүрлі мәдениеттердің, ұлттық стилінде айқын және шұбар принттерді кеңінен пайдалануы болып табылады. Мұнда бір сәнді киімнің өзінде әр түрлі түстер, қарама-қарсы контрастты түстер мен әртүрлі материалдар фактуралары бір-бірімен үйлесім табады. Киімдегі этникалық стиль шексіз, ол алуан түрлі әлем мәдениеттерінің түрлі ерекшеліктерін өзіне сіңіре алады.

            Декор үлкен роль атқарады. Декор – киімді сәндейтін элементтер жиынтығы, көркемдік жүйе. Декорға жататындар: матамен безендіру, декоративті және конструктивті сызықтарды пайдалану, безендірудің әр түрлері (бисермен, моншақтармен, тастармен), фурнитуралар, матадағы оюлар, фактуралардың орын алмасуы және т.б. Декоративті элементтер киімнің образдық сипатын айқындайды, киім стилінің, пішін конструкциясының және құрамдас бөліктерінің ерекшеліктерін көрсетеді. Безендіру сипаты мен материал өңдеу тәсілдерінің маңызы зор. Оюлы суреті бар мата киімге пішін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, оны көзбен көріп қабылдауға ықпалын тигізеді: ерекше бөліктеріне назар аудартады, костюмнің әртүрлі детальдарының назарға ілінуін реттейді, пішінді толық көзбен қабылдауды жүзеге асырады.

            Ою костюмге және оның жеке құрамдас бөліктеріне тұйықталмаған фрагмент сипатын береді немесе әрбір жеке бөліктің айқындалуын қамтамасыз етеді, костюм пішінінің толық конструктивтік логикасын анықтайды. Сондықтан, оюлы тоқыма материалдарымен коллекция құрғанда,  костюм пішінін көзбен қабылдауда силуэттік және кеңістік сипаттамаларының ерекшеліктері есепке алынады.

            Костюмге «көлемділік» беру үшін, майда және орташа мөлшердегі пластикалық пішінді мотивтегі маталар қолданылады. Олар «қозғалыс» немесе «тербеліс» әсерлерін тудырады, мата беті біркелкі, тегіс болып көрінбейді. Сонымен қатар, киімге «көлемділік» беру үшін монокомпозициялы суреттер пайдаланылады, олар костюм пішінінің орталық бөлігінде көзбен қабылдау белсенділігін арттырса, костюм силуэтінің шеттеріне қарай бәсеңдей береді.

            Қазіргі кездері киім үлгісін модельдеуде киімнің стильді дәстүрлі элементтерін пайдалануда кейбір шарттылықтар қолдау  табуда. Алғашқы кездері қабылданылуы қиын киімнің жаңа пішіндері, көз үйренгеннен кейін бірте-бірте эстетикалық дұрыс пішіндер қатарына еніп кетеді. Этнографиялық костюмге тән киім пішінінің құрылымы, оның силуэті, оюлар сипаты қазіргі заманғы көптеген  киім үлгілерінің негізін құрайды. Этнографиялық костюмдерге қарапайымдылық, ыңғайлылық, жинақтылық,  пайдалылық, жеке элементтері мен компоненттерінің бір-біріне үйлесімділігі тән. Сонымен қатар, силуэт сызықтарының ырғақтылығын келтірудегі түстер шешімі, табиғи түстердің үйлесімділігі маңызды роль атқарады. Костюмнің эстетикалық шешімі, біртұтастығы, формаларының көптігі, декоративті безендірілуі оған өзіндік жарасымдылық береді.

            Этнографиялық киімдердің эмоционалдық-көркемдік образы дизайнерлерді қазіргі заман костюмдерін модельдеуде жаңа технологияларды, тәсілдерді, тоқыма өнеркәсібі ұсынған жаңа маталарды пайдалануға итермелейді. Этнографиялық костюмнің тиімділік қағидаларын, композициялық жетістіктерін сақтай отырып, жаңа технологиялар мен технологиялық әдістерді пайдаланып, қазіргі заманға лайықты костюм модельдерін жасау – қазіргі модельерлердің басты міндеті болып табылады. Халық мотивімен шешілген қазіргі заман костюмінің көркемдік шешімі заман талаптарына сай болуы тиіс. Этнографиялық костюмдерді зерттегенде, оның пластикалық байлығын, пропорциялық қатынастарының дұрыстығын, түстердің шешімін, фактуралық көпжақтылық пен ритмдер байлығын көріп-сезе білу қажет. Тек мұқият түсініп зерттеу арқылы ғана суретші қазіргі заман костюмінің ерекше үлгісін жасай алады. Мұнда қайталау немесе өткен үлгіден көшіру болмауы тиіс, тек этнографиялық киімді еске салатындай болуы тиіс.

Әдебиеттер:

  1. Фольклор и этнография. Сборник научных трудов. Институт этнографии им. Н.Н.Миклухо-Маклая - Л.:Наука, 1990.
  2. Г.С.Горина. Народные традиции в моделировании одежды - М.: Легкая индустрия,  1974.
  3. Под ред. Т.В.Козловой.  Костюм.  Теория художественного проектирования - М.: МГТУ им. А.Н.Косыгина, ООО «СовьяжБево», 2005.
  4. С.Асанова, А.Птицына. История казахского народного костюма и прикладного искусства - Алматы, Тауар, 2000.
  5. Г.Такишева, Б.Асанова. Моделирование и художественное оформление одежды - Астана, Фолиант, 2008.