х.ғ.к. Жұмаділлаева С.А., магистрант Сайдахметова Д.С.

А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан

САЛИЦИЛ ҚЫШҚЫЛЫНЫҢ ГИДРАЗИНОЛИЗІН ИОНИТТІ КАТАЛИЗАТОР ҚАТЫСЫНДА ЗЕРТТЕУ

       Карбон қышқылдарының гидразидтері және олардың туындылары халық шаруашылығының әртүрлі саласында физиологиялық  активті заттар, өсімдіктер өсуінің реттегіштері, мономерлер және жартылай өнімдер т.б заттар ретінде ауқымды қолданысқа ие.

       Бензой және сірке қышқылының гидразидтері каучук вулканизациясының жеделдеткіштері ретінде ұсынылған. Гидразиннің екі негізді қышқылдармен конденсациясының нәтижесінде ыстық пен суыққа, еріткіштер әсеріне, иілу мен майысуға төзімді талшықтар түзетін полигидразидтер түзіледі. Полиакрил және метакрил қышқылдарының гидразидтері цементті композициялардың пластификаторлары ретінде қолданылады.

      Малеин қышқылының гидразиді өсімдіктер өсуін реттеуші тиімді  зат ретінде қолданылады. Оны картоп пен сарымсақ өніп кетпеуі үшін, жемісті ағаштардың ерте басталған аяз алдында гүлдеп кетуін тежеу үшін, мақта сабағындағы жапырақтардың өсуін тежеу үшін қолданылады.   Сульфоқышқылдардың гидразидтері инсектицидті және фунгицидті қасиеттерге ие [1].

     Салицил қышқылының гидразідінің түзілуіне әртүрлі факторлардың (гидразингидрат мөлшері, температура, реакция ұзақтығы) әсерлері зерттелді.

     Гидразингидрат мөлшері (С0гг) 1г салицил қышқылына (СҚ) алғанда 0.48 – 0.96 г аралығында өзгертілді. 0.72г гидразингидрат мөлшерін қосқанда гидразидтің шығымы жоғары болды. Ары қарай гидразингидрат мөлшерін көбейту жанама конденсация реакциясының жүруіне байланысты гидразид шығымының төмендеуіне алып келеді.

Кесте

Салицил қышқылының гидразидінің түзілуіне әртүрлі факторлардың әсері

0CҚ1г )

С0ГГ,   г

   Скт,    г

СН2О,  г

    t,   0C

τ, сағат

Гидразид шығымы, %

0.72

 

2

12

95

2

64

0.96

 

2

12

95

2

62

0.48

 

2

12

95

2

61

0.72

 

2

12

95

1

41.5

0.72

2

 

12

95

1.5

54

0.72

2

 

12

95

2

64

0.72

2

 

12

95

2.5

65

0.72

2

 

12

95

2

64

0.72

2

 

12

85

2

62

0.72

2

 

12

75

2

60

0.72

2

 

12

65

2

58.8

  

    Процеске әсер ететін факторлардың бірі – реакция ұзақтығы. Реакцияның толық аяқталуына 2 сағат жеткілікті болады, өйткені жанасу уақытын ары қарай ұзарту гидразид шығымының елеулі өзгерісіне алып келмейді.

       Процестің жүруіне елеулі әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып температура өзгерісі табылады. Температураны 65 0С- тан 95 0С-қа дейін жоғарылатқанда, салицил қышқылының гидразидінің шығымы жоғары болды. Температура төмендеген сайын гидразид шығымы төмендейді және жанама өнімдердің түзілуі байқалады. Сондықтан гидразидті жоғары температураларда синтездеу қолайлы болады.

       Сонымен салицил қышқылының гидразидін синтездеу үшін әрекеттесуші заттардың массалық қатынасы СҚ:ГГ:Kt:Н2О=1:0.72:2:12 болатындай етіп алынады, температура 950С, реакция ұзақтығы 2 сағат.

       Синтездің бастапқы заты ретінде салицил қышқылы, ал соңғы өнімі ретінде салицил қышқылының гидразиді алынғандықтан олардың таза күйіндегі ИҚ-спектрлері түсірілді.

        Салицил қышқылының ИҚ спектрінде  2800-3800 см-1  жиіліктегі интенсивті жолақтар С-Н, О-Н  топтарының валенттік тербелістеріне жатады. 1611см-1, 1657см-1 жиіліктегі жолақтар – СОО-  тобының валенттік тербелістерін көрсетеді. 1000-1500 см-1  жиіліктер арасындағы жолақтар О-Н тобының деформациялық тербелістерін білдіреді.

        Салицил қышқылы гидразидінің ИҚ-спектрінде 3326, 3269см-1 жиіліктегі сіңіру жолақтары N-H тобының валенттік тербелістеріне жатады. 1626 см-1 жиілікте интенсивті жолақтар байқалады. Олар С=О тобының валенттік тербелістеріне сәйкес келеді. Сонымен бірге мұнда 1600-1400 см-1 сіңіру аймағындағы жолақтар бензол сақинасының скелетті тербелістеріне,        3000-2800 см-1 сіңіру аймағындағы жолақтар NH2 тобының валенттік тербелістеріне жатады. 1000-1500 см-1  жиіліктер арасындағы жолақтар             N-H тобының деформациялық тербелістерін білдіреді.

       Сонымен бастапқы зат және реакцияның соңғы өнімін ИҚ-спектроскопиялық әдіспен зерттегенде олардың спектрлері стандартты заттардікіне сәйкес келетіндігі анықталды.

 

   Әдебиеттер

1.     Современное состояние производства гидразина и области его применения. Пер. с анг. Под. ред. Сергеева В.А.,М., ВИНИТИ, 1964, 200с.