т.ғ.к. , Саржанова С.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің

«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы.

Байланыстар: сот.: 8 701 65 144 27, жұмыс: 377-33-35 (ішкі 1286)

Е mail: samal7373@mail.ru

 

1920-30 жылдардағы қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының         

қызметі («Еңбекші қазақ» газеті материалдары бойынша) 

 

               Кеңестер мемлекетінде адам құқығын бұзу қазан революциясынан кейін басталғаны белгілі.  1917 жылы контрреволюция және саботажбен күресу үшін соттық емес Бүкілрессейлік төтенше комитет құрылған еді. Бұл ұйымның  бастапқыда тек контрреволюционерлер мен саботаж жасағандарды Әскери-революциялық трибуналға беру пұрсаты  болды.  Азамат соғысының алғашқы жылдары БТК шпиондар, диверсанттар мен контрреволюционерлерді сот-тергеусіз ату жазасын қолдануға дейінгі құқыққа ие болды.

    1922 жылы 9-шы Бүкілрессейлік Кеңестер съезі БТК-тің  революция жетістіктерін қорғағаны және күшейткенін баса айтып, бұл ұйымның компетенциясын  Мемлекеттік саяси басқармаға жүктеді. Бұл ұйымның соттық үкім шығару құқығы болмады, тек тергеу, анықтау, іздеу мүмкіндіктерімен ғана шектелді.

    1922 жылдың соңында МСБға соттық үкім шығару құқығы берілді. Бұл істі МСБ-ның жанынан құрылған Ерекше кеңес жүзеге асыратын болды. Ерекше кеңес тек мемлекеттік қылмыстармен айналысты. Кейінірек Мемлекеттік саяси басқарманын жанынан БМСБ-ның Соттық коллегиясы, «үштіктер», «бестіктер» құрылды. Бұл ұйымдардың құқықтары Конституцияда көрсетілмегенімен, іс жүзінде ату жазасына дейінгі мүмкіншіліктері болды.

         1934 жылы Сталин аталмыш ұйымдардың бастарын біріктіріп, бір ұйымға - Ішкі істер Халық Комиссариатына жинақтады. Бұл ұйым да тек мемлекеттік қылмыстарды қарауға тиіселі еді. Тарих аренасында МСБ (ОГПУ) мен ІІХК (НКВД) бір деңгейде тұрады.

    1920 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстанда да орталыққа бағынышты әкімшілік,құқық қорғау ұйымдары құрыла бастады. Енді осы ұйымдар тарапынан халыққа қарсы жасалған қиянаттың ауқымына тоқталайық.

   1931 жылы Юстиция Халық Комиссариаты БК(б)П Комитетіне құқық қорғау ұйымдарының 1929-1930 жылдардағы ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау және тағы басқа саяси-экономикалық науқандардағы қызметінде жіберілген асыра сілтеушіліктің ауқымын көрсеткен аса құпия баяндама жолдайды. Бұл құжатта құқық қорғау ұйымдарының революциялық заңдылықты қорғау шараларын бұрмалауы тек 1929-1930 жылдары орын алды деп көрсеткен (1).

   Аталған жылдары құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлері қызмет бабында Конституция белгілеген міндеттерге сай емес, заңсыз әрекеттер жасауға көшеді. Атап айтқанда, осы жылдары көптеген ЮХК қызметкерлері, Округтік, Прокуратура қызметкерлері астық дайындау науқанының уәкілі ретінде ауылдық жерлерге аттануды әдетке айналдырады (2). Кейбір аудандық сот мекемелері астық дайындау науқаны уәкілдерінің жиналатын орнына айналып, ал судьялар оңшылдықтан қорқып, партияның заңға қайшы талаптарына бағынуға мәжбүр болған. Мысалы, Қостанай округінде судьялардың түгелдей астық дайындау науқанының уәкілі болып, жер-жерге аттанып кетуіне байланысты соттық қызметке еш дайындықсыз, кездейсоқ іріктелген адамдар тағайындалады.

    Прокуратура қызметкерлерінің де астық дайындау науқанының уәкілі ретінде жаппай тартылуы прокурорлық бақылауды тоқтатқан (3).

    Бұл материалдар құқық қорғау ұйымдарының саясат мүддесін қорғаушы, яғни тоталитарлық жүйенің жазалау аппаратына айналғанын дәлелдейді. Бұл жағдайды ЮХК-ты «Кеңес үкіметі мен партияның жүргізген ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандары кезіндегі бай-кулактардың зиянкестігі, қарсылығынан, кеңестік, қоғамдық ұйымдардағы күні өткен элементтерден кедей-орташаларды қорғау – революциялық заңдылықтың негізі болғандықтан, революциялық заңдылықты бұзушылармен күрескендіктен»деп (5), құқық қорғау уәкілдерінің адам құқығын аяққа таптаған, халыққа қиянат жасау әрекеттерін ақтауға тырысқан.

   Ал шын мәнінде, «тап күресі», «тап қайшылығы» деген желеуді жамылған құқық қорғау ұйымдарының өзі заңсыздыққа жол ашқан.

    Қорытындысында, 1929-1930 жылдардағы астық, ет және тағы басқа өнімдерді дайындау науқандарындағы құқық қорғау ұйымдарының жазалау жолдарының аса қатігездігін үкімет пен партия мойындап, 1930 жылдың 12 шілдесінде ЖСҚБ Президиумі сот-тергеу органдарындағы бассыздықты тоқтату үшін, нұсқау-хат қабылдайды. Бұл құжатта құқық қорғау ұйымдарының саяси-экономикалық науқандардағы Қылмыстық Кодекс баптарын дұрыс қолданбауын революциялық заңдылықты бұзу ретінде айыптап, ауыл шаруашылық өнімдерін және т.б. науқандарда қолдануға тиіс ҚК баптарына жан-жақты түсініктеме береді (6). Енді, осы құжат және «Еңбекші қазақ» газетінің материалдары негізінде 1929-1930 жылдардағы құқық қорғау ұйымдарының Қылмыстық Кодекс баптарын қолданудағы асыра сілтеу мәселелеріне шолу жасайық.

          Қылмыстық Кодекстің 61 бабы

   Жоғарғы Соттың қазақ бөлімінің бақылау жұмысы ҚК 61-ші бабын қолдануда соттар өте дөрекі қателіктер жзіберді деп тапқан. Бұл қателіктер 61 баптың бөлімдерін орнымен, дұрыс қолданбаудан туған. Атап айтқанда, істеген қылмысты 61 баптың 1 тармағына (әкімшілік тәртіпке жауапқа тарту) жататын меншік иелеріне 61-ші баптың 2-ші тармағын қолданып, қылмыстық жауапқа тартқан.

    Қылмыстық Кодекстің 61-ші бабының 3-ші тармағы науқан жоспарын орындамауға алдын-ала келісіп, ұйымдасқан адамдар тобын жазалауға қолданылуына қарамай, келісу факті болмаған жағдайда, тіпті іс бойынша өткен жалғыз адамға қарсы да қолданылған. Сонымен қатар, соттар 61-ші баптың 3-ші тарауымен жазалау үшін, айыпталынушылардың бір-бірін танымайтындықтарын, әр ауылдан болғандықтарын ескермей, бір-бірімен байланысы жоқ бірнеше істерді біріктіруге дейін барған (7). «Еңбекші қазақ» газетінде ҚК 61-баппен соттау мәселесі төңірегінде мақалалар көптеп жазылған. Мысалы, «Астық дайындау жұмысы тап тартысы» деген мақалада: «...Ендігі жерде артық астықтарын бермеген байларға әлеумет қарсылығын мұнан да күшейтіп, басқа округтерде де астық дайындау жұмысын алға бастыру керек... Артық астық бермей, социалистік құрылысымызға бөгет болған байларға, кулактарға қарсылық көрсету, әрине, тап тартысын күшейтеді» (8), - деген. Келесі мақалада «...Заң жолын жеңіл санап, ойыншық етушілер тап дұшпаны. Жалпы ресейлік орталық аткомінің қаулысы бойынша қылмыс заңының 61 ст. Жүзінде өзгеріп отыр. 1-бөлімін ауылдық, поселкелік советтердің қарауына жататын болып отыр. Кейбір жерлерде бұл қаулыны жүзеге асыруда құрғақ әкімшілік жолына салынып кетушілер де жоқ емес...» (9), - деген жолдар бар. 

 

      Қылмыстық Кодекстің 107 бабы

     ҚазАКСР құқық қорғау ұйымдары ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарында ҚК 107 бабын қолдануда да асыра сілтеушілікке жол берген. Сот ұйымы ҚК 107-ші бабының 1 бөлімін қолданып жазалауға жататын қылмыстарды, еш дәлелсіз осы баптың 2-ші бөлімімен көптеп соттаған. 107-ші баптың 2-ші бөлімі алдын-ала келісіп, товарды алып-сату мақсатында базарға апарып сатқандарды жазалауға арналады. Құқық қорғау ұйымдарының 107-бапты іс жүзінде қалай қолданғанын, тағы да «Еңбекші қазақ» газетінен табамыз. «Науқан жұмысына салақ қарағандар жауапқа тартылды» атты мақалада: «...Сырдария округінде астық дайындау жұмысы нашар болған. Саудагерлер мен жалдаптар дегенін істеп, пайдаға кенелген. ...Округтік, әкімшілік бөлім бастығы тез арада алынсын. Сонымен бірге, жауапқа тартылсын...»(10), - делінген. «Астық жалдаптары ұсталды» деген мақалада, Семейде ұйымдасқан астық саудагерлерінің сотқа берілгені хабарланады (11).

 

    Қылмыстық Кодекстің 58- 8 бабы

  Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарында ауылдық кеңес астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу үшін, оларды тізімге алуды жиі қолданған. Осындай жағдайда мал-мүлкінен айырылғысы келмей, Кеңестер өкіметіне қарсы балағатты сөз айтқандардың әрекеттерін террористік акт ретінде қарап, 58-8 баппен ату жазасына кескен. Сонымен қатар, саяси-экономикалық науқандар кезінде, ауылдарында бай-кулак табының қалмағанын айтқан ауыл кеңесінің төрағалары да осы баппен атылып кете барған.

    Қылмыстық Кодекстің 58-10 бабы

  «Астық дайындау науқанының жоспар мөлшері, астықтың шығымдылығына сәйкес берілуі тиіс», немесе «науқан жоспарын орындауға шамамыз келмейді» деген сөздер үшін 58-10 баппен соттау жиі кездеседі. 58-10 бап 1931 жылдан бастап ҚК-тің 111-ші бабымен ұштасып, үлкен бұрмаланушылыққа ұшыраған.

   1930 жылдың шілде айында ЖСҚБ сот ұйымдарының ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарында ҚК баптарын бұрмалап қолданғанын сынап, келешекте асыра сілтеуді болдырмау мақсатында, сот-тергеу ұйымдарына ҚК баптарына түсініктеме берген нұсқау-хат жолдаған. Сөйтсе де, 1931-1932 жылдардағы ауыл шаруашылық науқандары барысында сот ұййымдары асыра сілтеушіліктерді тоқтатпаған. Мәселен, ЮХК жергілікті құқық қорғау ұйымдарының 1931 жылға астық дайындау науқандарындағы жұмысынан мынадай кемшіліктер табады (12). Олар, біріншіден, ЮХК-ты құқық қорғау ұйымдарының астық дайындау науқанына науқан барысында емес, «әбден қызған, орта кезінде ғана кіріскені үшін», «кейбір қызметкерлердің қылмысты әрекетімен күресуге күшті әсер берілмеді», «тап дұшпандарымен» күрес дұрыс жолға қойылмады деп айыптаған; кеіншіден, ЮХК-ты «жер-жерден түскен материалдар мен орталық құқық қорғау ұйымдарының төменгі кеңес ұйымдарын тексеру материалдары, юстиция ұйымдарының ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарындағы міндеттерін орындай алмағандығын, босаңдық көрсеткендігін, яғни, астық және т.б. өнімдер дайындау науқандарына дайын еместігін көрсетті», деп қатты сынға алған.  Атап айтқанда, «Қарабалық, Федоров, Қостанай және т.б. аудандарда құқық қорғау ұйымдары тамыз айларында «астық дайындау науқанына мүлдем қатыспаған, ...кейбір аудандарда өткен жылдың қателіктерін қайталаған, яғни ауылдық кеңес пен науқан уәкілдері дайын материал бермесе, өз тараптарынан ешқандай қызмет жасамаған...», -   деп даттаған. Сонымен қатар, «Кейбір аудандарда (Жетіқара, Қостанай) құқық қорғау қызметкерлері ауылдарда астық дайындау науқаныныыың уәкілдері ретінде жүріп үкімет пен партияның астық дайындау науқанына байланысты берілген нұсқауларын орындамайды. Қостанай аудандық соты мен прокуроры тамыз айында науқан уәкілі болып жұмыс атқарған, ал қалған қызметкерлері астық дайындау науқанында үкімет пен партия жұктеген міндеттерді орындамаған...», дей келе, құқық қорғау ұйымдарына ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқанының негізгі жауы – байлар мен кулактарды жазалау мәселесіне тоқталған (13).

    Оңшыл оппортунистермен, бай-кулактармен күресу жолдарын сұраған Әулиеата прокурорына ЮХК-ты «кулактар мен байларды ҚК 61 бабының 1-ші тармағымен әкімшілік түрде емес, 61-ші баптың 3-ші тармағымен соттық тәртіпте жауапқа тарту керек» деген жауап береді.

    Яғни, ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарында құқық қорғау ұйымдары 1930 жылдан кейінгі кезеңде де, «бай-кулак табы мен оппортунистерді жою керк» деген ағымға сүйеніп, асыра сілтеушілікті одан әрі жалғастырған. Немесе, құқық қорғау ұйымдары 1928-1930 жылдардағы қылмысты әрекеттерін жүргізуге тағы да кіріскен. 1930-1932 жылдары құқық қорғау ұйымдары ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарында «белсенді қызмет істемеген» деп тапқан кеңес ұйымдарының қызметкерлерін ҚК 111 бабымен жазалау көбейді. Кеңес қызметкерлерін ауыл шаруашылық өнімдерін дайындауды күшейтуге байланысты өткізілген жиналыстарда сөз сөйлемегені үшін де ҚК 111 бабымен жазалау жағдайлары кездескен. Бұл жерде кеңестік қызметкерлердің сауатсыздығынан жиналыстарда сөйлей алмауы ескерілмеген.

Енді, «Еңбекші қазақ» газетінде 1931-32 жылдардағы астық және т.б. ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау науқандарындағы қылмыс тақырыбына арналған мақалаларға тоқталайық: «Байшы-оңшылдардың жазасын тартсын» деген мақалада: «...колхоз басқармасы Оспан деген азамат ауыл кеңесіне хат жазып, бұл ауылда бай-кулак жоқ, қалған жоспарға шамамыз келмейді, деп сандырақтапты. Міне, осы сияқты сасық оңшыл-байшылдық ауруымен жылдық жоспар орындалмай отыр» - делінген. Келесі мақалада:  «жоспар көп, мұны орындай алмаймыз»(14), немесе : «...астық дайындау жоспары орындалмаған. Себебі – оппортунистерге, сол оппортунистерге басында шара қолдана алмаған...», (15) деген мақала жолдары мақала жолдары ауыл шаруашылық өнімдерінің дайындалмауына қатысты деп табылған кеңес қызметкерлерін ҚК 58 бабының тарауларымен жиі жазалағанын көрсетеді.                                      

    Қылмыстық Кодекс баптарының бұрмалануы кеңестер мемлекетінің құрылымындағы қайшылықты көрсетеді. Мемлекеттік билікті қолына шоғырландырған деспоттық режим билік пұрсатын күшейту үшін, құқық қорғау ұйымдарын әкімшіл-әміршіл жүйе саясатының орындалуына кедергі болғандарды жазалау аппаратына айналған. Құқық қорғау ұйымдары үкімет пен партияға қызмет етіп, ең негізгі – жеке адам мүддесін қорғау міндетінен бас тартуына, біріншіден, әкімшіл-әміршіл жүйе тәртібіне қарсы болған құқық қорғау қызметкерлерінің жазалануы, екіншіден, құқық қорғау ұйымы қызметкерлерінің кәсіби білімінің аса төмендігі әсер еткен. Қорытындысында, құқық қорғау ұйымдары әкімшіл-әміршіл жүйе құрамына еніп, асыра сілтеушілікке жол берген. Яғни, ҚК баптары үкімет пен партия нұсқауларына байланысты дөрекі түрде бұрмаланған.

                   


 

                      Пайдаланған әдебиет тізімі

 

1.                ҚР ОММ. 1380- қор. 1-т. 248-іс. 2-п.

2.                ҚР ОММ. 1380- қор. 2-т. 297-іс. 16-п.

3.                ҚР ОММ. 1380- қор. 1-т. 248-іс. 4-п.

4.                Сонда. 3-п.

                   5.      ҚР ОММ. 1380- қор. 1-т. 389-іс. 27-31-п.

6.         Сонда. 27-п.

7.         ҚР ОММ. 1380- қор. 1-т. 351-іс. 181-п.

8.         Астық дайындау жұмысы тап тартысы // Еңбекші қазақ.-   1929.-18 сәуір. –N 87 (1416)

9.         Астық науқаны кезіндегі төңкеріс заңы  // Еңбекші қазақ.-1929.-24 қазан . –N 220 (1549)

10.      Науқан жұмысына салақ қарағандар жауапқа тартылсын  // Еңбекші қазақ.-1929.-2 сәуір . –N 73 (1402)

11.     Астық жалдаптары ұсталды  // Еңбекші қазақ.-1929.-21 наурыз . –N 53 (1392)

12        ҚР ОММ. 1380- қор. 1-т. 351-іс. 181-п.

13        Сонда. 184-п.

14        Байшыл-оңшыл жазасын тартты  // Еңбекші қазақ.-1931.-14 қаңтар . –N 12 (1904)

15        Темірде де оппортуншылдық орын алған // Еңбекші қазақ.-1932.-14 желтоқсан . –N 227 (2139)