КРЕДИТТІК ТЕХНОЛОГИЯ ЖҮЙЕСІНДЕ САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖОЛДАРЫ

Оразахынова Нурша Алжамбаевна

доктор педагогических наук, профессор

КазНПУ им.Абая

 

 

 Бүгінгі таңда қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекетке айналып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-білім парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда. Өйткені кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму үрдістерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның аумағында тұрған халықтардың бүгінгі өмірінен туындайды, оның тарихи сабақтастығы және салт-дәстүрімен айқындалады. Сондай-ақ оның өткен өмірі із-түзсіз жоғалып кетпейді, ұлттық санада, халықтық идеяда, мәдени-әлеуметтік және құндылықтар жүйесінде белгілі ретпен жинақталады. Міне, сол ғасырлар қойнауында қорытылып, жинақталып қалыптасқан қазақ халқына тән ұлттық білімнің озық, өнегелі үлгілерін оқушыларға білім беруде, соның ішінде қазақ тілін оқыту ісінде қолдану бүгінгі күннің басты міндеті болуы тиіс. 

     Өйткені ұлттық білімнің қайнар көзі – ұлылардан бүгінгі күнге жеткен шешендік сөздер, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді оқыту үрдісіне пайдалану бүгінгі заман ағымы ғана емес, ол – бүгінгі таңдағы ең бір зәру қажеттілік, себебі білім нәрінің тұнығына терең бойлау, адам баласына қажетті мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстық дәстүрлерін меңгеру, тану, білу арқылы оқушы рухани қажеттілігін жетілдіреді, туған елінің, өскен жерінің, өзінің ұлтының, ата-бабасының тегін, өзіндік ерекшеліктерін үйренеді, оны құрметтеп, сақтауға тырысады.

        Сатылай кешенді талдау технологиясы бүгінгі таңда білім беру жүйесінде әр түрлі жолдар арқылы жүзеге асып келеді. Атап айтар болсақ: біріншіден, теориялық білімі терең, тәжірибесінде көптеген әдіс-тәсілдерді қолдануда машықтығы жоғары деңгейдегі ұстаздар күнделікті сабақ үрдісінде оқулық көлемінен алшақтамай, сабақтың әр бөлігінде қажетіне қарай, кейде тіл ұстарту, тіл дамыту, қайталау сабақтарында жүргізсе, кейбір мектептерде факультатив, үйірме жұмыстарында мақсатты түрде қолданып келеді.

Фонетиканы сатылай кешенді талдаудың әдістемелік жолдарын дәстүрлі оқыту жүйесінде тіл білімі салаларын оқыту – алдымен тілдің ең кіші бөлшегі фонетикадан басталатынына тоқтала келіп, сатылай кешенді талдау технологиясында да бұл дәстүрдің сақталатындығы сөз болады. Бұл – заңды құбылыс. Себебі дыбыс жүйесін, әр дыбыстың ерекшеліктерін меңгерту фонетикадан берілетін білімнің іргетасы болып есептеледі. Дыбыс жүйесін жете меңгермеген оқушы буын, үндестік заңы, екпін сияқты фонетикалық заңдылықтарды игере алмайды, жазуда қате жібереді, сөйлеуінде де кемшіліктер байқалады. Ол туралы тұңғыш әліппе авторы А. Байтұрсынұлы былай дейді: “Екінші кемшілігі – қазақ мұғалімдері де оқуды дыбыспен жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы”  деген  пікірі басшылыққа алынды.

Сатылай кешенді талдау – негізгі фонемалардың жалпы табиғатын, ішкі сапалық қасиеттерін, жасалу орнын жете тексеріп, оларды бір-бірінен ажырата білуге, сөз ішінде, сөз аралығында кездесіп отыратын алуан түрлі дыбыс алмасуларының сырын ашуға, белгілі сөздерді, сөз бөліктерін таңбалаудағы ала-құлалықты бірізге салуға үлкен себін тигізеді.

Фонетика дыбыстың үш жағын қамтиды: а) физиологиялық (жасалу);          ә) акустикалық (естілу); б) қызметі (сөз жасау) десек, материалдарды сатылай кешенді талдауда мынадай екі түрлі жолмен жүргіземіз:

Бірінші, дыбыстарға математикалық тәсілмен мінездеме беру.

Екіншісі, сөзге фонологиялық талдау жасау.

     Сатылай кешенді талдауда оқушылар, біріншіден, фонетикалық материалдарды жан-жақты және сауатты талдауға машықтанады; екіншіден, айтылым, тыңдалым, жазылым арқылы фонетикалық материалды сауатты баяндауға дағдыланады; үшіншіден, фонетикалық материалдарды бірізділікпен жүйелі талдай отырып, білімді санасына берік орнықтырады; төртіншіден, әуезді сөйлеуге үйренеді; бесіншіден, санада берік орын алған теориялық материалды кез келген уақытта қайта жаңғыртып, тез арада есіне түсіреді және қажетті жерінде орынды пайдалана алады.

Фонетикалық бірліктерді сатылай кешенді талдау барысында жүргізілетін жұмыстар 1-суретте  көрсетілген үлгі бойынша сатылап, жүйелеп жүргізіледі.

     Тіліміздегі сөз бен сөзді байланыстыратын (жалғастыратын), сөзден сөз тудыратын, кейбіреулері жаңа сөз тудыратын, кейбіреулері тек сөздің түрін ғана өзгертетін я түрлендіретін (форма тудыратын) қосымшалардың қай-қайсысын алсақ та, олар өздері жалғанған сөзді я бір грамматикалық мағынадан екінші бір грамматикалық категорияға көшіретін, я болмаса жалпы грамматикалық категорияның ішіндегі жалқы категорияларды іштей бірінен-біріне айналдыратын формалар ретінде қызмет етеді.

Көпшілік атаулар сөзжасам арқылы жасалады. Сөзжасамның негізгі қызметі – туынды сөз, жаңа сөз жасау. Сөзжасамдық нұсқалардың сөзжасамда атқаратын қызметі жаңа сөздердің жасалу үлгілері, тәсілдері, сөзжасамдық нұсқалар, қолдану ерекшеліктері – осындай сөзжасамдық заңдылықтар сөзжасамды тілдің басқа салаларынан ерекшелендіреді.

Сөз құрамына, лексика-грамматикалық мағынасына талдау сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жүзеге асырады және сөзжасамның түрлену тарамына (парадигмасына), яғни бір сөзден жасалған бірнеше сөздің қатысын анықтап көрсетеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Ауызша командалық олимпиада

 

 
                                                                                       

 

 

1-сурет – Фонетикалық бірліктерді сатылай кешенді талдау барысында жүргізілетін жұмыстар

Практикалық тұрғыдан жетік игерілмеген білім құр жаттандылыққа ұрындырады. Есте ұзақ сақталмайды. Тілдің әр саласынан өтілген материалдарды, ондағы түрлі грамматикалық тұлғалардың атқаратын қызметтерін, тыныс белгілерінің қолдану ерекшеліктерін талдап, саралап, жинақтап меңгерту сатылай кешенді талдаудың басты белгісі болмақ.

Тіл білімінің сөзжасам, морфология салаларын сатылай кешенді талдауда оқушылар сөздің тұлғаларын дұрыс ажыратып, әр тұлғаның атқаратын қызметін сауатты дәлелдеуге машықтанады. Негізгі түбір, туынды түбір, оның жасалу жолдарын, әр қосымшаның атқаратын қызметін түсініп, талдап меңгереді. Сөзді талдау арқылы оқушының іскерлік дағдысы қалыптасады. Іскерлік пен дағды бір-бірінен оқшау тұрған қарама-қарсы құбылыстар емес, дағды да, іскерлік те тілдік бірліктерді сатылай кешенді талдауда оқушының қабылдауға тиісті ұғымдарды құрауға, нақтылауға және айқындауға үйретеді. Сондай-ақ, сатылай кешенді талдау оқушылардың санасында грамматикалық жаңа мағлұматтарды, ережелер мен анықтамаларды жеткізудің тиімді жолдарының бірі болып есептеледі. Олар бір мезгілде талдауға қажетті бірнеше факторды есіне түсіріп, қайталап, дәлелдеп, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды. Сатылай кешенді талдауда мұғалімнің әр оқушымен жеке-жеке жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Себебі мұғалім алғаш талдаудың үлгісін бірінші деңгей бойынша толық жазып береді, яғни, алгоритмін ұсынады.

 

 

 


1. Бұл сөз екі құрамнан тұр: дос + тық.

 

2. Тұлғасына қарай: а) Дос – негізгі түбір. Себебі сөздің әрі қарай бөлшектенбейтін мағына беретін негізгі бөлігі.

ә) Достық – туынды түбір. Себебі синтетикалық немесе морфологиялық тәсілмен негізгі түбірге сөз тудырушы (-тық) жұрнағының жалғануы арқылы жасалған туынды сөз.

 

Мұғалім ұсынған осы алгоритмді оқушылар басшылыққа алып, берілген (жолдастық, адалдық, бастық т.б.) сөздерді жеке-жеке сабақ үстінде де, үй жұмысын орындау барысында да өз бетінше талдауға машықтанады.