Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің

Практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы, филология магитрі

 

Кушкинбаева Карлыга Темиржановна

ПОЭМА ЖӘНЕ СЮЖЕТ

Қазақ әдебиетіндегі жанрдың бір түрі болып саналатын поэма табиғатын, оның туған әдебиетіміздегі қалыптасу, даму ерекшеліктерін, мазмұндық жағынан жіктелу сипатына назар аударсақ, көптеген жайттарды аңғарамыз. Ішкі мазмұндық сипаты мен композициялық құрылымына байланысты біз поэманы екі түрлі салаға бөліп қараймыз. Олар сюжетсіз лирикалық, публицистикалық поэмалар және сюжетті поэмалар.

Поэманың басқа әдебиеттік жанрлардан ерекшелігі – оның оқушы эмоциясын біртіндеп емес, бірден баурап алуында. Поэма өзінің ырғақ, ұйқасымен, мазмұны, түрімен, сырлы да терең идеясымен, өзіне тән сазды  әуезімен, шабытты динамикасымен ерекше [1.2.].

Алдымен сюжетсіз поэмаларға қысқаша тоқтала кетейік. Поэма - эпикасы мен лирикасы қабысып, астарласып жатқан кесек, поэтикалық шығарма. Ендеше поэмада сюжеттің болуы міндетті ме? Поэмаға ең керектісі сюжет пе, әлде мазмұн мен бір тұтас динамика ма? Біздіңше, сюжеттен гөрі терең мазмұн мен бір тұтас  динамика керек сияқты. Рас, поэма үшін оқиға, құбылыс біткеннің  барлығы мазмұн бола бермейді. Бұлай істеген жағдайда, ақын, сөз жоқ ұтылады. Сондықтан да ақын сол оқиғалардың оқушы санасынан тез орын тебетін ең бір ұрымтал жерін іздейді. Сол арқылы ақын ұзын-сонар баяндаусыз, қым-қиғаш сюжетсіз-ақ өз ойын поэма арқылы жеткізіп отырады. Міне, осы жерде ақынның білімділігі, шеберлігі, ақындық фантазиясы, ақындық философиясы көрінеді.

...Өзекті де өмірлі поэмалардың бірі – Жұбан Молдағалиевтың «Жыр туралы жыры». Бұл поэмадағы Жұбанның шеберлігі неде? Аз ғана өмірі күреспен өткен жауынгер ақын Жәлелдің қысқа өмірін  шап-шағын поэмаға шебер сидыра білуінде. Сыйдырып қана қоймай, өлім алдында тұрған ардагер ақынның алып  тұлғасын жасап береді. Қалай жасады? Ешқандай сюжетсіз-ақ жасай білді [1.2.].

  Поэманың бірінші жолдарын оқи бастағаныңызда-ақ сіздің эмоцияңыз оянып сала береді:

«Жайласып жатыр ақырын,

Зал толы – жырдың достары.

Тыңдамақ абзал ақынын,

Ардақты Отандастары.

Ақын ше? Ақын келмеді,

Бос күтті төрде бір орын...

Күмбірлеп залды кернеді.

Сөз алып сонда жыры оның - »

Ал енді әрі қарай оқымай, я тыңдамай көріңіз. Жыр тыңдауға жиналған жұрттың абзал ақыны залда неге жоқ, ол қайда кетті? – білуіңіз керек қой. Ендеше поэманы оқымауға, я тыңдамауға сіздің қақыңыз жоқ. Сіздің ой-санауыңызды ақын билеп кетті, енді сізді жыр аяқталғанша ерік жоқ.

Бір сәтте:

«Ой да үзілді заматта,

Орнады қайта түн-түнек.

Бұрауы біткен сағаттай,

Самарқау соғып тұр

                                    жүрек.

Сол ғана ояу, сол тірі –

Санайды азап күндерін.

Өзгесін фашист өлтірді –

Дәрменсіз дене, тіл, ерін»

Осындай халде жатқан ақынның аянышты тағдырына тап боласың.

М. Мақатаевтың пікірінше, бұл поэмадағы негізгі роль ойнап тұрған тартымды сюжет емес, мазмұны мен лирикалық динамикасы, күрделі логика.

Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасын қарасытрсақ, бұл да сюжетсіз. Яғни, публицистикалық поэма. Көңіл толқынысымен ширатыла келген ой-түйін. Сюжетсіз поэма болса да сезіммен айтылған. Ақынның тарихи оқиғаны жырлап отырғаны, өткен өмірдегі ащы шындықты сездіретіні сезіліп тұр.

«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген»[2.324]- бастан өткен мүшкіл халді, күннің қараңғысы мен күй кешкен, күйбің тіршілік азабы шапқыншылық жайлы баяндағандай.

                 Мен қазақпын, ажалсыз аламын мен.

Құрсағына сидырып даланы кең.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген.

Дәуірлермен құрдаспын, даламын мен.

Осындай боп білмеймін кімнен тудым.

Бәлки қайсақ, бәлки бір гүннен тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым»

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым[2.324].

Тарихи белестерге балама тауып, лирикалық жыр айшықталып шығарма өз оқырманын баурайды. Келесі жолда қазақ халқының қазіргісін баяндайды:

Мен қазақпын, белдімін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Мен Қазақ есімін айта келдім...

Айта бергім келеді, айта бергім[2.353].

Ақын өлеңі ойға да, көңілге де қонымды, оралымды. Шығармадан асқақтықты, жалынды, шыншылдықты бейнелейтін сөз құдіретін көреміз. Ақын өміріндегі сәтті шығарма деп есептелетін бұл публицистикалық туынды – қуатты лирика. Яғни, пулицистикалық болуымен қатар лирикалық толғау.

Поэманың екінші түрі сюжетті поэма. Тарихи тақырыпты жырлауда қыруар шығармашылық ізденістер жасап, көп еңбек сіңірген үлкен эпиктердің бірі – Қалижан Бекхожин.

         Қ.Бекхожиннің келесі сюжетті поэмасы «Батыр Науан». Бұл туынды Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылдығына қарсы батырлық күресіне арналған көрнекті шығармасы. 

         Сюжетті желіске құрылған оқиға Ақмет төренің қиғылығынан басталады. Мал айдап әкету, қарақат көз сұлулардың қара шашын төгілтіп, зарлатып әкету жексұрын істерімен  танылады. Осындай олқы ісімен бір жігіттің жарын өңгеріп алып кетіп, жардың ері Кенеге келіп жарынан айырылып қалған жайын айтып бұлардан көмек сұрайды.

                            Бәрінен айбыны артық батыр Науан

                            Қазақта батыр бар ма жеткен оған?

                            Жусатқан талай жауды жалғыз өзі,

                            Майданда найзағай ғой көкте ойнаған [3.127]

Осындай тұлғалы Батыр Науанды Нысанбай жыраудың нұсқауымен елді қан қақсатқан жауға қарсы тұрар батырлардың дарасы деп аттандырады.

                            Науанның мінезі бар жастық, албырт,

                            Қазақта батыр бар ма одан артық?

                            Аққауыз ақ қанатты ат емес пе,

                            Жөнелді алты арқадан алты-ақ қарғып [3.135].

Ақметтің ауылына түн уақытында бейқам отырған жау үйіне кіріп барады. Аяққа жығылған төренің басын алды, офицерді арқандап, сұлу соңына ерді. Сұлуды жан-жарына қосып, екеуін Науан жөніне жібереді. Атына офицерді өңгеріп алып, «Абылайлап» айғай салады. Наурызбай офицерді талға байлап, өзі қайта айғайлап жауға қарсы шапты.

                   Ер Науан жау ішінде ойнақ салды,

                   Тоқсаны Наурызбайды ортаға алды.

                   Найзасын алды-артына сілтей берді.

                   Түн еді көз түрткісіз тас қараңғы[3.139].

                  

                   «Кене қайда кетті батыр Науан

                   Ер бар ма пар келетін бұл күнде оған» -

                   Десті де, батырлары шуылдасты

                   Дауылдай даусы шығып ақ ордадан[3.144]

«Батыр Науан» - халқының адал перзенті азамат ақынның жүрегінен жарып шыққан, шын тебіреніске толы жігерлі, шабытты туынды. Ол қазақ халқының қас дұшпаны зұлым да жауыз отаршылыққа қарсы қаһармандықтың көркем шежіресі іспетті. Поэмада патша отаршыларының жер қайысқан қарулы солдатпен келіп, бейбіт қазақ ауылын аяусыз қанды қырғынға ұшыратуы жан тебірентерлік жыр жолдармен суреттелген. Шексіз зұлымдықтың иесі отаршылдарға қарсы Кенесарының інісі күресі, батырлық қимылдары оқырманның айызын қандырып отырады. Халық батыры Наурызбайдың поэмадағы өр тұлғасы – ақынның биік көркемдік табысы болып шыққан. Поэманың тілі де шұрайлы. Бастан-ақ ақынның құдіретті шабытымен толғанған поэманың көркемдік ежелгі қас дұшпанына қарсы ерлік күрестің шынайы шежіресіндей болып шыққан «Батыр Науан» қазақтың эпикалық поэзиясының тарихындағы аса көрнекті шығармасы[4.66].

 Тәуелсіздік алғаннан бері әдебиетіміздегі қай тақырыпты алмасаң да жаңаша көз қараспен, жаңаша тұрғыда қарап, зерттегенді қажет етеді. Сюжетті өлеңдердің ғылымдағы орнын белгілеу, оларды терең  зерделеу, пайымды да  парасатты пiкiр айту, ғылымилықты қажет етеді.   

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     М. Мақатаев. Қазақ әдебиеті 21 қыркүйек. 1962 - 2-бет.

2.     Ж.Молдағалиев «Қызыл қайың» Астана: Елорда, 2000-375б.

3.     Қ.Бекхожин «Батыр Науан» Астана «Елорда» 2003- 272 б.

4.     Ә.Нарымбетов Қалижан Бекхожин. Алматы «Рауан» 1993-104 б.