ЭҒК.,қауымдастырылған профессор Конуспаев Р.К

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Банк тәуекелділігін басқару мәселелері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Банк тәуекелділігін басқару мәселелері

       Бүгінгі таңда елімізде қарқынды өріс алған нарық жүйесі экономикалық қатынастарды орталықтандырып  отырған банк жүйесіне негізделетіні  бәрімізге мәлім. Нарық экономикасының қажетті жағдайларын қамтамасыз ете отыра, бүгінгі таңда банк қызметі шағын және орта бизнестің дамуына, жеке меншік сектордың қалыптасуына, экономикалық бағдарламалардың жүзеге асуына  толығымен  ықпал ететінін уақыт ағымы дәлелдеді. Кез келген дамыған мемлекеттің ұлттық шаруашылығында да банк жүйесі елеулі орын алатыны сөзсіз. Біздің еліміздің  бұл саласында да көптеген уақыт талабына сай өзгерістер орын алуда. Жүйенің  негізгі компоненттерінің құрылымы  қайта қарастырылып,  жұмыс бағыттары үнемі толықтыру барысында болып отыр.

      Бүгінгі таңда еліміздің экономикасының банк қызметі  нарығына енуі, несие қатынастары мүмкіншіліктерінің жүзеге асырылуы, қаржы айналымы мен  несие бағыттарының түбегейлі қайта құрылуы, бұл саланың  негізгі даму шартына айналды. Орталықтандырылған қаржы ресурстарының қайта бөлінуін максималды денгейде қысқартылуын, қаржы нарығында олардың көлденең қозғалысқа ие болуын қамтамасыз ету - банк саласының өзекті мәселесінің бірі болып табылды. Экономикалық жүйе қатынастарында несие және несие институттарының рөлін қосымша ңығайту талап етілді. Қазақстан экономикасының нарықтық экономикаға көшуі, жүйенің тиімділігігін арттыру шараларының қарастырылуы, қажетті инфрақұрылымның қалыптасуы, несие қатынастарының қолданылуы, банк операцияларын оңтайландырылуы  арқылы жүзеге асырылатынын қаржы секторы дәлелдеді.

       ҚР Президентінің 2008 жылғы 7 ақпандағы халыққа жолдауында банк секторының бәсекелестік қабілеттігі мен тұрақтылығын арттыру міндетін белгілей отыра, банктерге мемлекеттік қолдаудың біржақты бола алмайтындығын, яғни тәуекелдердің өздеріне тиесілі бөлігін алуға тиістігін, сондай-ақ банктердің акционерлері өздерін дамытуы үшін қосымша ресурстар тартқысы келмесе немесе оған қабілетсіз болса, ондай кезде мемлекет қажетті шаралар қолдануға дайын болу керектігі  туралы баса айтылған.        

      Соңғы жылдарда орын алған дүниежүзілік экономикалық дағдарыс еліміздің банк секторы мен  оларды реттеу органдарын тығырыққа тірегенін  білеміз. Инфляцияның өсуі, банктер мен олардың филиалдарының пайда болуы, Ұлттық банктің өз тарапынан бәсекелестік шарттарды реттеуі, қаржы және несие нарығының жетілдірілуі, банк қызметі ауқымының  кеңеюі, несие ресурстарының қажеттілігін сұранысының ұлғаюы мемлекеттің қаржы секторына  үлкен сын болды. Уақыт өте жүйенің ішкі кемшіліктері, құрылымдық әлсіздіктері көріне бастады. Үкімет және қаржыгерлер тарапынан дағдарыстан шығудың жолдары қарастырылып,  іскерлік тәжірибенің ауқымы айқындалып, басқару стратегиялары мен реттеу механизмдері іздестірілді. Осыған орай, банк саясаты, несие жүйесі жаңа көзқарасқа, жаңа қағидаларға,  жаңадан даму беталысына  ие болды.

       Экономикалық тиімділікті арттыру барысында және ресурстардың тиімді пайдалану мақсатында үкімет бұл салада жариялы түрде жұмыс жасауға, нарықтық тәртіптегі бәсекелестікке шақыруға, банкирлер жұмыстарын  тиімді ұйымдастыруда барлық бюрократиялық тосқауылдардан өздерін босатуға, нарықтық экономикалық заңдылықтарға бейімделген кәсіпкерлік сананы қалыптастыру арқылы жаңадан жұмыс жасауға тың қадамдар  жасады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында бұл мәселе жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі  деп көрсетілген.    

        Сонымен қатар, банк жүйесінің жалпы ұйымдастырудағы мемлекеттік басқару қағидалары да өзгертілуі тиіс екендігін  уақыт талабы көрсетті. Мелекет тарапынан  банк  жұмысына тиімді  саяси, құқықтық, реттеушілік кеңістікті қалыптастыру қажеттілігі туындады. Қаржылық либерализация, диверсификация, банктер арасындағы  бәсекелестіктің күшеюі, банк саласына алдағы уақытта  жаңа мәселелерді, жаңа  бағдарламаларды қарастыруды талап етті. Ұлттық банкі және банк басқарламалары уақытылы басқарудың жаңа бағдарламамаларын қолданбаса дағдарысқа ұшырау мүмкіндігі пайда болады.    Бұл ахуалдың көрінісін қазіргі уақытта халыққа ұсынылып отырған көптеген банктік несиелер мен  әр-түрлі жеңілдіктер, тұрғын үй бағдарламалары, тұрмыстық несиелер т.б. арқылы  көруге болады.

        Жалпы, несие қатынастары бүгінгі күні қоғамның басым көпшілік жағдайларында орын алды.  Классикалық экономикалық  теория несие қатынастарын мемлекеттің ішкі және сыртқы кеңістігінде өндірістік күштердің дамуына, капитал көзінің қалыптасуына, шаруашылықтың, кәсіпорындардың  сауатты жүргізілуіне, кәсіпкерлік негізінің қалануына мүмкіншілік беретін банк жүйесінің мықты құрылымы деп, сонымен қатар, кез келген банк операцияларында банк тәуекелділігінің қатар жүретінін көрсетеді.   Банк секторының бәсекеге қабілетті дамыған банктердің қатарына кіруі үшін ең алдымен, тәуекелдерін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында,  стратегиялық сараптама жасаудағы  біліктілікке, жоспарлау барысындағы  жүйелілікке, басқару қызметіндегі бірыңғай саясатқа үлкен мән беру қажеттілігі туындайды. Бұл жерде ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктердің несиелік тәуекелдерін басқаруда арнайы теориялық, әдістемелік және тәжірибелік тәсілдерді жүйелі түрде қолдануы қажет екендігі ескерілді. 

         Кез келген банк операцияларының  тәуекелділік саясатының басты мақсаты кіріс көздерін максималды түрде өсіру болса,  ал тәуекелділік деңгейін керісінше төмендету болып табылады. Жалпы айтқанда қаржылық басқару мен тәуекелділікті басқару бір арнадан тоғысу қажет екендігін көрсетеді. Қаржылық басқарудағы жоспарлау үрдісінде қабылданатын шешімдер тікелей қаржы тәуекеліне ықпал етеді. Соның ішінде тәуекелдердің құрамдас компоненттері активтердің сапасына, инвестициялық және несие қызметіндегі шығындарды минималды түрде азайтуына, несие мөлшерлемелерінің және валюталық курстардың икемділігіне, баланс қызметін басқаруға, тәуекелділік  денгейін белгілі бір мөлшерде ұстауға аса үлкен мән беру қажеттілігі туындады. Осы атап өткен тәуекелдің кез келген элементі  банк басқармасынан, онық басшылығынан  белгіленген  бір саясатты, тәуекел түрлерінің жан-жақты сипатын анықтауды талап етеді.  Бұл жағдайда елдің ішкі және сыртқы экономикалық ахуалы да өз әсерін тигізеді.

       Банктердің клиенттік және несие бөлімшелері міндетті түрде несие тәуекеліне байланысты шешімді  несие алушылардың ағымдағы қаржылай жағдайының жан-жақты сараптамасының негізінде ғана қабылдаулары тиіс. Егерде несие тәуекелінің мүмкіндігі өсетін болса, онда  төмендету жолдары да қарастырылады. Бүгінгі таңда несие тәуекелінің төмендеуі несие портфелінің диверсификациялануына,   кіші орта бизнес өкілдеріне несиелеу түрлерін кеңейту және қамтамасыз етудің сапасын арттыруы арқылы қол жеткізеді. Тәуекелді басқару бойынша қалыптасқан жүйе саладағы пайыздық, бағалық және курстық  саясатты шешу жолдарын табуға мүмкіншілік береді. Бұл үрдіс көптеген басқару органдардың біріктірілген қатысуымен шешіледі. Өз кезегінде олардың бір арнада жұмыс жасауы, жұмыс мақсаттарының орталықтандырылуы, ұйымдасып  шешу жолдарының  қарастырылуы жұмыстың нәтижелілігіне ықпал етеді.      Тәуекелділікті басқару мәселелерінің басты бағыттарын төмендегі ретпен орналастыруға болады:

-         банктің әдістемелік, заңнамалық негіздерін жетілдіру жолдарын қарастыру;

-          тәуекелділікті басқарудағы банк менеджментінің алдағы уақыттағы даму бағыттарын белгілеу;

-         тәуекелдің себепші шарттарын идентификациялау механизмдерін құру және оларға болжау жасау;

-         несие алушылардың ағымдағы жағдайына сауатты мониторинг жасау.

      Қазіргі уақыттағы бұл мәселенің маңыздылығы  банк секторын тәуекелділікті басқару саясатына басымдылық бағытын беруге итермеледі. Бұл орайда банк операцияларының кіріс көздерін оңтайландыру арқылы несие тәукелділігіне жүйелі сараптама жүргізіліп,  банк қызметінің     сапалық көрсеткіштері артты. Кез келген банктың басқару саясатында несие тәукелі теориясының әдістемелік базасы  жетілдіріліп, несие операциялары мен қатар жүретін тәукелді анықтау, басқару және  бағалау шаралары қосымша қарастырылуда.  Бүгінгі таңда  банк қызметінің тәукелі қаржылай есептелетін пайда көзімен белгіленіп, көрсеткіштері неғұрлым жоғары болса, соншалықты тәукелі де жоғары болатыны анық. Осыған орай, банк қызметінің ішіндегі несие тәуекелділігін  басқарудағы  жұмыстың нәтижелі болуына оңды әсер ететін тіректі  бағыттарын көрсетуге болады:

-         жан жақты қарастырылып жүргізілген  сауатты несие саясатына басымдылық стасусы берілуі;

-         несие портфельдеріне сапалық басқарудың  жүргізілуі;

-         несие мониторингіне  тиімді сараптама  жасалуы;

-         белгіленген  бағытта дайындалған  банк персоналының жұмыс жасауы.

        Осы қағидаларды негізге ала отырып, банктер өз жұмысында тәуекелдің  сауатты   бақыланылуын  қаржы мүмкіншіліктерінің денгейін қамтамасыз ету арқылы үлкен жетістіктерге жетеді деп айтуға болады.

     Сонымен қатар, банк тәуекелінің пайда болуына тікелей себепші болатын факторларын да  атап өтуге болады:

-         банктың басты қойылған мақсаттары, банктың өткен тәжирибесімен  бір арнада болмауы;

-         банк басқармасының алдын-ала  қажетті іс-әрекеттік қадам жасамауы;

-         банктің заңнамалық негіздерінде әлсіздік танытатын бағыттардың орын алуы;

-          күнделікті жұмыс бағытында тиімді шешімдердің  қабылданбауы.

     Осыған орай, келесі  мысалдарды келтіруге болады.  1989 жылы Британ елінің Мидланд Банкі  несие бойынша несие пайыздарының көрсеткіштерін есептеуде дұрыс болжам жасамаудан 116 млн.ф.ст. ақшасынан  айырылды. 1990 жылы американың облигациялармен жұмыс жасайтын Дрексель Бурхам Ламберт  банкі қаржылай қолдау әрекеттерін  қарастыру жұмыстарының нәтижесіздігіне байланысты   құлдырауға  ұшырайды. Батыс елдері  банктерінің сол уақыттағы жағдайының  тығырықтан шығуы мемлекеттің  қатысуымен ғана шешілген.  Біздің елімізде де өкінішке орай, мұндай мысалдар орын алады. «Валют транзит Банкі» қаншама салымшылардың ақшасын қайтарып бере алмады. Бүгінгі күнге дейін бұл мәселенің соңғы нүктесі қойылмады.

      Жоғарыда көрсетілген жағдайлар және банк жүйесінде орын алған кемшіліктер бұл мәселелердің халықаралық денгейде қарастырылуын және  ортақ шешім қабылдауды талап етті.  Осыған орай, банк қызметін халықаралық денгейде сараптама жасауды мақсатқа ала отырып, Базель келісімі қабылданды. Бұл құжат бірыңғай жүйеде жұмыс жасайтын кредиттік мекемелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, халықаралық бақылау органдары жағынан банкілер жұмысының тексерілуін іске асыруға толығымен мүмкіндік береді.

       Сонымен, қазіргі уақытта бұл салада көптеген  банк технологиялары, математикалық үлгілеу тәсілдері, бақылау жүйесінің дамуы орын алуда. Банк қызметкерлері нарық жағдайының жылдам өзгертіліп отыратын жағдайларына икемді жұмыс жасау, экономикалық және әлеуметтік факторларға байланысты филиалдар жұмысының  жүйесін оңтайландыру, озық ақпараттық технологиялардың мүмкіншілігін толығымен пайдалану  арқылы қызмет көрсету саласының белгілі бір деңгейіне көтерілетіні айқын. Жоғарыда көрсетілген мәселелердің шешімі кадрлардың сапалық біліктілігін арттыру арқылы және ынталандыру жүйесіне  мемлекет тарапынан қолдау  көрсетілсе ғана  жүзеге асырылатыны белгілі. Бұның дәлелі ретінде биылғы жылдың жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаев үкіметке экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеуді тапсырды...

 

 

         

    

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Абуталипов М. Несие тәуекелін төмендету және бағалау мәселелерінің жетілдірілуі //Ақша және несие, 2000, № 10 - С. 32.

2.     Волков С.Н. Несие тәуекелінің  бағалануы // Ақша және несие, 2005, №7, С. 32

3.     Коптаева Г.Ш.Несие тәуекелін басқару  // Ақша және несие, 2002, № 1, С. 85.

4.     Лео Шустер. Банк тәуекелін басқару.//Басқару тәжірибесі және теориялық мәселелер. – 1993,  № 4 - С.100.

5.     Супрунович Е. Тәуекелді басқару негіздері // Банк ісі – 2002,  № 4 - С. 41.

6.      ҚР Президентінің 2008 жылғы 7 ақпандағы халыққа жолдауы "Қазақстан     халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты"

7.     Қазақстан Республикасының Президенті 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты .