әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және
этнология факультеті
археология, этнология және музеология
кафедрасының аға оқытушысы Б.Ш. Солтиева.
Қазақ халқының
үй-тұрмысындағы дәстүрлі ыдыс-аяқтары
Қазақ
халқының арасында кеңінен тараған
өндірістің бір түрі ыдыс-аяқтар, мұндай іспен
ұста кәсіпкерлер айналысқан. Қазақтар ыдыс пен
керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан,
теріден, жүннен, киізден және шұғадан жасаған.
Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті
түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы
киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы
өнімдер үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүр
ет пен сарымайды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.
Сондай-ақ астау, тостаған, ожаулардың алуан түрлерін
жасаған. Ыдыс жасауға материал ретінде қайың
ағаштың томарға жақын түбірі мен көздерін
іске асырған. Ыдыстарды қызыл, қоңыр және сары
бояулармен бояйды. Әшекейлеуге кейде күмістің
қарайтылған түрі қолданылады. Сонымен де
пышақтың сабын, қасықты, шөміш сияқты
заттарды әрі жеңіл, әрі қызыл, көк, ақ
түсті аралас иісі жақсы болғандықтан арша
ағашынан жасалады.
Ағаш ыдыстарды кейіннен
токарьлық станокта жонып жасалатын болған. Бұларда ешбір мәнерлі
өрнектердің ұштаспаған. И.Г. Андреев қазақ
ағаштарын жонғанда оның диаметрінің көлемін 3
пұтқа дейін жасаған деп сипаттайды. 1871 жылы Семейдегі
көрме ұйымдастыру комитетінің хаттамасында қазақтардың ағаш
ыдыстарды ешбір токарьлық станоксыз жай қашаумен пышақтың
көмегімен тұтас қайыңнан жасайтындығы
жазылған(1).
Қайыңнан
жасалған терең ағаш ыдысты қадірлеп, ата-бабамыз сол
уақыттағы ең жоғары баға жылқы малына сатып
алған, «Ас адамның арқауы» деп айтсақ, сол асты жоғары
сапалы ағаш ыдыс-аяқтармен ішу, бұл да біліктілік пен
зерделіліктің белгісі.
Ә.Х. Марғұлан
өз еңбегінде қолөнер шеберлерінің ұлттық
бұйымдарына, қазақтың дәстүрлі
ыдыс-аяқтарына тоқталған. Ғалым
ыдыс-аяқтардың жасалу тәсілдерін, оларға салынған
ою-өрнектер, қандай материалдардан жасалғаны, олардың
функциялық міндеттерін, терминдерге тоқталған(2).
Х.А. Арғынбаев қазақтардың
ыдыстарды кең қолданғаны жөнінде қарастырып
кетеді. Үлкен, әрі ауқымды ағаш тегене қымыз
құюға арнап жасалынған. Ұзынша немесе
сопақтау астауды ет, немесе қыс айларында құрт жібітуге
арнаған. Сондай-ақ көлемді ағаш тостағанды, шара
аяқты пайдаланған, сабы бар тостағанды сапты аяқ» деп
атайды(3).
Қарлығаш
Ерғазықызы қазақтардың дәстүрлі
ыдыс-аяқ түрлерін зерттей келе, қазақтардың
дәстүрлі ыдыс-аяқтарын қолөнер шеберлері жасаған
материалына байланысты бес топқа бөледі:
1.
Ас-тағам сақтайтын ыдыс-аяқтар
2.
тағам сақтайтын дәстүрлі тері ыдыс-аяқтар
3.
дәстүрлі металл ыдыс-аяқтар
4.
саз балшық, қыш, фарфор тас бұйымдар
5.
жүннен жасалған дәстүрлі ыдыс-аяқтар»(4).
Ағаш ұсталары
ыдыс-аяқ жасауға да ерекше ден қойған. Соның
ішінде қымызға арналған түрлеріне аса назар
аударған. Негізінен бұл ыдыстарды қайыңнан, табылып
жатқан жағдайда оның безінен жасауға тырысқан.
Өйткені, қайың мықты, төзімді келген.
Мұқият өңдеген қайың, әсіресе
оның безі қара шұбарланып, қосымша
әшекейсіз-ақ әдемі болып көрінеді. Шеберлердің
айтуынша, әбден кепкен қайын ағашында бөтен иіс те,
шайыр да болмайды, сондықтан оған құйылған
қымыздың дәмі бұзылмайтын болған.
Қазақтар
тұрмысында ыдыстардың ағаштан жасалған түрлері де
кеңінен пайдаланылды. Мәселен, олар қайыңнан
жасалған үлкен тегенелер, қатты ағаштан немесе
қайыңның безінен жасалған шаралар, аяқтар,
тостағандар, қымыз құятын ожаулар, үлкен
ағаш астаулар, ет тартуға арналған көлемді ағаш
табақтар және тағы басқалары(5).
Сонымен қазақтар
ыдыс-аяққа да аса мән берген. Кімге қандай ыдыспен ас
тартылады, бұның өзі сынға алынған. Ешқашан
үйде сынық ыдыс-аяқ ұстамаған. Оны осы
үйдегі ұрыс-керіс, реніш осымен кетсін деп бастарынан айналдырып
лақтырып тастап отырған. Бүгінгі
күні бұл ыдыстардың кейбірі қолданыста бар, кейбірі
мүлде ұмытылған. Заман ағымына байланысты жетілдірілген
жаңаша жасалынған техника дайындаған ыдыс-аяқтар
күнделікті өмірімізге етене араласа бастады.
Қымызға
арналған ағаш ыдыстар: тегене, ожау, шара, сапты аяқ,
тостаған, күбі, піспек. Ел ішінде бұл ыдыстардың
түрлері күнделікті өмірде кеңінен пайдаланса,
оның сәнделіп жасалған ғажайып түрлері де аз
болмаған.
Қазақтар
ыдыс-аяқтардың негізгі бөліктерін ағаштан
жасаған. Алдымен ағашты таңдаған, ол
азықтың тез бұзылмауына сеп болатын, исі жағымды болуы
керек, көбіне қайың
ағашты пайдаланған. Оны адыраспан түтінімен тазалап, суға
төзімді болу үшін қайнатылған май сіңірді. Осыдан
кейін шебер ысып жылтырата отырып өңін кіргізеді, ою ояды, осы
әдіспен жасалған заттардың өңі әдемі
келеді. Бие саууға құятын жері бар ағаш шелек
жасаған болатын (6). Қымызды шелекпен биіктігі 70 см-ге жететін
сабаға құйып сақтап, әрі ашытатын еді.
Қымызды домалақ тостағанмен, кейде бедерленген оюлы сабы бар
саптыаяқпен ішеді.
Күбі – малды ауылдың
тұрақты түрде пайдаланылатын ыдыс. Күбі шелекте ас «татымай» ұзақ уақыт
сақталады. Күбіге қымыз ашытып, піседі, көже ашытады.
Күбіне ағаштан жасағлған саба, немесе, «іспе шелек» деп
те атайды. Күбіні қайыңнан, еменнен, аршадан, және
теректен істейді.
Шай, сусын ішуге
қазақ халқы «Ағаш аяқтарды» пайдаланған.
Шара, аяқтарүлкен-кішілі әртүрлі болады. Шаралармен
сорпа, қымыз, іркіт, шұбат, айран, сүт ішетін болса,кішірек
аяқтармен шай ішетін болған. Ағаш аяқ, шараларды
ағаштың «ұрысы», «беріші», «тошыны» сияқты жерлерінен
ойып істейді. Аяқ, шаралардың берік болуы үшін жаңа
аяқ шараларды малдың майына қайнатып алады. Майға
қайнатылып, «суарылған»(7).
Қазақ халқында
ыдыс-аяқ, қап тектес жабдықтарға қатысты
салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сенім-наным, ырымдар
көп. Қазақ халқы ыдыс-аяқты ас ішетін
жабдық-бұйымдар деп қастерлеп, құрметтейді. Олар
қандайда ас ішетін ыдыс-аяқтарды ашық тастамайды. Бұлай
істесе, түнде ыдыстарды жын-шайтан жалап кетеді немесе зиянды
жәндіктер түсіп кетеді деп сенген. Үйге көршілер
ыдыспен ас, сүт, қымыз, шұбат және т.б. әкелсе,
ыдысын бос қайтармаған. Себебі, ыдысын бос қайтару
көргенсіздік, әдепсіздік деп қараған. Мал сауатын
ыдыстарды төңкеріп қоймайды. Ырыс, құт кетеді деп
есептелінеді. Қазанды ашық, қақпақсыз
қоймайды. Шайтан жалап, жақсылық кетеді деп ырымдайды. Ас
ішкен ыдысты төңкеріп те қоймайды. Бұл ыдыс-несібе
осымен бітті дегенді меңзейді. Келген қонаққа кетік
аяқ, шыныға ас құйып бермейді. Бұлай ету
қонақты қорлау, ол кісінің несібесі кетеді деп есептелінеді.
Мал сауатын шелек, көнекке ақтық байлайды. Бұл ақ
көп болып, несібе кетпей мал суалмасын деген ырым болмақ(8).
Қазақ халқы
ыдыс-аяқ түрлерін өз өмірлерінің қажетіне қарай
дұрыс пайдалана білген.
1.
Масанов Э. Из истории ремесла казахов. //Советская этнография, 1958.-с.37.
2.
Маргулан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. А., 1987.-с. 120
3.
Арғынбаев Х.А. Қазақ халқының
қолөнері. – А., 1987.-420 б.
4.
Ерғазықызы Е.Қ. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы
қазақтың дәстүрлі ыдыс- аяқтары
(тарихи-этнологиялық зерттеу). Тарих. ғыл. канд. дәрежесін алу
үшін жазылған диссертация. – А., 1994. – 14 б.
5.
Кенжеахметұлы С. Қазақтың дарқан
дастарқаны.–А.,2005.–240 б.
6.
Арғынбаев Х. Қазақ халқының
қолөнері.А.,1962. -46 б.
7.
Биқұмар Кәмәлашұлы Қазақтың
байырғы баспаналары, үй-жиһаздары, ұлттық
киім-кешек, ыдыс-аяқ, ас-сусын, тамақ-тағамдарына
қатысты салт-дәстүрлері. – А., 2006. -100 б.
8.
Сонда. -111 б.