Современные методы преподавания
Рысбай Б.
Казахский национальный университет им. аль-Фараби, Казахстан
Білім беруде жаңа технологияларды қолдану – заман талабы
«Қазақстан – 2050»
стратегиясының ең басты мақсаты - мемлекетіміздің XXI ғасырдың
ортасында әлемнің ең дамыған 30 елінің
қатарына енуі. Әлемнің өркениетті елдерінде
экономиканың ең алдымен негізгі өндіруші саласы – білім болып
есептеледі. «Ұлттың бәсекелестік қабілеті, бірінші
кезекте, оның білімділік деңгейімен айқындалады.
Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру
жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап
ететіні сөзсіз». Сондықтан, бүгінгі жаһандану
үрдісіне үн қосып, ұтқырлықпен алға
жылжып келе жатқан дүниежүзі мемлекеттерінің білім
жүйелерін үлгі етіп, өзіміздің ұлттық
білім беру деңгейін халықаралық стандартқа
жақындату маңызды міндеттердің бірі болмақ. Бұл
қойылған міндет-мақсаттарды орындау талабы ұстаздар қауымына
үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оқытушылардың алдында
білім берудің инновациялық технологияларын пайдаланып, егеменді
еліміздің бәсекеге қабілетті жеке тұлға
қалыптастыру ісін жетілдіру міндеті тұр. Өйткені
қазіргі ғаламдану жағдайында өздігінше шешім
қабылдай алатын және оны жүзеге асыра алатын маманға
сұраныс күн санап артып келеді. Жеке тұлғаның
жоғары дәрежелі кәсіби құзыреттілігін
қалыптастырудың маңыздылығы маманның
бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «Құзыреттілік»
ұғымы жеке тұлғаның қалыптастырған
(білімі, біліктілігі, дағдысы) құзыреті негізінде кезкелген
жағдаятық мәселелерді өз бетімен оңтайлы шешуге,
өздігінше әрекет етуге бейімділік қасиеті дегенді білдіреді. Ендеше,
қоғам талабына сай оқытушының міндеті жас
ұрпаққа тәрбие мен білім беруде инновациялық
іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін
меңгеру болып табылады. Яғни, оқытушы
құзыреттілігі дегеніміз педагогикалық технологияларды
меңгере алу, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге
талпыну, өмірдегі жағдаяттарға бейімделе алу
қабілеттілігі деп түсінуге болады.
Қазіргі ғаламдану кезеңінде ғылым мен техниканың
жылдам дамуы әлемдік білім
кеңістігінде адамдардың ақпарат алмасуының қарқынды өсуіне, ақпараттық-коммуникациялық
технологиялардың қолданысқа кеңінен
енуіне игі ықпалын тигізуі ақпараттық
қоғам қалыптастыруды кажетті шартқа айналдырды.
Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – білім
алушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, танымдық
ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны тиімді
пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық
қоғамға бейімдеу. «Қоғамды ақпараттандыру»
дегеніміз – ғылыми техникалық прогресс жетістіктерінің
күнделікті тұрмысқа ауқымды енуінің
нәтижесі. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны
қолдану қоғамды ақпараттандырудың жалпы
талаптарына сай білім беруді сапалы түрде өзгертеді. Елбасы
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту -
Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Тұрғындардың компьютерлік
сауаттылығын, соның ішінде әр түрлі ынталандырушы
бағдарламалардың есебінен де көтеру қажет. Мен
қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды
белсендірек игеруге шақырамын» /1/ деп, білім беру саласы жаңа педагогикалық технологиялар
мен ақпараттық құралдарды кеңінен қолдануды
қажет ететінін атап көрсетті. Ақпараттық
технологиялар - есептеуіш техника негізінде қызмет ететін
бағдарламалық құрылғылар, сонымен бірге
ақпаратты таратуды, өңдеуді, сақтауды, жинақтауды
қамтамасыз ететін құралдар мен ақпарат айырбастау
жүйелері және оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға
ықпал ететін әдіс-тәсілдердің жиынтығы болып
табылады. Яғни, оқыту барысында ақпаратпен жұмыс жасау үшін арнайы тәсілдер мен
педагогикалық технологияларды, аудио және видео
құралдарды, компьютерлік технологияларды, интерактивті
құралдарды т.б. қолдану.
Қазіргі жағдайда білім беру
саласын оқыту технологиясының заманауи
әдістерінсіз, әр түрлі
техникалық құралдарын пайдаланусыз елестету мүмкін
емес. Сондықтан, заман ағымына сай
білім мазмұнын жаңарту - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Олай болса, ақпараттық
технологиялардың озық үлгілерін қолдану арқылы
білім берудің ғылыми-әдістемелік жүйесін жаңарту,
интернет ресурстарын пайдалану, электрондық оқулықтарды даярлауды
ұйымдастыру ұлттық білім беру деңгейін
халықаралық стандартқа жақындатуға
мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Қазіргі
кезде дамып келе жатқан жаңа
ақпараттық-педагогикалық технологияның бір түрі -
қашықтықтан оқыту үрдісі.
Қашықтықтан оқыту оқытушының студентпен
оқыту құралдары арқылы интерактивті
қарым-қатынас әрекетін ұйымдастыруға
мүмкіндік береді. Интернет желісіне қосылған
компьютердің көмегімен қашықтан оқыту кезінде
тапсырманы және онымен бірге ұсынылған
оқулықтарды қарап отырып білім алғысы келетін адам
өзі ізденіп, жауаптарын салып жібере алады. Яғни, білім
алушының мынадай мүмкіндіктері бар:
-
қалаған уақытыңда оқуына, тапсырмаларды
орындауына;
- кез келген
жерде білім алуына;
-
кәсіби қызметімен қатар білім алуына т.б. болады.
Жалпы оқу үдерісінде
ақпараттық технологияларды
мынадай мақсатта қолдануға болады:
- оқу үрдісінің тиімділігін
арттыру, білім мазмұнын жаңарту құралы ретінде;
- дербес, ұжымдық, топтық,
қашықтықтан оқыту түрлерін жүзеге асыруда;
- жаңа педагогикалық
технологияларды тиімді қолдануда;
- танымдық қабілеттері мен
ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда;
- өз бетімен білім алуға, алған білімдерін жетілдіруге,
бақылауға, тексеруге, бағалауға қолдану;
- алған ақпараттарын тез арада
өңдеу, жинақтау, таратуда;
- электрондық оқу құралдарын
тиімді қолдануда.
Сонымен,
білім беру үдерісінде:
-
оқу-танымдық құзіреттілік (өз бетімен білім алу,
жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру,
қорытынды жасай білу);
-
коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара
қарым-қатынас жасай білу, қазақ тілінде, шетел тілінде
қатынас дағдылары болуы);
-
ақпараттық-технологиялық құзіреттілік
(ақпараттық технологияларды пайдалана білу, өз бетінше
ақпарат іздей білу, талдай білуді жүзеге асыра білу
қабілеті);
-
тұлғалық өзін-өзі дамыту
құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық
және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы
белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті) т.б.
құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарыту
оқытушыдан арнайы әлеуметтік білім беру
құзыреттіліктерінің жан-жақты болуын талап етеді.
Сонымен, «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық
технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі
жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап
көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында
ақпараттық технологияны оқу үдерісінде қолданудың
тиімділігі зор. Оқыту
үрдісін ақпараттандыру, білім беру жүйесінде
ақпараттық технологияларды тиімді қолдану, ең алдымен
студенттің әлемдік ақпараттық кеңістіктен
өзіне қажетті ақпаратты алып, жинақтап,
өңдей білуіне, ақпараттық мәдениеттің
қалыптасуына, ақпараттық қоғам
жағдайында еркін өмір
сүруіне жағдай жасайды.
-----------------------------------------------------
1.
Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік-экономикалық
жаңғырту - Қазақстан
дамуының басты бағыты» Ел президентінің халыққа жолдауы, 2012 ж.