Махамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды.... Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

 

         Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Өз мүддесінінің өзегіне әлеуметтік қайта құру, қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп қойғандықтан Махамбет поэзиясы осы түпкілікті мақсат пен міндетке бағындырылған. Осы себептен Махамбетті қас жаулары оп-оңай өлімге қиып жіберді.

1846 жылы 20 қазанда Ақжайық өңірінде қанды оқиға орын алды. Ол атақты ақын Махамбет Өтемісұлының жантүршігерлікпен өлтірілуі еді.1846 жылы қазан айында Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі, сұлтан Баймағамбет Айшуақов патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін Махамбетті өлтірудің жоспарын жасайды. Және де ақынның өзін тірідей қолға түсіріп әкелген адамға ескі патша ақшасымен 1000, ал басын кесіп әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария еткен. Мұндай қылмысты жүзеге асыратын адамдар да табылады.Әнуар Әлімжановтың кітабында Махамбеттің басын Баймағамбет сұлтанға алып барғанда Шернияз ақын да сұлтанның жанында отырғаны жазылады. Ықылас оны қызыл подносқа салып, бетін мақпал матамен жауып әкеледі. Сұлтан: “Қандай сыйлық әкелдің?” деп матаны қанжардың ұшымен ашып қалғанда, подноста Махамбеттің басы жатады. Шернияз әуелі бұл кім деп ойлады ма, ұзақ қарап, ақынның басын таныған соң, жағалай отырған адамдарды бір сүзіп өтеді де, айқайлап далаға шыға жүгіреді.

Ал жазушы Тәкен Әлімқұлов “Қараой” әңгімесінде ақынның дүниеден өтер сәтін: “Махамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Махамбеттің басына ұрды. Махамбет ақтық рет: “Әуес!” деп, сылқ түсіп, сұлап қалды”, – деп суреттейді.

Зерттеуші-ғалым Исатай Кенжәлиев болса “Махамбет Өтемісұлы” кітабында қанды оқи­ғадан кейін жендеттер Махамбеттің үйін тонап, інісі Хасенді, әйелін, Бетімбай Шөкеұлын Баймағамбетке алып барғанын жазады. “Бұл тұтқындалған адамдарды Баймағамбет бір айдай ұстап, әбден қорқытып жауап алады да, сосын қоя береді”, делінген. Зерттеуші еңбегінде жендеттердің ақынның әйелін де өздерімен бірге ала кеткені анық жазылған.

1847 жылы 27 ақпанда ақ патшаға адал қызмет еткені үшін сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа генерал-майор атағы беріледі. Сол жылдың 30- наурызында сұлтан  қайтыс болған. Ел ішінде оның Санкт-Петербургтен үйіне қайтып келе жатқан жолда Елек өзенінен өтер кезде опат болғаны туралы әңгіме бар. Сұл­танды суға батырып өлтірген топтың басында Махамбеттің досы Асаубай болған көрінеді. Олар осылай ақын үшін кек алған.

Махамбет халық басындағы бақ пен сордың жалқылық мысалына жұбанбайды, заман дүмпуi тудырған iрi ағымдардың аққарасын саралап толғанады. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтiк теңдiгiн  Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткiзе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Кенжалиев И. Исатай-Махамбет. Алматы: 1991ж.

2.     Махамбет .І т.,Алматы:Ғылым.2003.447б.

3.     Базарбаев М.Замана тудырған әдебиет.Алматы:Жібек жолы.2005ж 509б.

 

Махамбеттің поэзиясындағы «мен»  категориясы

 Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

 

Махамбет – ерлікті мадақтаған ақын. Оның өлеңдері тұтасымен дерлік ерлік, жауынгерлік тақырыпқа құрылған. Бұл – Махамбет поэзиясының өзіндік сипаты. Біз Махамбеттің өлеңдерінен «мен»-ді, онда да ақын «мен» емес, батыр «мен»-ді айтудағы, батыр «мен»-ді сипаттаудағы,  оның іс-әрекетін айтудағы сөз қолданыс тәсілінен өзіне дейінгі поэзияға тән белгілерді анық көреміз. Махамбеттің көркем образдар жүйесіндегі лирикалық қаһарман ретіндегі өз «мені»-нің атқарып тұрған қызметі де зор[1].

Қазақтың ілгері дәуірлердегі ерлі-азаматтық жырлары негізінен «мен»-ге құрылған «Тоқтамыс пен Едіге жыры» да, «Орақ-Мамай жыры» да, «Әділ жыры» да, Қазтуған Доспамбет   өлаңдері  де — «мен» поэзиясы «Батыр мен»-нің поэзиясы.

Мен кетемін, кетемін,

Кеткенменен айдалаға кетпеймін,

Айналып Еділді өтемін,

Жебір сұлтан сен білмейсін,

         Мен аңқау туған бөрімін                        («Ер Тарғын»)

 

         Ау беркініп, садақ асынған,

         Беркінген жауды қашырған

Кесек те туған бір ермін,

Кескілеспей басылман.                           («Орақ-Мамай жыры»)

Батыр Махамбет өзін осы ерлердің ұрпағымын деп білді. Және сол ерлерше толғады. [2,50-52].Ал батырлық өлеңдегі «мен»-ге тән іс-әрекетін де соларша баяндайды:Мен ақсұнқар құстың сойы едім,

Шымырқансам тағы кетермін

Кетпей нешік етермін,

Бұл барғаннан барамын,

                   Қиядан орын алармын.

Махамбет поэзиясындағы ілгергі дәуір шетіне тән осы «лирикалық герой – басын» өзімен бірге тілдік тәсілін ала келшірек айтқанда, Махамбет ақын өзі- «лирикалық герой — батыр   мен-дерін» дәуір әдибетіндегі батырлық-азаматтық жырлардағы «Мен-дерше» суреттеді.

Мен тауда ұялар сұңқармын, (Фольклор)                            

Мен ақ сұңқар құстың сойы едім (Махамбет)

Кесекте туған бір елмін   («Орақ Мамай»)

Мен кескекті ердің сойымын  (Махамбет)

Мен қарағайдай биік біткен терекопін

Басына дауыл ұрса теңселмен (Фольклор)

Боз ағаштан биік мен едім,

Бұтаққа жетпей шарт сынбан   (Махамбет)

Мұнда Махамбет метофоралық сөздерді жергі жер үлгісінде , тіпті  кейде қар қайталап отырады. «Мен» категориясы барлық оқиғаны өз айналасына топтастырып, өзі арқылы тарататындықтан, ақынның толыққанды образы осы «мен» категориясы арқылы ашылады. Оның поэзиясындағы барлық образдар жүйесінің семиотикалық  аспектідегі өзіндік қызметтері де жоғарыда айтылған «мен»-ге келіп түйісіп, содан қайтадан белгілі бір бағыттарды көрсетіп, тармақталып кетіп жатыр [3,72-75].Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының XIX ғасырдағы ұлы әдеби мектебінің жаңашыл, аса көрнекті әрі ақын, әрі батыр тұлғасы. Ол өз заманындағы жыраулар дәстүрін терең біліп, заман тынысына қарай жаңа бағыт бастаған дара талант. Қазақ елінің жампоз дарыны, нар тұлғалы поэзия алыбы. Махамбет шығармалары – бүгінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы, тарихи тұрғыдан күрделі, әрі рухы асқақ қымбат қазына.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Мешітбаева К.Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі көркем шындық мәселесі.Қостанай:Шапақ.2005.140 б.

2.     Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. 1 том Алматы: 1958 ж.

3.     Өмірәлиев Қ.Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі   поэзия үлгілерімен байланысы\\Қазақстан мектебі,№6 1970.