Утебаева  А.Қ.

Филология ғылымдарының магистрі, оқытушы

             А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

                                               Қазақстан, Қостанай қ.

 

Ә.Кекілбаев  шығармалардағы метафора түріндегі фразеологиялық тіркестердің қолданысы

           Метафора сөз мәнін өңдеп, өзгертіп айтуға, суреттеп отырған затты немесе құбылысты ажарландыра түсуге, олардың өзіне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап көрсетуге негізделген троптың түрі.

         Акамедик З.Ахметов метафораға былай деп анықтама берген : «Метафора - екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып жақындату арқылы астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі».

     Метафораның (ауыс мағыналы не әсірелеу мағынасындағы сөздің) ең көп қолданылатын жері - публицистикалық стиль мен әсіресе көркем әдебиет стилі. Сөздің метафоралық мағынасы шешендік сарындағы өсиет өлеңдер-ден, мақал-мәтелден, айтыс жырлардан, қиссалардан, жұмбақ пен жаңылтпаштардан, ауыз әдебиетінің өзге де үлгілерінен кездеседі. Бірақ осылардың ішінде  көркем әдебиет стилінде жиі және әр тарап түрде келіп отырады. Метафоралар, яғни ауыс мағыналы не әсірелеу мәнінде алынатын сөздер көбіне-көп көркем әдебиет стилінде қолданылғанмен, ара-тұра  өзге стиль түрлерінде де кездеседі. Мысалы, олар публицистикалық стильде де бірқатар жерде жұмсалады. Әдеби шығармалардағы метафора мен публицистикалық, саяси еңбектердегі метафора стильдік қызметі жағынан өз ара бірдей болып келе бермейді. Себебі, көркем әдебиет стилінде жалпы халықтық сипаттағы метафоралармен қоса, контекстік те метафора  қолданылады. Публицистикалық стильде негізінен жалпы халықтық сипаттағы метафора жиі пайдаланылады. Ал публицистикалық стильден контекстік метафора оқта-текте ғана ұшырасады.

     Метафораны жан-жақты зерттеген ғалым Б.Хасанов былай деп пікір айтады: «Сөз туғызудың басқа  тәсілдерінен метафораның негізгі айырмашылығы сөз мағынасын ғана жаңартып, сырт тұлғасына фонетикалық, морфологиялық өзгеріс енгізбейтіндігінде.Тіліміздің сөздік құрамын байытудағы метафораның орнын анықтауда бұл  айырмашылықтарды әрдайым есте сақтау керек, - дей келіп, оның индивидуалдық және дәстүрлі болып 2-ге бөлінетіндігін көрсете келе, - индивидуалдық метафора - өмірдің кейбір жайларына берілген субьективті баға, өзіндік тұжырым. Ал дәстүрлі метафора – сол тілде сөйлейтін халықтың тіршілігі мен тұрмыс-күйіне, өмір сүрген ортасына, дүниетанымына  тікелей байланысты болады».

      Дәстүрлі метафоралар – мағынасы көпшілікке түсінікті, жиі қолданысқа түсетін бейнелі метафоралар. Дәстүрлі метафораның авторы болмайды. Олар мақал-мәтелдер сияқты халық қазынасы болып табылады. Дәстүрлі метафоралар сөз айшығы ретінде тілде тұрақты қолданылады. Бірте-бірте дәстүрлі метафоралардың бейнелілік қасиеті солғындап, күңгірттенеді. Олар –  поэтикалық метафоралар тәрізді негізінен көркем әдебиетте қолданылады.

       Метафораның жалпы көріктеуіш-бейнелеуіш құралдарының көркемдік және танымдық қызметі туралы ғалым З. Ахметов былай дейді: «Поэзияда не нәрсені болсын көбінесе жалпыға түсінікті, күнделікті өмірде неғұрлым көп ұшырасатын, халық ұғымына әбден сіңіскен заттармен салыстырады. Сондықтан астарлы сөздер, салыстырмалы бейнелер, әр түрлі көркем баламалар халық өмірінің шындығы мен еліміздің арғы-бергі тарихынан елес береді».

  «... Метафора бірде ауыстыру, бір нәрсенің, құбылыстың орнына оған ұқсас екінші нәрсені, құбылысты айту түрінде жасалса, ( «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» ), енді бірде бір  нәрсенің екінші нәрсеге телу, балап айту түрінде қолданылады («мен – тауда ойнаған қарт марал», «мен – ақ сұңқардан туған құмаймын», «мен – түбін қазған бәйтерек»). Метафораның соңғы түрі теңеуге өте жақын көрінеді. Сырт қарағанда, оларды ажырату да оңай емес секілді. Ал бірақ оның теңеуден үлкен айырмасы – ол бір нәрсені екінші нәрсеге жай ғана ұқсатумен шектелмейді. Сол айтылып отырған нәрсе басқа нәрсенің кейіпіне түсіріліп бейнеленеді. Сондықтан мұнда салыстыру үшін алынған нәрсенің сипат-қасиеттерін, әрекет-қимылын негізгі суреттеліп отырған нәрсеге теңеп көрсету мүмкіндігі туады».

          Метафора зат, құбылыс, оның белгілерінің ассоциациялануы, байланысуы арқылы жасалып, ойдың дамуына, семантикалық процесске серпіліс береді. Ол – заттардың адам байқамайтын қасиеттерін байқауға көмектеседі. Сол арқылы адамның ойлау дүниесінде күтпеген батыл ассоциациялар жасалады. Бұндай күтпеген, кенеттен болған салыстырулар тілге, көркем шығармаларға ерекше көркемдік береді.

         Сонымен, метафора дегеніміз – ұқсастықтарын көре білу арқылы бір затты не құбылысты екінші бір затқа не құбылысқа салыстырыла, образды түрде бейнелейтін, сол арқылы көз алдымызға белгілі бір ұғым туралы сурет әкелетін троптың бір түрі. Жазушы шығармаларының көркі де, шырайы да – метафора, яғни сөзді ауыстыру, оны өңдендіре, ажарландыра қолданы Ә.Кекілбаев шығармаларында өзіне тән қолтаңбадан туған метафоралы, сөз тіркестері молынан кездеседі. Айналаны қоршаған ортадан, табиғат әлемінен, өмір, қоғам құбылыстарынан алған әсерін ерекше ажарландырып, айшықтап, әсерлі суреттейді:

«Жарты әлемді қау шөптей жапырған бұның алдында да айылын жимаған қайсар қатынның лағыл жүзігі содан бері бұның қолында. Жеңіс бермеген әйел ерлігінің ескерткішіндей ескі сөз » [ Ә.К.,8].

 Азияны толық болмаса да жартылай жаулап алған Шыңғысханды автор «жарты әлемді жапырған» тұрақты тіркесі арқылы образға келтіріп, ойын одан әрі, әсерлі, бейнелі жеткізу үшін арасына «қау шөптей» теңеуін кіргізген. Мұнда «жарты әлем» зат есімі тура мағынасында келіп, оған образ жасаушы «жапырған» есімшесін тіркеу арқылы автор өз қолданысындағы, яғни окказионалды метафоралы тұрақты тіркесті сәтті қолданып, өзіндік шеберлігін көрсете алған.

   «айылын жимады» деген тұрақты тіркес халық арасында « сескенбеді, жасқанбады, қымсынбады» мағынасында қолданылады. Жазушы бұл тұрақты тіркесті дәл осы мағынасында «айылын жимаған» деп соңғы компонентің есімшеге айналдырып қолданған.

   Бұқараны шапқан қолбасшылар мұнын алдына шаһардың талай қызын көзінен тізіп алып келгенде, осы шаһар әкімінің қатыны бұл отырған шатырдан басын иместен аттайды. Жасауылдары күшпен жер тізерлеткенін бас игені емес, дұға оқығаны болдырып көкке қарап қолынжаяды. Сол кезде оны сүйріктей саусағынан жарқ ете түскен лағыл жүзікті көрген Шыңғысхан әйелдің саусақтарын қылышпен шапқызып тастағанда әйел басын иместен сазарып отырып алады.  Міне осыншалық қайсарлық көрсеткен әйелдің тәкәппарлығын жазушы Ә. Кекілбаев «айылын жимаған» тіркесі арқылы метафоралай отырып, кейіпкердің мінезін, сол кездегі қаракетін өте әсерлі де, бейнелі жеткізген. Осы контексте сөз болған қайсар әйелдің жүзігін автор «ескі көз» тұрақты тіркес арқылы бейнелеген. Сын есім мен зат есімнің тізілуінен болған метафоралы тұрақты тіркес халықтық қолданыста «ескінің көзі» түрінде қолданылып – ескі уақыт, бұрынғы заманнан қалған затқа, салтқа кісіге қатысты айтылады – деп түсіндіріледі. Шыңғысханның он саусағындағы әрбіреуінің өз тарихы бар жүзіктердің бірін автор «ескі көз» тұрақты тіркесі арқылы бейнелі жеткізген.

 «Суат басында да, үйге келгенде де сөзге сараң» [ Ә.К., - 2 том, 248].

 Барыс септігіндегі зат есім мен сын есімнің түзілуінен болған метафораның астарына үңілсек  - бұл жерде көп үндемеді, сөйлегісі келмеді мағынасында қолданылып тұр. Жазушы халық қолданысындағы «сөзге шорқақ» тұрақты тіркес жасаған. Бірақ бұл тұрақты тіркестер құрылым-құрылысы жағынан ұқсас болғанымен мағыналар жағынан өзгешелеу. «сөзге шорқақ» - келістіре сөйлей алмайтын кісі деген мағынада қолданылады.

 «Көптен әңгімелеспеген менің тілім қышып келеді» [ Ә.К.2 том 246].

 «Тілі қышыды» - сөйлегісі келді, сөйлеуге құштар болды  мағынасын береді. Автор тұрақты тіркестерге грамматикалық өзгерістер енгізе отырып (тәуелденген зат есім + өткен шақ көсемше – тілім қышып), сөйлем соңында баяндауыш болып тұрғандықтан «келеді» етістігін бірге қолданған. Мұнда алдыңғы ой жалғасып, (бұл жерде «сөзі сараң» мысалға айтылып тұр) сұраған сұрағының бәріне жауап салатын Самат ағасын аяқ асты үндемей қалғанына шыдамай, сөйлегісі, әңгімелескісі келген баланың іс-әрекеті «тілім қышып келеді» деп метафора түрінде қолданған.

    Сонымен, метафора–тілдің суреттеме, көркемдегіш, бейнелеуіш құралдарының ең бір өнімдісі.Тілімізде сол қалпында (құрамындағы компоненттері ауыс мағынасында келіп) метафоралық тіркес болып келетін де тұрақты тіркестер аз емес. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай метафора бейнелеуіш, көркемдегіш құралдарының бірі болса, бейнелілік – фразеологизмге тән қасиет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы: Санат, 1997. -224бет.

2.     Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы: «Ана тілі», 1995,272 б.

3.     Балақаев М.Қазақ әдеби тілі және оның нормалары.–Алматы,1984,184 б.

4.     Таласпаева Ж. С. Ғалым Малдыбаева поэмаларындағы көркемдік құралдар. Канд. диссерт. Алматы, 1998ж.

5.     Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969ж.

6.     Есқараева А. Д. З. Шүкіровтың поэзиялық шығармаларындағы метафоралық қолданыстар. автореф. 27 б.