Филологические
науки/8.Родной
язык и литература
ВжМШТ факультетінің 1-курс
студенті Бижанова Н.Ә.
П.ғ.к., доцент
Мұратбекова А.М.
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университеті, Астана қаласы
Абай мұрасының Сәкен Сейфуллин
шығармашылығына ықпалы
Қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі,
ақын, қоғам, мемлекет қайраткері, адам жанының
күйініш-сүйініштерін, алуан сипатты сезім күйлерін,
ынтық, құштар жүректің нәзік сыр,
ыстық толқындарын шебер де әсерлі суреттеген тамаша шығармалардың
авторы Сәкен Сейфуллин поэзиясы Абайдың ақыңдық
мектебінің әсер-ықпалымен өркендеді. Сәкен Омбыда
оқып жүрген шәкірттік дәуірінде Абай рухына сиынып, өмір
бойы үлгі алатынын төмендегі өлең жолдарымен:
Ғибратты сөздер айтып болдың ақын.
Мүсәнләфләр сөзіне сөзің
жақын.
Үлгі қып кейінгіге жаздың нұсқа,
Қиыннан қиыстырып сөздің нарқын.
Сөзіңнің қарап тұрсам мағынасы мол,
Бастаушы адасқанды болғандай жол.
Өзге сөздің патшасы – сенің сөзің,
Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол, - деп білдіріп, Абайдың құдіретті сөзін ардақ тұтты. Өлеңдегі
осындай әлеуметтік ойларды ұлы ақыннан алғаны
сөзсіз. Оның қаншалықты мәні барын «Бірлік»
қоғамына басшылық жасап жүргенде өзі мықтап
түсінді. Сондықтан «Кім басшы – аға халыққа»,
«Қазақ сабағы», «Надан бай», «Оқымаған
қазақ» деген өлеңдерін жазып, ел қамын ойлау
адастырмас арман жолы екенін ұқты. Сол тұста жас ақынды
қолтығынан демеп, алға бастырып жіберген Абайдың
азаматтық әуені болатын, «Сөз патшасынан»
қоғамдық мән-мағына тауып, өз пікірін
сабақтауға бел буды.
Сөзіңнің
жылдан-жылға қадыры артты,
Оқуға құмар қылды талай жасты.
Құмар болған кеудесі – сәулелі ар,
Айтпаймын ауылдағы шыбай масты, -
деуінің сыры да түсінікті.
«Сәулелі ары» барлар ғана Абайға серік болмақ.
Саналы көзі ашыққа сөзін алтын,
Санасызға – жел, сөз – соққан салқын,
Ойында санасыздың
еш нәрсе жоқ,
Ілгері бассын деген
қазақ халқын, –
деген қомақты пікірді
түйіндегенде, Сәкеннің Абайды қалай түсінгені
өзінен-өзі айқындала бермек.
«Шындығына келгенде, Абайдың ұлылығы өзіне
дейінгі ұлт топырағына өніп-өскен дәстүр,
әдеби арналарды түгелдей бойына сіңіріп барып биіктесе,
Сәкенге Абайдың рухы дарымағандай кежірейеміз. Түптеп
келгенде, екі дәуірдің әдебиетіне басшы бола
білгендердің тоқайласар үлкен арнасы бар. Ол –
жаңашылдық. Абайдың қазақ поэзиясына
сіңірген ұлы еңбегі – жарқын да ажарлы
жаңашылдығы болса, Сәкеннің үлгі алғаны да,
шама-шарқынша ілгері дамытқаны да осы сала. Қазақ
өлеңінің өрнегі жағынан болсын, әуендік
мақамы, әуездік
ырғағы жағынан болсын реформа жасауда Абай мен
Сәкеннің орындары ерекше. Абайдан басталған
реформаторлық рух қазақ ақындарының ішінде
Мағжанда бейнешілдік, сөз құдіретін асқақтата
беру жағында айрықша көп болса, сыртқы түр
арқылы, екпінді ырғақ арқылы тоникалық
өлеңге іш тарту машығы Сәкенде мейлінше анық
байқалады. Абай рухының Сәкенге айрықша дарыған
тұсы осы. Сәкен жасаған өлең өрнектері
Абаймен деңгейлес болмағанмен, реформаторлық ниеттері
мейлінше рухтас болғандығын анық аңғарамыз» [1, 10].
Абай ақындығына тәнті болып, Сәкеннің
ақын үлгісімен талай
шумақтар жазғаны белгілі. Әсіресе «Кел жігіттер», «Ғазел»
өлеңдерінде Абайдың өлең өрнегін айнытпай
қолданып, ұлы ақыннан шеберлікті шыңдаудың жолын
үйреніп жүргенін көрсетеді. Абаймен рухани жағынан
жақын өлеңдерінің бірі – «Советстан» өлеңі.
Бұл өлеңінде автор аумалы-төкпелі жаңа орнап келе
жатқан заманды бейнелеуде Асау тұлпардың романтикалық
образын дүниеге әкелді. Сәкен поэзиясында тоникаға іш
тарту басым болды. Ұйқастан туатын ырғақты
интонациялық екпінмен жеткізу қазақ поэзиясына сіңе
бастаған жаңалықтың нышаны, силлабикалық
өлеңге тоника элементтерінің ене бастауы еді. Сәкен осы
ұстанымды «Советстанда» әбден орнықтырып, қазақ
өлең өрнегіне бұрын кездеспеген жаңа түр
жасады.
Замана бейнесін жасау мақсатында Сәкен екпінділікті,
өзгеріс-құбылысты жеткізу үшін ойды төгіп-төгіп,
бастырмалатып айту өмір ағымының динамикасына сай келетінін
анық ұғады: Ақырды
асау – жаңғырды дала, Тулады, орғыды асау, Дүбірлеп күңіренді дала...
– деп, әр қимылды тездете
түсуге мүмкіндік беретін өлең шумақтарында
екпіндік нышан басым көрінеді.
Сәкен: «Тіл ретінен Абайдың шығармалары көп пайда
береді. Қазақ тілінің барлық байлығын,
барлық тұлғасын Абай шығармалары толық
көрсете алады. Сондықтан да Абай шығармаларының
мәні зор. Онан қазақ тілін сұлулап, көркем
нақыстап, әдемі кестелеген әсерлі жыр, сұлу, күйлі
елең қылып шығару ретінде де Абай үлгі-өрнек
болатын үздік шебер ақын екендігі белгілі» деп ой түйеді.
Абайдың ақындық шеберлігіне тәнті бола отырып,
ақын шығармаларының мәні зор» деген
тұжырымға келеді. Ұлы ақынның
үлгі-өнегесінен көз жазбауға шақырып,
әрқашан қадір-құрмет тұтуды жас
ұрпаққа ұғындырады.
Қорытындылай
келе, Сәкеннің
Абайға деген ұлы махаббаты жаңашылдық рухтан, шығармашылық
ізденістен табылып, қазақ әдебиетіндегі рухани сабақтастықтың
құнарлығына дәлел болары сөзсіз демекпіз.
Пайдаланылған
әдебиет
1. Сейфуллин С. Көкшетау: Жыр-дастандар /құрастырушы
Т.Кәкішев. – Алматы: Жазушы, 1994. -296 бет.
2.
Абай. Энциклопедия. (Бас
ред. Р.Н. Нұрғалиев). – Алматы: Атамұра,
1995.