Филологические науки  /Теоретические и методологические проблемы  исследования языка

 

А. Абилдаева

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

 

Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мүшелерінің ғылымдағы

зерттелуі

 

Сөзжасам саласы – ғылымда  кеш танылған салалардың бірі. Осымен байланысты сөзжасам тіл білімінің бір саласы болып танылып, жаңа тұрғыда зерттеле басталғалы жаңа ғылыми мәселелер туындап, олардышешуқажеттігін туғызып отыр. Бұл–заңды құбылыс, ғылым дамыған сайын жаңа ғылыми мәселелер туындап отыратыны белгілі.

        Жалпы қазақ тіл білімінде сөзжасамды арнайы зерттесін, мейлі өз зерттеу нысанымен байланысты болсын, мейлі сөзжасам туралы пікір айтпаған, қалам сызбаған ғылымды кездестіру өте қиын, оларды түгел атап шығу мүмкін емес. Жұрнақ терминін алғаш ұсынған А.Байтұрсынұлынан бастап,  Қ.Жұбанов, Х.Басымов,  А.Ысқақов, А.Қалыбаева, М.Балақаев, А.Қайдаров, Р.Сыздықова, Н.Оралбаева, Ө.Айтпаев, ғалымдар еңбегінде сөзжасам мәселесі әр түрлі дәрежеде көрініс тапқаны анық. Алайда, қазақ тіл білімінде сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екенін ғылыми түрде дәлелдеген Н.Оралбаеваның еңбегінің маңызы зор болғанын атаған дұрыс деп ойлаймын. Н.Оралбаева 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деген монографияда сөзжасам – тіл білімінің дербес саласы деп дәлелдеп оның жалпы теориялық мәселесін жазды. Бұнда тілдің өзіндік сөзжасам жүйесі бары алғаш рет дәлелденуі, оған не жататыны анықталды. Сөзжасам жеке сала болғандықтан, морфологиядан  бөлінгендіктен, оны оқытуда, зерттеуде морфологиялық талдаудан басқаша талдау қажеттігін ескеріп, сөзжасамдық талдау мәселесін көтеріп, оның ерекшелігін, құрамын, жолын көрсетті, сөзжасамдық талдаудың 7 түрлі белгісін анықтады.

         Сөзжасамның негізділік (мотивация) теориясын көтеріп, оның теориясын жасады. Сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип, үлгі мәселелерін көтерді. Сөзжасамдық тәсілдер теориясын анықтаудың үлгісін көрсетті. 2002 жылы шыққан «Қазақ тілінің сөзжасамы» оқулығында Н.Оралбаева сөзжасамның барлық теориялық құрамын анықтап, оны жүйеге келтіріп, сөзжасамның тұңғыш ғылыми оқулығын жаңа технология бойынша модульдік жүйеде баспадан шығарды. Бұл оқулықта сөзжасам мәселесінің ғылыми негізі қаланды.

         Сол жылы «Қазақ грамматикасы» жарық көрді. Ол грамматикада тіл білімінің фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис салалары қамтылған. Осы еңбекте де  Н.Оралбаева сөзжасамның бұрын, сөз таптарының сөзжасамы зерттеліп жүрген кезде, зерттелмей жүрген теориялық мәселелерін жан-жақты зерттеп, сөзжасам теориясының негізін толықтырған, дамытқан. Сондай-ақ, ғалым осы маңызды еңбекте зат есім, сын есім, етістік сөзжасамның бірсыпыра мәселелерін, сан есім сөзжасамын жазған.

         Оған дәлел ретінде Қ. Құрманәлиевтің еңбектерін атауға болады: 1) «Сөзжасамдық ұя», (1998), 2) «Сөзжасамдық ұяның мағынасы» (1998), 3) «Сөзжасамдық ұяның парадигматикалық  қатыстығы бірлігі мен сатылары», 4) «Сөзжасамдық ұяның синтагматикалық қатыстығы күрделі бірліктері», 5) «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тізбектер» (1999), 6) «Сөзжасамдық ұяның зерттелуі» (2000), 7) «Сөзжасамдық ұяның бірліктері» (2000), 8) Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесінің теориялық негіздері», (2001), 9) «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері» (2002). Осы мәселе З.Құрманалиеваның ғылыми зерттеуінде де дамытылды.

 З. Құрманалиева зат есімнің реңк мәнді туынды сөздерін зерттеу барысында олардағы 17 сөзжасамдық ұяны анықтаған. Бұл еңбекте Н.Оралбаеваның түрленген туынды мағыналар теориясы дәлелденген.

         Бұған қарап сөзжасамдық ұя мәселесі ғылымда шешілген мәселе деуге болмайды, ол – өте күрделі  ғылыми мәселе. Оған дәлел ретінде  Қ.Құрманәлиевтің орыс тіл білімінде сөзжасамдық ұядан жиырмадан астам диссертация қорғалды деген дерегін келтіруге болады. Демек, жоғарыда сөзжасамдық ұя бойынша жасалған  зерттеулер күрделі мәселенің зерттелуінің бастамасы деп ойлауға тура келеді. Оның әлі де зерттелуін күтіп тұрған.

        Қ. Құрманәлиев сөзжасамдық тарам мен сөзжасамдық ұя екі түрлі тілдік құбылыс, сөзжасамдық тарамды ұяның ішкі күрделі бірлігі деп таныған. Ғалым сөзжасамдық тарам ұядағы туынды сөздердің ішінде парадигмалық қатыстың нәтижесі деп дәлелденген. Сөзжасамдық  тарамның әр мүшесінен сөзжасамдық тізбек жасалатынын көрсеткен. Сөзжасамдық тарам мүшелерінің мөлшері туралы шамамен деректер берген. Сөзжасамдық тарам мүшелерінің бір-бірімен тең дәрежелі қатыста болатынын дәлелдеген. Бұл мәселелер 1998 жылы жарияланған, баспадан шыққан еңбекте Қ.Құрманәлиев ғылымға қосқан үлес деп бағалаймыз, өйткені сөзжасамдық тарам туралы бұл ғылыми деректер бұрын белгісіз болатын.

         2003 жылы баспадан шыққан «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тізбектің құрылысын синхронды тұрғыдан сипаттау» деген еңбегінде Б.Есімсейтов сөзжасамдық тарам жөнінде де пікір білдірген. Ғалымның бұл мәселеге соқпай  өтуі мүмкін емес еді, өйткені сөзжасамдық тарамның әр мүшесі сөзжасамдық тізбектің бастау көзі десе де болады. Сондықтан ғалым бұл мәселені аттап өте алмаған. Ғалым тізбектің жасалуы тарам мүшелерімен байланыстырады: «Ұяның 1-сатысында түп негіз сөзден бірден жасалған бір тарамға жататын туынды сөздердің әрқайсысы ұяның сөзжасамдық тізбегінің жасалуына негіз болады да, ол туынды түбірлерден тікелей басқа туынды біртіндеп, сатылап өрбіп, тізбек жасалады. Бірақ, бұл жалғыз жол емес. Сөзжасамдық тарам екінші, үшінші сатыларда бола береді. Әр сатыдағы сөзжасамдық тарам мүшелері тізбектің көбеюіне қызмет етеді».

         Ғалым осы пікірін бір ұядағы тарам мүшелерінен қалай, қанша тізбек жасағанын нақтылы талдау арқылы төмендегіше дәлелдеген: «Жоғарыда келтірілген сөзжасамдық ұяда (шық түп негізінен жасалған ұя – А.Ж.) бірнеше сөзжасамдық тізбектің жасалуына 1-сатыдағы 15 мүшеден (шығар, шығасы, шығашақ, шығу, шығыл, шығым, шығын I, шығын II, шығыс I,шығыс II, шығыс III, шығыс IV, шығар) тұратын сөзжасамдық тарам мүшелері қызмет еткен және 2-сатыдағы 8 мүшелі (шығарғыш, шығарлық, шығарма, шығарт, шығарушы, шығарыл, шығарыңқыра, шығарыс) бір сөзжасамдық тарам, 4 мүшелі (шығымды, шығымсыз I, шығымсыз II, шығымтал) бір сөзжасамдық тарам, 11 мүшелі (шығында, шығындар, шығындат, шығынды I. шығынды II, шығындыр, шығынсы, шығынсыз,  шығынсын, шығынт, шығыныс), 2 мүшелі (шығыңқылау,  шығыңқыра), 5 мүшелі (шығырлы, шығырлық, шығырсыз, шығыршы, шығыршық) үш сөзжасамдық тарам, 3-сатыдағы 2 мүшелі (шығармалық, шығармашылық), 3 мүшелі (шығартқыз, шығарттыр, шығартыл) 2 мүшелі (шығындал, шығындан), 2 мүшелі (шығыршықсыз, шығыршықты) төрт сөзжасамдық тарамның мүшелерінің әрқайсысы бір-бірден сөзжасамдық тізбек қосқан. Осының бәрі қосылып, бір түп негізден бірнеше сөзжасамдық тізбек жасап, ұядағы тізбек санын өсірген».

         Бұдан тарам ұя мүшелерін әр тұрғыда, жан-жақты зерттеу қажеттігі анықталды, яғни сөзжасамдық тізбек мәселесі ғылымда кейін пайда болған құбылыс болғандықтан, орыс тіл білімінің өзінде ғалымдар оны әр қырынан зерттеп, оның әр түрлі ерекшелігін ашып жатқаны шолудан байқалды. Осы мәселенің ғылымда пайда болуына сөзжасамдық ұя мәселесінің туындауы тікелей әсер етті. Ал сөзжасамдық ұя мәселесінің ғылымда пайда болуына синтетикалық сөзжасамның, жұрнақтардың зерттелуі, сөз таптарының сөзжасамның зерттелуі, түбірлес туынды сөздердің зерттелуі әсер еткені сөзсіз. Ғылымның бірте – бірте дамуында алдыңғы зерттеулер кейінгі зерттеулерге негіз болатыны байқалады.

         Осы тұрғыдан келгенде, сөзжасамдық тарам мәселесінің зерттелуіне әкелген, оған негіз болған қазақ тіл білімінде талай ғылыми зерттеулер болғаны сөзсіз.

         Демек, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек мәселесінің зерттелу қажеттігіне дайындық жұмыс қызметін атқарған сөзжасамға қатысты нақтылы зерттеу жұмыстары болды. Оларға әр сөз табының сөзжасамның зерттелуі, әр сөз табының сөзжасамдық жұрнақтарын зерттеген ғылыми еңбектер жатады. Ол ғылыми еңбектерді ұмытуға болмайды, оларға да шолу жасаған жөн.

Қазақ тіл білімінде жұрнақ  терминін бірінші қолданып, оның анықтамасын берген  А.Байтұрсынұлы екені әрқашан ескеріле бермейді. Қ.Жұбановтың грамматикасында берілген жұрнақтар кейінгі грамматикаларда барған сайын толықтырылып  отырды.

Қазақ  тіл білімінің мәселелерін зерттеу алғаш сөз таптарының сөзжасамын зерттеуден, жұрнақтарын, туынды сөздерін зерттеуден басталғанын да еске алған дұрыс. Бұл ретте алғашқы диссертациялар да сөзжасам мәселесіне арналғанын да еске аламыз. Оған  Ә.Төлеуовтің «Словообразовательные аффиксы имен в современном казахском литературном языке» деген 1949 жылы қорғалған диссертациясын атаған дұрыс. Алғашқы топтағы диссертациялардың бірсыпырасы сөзжасам мәселесіне арналғаны байқалды. А. Хасенова диссертация материалы ретінде 1951 жылы «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» деген кітап шығарды.

Г.Н.Жаркешева біріккен сөздерді зерттеп, 1949 жылы «Слитные слова в современном казахском языке» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

А.Ысқақов 1950 жылы үстеу сөз табын зерттеп қорғаған диссертациясында үстеудің сөзжасамын жан-жақты талдады, оны кітап етіп шығарды.

Ж.Шакенов та  1953 жылы сын есімді зерттеген диссертациясында сын есімнің сөзжасам мәселесін де қамтыды. Ол зерттеу жұмысы кейін кітап болып шықты.

Бұл арада сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық саты мәселелері ғылымда зерттеле бастағанға дейін сөзжасам мәселелерінің негізінен сөз таптарының сөзжасамына байланысты зерттелгені анықталды. Сондай-ақ бұл зерттеу жұмыстарында негізгі зерттелген мәселе сөз таптарының жұрнақтары екені анықталды. Демек сөзжасамдық ұяның бір негізгі бірлігі  болып саналатын сөзжасамдық  жұрнақтар  белгілі дәрежеде ғылыми тұрғыда зерттелгені айқындалды.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1).Құрманәлиев Қ, Сөзжасамдық ұяның синтагматикалық күрделі бірліктері.-

     Алматы 1999 - 96 б.

2). Н.Оралбай Қазақ тілінің сөзжасамы   Алматы  2002-182 б.

3). Жанпейсов және т.б. қазақ грамматикасы  Алматы  2002-783б.