Омарова Бану Аманбайқызы
Абдрахманова Жазира
әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық
университеті мемлекеттік
тіл кафедрасының доценттері, ф.ғ.к.
Қазақстан Республикасы, Алматы
қ-сы.
СҰРАУ
ЕСІМДІГІ ҚАТЫСТЫ ЕТІСТІКТІ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ
Етістікті сөз тіркестерінің бас арқауы – етістік.
Басқа сөз таптарына қарағанда етістіктің
сөздермен тіркесу қабілетінің молдығынан онымен
тіркескен сөздердің де ауқымы кең болады. Олай болса,
мұндай сөз тіркестерінің мағыналық және
синтаксистік байланысы өте берік болатыны анық. Етістікті сөз
тіркестерін құрайтын сөз таптарының қатарына
есімдіктің бір тобы сұрау есімдіктері де енеді. Демек, мұндай
сөз тіркестерінің басыңқы сыңары етістік болса,
сұрау есімдіктерінің бағыныңқылық
қызмет атқаратыны түсінікті-ақ. Сұрау есімдіктері
етістікпен қабыса да, меңгеріле де байланыса алады. Сонымен
қандай формада байланысуына қарай сұрау есімдіктері
қатысты етістікті сөз тіркестерін: сұрау есімдігі
қатысты етістікті қабысу және сұрау есімдігі
қатысты меңгеру деп екі топқа бөліп
қарастырған жөн.
Етістікті қабысу. Сұрау
есімдіктерінің қабыса байланысқан етістікті сөз
тіркестерінде қолданылуы жөнінде пікірлер жоқ емес.
М.Балақаев, Т.Қордабаев сұрау есімдігінің етістікпен қалай оқиды? қанша
сұрайды? қашан келеді? не алды? тәріздес сөз
тіркестерін құрайтынын сөз етсе [1: 58], қырғыз
ғалымы А.Тұрсынов сұрау есімдіктерінің қабыса
байланысқан етістікті сөз тіркестеріне қатысты қызметіне
нақтырақ тоқталған. Ол қандай (как, какой) есімдігінің етістікпен байланыса
отырып, сұраулық-сапа қатысын білдіретінін айтады: қандай иштедиңдер? (как
работали?). Сол сияқты қантип?
(как? каким образом?) қаған? (когда?) канға? неге? (сколько?)
есімдіктерінің де сөз тіркесіндегі қызметіне жеке-жеке
тоқталып өтеді [2: 22-23].
Етістіктермен қабысу жолымен байланысып, сөз тіркесін
жасайтын сұрау есімдіктеріне не?
қалай? қайтіп? неліктен?қашан? қанша? неше?
қайда? қандай? сөздері жатады. Бұл есімдіктердің
етістіктермен тіркесу дәрежесі әртүрлі. Қалай?
қайтіп? неліктен? қашан? қайда? сөздері етістікті
анықтауға өте бейім болса, керісінше, не? неше? қанша? қандай? есімдіктерінің
мұндай қызметі әлдеқайда бәсеңдеу. Дегенмен
де олардың бәрі де етістікпен байланысып, пысықтауыштық
қатынаста жұмсалады да, іс-әрекеттің,
қимылдың, мезгілін, мекенін, себебін, амалын меңзейді.
Мезгілдік.
Қимылдың, іс-әрекеттің әрдайым белгілі
бір мезгілде болатыны белгілі. Сол сияқты қимылдық
мағына мен мезгілдік мағынаның бір-бірінен ажырамастай екені
де анық. Олай болса, мезгілдік мағынасы айқын қашан? сұрау есімдігінің етістіктермен қабыса
байланысып, уақыт қатысын білдіретін сөз тіркесін тудыратыны
күмәнсіз болса керек.
Қашан келдің, інішек? – деп сөз тартты ақсақал
орындыққа жайғасып жатып (Н.Шакеев). Келін қашан келді? (Жұлдыз).
-ғы
жұрнағының жалғануы арқылы да қашан? есімдігі мегілдік
мағынаны білдіреді.
Ылғи
бетіне өзі қарап бірдеме демесе қашанғы кісімен атаусыз сөйлесе бересің?
(Т.Ахтанов).
Қашанғы отыра беремін? (К.Аманов).
Мекендік. Қимыл процесінің қайда
бағытталғанын меңзеу үшін есімдіктер мекендік мағыналы сөздермен тіркеседі.
Сұрау есімдіктерінен мұндай мағыналы сөздер
қатарына қайда? есімдігі
енеді. Қайда? сөзі
етістіктермен қабысу жолымен байланысып, етістікті сөз
тіркестерінде мекендік қатынаста жұмсалады.
Әкеңе ме, көшкенде қайда барасың? (Р.Ниязбеков).
Патша заманына кінә қоймай-ақ
қояйық, төңкерістің соңында
Ақаң кедейді қорғаса қайда қалды
(С.Мұқанов).
Себеп. Іс-әрекеттің себебін анықтау да
етістікті сөз тіркестерінің қызметіне жатады. Неліктен? және неғып? көсемше формалы
туынды сұрау есімдіктері етістікпен тіркесіп, себеп мағыналы
қабыса байланысқан сөз тіркесін құрайды:
Әуелі қазақ жеріне қызыл крест
және қызыл жарты ай қоғамы неліктен және қалай
келді деген мәселенің басын ашып алалық (Жұлдыз). Неғып міңгірлеп
қалды? (И.Жақанов).
Амал. Етістікті сөз тіркестерінің негізгі
қызметтерінің бірі – қимылдың, іс-әрекеттің
амалын, тәсілін, сыны мен сапасын анықтау. Сұрау есімдіктері
етістікті сөз тіркестері құрамында мұндай
қызметті тікелей атқармаса да, соған меңзейді. Қалай? қайтіп? есімдіктері
істің амалы мен тәсіліне меңзесе, не? қанша? қандай? есімдіктері іс-әрекеттің
сыны мен сапасын анықтау үшін қолданылады, сөйтіп,
әртүрлі мағыналық қатынастарда
жұмсалады. Мысалы:
Жент қаласына қалай
жетемін? – деді (Жұлдыз).
Қайтіп отыр екен? –
деген ылғи бір бөтен
қадалғыш көздер (М.Әуезов).
Қанша қарманса да, таразы басын тең
ұстаудың бұдан басқа жолын таппаған
(Жұлдыз).
Енді жергілікті советтердің жай-күйі қандай болады? (Халық
кеңесі).
Тіл материалдары сұрау есімдіктері қатысты
етістікті қабысудың тек дара емес, күрделі
тұлғада да келетінін көрсетіп отыр. Күрделену процесі
мұндай сөз тіркестерінің басыңқы сыңарына
да, бағыныңқы сыңарына да тән. Ал кейде
оның екі сыңарының да күрделі болып келетін
жағдайлары болады. Оны төмендегі мысалдардан көре аламыз:
Ол жақта қанша
жүрді екен? – деді Қабанбай елең етіп (Жұлдыз).
Осыдан кейін жылуы жоқ жылмың күлкіге қалай ғана ішің жылиды
(Жұлдыз).
Әрине, енді қалай
деп ойлап едің? (Жұлдыз).
Етістікті
меңгеру. Зерттеу еңбектерінде сұрау есімдіктерінің етістікті
меңгерудегі қызметі көп сөз болмайды. Тек
А.Тұрсынов қайда (где, куда)
қаяқ (куда), қайдан (откуда) есімдіктерінің
етістікті сөз тіркестерінде қолданылып, іс-әрекеттің
орны мен бағытына меңзейтінін қайда
болду? (где был?), қайдан келдиңиз? (откуда пришли?) тәрізді
мысалдармен көрсетеді [2: 22].
Шынында да сұрау есімдіктері салт және
сабақты етістіктерге меңгеріліп, әртүрлі
тұлғалық өзгерістерге ұшырайды. Сөйтіп,
барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы
сөз тіркестерін құрайды.
Барыс жалғауындағы сұрау есімдіктері
сөз тіркесі құрамында жанама толықтауыштық
және пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады. Жанама
толықтауыштық қызметтегі сөз тіркестерін
құрауға кім? не? есімдіктері
қатысады да, іс-әрекеттің кімге, неге
бағытталғанын меңзейді. Мысалы:
Судыр Ахмет кімге
ұрынарын білмей, бойын ашу кернеп, түйіліп келсе, үй іші
көшуге әзір отыр екен (Ә.Нұрпейісов).
Егер
жаманшылықты көп көрген болсаң, баланың
оқыған құраны сені неге
жеткізеді (Абай).
Барыс жалғаулы сұрау есімдігі қатысты
сөз тіркестері, көбінесе, пысықтауыштық қатынаста
жұмсалады. Бұл топқа кіретін сөз тіркестерінің
бағыныңқы сыңарын не?
немене? қанша? қашан? сұрау есімдіктері
құрайды. Олардың беретін негізгі мағыналары мынадай:
а) мақсаттық
мағынадағы сөз тіркестерінің
бағыныңқы сыңарлары барыс жалғаулы есімдіктер де,
басыңқы сыңары оларды меңгеретін етістіктер болып
келеді. Мысалы:
Далада адамның араны неге ашылады осы! (Қ.Аманов).
Неменеге үндемей
қалдың? (Қ.Аманов).
ә) мезгілді білдіретін
сөз тіркестері – барыс жалғаулы уақытты меңзейтін қашан? қанша? сұрау есімдіктері мен салт
етістіктердің байланысынан туады. Олар дара да, күрделі де болып
келеді. Мысалы:
Ресей қашанға
дейін Бирондар мен Остермандардың аузына қарап отырмақ. (Жұлдыз).
Ноғайлымен бітім қашанға созылады (Ана
тілі).
Сонымен
әлі тартып келеміз, қашанға
дейін тарта береді. (Жұлдыз).
Жатыс жалғаулы сұрау есімдігін меңгеру
басқаларына қарағанда өте сирек кездеседі. Өзімен
мағынасы орайлас етістіктермен тіркесе отырып, ондай кезде сұрау
есімдіктері толықтауыштық және пысықтауыштық
қатынастарда жұмсалады. Бағыныңқы сыңары кім? есімдігі, басыңқысы
етістіктердің бірі болып келетін мұндай сөз тіркестері
қимыл-әрекеттің кіммен байланысты болатынын
нұсқап, жанама объектіні білдіреді:
Ет пен сүйектен жаралған пенде болған
соң, кемшілік кімде болмайды
(Жұлдыз).
Ал мына сөйлемдер сұрау есімдігі қатысты
жатыс жалғаулы сөз тіркестерінің
қимыл-әрекеттің мезгілі мен амалына нұсқап,
пысықтауыштық қатынаста жұмсалатынын көрсетеді:
Ал
біздің қазекең қашанда
қапыда қалған қорғаныста жүргені
(Жұлдыз).
Түу,
қандай жағдайда, қайда жүрсең де мейлі, қалайда айрылмау керек екен ғой
(Т.Алшынбаев).
Шығыс жалғаулы есімдерді, оның ішінде
сұрау есімдіктерін меңгеретін етістіктер әлдеқайда жиі
ұшырасады. Мұндай етістіктер
қатарына , негізінен, байқау, қорқу, шошу, көру,
тайсалмау, ұялмау сияқты адамның сезім
құбылыстарын білдіретін етістіктер, шығу, қорғау,
жүру, алу іспеттес қимыл мәнді етістіктер жатады. Шығыс
жалғаулы сұрау есімдіктерін меңгеріп, бұл етістіктер
толықтауыштық және пысықтауыштық
қатынастағы сөз тіркестерін құрайды да, әр
алуан мағыналар тудырады. Бір ғана сұрау есімдігінің
түрлі-түрлі етістіктерге меңгерілуіне байланысты сол
сөз тіркесінің мағынасы құбылып отырады. Мысалы,
шығыс жалғаулы қайдан? есімдігінің
мынадай етістіктермен тіркесуінен қайдан
келді – мекендік мағынадағы, қайдан білсін – амалды меңзейтін сөз тіркестері
жасалады.
Сонымен, шығыс жалғаулы сұрау есімдіктері
қатысты сөз тіркестерін толықтауыштық және
пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады дей отырып, төмендегіше
мағыналық топтарға бөлуге болады:
а) Толықтауыштық.
Ондай кезде шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің
бағыныңқы сыңары кім?
не? есімдіктері болып келеді. Ең алдымен, мұндай сөз
тіркестері заттың неден жасалғанына нұсқайды. Мысалы:
Неден, қалай жасайды?
– деді дәмдеп ішіп отырған Ай-Шешек (М.Мағауин).
Адамның әртүрлі
сезім құбылыстарына байланысты іс-әрекетін,
іс-әрекеттің, нәрсенің шығу тегіне
меңзейді.
Кімнен шықса да, орынды ақыл, бұлжымас жарық,- деді
Ай-Шешек кірпігін қақпастан баяу үнмен (М.Мағауин).
Неден
шошынғаныңды білмеймін, тұла
бойым дір ете түскендей (Т.Ахтанов)
ә)
Пысықтауыштық. Мұндай сөз тіркестерінің
бағыныңқы сыңары қайдан?
сұрау есімдігі де, басыңқысы соған орайлас
етістіктер тобы. Сұрау есімдігі шығу, келу, пайда болу, алу
етістіктерімен тіркесіп, қимыл-әрекеттің басталу орнын,
мекенін меңзейтін сөз тіркесін құрайды. Мысалы:
Қайдан келген хат екен? – деді хаттарды қабылдап отырған
әйел (К.Аманов).
Баяғыдан бері тып-тыныш тұрған
бұл аймақта мұндай кесірлі құбылыс қайдан пайда болған? (Халық
кеңесі).
Шығыс жалғаулы қайдан? сұрау есімдігі
бірқатар етістіктерге меңгеріліп, іс-әрекеттің амалын
білдіретін сөз тіркесін тудырады. Мысалы:
Қайдан шыдасын (Т.Ахтанов). Бірақ сол демократия деген
бәлесінің келе-келе өз бет-беделіне нұқсан
келтірерін қайдан білсін
(А.Естенов).
Меңгеріле байланысқан етістікті сөз
тіркестерінің бір тобын көмектес жалғаулы сұрау
есімдіктері қатысты тіркестер құрайды. Көмектес
жалғаулы сұрау есімдіктері етістіктерге меңгеріліп,
толықтауыштық қатынаста мынадай мағыналарда
жұмсалады:
а) Іс-әрекеттің
қалай аяқталатынын, немен бітетінін меңзейді. Мұндай
сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары
көмектес жалғаулы не?
есімдігі, ал бағыныңқысы салт етістіктердің дара
және күрделі түрлері болып келеді. Мысалы:
Күні кеше ғана Хақназар хан шәйіт
болған сәтте қырық тарапқа
тарттыңдар,ақыры немен тынды?
(М.Мағауин).
Тоқта, немен
тынар екен, - деп мықты ынтыққан адамның мойнын
соза түсті (Б.Майлин).
ә) Іс-әрекеттің
қандай заттың, құралдың қатысымен
істелетінін меңзейді. Мысалы:
Несімен жем береді? Орамалын
тигізіп қойды ғой,- дейді Маруш. Немен кетесің? (Т.Дәуренбеков).
б) Көмектес жалғаулы кім?
сұрау есімдігі салт етістіктермен тіркесіп, бірлестік мағынада
жұмсалады. Мысалы:
Осы аймақтың соңғы хабарларында
кімнің кіммен құда
болғанын, кімнің кімге қанша киіт кигізгенін т.б.
мәселелер бәрі айтылатын (М.Жұмабаев).
Бұл ойыңа қарағанда сен кіммен тату тұра аласың? (Қазақ
әдебиеті).
Қорыта келе, сұрау есімдігі қатысты
етістікті сөз тіркестері тіліміздегі басқа да сөз
тіркестеріне тән қасиеттерге ие бола алатынын атап өткен
жөн. Қолда бар тіл материалдары сұрау есімдіктерінің
әдеттегідей сөз тіркесінің бағыныңқы
сыңары ғана емес, басыңқы сыңар қызметін де
атқаратынын байқатады. Яғни, сұрау есімдіктері
тіліміздегі есімді сөз тіркестерімен қатар етістікті қабысу
мен меңгеруді де толық қамти алады. Сұрау
есімдіктерінің тіркесу қабілеті әртүрлі дәрежеде
көрінеді. Етістікті сөз тіркестерінде кім? қалай? қайтіп? неліктен? қашан? қанша?
неше? қайда? есімдіктері жиірек жұмсалады. Сұрау есімдігі
қатысты етістікті сөз тіркестері өзіндік
мағыналық сипатымен де
көзге түседі. Бұл семантикалық ерекшелік
сұрау есімдіктерінің негізгі сұраулық мағынасымен
және басқа да келтірінді мағыналарымен байланысты деп
білеміз. Сұрау есімдікті сөз тіркестерінде мағынаны дәл
атау, конкретті көрсету жоқ, тек сол мағынаны меңзеу,
соған сілтеу ғана бар. Сондай-ақ сұрау есімдіктері
етістікті сөз тіркесінің сыңары ретінде
толықтауыштық және пысықтауыштық
қатынастарда жұмсалады.
Әдебиет
1. Балақаев М., Қордабаев Т.
Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы: Мектеп, 1971. – Б.
58.
2. Турсунов А. Глагольные словосочетания в
киргизском языке: автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора
филологических наук: 10.02.06. – Алматы, 1991. –С 22-23.
Резюме
В
этой статье автор рассматривает вопросительные местоимения, которые образуют
глагольные словосочетания в казахском
языке.
Resume
In this article an author examines interrogative
pronouns that form nominal word-combinations in Kazakh.