Шарипова Перизат
Ахметқалиқызы
Современный колледж, г.
Караганда, Казахстан
АЛҒАШҚЫ
ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ
СТИЛЬДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ
Мақалада алғашқы қазақ газеттері саналатын «Түркістан уәлаяты
газеті» мен «Дала уәлаяты газеті» басылымдарының қазақ
тіліндегі ғылыми стильді қалыптастырудағы рөлі
сөз болады. Авторлар зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, ғылыми стильдің ХІХ
ғасырдың ІІ жартысында аталған газеттерде қалыптаса
бастағанын дәлелдейді.
Тіл тарихын сөз етуші ғалымдар ана тілінде
тұңғыш баспасөздің жарық көруі
қазақтың әдеби тілінің стильдік
тармақтарының қалыптасып, дамуына әсер еткенін
көрсетеді.
Халық мұрасын жинастырып бастырушы Ү.Субханбердина “Дала
уәлаяты газетінің” халықты өнер-білімге,
мәдениетке шақырудағы рөлін, қазақтың
жазба әдеби тілінің дамуына жасаған ықпалын сипаттай
отырып, оның бетінде қазақ тілінде бұрын болмаған
қоғамдық-публицистикалық, ресми іс
қағаздары стильдері қалыптасты, ғ ы л ы м и
стильдің негізі қаланды дегенді айтады [1, 17].
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы мерзімді баспасөз
тілін сөз етуші Р.Сыздықова: “Сол тұстағы газет
беттерінен үш-төрт стильге жататын материалдарды табуға
болады, ең көбі – қоғамдық-публицистикалық
стиль, ғылыми стиль (тарихи этнографияға арналған
мақалалар), көркем әдебиет стилі және ресми іс
қағаздары стилі”, - деп жазады [2, 78].
Ұлттық баспасөзіміздің алғашқы
қарлығаштары “Түркістан уәлаяты газеті” мен “Дала
уәлаяты газетінің” тілін зерттеген Б.Әбілқасымов “жалпы
газет-журнал тілі дегеніміздің өзі бірнеше стильдік
тармақтарды қамтиды” дей келіп, газеттер бетінен көркем
әдебиет стиліне жататын туындыларды да, ғылыми әдебиеттер
стиліне жататын мақалаларды да, тіпті іс қағаздары
үлгілерін де кездестіруге болатынын айтады. Сондықтан, - дейді
ғалым, - қазақ тіліндегі алғашқы
газеттердің беттерінде жоғарыда аталған стильдердің
алғашқы негіздері қаланғанын көреміз [3, 37].
Осылайша Р. Сыздықова мен Б. Әбілқасымов өз
еңбектерінде ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің
қалыптасуындағы қазақ даласында дүниеге келген
“Түркістан уәлаяты газеті” (1870-1883 жж.) мен “Дала уәлаяты
газеті” (1888-1902 жж. ) басылымдарының рөлін ерекше атап
көрсетеді, себебі мерзімді баспасөз көпшілік қауымға
ғылым жаңалықтарын жеткізу құралдарының
бірі болып табылады.
Қазақ тілінде ғылыми стильдің кейбір нышандары
Қазан төңкерісіне дейінгі шығып тұрған
бірен-саран газет, журналдар мен кітапшаларда байқалғанымен,
оның толыққанды қызмет ете бастауын Ө. Айтбаев ХХ
ғасырдың 20-30-жылдарында деп есептейді [4, 120].
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ
тілінде “Дала уәлаяты газетінен” басқа бірде-бір баспасөз
органының болмағанын айта отырып, З. Тұрарбеков
төмендегідей пікір айтады: “Газет сол дәуірдегі қазақ
халқының өмірінен әр түрлі мәлімет беретін шежіре іспетті болуымен қатар,
белгілі дәрежеде ғылыми,
әдеби және шаруашылық мәселелерінен нақты
мәлімет беретін, ғылым, білімді насихаттайтын журналдың
әрі көпшілікке арнап
шығарылатын кітаптардың
рөлін де атқарды [5, 82]. Бұл кезеңде көпшілікке
арналған ғылыми мазмұнды әдебиеттің аз
болғаны белгілі. Сондықтан да тұңғыш газеттердегі
білім берерлік материалдарды (ғылыми хабарлар мен мақалалар)
қазақ тіліндегі ғылыми стильдің алғашқы
үлгілері ретінде қарастрыруға негіз бар деп ойлаймыз.
“Түркістан уәлаяты газетінің” “Ғылыми хабарлар”
деген бөлімінде ғылымның әр саласынан хабар беретін
мақалалар жарияланған. Олар, негізінен, жер, күн, ай туралы,
ай мен күннің тұтылуы туралы ғылыми түсініктер,
дәрі-дәрмек туралы, малдың жұқпалы ауруларын
емдеу туралы, алғаш аспанға ұшу, почта-телеграф
қатынасы туралы, жылдың төрт мезгілі, күн мен түн
туралы халық календарынан түсінік, оқудың,
өнер-білімнің пайдасы, дәрігерлік көмек жайында,
ақша айналымы, банк туралы түсініктер, жаңбыр, тұман,
ауа, найзағай туралы ғылыми түсініктер беретін
мақалалар. Мысалы: “Күн тұтылғанның хабары”, “Жер
туралы”, “Безгек дәрісі”, “Шар тақырыпты”, “Жердің
үлкендігі мен қандай екенін сөйлейік”, “Магеллан
сөзінің аяғы”, “Почта тақырыпты сөз”, “Күн,
түн, жаз басы, күз, жаз, қыс неліктен болатынын
жаңалық”, “Оқу-жазу тақырыпты”, “Банке
қақында”, “Һауа тақырыпты”, “Телеграф турасында бірнеше
сөз айталық”, “Чечек тақырыбды”, “Алыста, күн
шығар жақта” (Жапония туралы), “Білгіңіз келсе қай істі
бастасаңыз оқусыз, ғылымсыз болмайды”, “Шегіртке
тақырыпты”, “Адам бір жері отқа күйсе…”, “Жизақ
қаласында қара малға чума деген ауру келіп еді, бұл
ауруды жайылып кетпеске қылған амалдар осы”, “Орыс газетінде
жазыпты ағаштан жасалған үй…”, “Жібек құрты
тақырыпты Россия газетінде осылай деп жазыпты”, “Орыс газетінде жазылып
келген хабар” (Ауғаныстан туралы), “Түркстан орыс газетіндегі
хабар” (жұқпалы аурулармен күресу), “Орыс газетінде жазыпты
біздің орыс жұртының өнерман адамдары …” (орыс
кемесінің жер шарын айналуы туралы) т. б.
“Дала уәлаяты газетінің” аударма газет болғаны
зерттеушілердің еңбектерінде айтылған. Ол кездегі
аудармашылардың білім дәрежесін, қазақ тілінің
сөздік құрамының жай-күйін есепке алсақ,
ғ ы л ы м и с т и л ь д е г і
мақалаларды аударуда алғашқы қадам жасалғанын
байқау қиын емес. Газеттің “ресми емес” бөлімінде жалпы
ғылым-білімге қатысы бар, көпшілікке пайдалы және
ғылым мен техника жаңалықтарына арналған
мақалалар жарияланған. Бұл мақалалар орыс тілінен
аударылып берілген. Мысалы, “Мәскеу шаҺары турасында”, “Түрік
халықтары”, “Алтай тауы турада”, “Ташкент қаласы турасынан”,
“Жапония деген жерде…” (Жанартау туралы), “Жер-жиҺанның
жақларының қысқа жазуы”, “Түркістан турасынан”,
“Сибирь турасынан”, “Бұрынғы заманда адамдар қалайша жазуды
үйренді”, “Тасқа салынған суреттер Һәм жазулар”,
“Біздің қазақ тілі туралы”, “Қазақ тілінше жазу
турадан”, “Қазақ сөзін қалайша жазу турасы”,
“Түрік лұғаты турасындағы сөзге”, “Түрік
лұғаттары турада”, “Мемлекет тілдері”,
“Қазақтарға пайдалы кітаптар”, “Бір жаңа кітап
турасынан”, “Басылып шыққан кітап туралы”, “Не себептен
жерлердің сілкінгені пайда болады”, “Күннің
күркіреуінің Һәм күннің
жарқылдағанының Һәм жәйді түсірмейтін
сайманның баяны”, “Жер, күн Һәм жұлдыздар
турасының баяны”, “Жер қимылдау қақында”,
“Жұғымтас науқас турасында”, “Көкірек ауруға
қылатын дәрі”, “Мерезге қылатын ем дару”, “Сибирская язва
яғни жамандату, топалаң, аусыл дертінің белгісі
Һәм оның әуелгі уақытта емделуі”, “Шешек
ектірудің пайдасы”, “Дәрігер жәрдемі”, “Не себептен шешек
ектіру керек”, “Дерттің бәрін жазатын дәрі”, “Дәрігер
Һәм дәрілер”, “Қазақ тілі турасынан”,
“Қаріп турасының сөзі”, “Ғылым хабарлары”,
“Ауаның жақсы, жаман болудағы белгісі”,
“Құйрықты жұлдыздар Һәм ағатын
жұлдыздар”, “Әр түрлі ағаштар турасынан”,
“Құстардың тұруларынан”, “Телеграф”, “Кісілердің
аспанға ұшқанының баяны”, “Тартатын темекінің
шыққаны турасында бұрынғыдан қалған
сөз”, “Темекінің шыққаны үш жүз жыл
болғаны турасынан”, “Шай Һәм оны қалайша
пайдаланадұралар жиҺан дүниенің әр тараптарында”
т. б. (газеттердегі
мақалалардың аттарын олардың ғылымның сан-саласын
мейлінше толық қамтитынын көрсету мақсатында беріп
отырмыз).
Сондықтан
қазақ тіліндегі алғашқы газеттердің беттерінде
жоғарыдағы аталған стильдердің барлығының
да алғашқы негіздері қаланғанын көреміз. Бұл
газеттер беттерінде орыс тілінің тікелей әсерімен тілдің
бұрын болмаған саяси-қоғамдық,
ғылыми-публицистикалық, ресми бұйрық-жарлық
стильдері қалыптаса бастағанын көруге болады. Ол
мақалалардың ішінде аударма мақалалар да, қазақ
тілінде жазылған төл мақалалар да кездеседі.
Алғашқы газеттер бетіндегі жалпы ғылым негіздерін баяндайтын,
әр түрлі ғылым салаларының жаңалықтарын
әңгімелейтін мақалалар қарапайым, жатық тілмен,
қазақ ұғымында бар түсініктермен жазылған.
Аударманың алғашқы үлгілері болғандықтан,
сол кездегі қазақ тілінің жай-күйін танып-білуде
бұл мақалалардың орны ерекше.
Қорыта айтсақ, ғылыми әдебиет стилі жеке-дара
түрде дамымай, өзімен қатарлас туған
құрылымдық, әдістік құралдары ортақ қоғамдық-публицистикалық
стильге сүйеніп,
сабақтаса қалыптасты.
Ғылыми стильдің қалыптасуында алғашқы ғылым жаңалықтарын
халыққа жеткізу құралдарының бірі болған, ғылым туралы
тұңғыш деректерді берген қазақ газеттерінің рөлі
ерекше болды.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Субханбердина Ү. «Дала уәлаятының газеті». 5-кітап.
Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. – Алматы:
Ғылым, 1995.
2.
Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы
(ХҮ-ХІХ ғасырлар). –Алматы: Ана тілі, 1993.
3. Әбілқасымов Б.
Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы:
Ғылым, 1971.
4. Айтбаев Ө. Тіл
және аударма //Терминдер және олардың аудармалары. – Алматы: Ғылым, 1990. – Б. 129-141.
5. Тұрарбеков З.
Әдебиеттер достығының дәнекері (қазақ
аударма өнері жайлы ойлар). – Алматы: Қазақстан, 1977.