А.Байтұрсынов атындағы Қостанай  мемлекеттік университеті   

                 практикалық   лингвистика  кафедрасының аға оқытушысы

                                                      Абильбекова Б.Т.                                                                           

                     Коммуникативтік әдіс арқылы  проблемалық,  жағдаяттық сабақ

                                             үлгілерін ұйымдастыра білу.

   Қазақ тілі – ертедегі Түркі Қағанатының Алтын орда заманындағы үстем тілі. Қазақ тілі – эстетикалық талғамы зор тіл. Көркем өнерін, мақал-мәтелін, қанатты сөзін, теңеулерін, бейнелі сөзін, өлең сөздері мен даналық талғамын барлығын нұрландырып тұрған нәрлі тіл – қазақтың баба тілі, қазақтың ана тілі. Осылардың бәрін шәкірттерге танытып, бойларына сіңіру үшін, бүгінгі күннің қазақ тілі мұғалімі Адам ретінде ұлт рухын асқақтататын, аспандататын нағыз шебер болуы хақ. Яғни, тілді басқа ұлт өкілдеріне оқыту – негізгі мәселелерді шешудің басты тетігі. Бүгінгі таңда оқытудың түрлі жаңа инновациялық  технологияларының туындауы да осының дәлелі.

    Қазіргі нарық заманында өмір көшінен кейін қалмас үшін бүкіл ғұмыр бойы оқу, үйрену уақыт талабына айналды. Сондықтан, студенттерге үздіксіз білім беру, оларды оқыту, әсіресе мемлекеттік тілді үйрету маңызды болып табылады. 

     Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» және «Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінің қолдануындай болып қолданылуы үшін, қолдан келгеннің бәрін істеу керек» деген тұжырымдары бар. Тіл саясаты, міне осында жатыр. Қазақ тілін оқытуда ұстаздар қауымы ең алдымен осы тұжырымдарға сүйенгеніміз абзал.

    Қазақ тілін ұлты басқа шәкірттерге үйрету – күрделі іс. Сондықтан,  оның кешегісін, бүгінгісін, ертеңгісін саралап – қазақ тілін оқытып қана қоймай, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту деген өзекті тақырыпты алып, мәселенің шешілу жолы – қазіргі  кезде қазақ тілін оқыту әдістемесінде тілді қатысымдық бағытта үйрету, яғни, қазақ тілінің әлеуметтік ролін, аясын кеңейтуді осы бағытта жүзеге асыру қажеттігі маңызды болып есептеледі. Қатысым әдісінің ерекшеліктері мен тілді меңгертудегі мәні мен алатын орнын ажыратып, айқындау – қазіргі көкейтесті мәселенің бірі. Тілді үйретуге қатысты әдісті сөз еткенде арнайы қарастырылуға тиісті мәселенің бірі осы – коммуникативтік (қатысым) әдісі.

   Тіл үйрену – ынта мен талапты қажет етеді. Қазақ тілін неғұрлым тиімді де  жеңіл жолмен үйрету қазіргі таңдағы ең бір өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сол жолдың бірі қарастырылып отырған «коммуникативный метод» «коммуникация» сөзімен байланысты шыққан және қазақ тілінде «қарым-қатынас», «қатысу» деген мағынададағы ұғымды білдіреді. Оқыту әдісінде «қатысымдық әдіс» деген ұғымда қолданылып қалыптасуда. Қатысымдық (коммуникативтік) әдіс дегеніміз – студент пен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын; тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі. Қатысымдық (коммуникативтік)  әдісті мына сызба арқылы қарасақ:

               Студент                        қатысым                           Оқытушы         

 

  Білім қорын жинаушы                                          Ұйымдастырушы

           Өз бетінше әрекеттенуші                                       Саралаушы

            Белсенділік   танытушы                                       Кеңесші

                                                                                                Өндеуші

                                                                                            Бағыт-бағдар беру

            Қатысымдық әдіс  белгілерінің  сабақ беру барысында толығымен іске асуы оқытушының шеберлігімен тығыз байланысты. Осы орайда, Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Қай әдіс жақсы?» мақаласында: «Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай», - деп айтқаны оқытушының тек білімді болып қана қоймай, шебер әдіскер болуына шақырады. Әрине, шеберлік бірден келе қоймайды, ол үлкен ізденістің, еңбектің жемісі. Қатысымдық әдісті әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы мысалы, сұрақ-жауап әдісі арқылы сұрақтарға толық жауап беру; сұрақ қоя білу; әртүрлі тақырыпта жағдаяттық сұхбаттар құрастыру; толық, толық емес сұхбат түрлері; сұхбаттан монолог, мәтін құрастыру; Сонымен қатар іскери топтық жұмыстар жүргізу. Мысалы, берілген тақырыпта бір студент баяндамашы болады, бір студент сарапшы, бір студент баяндамашыны марапаттайды,бір студент қателіктерін айтады, қалған студенттер тақырып бойынша  екіге бөлініп, бірі: «-Мен сізбен келісемін, ...», екіншісі: «-Мен сізбен келіспеймін, ....» деп, сабақ соңы пікірталасқа айналып, тіл үйренуші студент тілдік бірліктерді меңгере отырып, қатысымға түсіп, сөйлеуге дағдыланады. Әрине, сабақ бір ғана ойынннан немесе бір ғана әдістен тұрмайды. Сабақты түрлендіріп, студентті жалықтырмайтындай, керісінше олардың қызығушылығын арттыру, тілге деген сүйіспеншілігін ояту  - бұл әрине, оқытушының ізденуін, әдістемені терең меңгеруін, әркез жаңашыл болуын талап етеді.

    Қазір техниканың жан-жақты даму заманында сабақта техникалық құралдарды  қолдану, әсіресе интерактивті тақтаны қолдану, компьютерлік сабақтар өткізу, бейне таспаларды қолдану да қатысымдық әдістің бір тармағына жатады.       Дегенмен, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы мақсат – сөйлеу іскерлігін қалыптастыру, яғни қатысымға шақыру. Оқыту үрдісінде оқытушы сөйлесу жағдаяттарын тіл үйренушінің өміріне жақын, дүниетанымына таныс, оның аксиологиялық құндылықтарына сәйкес, жеке тұлға ретінде ортамен қарым-қатынасын әр түрлі жақтан аша алатындай мазмұнда берілгені дұрыс. Ұсынатын тақырыптардың мақсаты тіл үйренушіге айқын және жақын болуы тиіс. Оқытушы сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін, сөйлеу мақсаттарының түрлері мен тілде оны жеткізуге бейімделген тіл бірліктерінің жүйесін білгені дұрыс. Олар: уәде беру, дәлелдеу, рұқсат ету, мақұлдау, кешіру, болжау, ескерту, дәлелдеу, бас тарту, қарсы шығу, келісу т.б. Тіл үйренуші студентке сөйлеу мақсаты айқын болса, ол өз сөзінің стратегиясын анықтайды.  Мысалы, тапсырма. Қазіргі таңда қандай мамандық өте қажет деп ойлайсың? Өз ойыңды дәлелде.  Пікірлер әр түрлі болады. Алайда әр сөйлеуші өз ойын дәлелдеуге тырысады. Сөйлеуші өз сөйлеу стратегиясын, өз ойын дәлелдеуге құрады. Дәлелдеу – сөйлеудің негізгі мақсаты болады.

  тапсырма. Сіз шетелге оқуға бара жатырсыз. Өз қалаңыз туралы ақпарат беру үшін өзіңізбен бірге нені алып барар едіңіз?

  тапсырма. Сізге «Жыл оқытушысын» анықтау үшін сауалнама сұрақтарын құрастыру тапсырылды. Алғашқы 5 сұрақты қалай берер едіңіз? Бұл тапсырма студенттің пәнге, оқытушыға деген қарым-қатынасын анықтауға мүмкіндік береді.

       Тіл үйренушінің, студенттің өзіне, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын көрсететін осындай мазмұндағы тапсырмалар, жаттығу жұмыстары ретінде емес, уәждеме туғызушы сөйлеу актісі ретінде қолданады. Сөйлеу жаттығулары тіл үйренушіні табиғи сөйлеуге шығарып, уәж, психологиялық қозғау туғызуы қажет. Сонымен қатар тапсырма мазмұнында тіл үйренушінің, студенттің қажеттілігі мен қызығушылығын ескеріп отыру қажет. Ол студенттің белсенділігін арттырады. Қандай да болмасын тілді оқу, тану екі жақты сипатта болатыны белгілі. Біріншіден, оқылатын тілдің құрылымы, яғни оның фонетикалық ерекшіліктері, лексикалық құрамы, грамматикалық категориялары. Екіншіден, тілді оқу – оны үйренумен байланысты болады. Бірінші жағдайда тілді танушы сол тілдің жүйесімен танысса, екінші жағдайда ол сол тілде өз ойын білдіруді, сөйлеуді үйренеді. Осы жайтты қатысымдық әдіс  мақсатқа ала отырып, лексикалық тақырып пен грамматиканы байланыстырып отырады.

  Оқытушының негізгі мақсаты – тіл үйренушіні сөйлеуге үйрету, сөйлеу дағдысын қалыптастыру, тіл мәдениетін көтеру. Студенттерді сөйлеуге, өз ойын басқаға түсіндіре алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу.

   Жалпы түрде жинақтап айтсақ, бұл әдістің бәріне тән ортақ мақсат – сөздің қолданылу ерекшеліктері мен мағыналарын түсіндіру, тілдің грамматикалық құрлысын меңгерту, ауызекі сөйлеу тілінің сөздік қорын үйрету. Бұл әдісті қолданудың нәтижесінде студенттің сөз байлығы дамиды, дұрыс сөйлеу қабілеті артады, тілдік тұлғаларды дұрыс оқып-жазуды игереді, олардың сөйлеу шеберлігі қалыптасады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Ф.Ш. Оразбаева. Алматы.2005

2.Әдістеме әлемінде. Ғылыми-әдістемелік жинақ. Е.Е.Тілешова. Алматы 2008

3.Қазақ тілі әдістемелік нұсқау. Н.Қ.Мухамадиева. Алматы 2006