Политология / Региональные политические процессы

Қилыбаева П.Қ.

аймақтану кафедрасының доценті

Оспанова А.Н.

аймақтану кафедрасының доценті

Муканов М.Р.

2 курс магистранті

Астана, Қазахстан

Өтпелі кезеңдегі  Орталық Азия мемлекеттері :  саяси  жағдайға      салыстырмалы талдау

         Орталық Азия аймағындағы трансформацияланудың өзіндік ерекшелігі өзара байланысқан үш бағыттың үндесуімен сипатталады: кеңестік социалистік жүйенің батыстық капитализм үлгісіне ауысуы, мемлекет және оның басқару жүйесін қалыптастыру, ұлттық бірігу (консолидация) үрдісі. Бүгінде аймақ үшін жаһандық даму мәселелері маңызды орын алған жағдайда аталмыш бағыттар трансформацияланудың бірден-бір негізін құрайды.

         Қарастырылып отырған тақырыпты тереңірек зерттеу мақсатында аймақ мемлекеттеріндегі трансформациялану үрдісіне жеке тоқталған жөн.         Көптеген қазақстандық саясаттанушылар Қазақстандағы экономикалық әрі саяси тарнсформациялану үрдісін төрт кезеңде қарастырады: 1990-1993 ж., 1993-1995 ж., 1995-1998 ж., 1998 жылдан қазіргі уақыт аралығы [1, 15]. Мұндай бөлуде өзіндік логика бар. Бірінші кезең КСРО-ның құлдырауы мен одақтық республикалардың тәуелсіздікке қол жеткізуімен байланысты болды. Бұл кезеңде орын алған өзгерістер негізінен жаңа жүйені қалыптастыруға емес, ең бастысы бұрынғыны күйретуге бағытталды. Алғашқы кезең қорытындысына 1993 жылы қабылданған Конституция жатады. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы «казақ ұлтымен айқындалған мемлекеттік формада» бекіді.

         Екінші кезең елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шиеленісуімен сипатталады. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституция негізінде президенттік билік заң шығарушы, атқарушы әрі сот тармақтарынан жоғары тәуелсіз биліктің қайнар көзі ретінде жарияланды. Сонымен қатар осы тұста «кіші жекешелендіру» үрдісі басталды. Бұрынғы социалистік меншіктен толықтай арылу арқылы елде демократиялық қайта құрулардың жүзеге асырылуының орнына мемлекет өзін өндіріс құралдарының толық заңды иесі ретінде жариялады. Бұл осы уақыт аралығында саяси және әлеуметтік салаларда кереғар тұстардың қалыптасуына негіз болды.

         Үшінші кезеңде авторитарлық шегіну мен «үлкен жекешелендіру» жүрді. Бұл үрдістердің нәтижесінде, бірқатар сарапшылардың бағалауынша, біріншіден Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің 40%, сыртқы сауданың шамамен 50% ТҰК қолына шоғырланды [2, 73]. Екіншіден, қазақстандық зерттеуші Н. Амрекуловтың түйіндеуінше, «рулық қауым (партия, кәсіби қоғамдастықтар, т.с.с. қарағанда) элиталардың топтасуының басты формасы ретінде қайтадан орын алды» [3, 71]. Кезең 1998 жылдың қазан айында ҚР Конституциясына өзгерістер енгізілуімен аяқталды. Аталмыш оқиға Нурсултан Назарбаевтың 2005-2006 жылдардағы және 1999 жылы 10 қаңтарда өтетін президенттік сайлауға қатысуына жол ашты. Жоғарыда аталған екі оқиғаның орын алуы өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы саяси және экономикалық трансформацияланудың жаңа кезеңіне бастама болды.

         Биліктің ауысуы алғаш рет күш көрсету арқылы шешілген посткеңестік Орталық Азия мемлекеті Қырғызстан тәуелсіздік алған бойда бірден неолибералдық реформалар жолына бет бұрды. Ел баға мен сыртқы сауданы либерализациялау, монетаризациялау және жекешелендіру бойынша Орталық Азияның өзге мемлекеттерін басып озды, батыстық үлгідегі Азаматтық кодекс қабылдап, алғаш болып жерге жеке меншік орнатуға рұқсат берді, ДСҰ-на мүшелікке қабылданды. Дегенмен 13 жыл өткен соң Шығыстағы демократиялық және нарықтық реформалардың үлгісіне айналу табалдырығын аттағалы тұрған Қырғызстан азаматтық соғыс пен экономикалық дағдарыс күйіне душар болды. Мемлекеттегі кедейлік соғыстан кейін құлдыраған Тәжікстандағы көрсеткіштермен пара-пар деңгейге дейін жетті [4, 42-44].

КСРО-ның ыдырауымен байланысты қырғыз қоғамы күшті дағдарысқа ұшырап, тәуелсіз мемелекеттілік орнаған тұста дәстүрлі құрылымдар, байланыстар мен құндылықтар өз ұстанымдарын саяси-әлеуметтік өмірде қарқынды түрде жандандыра бастады. Қырғызстан саяси жүйені қалыптастырудың партиялық-номенклатуралық принциптерінен рулық-иерархиялық түріне өту кезеңін бастан кешірді.

         «Демократиялық транзит» кезеңіндегі республиканың дамуын батыстың белгілі ақпарат көзі төмендегідей бағалайды: «Қырғызстан...демократиялық дәстүрлер мен нарықтық экономиканың жоқтығына қарамастан демократиялық және экономикалық дамуда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елдің ресурстарға өте тапшы екенін ескере, саяси элита шетелдік инвестицияны тарту мақсатында күн тәртібінде батыстық даму бағытын алға қойды. Тұрақсыз болса да, плюралистік партия жүйесі орнады; көптеген азаматтық ұйымдар құрылды; сын көзбен қарайтын баспасөз қалыптасты. Сайлаулар халықаралық стандартқа біршама жақын бола түсті, жеке тұлғаның негізгі құқықтарына кепілдік берілді. Ауқымды экономикалық реформалар жүзеге асырылып, еркін баға мен валюта бағамы енгізілді. ДСҰ-на мүшелікке қабылдану барысында сыртқы сауданың либерализациялануына қол жеткізілді және жерді сату-сатып алу заңдастырылды» [5, 13]. «Дегенмен уақыт өте Қырғызстанның саяси трансформациялануы тежеліп қалды. Авторитарлық құрылымдар мен әдістер кең етек алды... Жүзеге асырылған реформалардың нәтижелері кейінге ысырылды. Мұндай жағдай әсіресе саяси өкілдік пен интеграция салаларын жанап өтті. Экономикалық трансформациялану азын-аулақ деңгейде ғана ілгері жылжыды. Шешім қабылдау құқына ие саясатшылар экономикалық трансформациялану үрдісін сапалы түрде нығайта алмады...» [6, 2].

                Жоғарыда аталған жетістіктер нәтижесінде 1990 жылдары Қырғызстан әсіресе көршілес мемлекеттерде болып жатқан оқиғалармен салыстырғанда Орталық Азиядағы «демократия ошағы» беделіне ие болды. Дегенмен жылдың аяғында қоғамда А.Акаевтың басқаруына қанағаттанбаушылық байқала бастады. Көптеген бақылаушылардың пікірінше, дамып отырған авторитаризм реформаларды жалғастыру емес, сыни бастамаларды шектеу мен билікті қолда сақтап қалуға бағытталған болатын [6, 2].

                Қырғызстандық саясаттанушы Н. Омаровтың пайымдауынша, қырғызстандық «демократия ошағының» «Орталық Азиялық авторитаризм айдынында» біртіндеп орнын жоғалта бастауы 1993 жылы Конституцияның қабылдануынан соң белең алды [7]. Конституциялық реформалар нәтижесінде президент өкілеттілігі айтарлықтай кеңейді, ал парламент билігі шектелді [8]. Нәтижесінде Қырғызстандағы билік моделі жартылай президенттік және президенттік республика элементтерін біріктірді.

         Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезеңде Қырғызстанда тез қарқынмен партиялық құрылымдама жүзеге асырыла бастады. Дегенмен бұл тұста да, парламенттік сайлау кампаниялары ұйымдастыруда да саяси сахнада аймаққа бөліну мен рулық-ағайындық элементтер орын алды. Саяси модернизацияланудың кейбір жетістіктеріне қарамастан, Қырғызстанда негізінен «саяси партиялар емес, аймақтық және рулық-туыстық топтар басым қоғамның ескі саяси құрылымы» сақталды [9, 14].

     1996 жылдан бастап үкімет құрылымын президент жеке бекітетін болды, премьер-министрмен «консультация өткізумен» шектеліп, парламенттің келісімінсіз тағайындауға дейін мүмкіндіктер алды. Парламент үкімет және оның өкілдері есебін талап ету күшінен айырылды, ал президент үкіметті кез келген мезетте қалауынша тарату өкілдігіне ие болды.

         Республиканың саяси өмірінде орын алған сайлау алды кампанияларда әкімшілік ресуртарды кеңінен қолдану, оппозициялық кандидаттарға қысым көрсету, референдум мен сайлаудың қорытындыларын жалған ету жағдайлары дағдылы сипат алды. Толық тоқталмай-ақ,  «Эридан» холдингі иесі Д.Усенов, ішкі істер министрі Ф.Кулов, «Эркиндик» оппозициялық партия көшбасшысы Т.Тургуналиев, сот-құқықтық мәселелері және заңдылық жөнінде парламент Комитетінің төрағасы А.Бекназаров істерін атап кету жеткілікті. Қырғызстанда өткізілген сайлаулардың сапасы жайында жазылған парақ беттері аз емес [9, 37-40].

                Қырғызстандағы саяси тәртіптің трансформациялануының негізгі векторы «авторитарлық сипатта» болғанына күмән жоқ. Дегенмен, елдің саяси және экономикалық дамуының басты шарттарын қарастыратын болсақ,  трансформацияланудың екі сатысының («демократиялық» және «авторитарлық») өзара қатты қарама-қайшы жүргізілгені анық көрінеді.

         Тәжікстан жағдайында трансформацияланудың бастапқы сатысында орын алған азаматтық соғыс (1992-1997) елдегі саяси және экономикалық өзгерістердің дамуы, мәні мен нәтижелеріне елеулі әсер етті. Аталмыш соғыстың салдары қисапсыз құрбан болған адамдар мен шамамен жарты миллион босқындардың санымен ғана шектелмейді, сонымен қатар бұл оқиға 1991 жылы 9 қыркүйекте жарияланған жас мемлекеттің әрі қарай өмір сүру ықтималдылығына да зор қауіп төндірді. Осылайша, 1997 жылға дейін саяси биліктің қалыптасуы мен жүзеге асырылуы соғыспен байланысқан күш көрсету арқылы анықталып отырды. Трансформациялану үрдісінің аталмыш сатысы 1997 жылы 27 маусымда азаматтық соғыстың аяқталуымен тамамдалды. Нәтижесінде жаңа парламент (1997 ж. маусым – 2000 ж. ақпан) сайланып, елдегі өзгерістер өтпелі кезең арқылы біршама тыныш бағытқа бет бұрды. 2000 жылдан бастап қана трансформацияланудың бейбіт көрінісі туралы сөз қозғауға болады [10, 157].

         Функционалдық капиталистік жүйе жаңадан бастау ала дамыған Тәжікстан жағдайында трансформациялану Батыс тарапынан көрсетілген күшті саяси және экономикалық қысым негізінде жүрді. Нәтижесінде трансформацияның абстрактылы үлгісін енгізу барлық әлеуметтік жүйелердің нашарлануына алып келді. КСРО кезінде орын алған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі толығымен күйреді, ал оның орнын бірден жаңа жүйемен толтыру әлсіз тәжік қоғамы үшін мүмкін емес қадам болды. Аталмыш жайттардың салдарынан елде табыс және тұтынуың төмен деңгейі, табыс көздері мен негізгі әлеуметтік қызметтерге (білім беру, денсаулық сақтау, су және жылу) қол жетімділіктің шектеулілігі, қырқынды түрде күшейіп отырған гендерлік теңсіздік, ана мен бала өлімінің өсуі, сауатсыздық мәселесі және өмір сүру ұзақтығының қысқаруы мәселелері туындады. Трансформациялану басқарылмайтын сипат алды: озбырлық, күш қолдану саяси және экономикалық билікті жүзеге асырудың бас құралына айналды. «Шығыстық» халықтың көп бөлігі аман қалудың амалын дәстүрлі әлеуметтік құрылымдардан іздей бастады. Әлі де патриархалды сарын сақталған дәстүрлі әлеуметтік құрылымдардың жандануы халықтың трансформациялану үрдісіне қатысты қарым-қатынасының айқындалуы қажет кезеңде жүзеге асты.

Тәжікстандағы трансформациялану үрдісін анализдеп бағалауда басты үш факторларды атап көрсетуге болады: 1) бастапқыдан орын алған қолайсыз жағдай;  2) осындай жағдайда демократияны қалыптастыруды бірегей талап ету; 3) аталмыш талаптар орындалуы мүмкін болатын әлеуметтік жағдай [10, 158].

КСРО-ның ыдырауы салдарынан аймақтық-рулық жүйеде дисбаланс орнауы және сыртқы реттеуші күштің жойылуы азаматтық соғыстың басталуына әсер еткен маңызды себептердің бірі болды. «Тәжіктік сипаттағы» жаңа мемлекетті жаулай бастаған аймақтық элиталар (Ленинабад (қазіргі Соғды) облысы, Каратегін, Куляб, т.с.с.) арасында бақталастық бастау алды. Дегенмен әскери-саяси тұрғыда оппозицияны жеңгеннен кейін (Тәжікстан Жоғарғы Кеңесінің 16-сессиясы, 1992 ж., қараша) Куляб рулық ауданының жекелеген микротоптары арасында қарама-қайшылықтар басталды. Алдыңғы қатарда Тәжікстан Республикасының президенті Э. Рахмонов (бүгінде Э. Рахмон) басшылығындағы «дангар тобы» көзге түсті. Хатлон облысының Куляб зонасының жазықтық қонысы мен Вахие немесе Вахье (Обихингоу өзенінің аңғары) алқабы арасында аралық орынға ие «ховалингтіктер» микротобы «аутсайдерлер» жағдайында қалды. Топ көшбасшысы Қорғанысқа көмек көрсету Республикалық қоғамдастығының төрағасы Ф. Камилов болып табылады. Аталмыш бәсекелестік нәтижесінде тәжік саяси құрылымының негізгі ерекшелігі айқындалды: орталықтандырылған кеңестік мемлекеттің билік құрылымындағы үйлесімділіктің жоқтығы және тәжік қоғамындағы дәстүрлі аймақтық плюрализм. Куляб ауданы өкілдерінің басым болуы жағдайындағы түрлі рулық топтар арасындағы қарым-қатынас жалпы саяси тұрақтылықтың келешегін анықтайды. Аталмыш этноаймақтық топ ел халқының жалпы санының шамамен 35% құрайды, өкілдері көптеген маңызды министрлік қызметтерді иеленіп отыр [10, 160].

         Тәжікстанның саяси жүйесі әлі де рулық-аймақтық сипатта болады. Сол себепті елдегі трансформацияланудың басты міндеті жеке рулық топ немесе аймақтың үстемдік етуін тежейтін саяси-құқықтық жүйе құру болып табылады. Дегенмен аталмыш міндеттің орындалуы жақын болашақтың жемісі деп пайымдау қиынға соғады.

         Түркменстан Орталық Азия аймағындағы ғана емес, жалпы посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір ерекше мемлекет болып табылады. Бұл ерекшелік елдің бүгінгі даму қарқыны жағдайында бірқатар негізгі факторлармен айқындалады. Біріншіден, Түркменстан жер қойнауында қазба байлықтардың мол көлемінің барлануы. Елдегі экономикалық саясат негізінен аталмыш ресурс негізінде жүргізілді. Екіншіден, ел өзінің сыртқы саясатында бұрынғы КСРО республикаларынан айрықша өзіндік курс - бейтарап мемлекет позициясын таңдады. Үшіншіден, Түркменстанда бір тұлғаның, яғни мәні бойынша тоталитарлық тәртіпке жатқызуға болатын мемлекет басшысы билігінің саяси тәртібі қалыптасты. Түркменстанның посткеңестік мемлекеттердің ортақ сарында трансформациялануы қатарынан шығуын ел дамуын тежеген фактор ретінде қарастыруға болмайды. Бұл жайт өз кезегінде ерекше феномен болып табылады.

         Одақтың құлдырауы республика экономикасында өз әсерін қалдырды. Ел экономикасы біртұтас халық шаруашылығы кешенінің бір бөлігі еді, сонымен қатар кейбір аспектілер тұрғысында Түркменстан өзінің солтүстік көршілеріне тәуелді болатын. Республикада заман ағымына сай өнеркәсіптік орындар саны аз болды және олардың басым көпшілігі басты екі өнім түрі – табиғи газ өндіру және мақта өсіруге бейімделді. Екі бағытта да өнімнің негізгі бөлігі одақтас республикалар арқылы шетелге шығарылуға арналды. Аталмыш жайт республиканың географиялық орналасуымен, сонымен қатар жаңа заман тарихы ерекшеліктерімен айқындалды. Түркменстан одақтың шалғай шекаралық аумағына жатты және Иран, Ауғанстанмен шекаралық аймақтар арнайы қорғалды.

         Түркменстан президенті Ниязов халық шаруашылығы кешенін реформалау міндеттерін айқындай келе, қуатты мемлекеттік макроэкономикалық реттеу негізіндегі аралас типтегі нарықтық экономика құру қажеттігін мәлімдеген еді. Алға «жүз жылдықтың аяғында ресурсқа бай дамыған елдер деяңгейіне шығу» мақсаты қойылды. 1993 жылы даярланған «10 жылдық тұрақтылық» бағдарламасы аясында мұнай-газ кешені ерекше назарға алынды. Жоспар толықтай уақытылы жүзеге аспағанымен, елдегі көмірсутектік экспорттық бағытта мамандандыру әрекеттері ақталғандығын кейінгі жылдар көрсетті [11, 23].

         Түркменстанның дамуын тежейтін факторлардың бірі 1990-жылдардың бірінші жартыжылдығында елдің «Орта Азия-Орталық» магистралды желісіне толықтай тәуелді болуы еді. Себебі тек қана аталмыш құбыр арқылы табиғи газ Өзбекстан және Қазақстан шекараларынан өтіп Ресейге жететін және одан әрі салмақты тұтынушыларға дейін баратын. Түркмен газын кең көлемде тұтынушыларға Батыс еуропа елдері емес, ТМД мемлекеттері, солардың қатарында Украина, Грузия, Армения және Әзербайжан жатты. Бастарына төнген экономикалық дағдарыс салдарынан бұл елдер түркмен газы үшін айналымдағы валютадан бұрын, баспа-бас айырбас тауарларымен де еркін есесін қайтара алмады. Нәтижесінде осындай мемлекеттердің барлығы газ тасымалы үшін Түркменстанға қарызға батты.

         ТМД-ның өзге мемлекеттерінен Түркменстан тағы бір жағдаймен ерекшеленеді. 1995 жылдың 12 желтоқсанында Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының № 50/80А «Түркменстанның тұрақты бейтараптығы» Резолюциясы қабылданған болатын. Осы жылдың 27 желтоқсанында Халк Маслихат және Меджлис шешімімен Түркменстан Конституциясының 4-бөлімінің 1-бабына БҰҰ БА Резолюциясына сілтеме жасау негізінде өзгертулер енгізілді және «әлемдік қауымдастықпен танылған Түрменстанның тұрақты бейтараптық статусы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізі» болып табылатындығы белгіленді. Ашхабад тарапынан аталмыш саяси қадам дүниежүзілік тарихи оқиға ретінде таратылды. 12 желтоқсан күні мемлекеттік мереке – Бейтараптық күні деп белгіленді. Резолюция мәтініне сәйкес БҰҰ Түркменстанның тұрақты бейтараптық статусын қолдады [12].

         Объективтілік үшін келесі бір аспект – гуманитарлық бағытты да саралап кеткен жөн. Түркменстанның бейтараптығын мойындайтын Резолюцияны БҰҰ ел дипломаттарының аталмыш шешім нәтижесінде Түркменстан адам құқықтарын одан әрі қорғайтынына сендіре алу шеберлігі салдарынан қабылдады. Осы жерде сәл тоқтау жасаған жөн. Қазіргі кезде Ашхабадта Түркменстанның адам құқықтары бойынша 40 халықаралық актілерге қосылғандығы жөнінде көп айтылады. Ал іс жүзінде Түркменстан билігі адам құқықтарына өрескел қарайтындығы баршаға мәлім жағдай. Бұл туралы Ресейлік басылымдардың мол қоры белгілі [13, 73].

                Бейтараптық өз кезегінде Түркменстанның оқшаулануын қамтамасыз ету құралына айналды. Оған елдегі «мемлекеттік қалың мал» заңы айғақ. Түркменстанның билігі тарапынан жүйелі түрде өз азаматтарының басқа мемлекеттерге бағытталған миграциясына қатысты жасанды жол бермеу әрекеттері үнемі жүзеге асырылып отырды [14, 17].

         Түркменстанды тоталитарлық мемлекеттер қатарына жатқызуға болады. Дегенмен, түркменстандық тоталитаризм батыс еуропалық тоталитарлық тәртіптердің классикалық нұсқаларының (Бенито Муссолини кезіндегі итальяндық тоталитаризм; Адольф Гитлер тұсындағы германдық нұсқа; испандық Каудильо Франко кезеңіндегі тәртіп) көшірмесі деп түсінген қате болады. Бірқатар ұқсас тұстары болғанымен де, түркмендік нұсқа кеңестік коммунистік тоталитаризмнің қарапайым жалғасы да емес.

         Түркменстан тоталитаризмі Шығыс елдеріне тән көне катал тәртіп элементтері мен қазіргі заманғы аграрлы-индустриалды мемлекеттердегі жаңа авторитарлық тәртіптің белгілерін құрайды. Бірқатар тұстарында түркмендік нұсқа бүгінгі солтүстік корейлік тәртіпке сай келеді.

         Түркменстанда орын алған тоталитаризмнің келесідей өзіндік ерекшеліктерін атап өтуге болады:

         Біріншіден, түркмен тоталитаризмі өз уақытында Италия, Германия, Испания немесе Ресейде болғандай бірқатар жағдайларда азаматтық соғысқа ұласқан ішкі шиеленістердің нәтижесінде қалыптаспады. Түркменстанда ешбір мемлекеттік төңкерістер орын алмады, тоталитарлық көшбасшы билік басына бейбіт жолмен орнықты.

         Екіншіден, түркмендік нұсқаға өз саяси қарсыластарына қарсы кең масштабта саяси жазалау да тән болмады. Түркменстан билік басындағылар белгілі бір көлемде күштеу, зорлық әрекеттерге барғанымен де, КСРО кезеңіндегі тәжірибеден немесе Үшінші рейхтегі «арий халқының тазалығы» үшін жүргізілген күрестен айтарлықтай алшақ.

         Үшіншіден, классикалық батыс еуропалық тоталитаризм нұсқаларына қарағанда түркмендік феномен тәртіптің индустриалдық қоғам жағдайында қалыптаспағандығымен де ерекшеленеді. Батыс Еуропада тоталитарлық диктаторлар көп жағдайда билік басына өз елдерінің бизнес тобының қолдау көрсетуіне сүйене келді. Түркменстанды индустриалды қоғам немесе толық нарықтық экономикаға ие деп тану орынсыз болып табылады. Сол себепті ел өзінің аграрлы-шикізаттық шаруашылығы салдарынан ескінің қатал тәртіптерін қолдануға да мәжбүр. Бұл өз кезегінде экономикалық саланың дамуын тежегіш фактор саналады. Түркменстан көмірсутектерін сату нәтижесінде түсірілген қаржы тиімсіз падаланылып, көп жағдайда беделді объектілердің құрылысын орнатуға жұмсалады. Ал халық елдегі қазба байлықтарының мол қорынан түсетін пайданы сезбей келеді [15, 156].

Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең тығыз қоныстанған республика. Халықтың жартысына тең бөлігі 18 жасқа толмаған балалардан құралуы мемлекетте тұрақты түрде сақталып келе жатқан құбылыс.        

Республика стратегиялық минералды-шикізаттық ресурстарға бай, әлемдік стандарттарға сай сапалы алтын өндіру көлемі бойынша ТМД шеңберінде ІІ орында. Басты мақта өндіруші әрі мақта өнімдерін ТМД-ға тасымалдаушы бірден-бір ел болып табылады. Республикада байланыс желілерін орнатуға көп көңіл бөлінеді. Ел аймақтағы саны жөнінен ең үлкен жауынгерлік даярлықтан өткен, заманауи қарумен жабдықталған әскер көлеміне ие. Мемлекет үшін анағұрлым қолайлы жағдайда 38 елмен келісімдерге қол қойылған [10, 219].

Өзбекстанда мемлекет және атқарушы билік басшысы функцияларын біріктіретін президенттік институт 1990 жылы құрылды. Осылайша кеңестік кезеңдегі трансформациялану дәуірі өзбек ұлтын қалыптастыруға көшумен аяқталды. 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізу Өзбекстан алдында халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциялану бойынша кешенді міндеттер қойды. Бұл оқулықтарда нарықтық қатынастарға өту және демократиялық жүйе құру («басқарылатын демократия» деген дұрысырақ, өз кезегінде Өзбекстан бұған Қазақстан мен Ресейге қарағанда бірінші болып қол жеткізді) жүзеге асырылатын трансформациялану деп аталды. Негізінен ел үкіметінің қызметі келесідей міндеттермен сипатталды:

-       эволюциялық түрде біртіндеп нарықтық шарушылыққа өту;

-       экономиканың саясаттан жоғары қойылуы;

-       заңға бағыныштылық және күшті әлеуметтік саясат.

         Үкімет аталмыш үрдістің сатылы жүзеге асырылуын трансформацияланудың басты шарты ретінде белгіледі. Өзбекстанның әлемдік саясатта субъект ретінде бейімделуі әлемдік қауымдастықтың қатал бақылауы негізінде дамып келеді. Р. Легволд баяндағандай, ұлы державалардың КСРО құлдырауынан кейін «бұрынғы Кеңестік Одақтың ауқымды кеңістігімен не болмақ деп абыржып қалуы» [16, 1] тәуелсіздікті нығайту бағдарламасын іске асыруды біршама күрделендірген жағдайлардың бірі болды.

         Өзбекстанның трансформациялануын сырт көзбен бағалауда басымдық әдетте қауіпсіздік мәселесіне беріледі. Бұл кезеңде қауіпсіздік мәселесі халықаралық қатынастардың дамуындағы орталық концепцияға айналған еді. Елдің географиялық тұрғыда Орталық Азиның орталығында орналасуы аналитикалық қауымдастықтың Өзбекстанды аймақтың шешуші ойыншысы ретінде қабылдауына себеп болды.

         Орталық азиялық мемлекеттердің посткеңестік дамуын сараптай келе 2005 жылы Р.Аллисон көп жақты аймақтық жобалар президенттік немесе авторитарлық берік тәртіппен қарама-қайшы болды деген қорытындыға келді. Сарапшының пайымдауынша, билік «аймақтық ынтымақтастық құрылымдардың ел іс-әрекеттеріне қол сұғуы мүмкіндігінен» қауіптенді [17, 13].

                1990 жылдардың аяғында өзбек басшылығымен белгіленген «ауқатты мемлекет» құру курсы [18, 25] қуатты оппозицияға дамыған елдер тарапынан ғана кезікпеді. Өзбекстандық реформалар кешенінің ядросы болып табылатын модернизациялау саясаты мен оның аясында жүргізіліп жатқан экономиканы либерализациялау әрекеттері «ислам қайта жаңару» белсенділері жоспарына қайшы келді және бұл жағдай ел ішінде ғана емес, сонымен қатар сыртта да орын алды. Дегенмен 2005 жылғы Әндіжандағы мамыр оқиғалары көрсеткеніндей, республиканың әлеуметтік-саяси үрдістеріндегі «ислам қайта жаңаруының» маңыздылығына қарамастан, бірігу идеясын жақтаушылар Өзбекстанда басты қоғамдық әрі саяси қозғалысқа айнала қоймады.

         Өзбекстан тәуелсіз мемлекет құрғаннан бергі аз уақытты қамтитын тарихында үнемі дерлік діни экстремистермен күрес жүргізіп келеді (Қосымша А). Аталмыш типтегі алғаш ұйымдар республикада 1990 жылдардың басында-ақ айқындала бастады. «Адолат», «Тавба», «Таблих», «Нур», акромидтер, кейінгі кезеңде «Хизбу т-Тахрир» діни оппозициялық топтардың басты ошағына Ферғана жазығы қалалары мен елді-мекендері айналды. Бұл аймаққа тәуелсіздіктің алғашқы айларында-ақ мессионерлер ағыны жайлады. Түрлі атауларға ие бұл ұйымдар өз мақсаттарында ортақ мүддені көздеді. Бұл – ұлттан жоғары тұратын теократиялық кеңістік құру еді (Қосымша Б).  

         Өзбекстандағы трансформациялануға қатысты бірқатар сараптамалар «Ферғана факторын» есепке ала түйінделгені байқалады. Әдетте Ферғана жазығындағы жағдай ресми биліктің оппозициялық тұсы ретінде түсіндіріледі, ал аймақтағы үкімет әрекеттері батыс аналитикалық шолуларда қатал сынға алынады. Ескере кететін жайт, ағымдағы саяси жүйе шеңберінде алғаш ауқымды қозғалыс ферғаналық «Адолат» партиясымен 1991 жылы Наманган қаласында орын алған болатын. Ал бұл оқиғаның алдында КСРО ыдырауы қарсаңында болған Ферғанадағы этникалық шиеленіс «әлемдік жариялылық» алған еді [10, 215].

         «Ферғана мәселесінде» өзбек үкіметіне Ферғана маңында таралған жасырын және 1998 жылғы қарай қаруланған оппозициямен ғана күресуге тура келмеді, сонымен қатар халықаралық ортада өз конституциялық құрылымын сақтап қалуда жүргізген күресінің заңды орын алғанын қорғау қажет болды. Ұзақ уақыт өтпей Қырғызстан мен Өзбекстанның зайырлы тәртіптеріне кезекті соққы Ош қаласында орын алды. 2000 жылдың жазында Өзбекстан ислам қозғалысының содырлары қырғыз Баткен арқылы (оңтүстік Ферғана) жазыққа ене жару әрекеттері қамдалды, ал 2005 жылы Әндіжанда жасырын «Акромийя» тобы мүшелерімен қарулы бүлік ұйымдастырылды. Осылайша, оппозиция қаруланған күрес әдісін, ал мәселені шешуде билік тарапы өз қарулы күші ресурстарын қолданған қақтығыстардың басым көпшілігі осы Ферғана жазығында орын алғаны белгілі. Кейінгі уақыттағы оқиғалар (әсіресе Әндіжанда) көрсеткендей, Ферғана алқабы экстремистер үшін стратегиялық мәнге ие [18, 52]. Алқап Швейцария, андорра, Сан-Марино, Бутан, Непал және т.б. қатар Ферғана және маңындағы аумақтар «геосаяси қорғаныс кедергісі» атты әлемдік тізімге енген аймақтарға жатады [18, 30].

                1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін үкімет жоспарлы экономикалық жүйе (кеңестік үлгі) – әлеуметтік мемлекет үстемесіне ұмтылу және өндіріс пен бағаның белгіленуін қатаң бақылауда ұстаудан бірден бас тарта қоймады.

Өзбекстандағы саяси үрдістер посткеңестік кеңістіктегі секілді сыртқы факторлардың ықпал етуі негізінде дамып келеді. Соңғы жылдарда Өзбекстандағы саяси элитаның қалыптасу технологиясы елеулі түрде жаңарды. 1999-2000 жылдарға қарағанда саяси элита құрамы біркелкі мәнге ие болды және жекелеген тұстарда ғана рулық сипат сақталды. Кеңестік дәуірдегі саяси жүйенің тепе-теңдігін қамтамасыз еткен билікті рулық принципте бөлу тамамдалғаны кейінгі жылдарда орын алған оқиғалардан айқын байқалады.

Республикада қызмет ететін БАҚ-ның басым көпшілігі өз құрылтайшыларына тәуелді. Құрушы тараптарға әдетте мемлекеттік институттар немесе жартылай мемлекеттік бизнес құрылымдары жатады. Аталмыш ерекшелік БАҚ мен мысқыл сыни көзқарастардың айтарлықтай деңгейде «ұстамды» сипат алуының басты себебі десек те болады.

     Аймақта даулы ошаққа жататын әрі жоғарыда аталған мемлекеттердің мүдделері тоғысып, оларды геосаяси топқа біріктіретін Ферғана жазығы да өзіндік із қалдыруда. Ферғананың геосаяси маңыздылығы әлемдік саясаттағы шекаралар феноменін зерттеу бойынша К.Хаусхофердің еңбектерінде баяндалған. Орталық Азия аймағындағы экономикалық өзгерістердің нәтижелері өзара алшақ болғанымен, қайта құру әрекеттерінің салдарынан радикалды экономикалық реформалар жүзеге асырылғанын, нарықтық экономиканың негізі қаланғанын, кең ауқымды жекешелендіру жүргізілгенін, жеке сектор жұмыс жасайтынын, ұлттық валюта іс жүзінде еркін айырбасталатынын атап айтқан жөн. Келешекте шаруашылықты жоспарлы жүргізуге қайта оралу мүмкіндігі төмен екенін түйіндеуге болады. Саяси трансформацияланудың мәні кеңестік басқару жүйесі мен идеологиясының қайта орнауының мүмкін еместігін болжауға негіз береді. Орталық Азия халықтары енді тәуелсіздіктен айырыла қоймас.

Қолданған əдибиеттер:

1. Ашимбаев М.С. Политический транзит в Казахстане: содержание процесса и его особенности. Алматы, 2001.

2. Дадабаева З.А. Особенности развития политической системы в Центральной Азии. Научный доклад. — М.: ИЭ РАН, 2009.

3. Амрекулов Н. Размышления о главном. Пути к устойчивому развитию. Алматы, 1998

4. Ниязи А.Ш. Киргизия и Туркмения: сравнительный анализ моделей развития / Азия и Африка. 2006. №7.

5. Kyrgyzstan. Bertelsmann Transformation Index 2010.

6. Политический переход в Кыргызстане: проблемы и перспективы. Доклад №81 МГПК // Азия. 11.08.2004.

7. Омаров Н. Между кланами. Эволюция политической системы Кыргызстана в 90-е годы ХХ начале ХХІ в. // Политический класс 2005. №13 (http://www.politklass.ru/cgi-bin/issue.pl?id=195).

8. Кынев А. Кыргызстан до и после «тюльпановой революции». Политическая ситуация в Кыргызстане  в 1990-2004 гг. (http://www.stratagema.org/polittechnology.php?nws=gq14p1781632563).

9. Курманов З. О проблемах партогенеза в Кыргызстане // Центральная Азия и Кавказ. 2004. №5(35).

10.Годы, которые изменили Центральную Азию. / под ред. Т.Мастюгина. М., 2009.

11. Алимов Р. Центральная Азия: общность интересов. Ташкент: «Шарк». – 2005.

12. Конституция Туркменистана 1992 г. С изменениями и дополнениями от 27 декабря 1995 г. // Нейтральный Туркменистан. 09.01.2010.

13. Ниязов С.А. Наше отношение к СНГ (6 сентября 1993 г.) // Ниязов С. Независимость. Демократия. Благополучие. Книга ІІ. Ашхабад. 1994.

14. Демидов М.С. Постсоветский Туркменистан. М., 2002.

15. Кадыров Ш. Нация племен. М., 2003.

16. Стратегические перспективы: ведущие державы, Казахстан и центральноазиатский узел / Под ред. Р.Легволда; пер. с англ. М.: Интердиалект+, 2004.

17. Аллисон Р. Центральная Азия и Закавказье: региональное сотрудничество и фактор Российской политики. Рабочие материалы. №10. М.: Московский центр Карнеги, 2004.

18. Левитин Л. Узбекистан на историческом повороте. М.: Вагриус, 2001.