Магистрант
Еңсебай Ж.Б.
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
Саяси партиялардың сайлау процесіне
қатысуын құқықтық реттеу
Сайлау институты демократиялық,
құқықтық мемлекет қалыптастыру
жағдайында халық билігін жүзеге асыратын шынайы механизмге
айналады. Нақ осы жерде әртүрлі саяси күштердің
өкілдері болып табылатын саяси партиялардың мүдделері
тоқайласады.
Демократиялық мемлекеттердегі
саяси партиялар мен олардың кандидаттарының сайлауға
қатысуының құқықтық
қағидалары мыналар: мүмкіндіктер теңдігі – барлық
кандидаттарға сайлауға, теле-радио уақытқа және
өзге де сайлауалды акцияларды өткізу үшін берілетін
максималды шығындардың теңдігі; мемлекеттік аппараттың
бейтараптығы – атқарушы органдардың сайлау алдындағы
күреске араласпауы; лауазымды тұлғалар сайлау кампаниялары
кезінде өзінің абырой-беделін не өкілеттігін белгілі бір
кандидатты немесе партияны қолдауға не кемсітуга пайдаланбауы тиіс.
Саяси партиялар туралы заң
нормативтік тәртіппен, олардың Президенттікке, Парламент
Мәжілісі депутаттығына, мәслихаттағы өз
өкілдері арқылы Сенатқа кандидатуралар ұсыну
мүмкіндігін белгілеген [1]. Оның үстіне, заң
императивті нысанда партиялардан өздерінің сайлау функцияларын
жүзеге асыруды талап етеді. Олай болмаған жағдайда, мысалы,
Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатарынан
екі мәрте қатыспау, партияның тарауына әкеп
соғады. Сайлау процесінің маңызды сатысы болып, ол саяси
партиялардың кандидаттарды ұсынуы табылады. Нақ осы сатыда
Президент, депутат, сенатор және өзге де сайланбалы лауазымды
тұлғалар кімдердің қатарынан болатыны анықталады.
«Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 55-бабының 3-бөлігіне
сәйкес, Президенттікке кандидаттарды қоғамдық
бірлестіктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады.
Қоғамдық бірлестіктердің Парламент Мәжілісі
депутаттығына кандидаттарды ұсынуы Президенттікке кандидаттарды
ұсыну тәртібімен бірдей болғанымен, біраз ерекшеліктері бар.
Яғни, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды тек республикалық
емес, сонымен бірге жергілікті қоғамдық бірлестіктер де
ұсына алады. 1999 жылғы 6 көкектегі Конституциялық
заңға сәйкес сайлау туралы заң Парламент Мәжілісі
депутаттарын сайлау үшін партияларға мүмкіндік беретін
ережемен толықты. Алайда, заң кандидаттың бір уақытта
аумақтық сайлау округі бойынша ұсынылуына тыйым салынады [2].
Партиялық тізімдегі
тұлғаларды орналастыру тәртібін партия дербес белгілейді
және оны тізімді ұсыну туралы партияның жоғары
органының хаттамасының үзіндісімен қосып, Орталық
сайлау комиссиясына ұсынады.
Жалпы алғанда,
әртүрлі сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды
ұсыну сатысы еліміздің сайлау туралы заңымен
мұқият реттелген [3]. Президенттікке, Мәжіліс және
Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсынғаннан кейін, оларды
тіркеу басталады. Аумақтық сайлау комиссиясына тіркелу үшін
депутаттыққа кандидаттардың кез келген саны ұсынылады,
бірақ тіркеуден бұрын олар өткізген құжаттар
мұқият тексеріледі.
Осыған ұқсас
әрекеттерді, Орталық сайлау комиссиясы да біртұтас
жалпыұлттық округ бойынша партиялық тізімге енген
тұлғаларды тексергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы
кандидаттар мен партиялық тізімді тіркеп, оларға тиісті
куәлік беріп, олар тіркелген сәттен бастап он күн ішінде
бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Тіркеуден бас тарту немесе тіркеуді жою туралы шешімге жеті күндік
мерзімде Орталық сайлау комиссиясына сотқа шағым беруге
болады.
Партиялық тізімдерді ресми
тіркеу аяқталған соң бірыңғай
жалпыұлттық сайлау округі бойынша саяси партияларға дауыс
беру үшін бюллетендерді дайындау мүмкін болады. Сайлау бюллетенінде
саяси партиялардың атауын орналастыру тәртібі Орталық сайлау
комиссиясның қаулысымен бекітілген «Сайлау бюллетеніне саяси
партиялардың атауын енгізу туралы жеребе өткізу ережелеріне»
сәйкес жүргізіледі. [4]
Аталған ереженің
1-бөліміне сәйкес жеребе ОСК-ның отырысында, партиялық
тізім ұсынған саяси партия өкілдерінің қатысуымен
өткізіледі. Сайлау бюллетендерін жасаудың мұндай процедурасы
неғұрлым демократиялы болып табылады және ең бастысы
сайлау органдарының қызметіндегі бейтараптықты білдіреді.
Қазақстандық заң, саяси партиялардың
насихаттық қызметінің құқықтық
негіздерін де анықтап берген, себебі, қажетті жағдайды
туғызу сайлауды демокраатиялық ұйымдастыру мен
өткізудің кепілі болып табылады. Мысалы, «Сайлау туралы»
Заңның 27-бабына сәйкес, сайлауалды насихат:
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
жариялы түрдегі сайлауалды шараларын, кандидаттардың, олардың
сенімді өкілдерінің, бастамашыл топ мүшелерінің
сайлаушылармен кездесуін өткізу жолымен; баспа, аудиовизуалды және
өзге де насихатту материалдарды шығару немесе тарату жолымен
жүргізіледі. Мемлекет қоғамдық бірлестіктерге (саяси
партияларға) белгілі бір кандидатты жақтап не оған қарсы
насихат жүргізу құқығын береді. Оған
қоса, мемлекет олардың насихат жұмыстарына белгілі бір
жеңілдіктер береді. Мысалы, бір мандатты сайлау округі бойынша
түсетін саяси партиялардың кандидаттарына өздерінің
бағдарламаларымен мемлекеттік ақпарат құралдарында шығуға
мүмкіндік берілген. Мүмкіндіктер теңдігі
қағидасына сәйкес, барлық кандидаттар тең
дәрежеде мемлекеттік телевидения бойынша бір мәрте он бес минут,
мемлекеттік радио бойынша бір мәрте он минут сөйлеуге және
ОСК белгілеген көлемде мемлекеттік баспасөз беттерінде екі
мақала жариялауға құқығы бар. Оның
үстіне, не айтып, не жазатынын кандидаттың өзі
айқындайды. Мемлекеттік аппараттың бейтараптығы
қағидасын қолдану мақсатында мемлекеттік
БАҚ-қа кандидаттардың сөзін үзуге немесе қандай
да бір түсініктемелер беруге тыйым салынады.
Тиісті сайлау комиссиясы сайлауалды
шараларды өткізу үшін бір мандатты сайлау округінен түсетін
партиялық кандидаттарға бірдей сомадағы ақша
қаражаттарын бөледі.
Бұл жерде маңыздысы, республикалық және
коммуналдық меншіктегі үй-жай және өзге де
материалдық объектілер кандидаттарға сайлау комиссиясы бекіткен
уақытқа ақысыз негізде беріледі [5]. Плакаттар,
үнпарақтар, лозунгтер және өзге де насихаттық
баспа табақтарын шығару үшін тиісті сайлау комиссиялары
кандидаттарға бірдей сомадағы ақша қаражатын
бөледі. Сонымен бірге, барлық насихаттық баспа
материалдарында оларды шығарушы ұйым, баспаның мекені
және тиражы, оларды шығаруға жауапты тұлғалар
жайлы мәліметтер болуы тиіс. Осы арқылы, заң анонимді насихат
материалдарының таралуына тыйым салады [6]. Насихат материалдарын кез
келген үй-жай, ғимарат және өзге де объектілерде,
аталған объектілердің иелерінің келісімімен іле беруге
болады.
Жоғарыда аталған
жеңілдіктер, саяси партиялардың Президент, жоғары және
жергілікті өкілді органдарды сайлау кезіндегі тиімді күресіне
ықпал жасайды. Сонымен бірге, партиялық тізім бойынша түсетін
кандидаттардың насихаттық қызметіне мемлекеттік қолдау
көрсетуге тыйым салу даулы мәселе болып табылады. Сайлау
процесінің барлық субъектілері қолданылатын сайлау
жүйесіне қарамастан, тең құқықтар мен
мүмкіндіктерге ие болуы керек.
Кандидаттардың сайлауалды
бағдарламаларына белгілі бір талаптар қойылады. Онда қандай
да бір кемсітушілікке немесе артықшылыққа жол берілмеуі
керек. Мұндай кемшіліктердің орын алуы тіркеуді жоюға алып
келеді. Сайлау процесінің келесі бір маңызды сатысы дауыс беру
болып табылады, себебі, дәл осы жерде халықтың өз еркін
білдіруі жүзеге асырылады және соның нәтижесінде саяси
партиялардың бір бөлігі сайланған мекемелерден орын алады. Бұл
саты да, әртүрлі заң бұзушылықтарға жол
бермеу мақсатында сайлау туралы заңмен мұқият
реттелінген.
Қазіргі күні әлемде
сайлау жүйесінің екі түрі бар – мажоритарлы және
пропорцианалды. Алғашқысы берілген дауыстың көпшілігі
қағидасында құрылса, екіншісі – берілген дауыстар мен
алынған мандаттер арасындағы пропорционалдық қағидасына
негізделеді. Мысалы, мажоритарлы жүйеде сайлауда дауыстың
көпшілігін алған кандидат жеңді деп есептеледі және
партиялар саны көбейген сайын ақаулықтарға ұшырап
отырады. Себебі, сайлауда сәл ғана басымдықпен жеңген
партия Парламенттегі орынның көпшілігін иеленуі мүмкін
және бұл жүйеде кейбір қоғамдық топтар
сайланбалы органдарда мүлдем орын алмауы мүмкін. Пропорционалды
жүйенің артықшылығы оның әділеттілігінде,
яғни, әртүрлі саяси партиялардың сайлауда алған
орындары оларды қоғамдағы күш-қуатына тең болады.
Дәлірек айтсақ, бұл жүйе кандидатты сайлаушыдан
алыстатады және қоғамдағы саяси күштердің
бөлінуін күшейте түседі. Себебі, пропорционалды жүйе
Парла-ментте тым кіші партиялардың орын алу мүмкіндігін
ұлғайтады [7]. С. Самалдыкованың айтуынша, Мәжіліс
депутаттарының санын 100-ге көтеру арқылы, партиялық
тізім бойынша сайланатын депутаттарға соның жартысын, яғни 50
орынды бөлу қажет. Тек осындай арақатынаста ғана, екі
түрлі сайлау жүйесімен сайланған депутаттар үйлесімді
әрі тиімді жұмыс үстей алады. Шетел тәжірибесінде
бұл кедергі әлдеқайда төмен белгіленген. Мысалы,
Германия Бундестагының депутаттық құрамының
тең жартысы партиялық тізім бойынша 5% кедергіден өткен
партиялардың кандидаттарынан құралады.
Қорытындылай келгенде,
сайлаудағы саяси партиялардың құқық
субъектілігін кеңейте түсуге бағытталған сайлау
заңын одан әрі жетілдіру қажет деп ойлаймын. Сайлау
заңына енгізілуі тиіс бұл өзгертулер мен толықтырулар
тұрақтандырғыш фактор қызметін атқарады
және біздің қоғамның өміріне саяси
плюрализм мен дамыған демократияның әртүрлі нысандарын
тезірек орнатуға өз үлесін тигізеді.
1. В.Н. Хропанюк. Теория
государства и права. Уч. пособие. -М., 1993.
2. Н.И. Матузова, А.В. Малько.
Теория государства и права. -М., 1997.
3. С.С. Алексеев. Общая теория
права. -М., 1994.
4. К. Дегенхарт. Государственное
право. -Гейдельберг. 1997.
5. Кубеев Е.К. Конституционной
строй РК. -Караганда. 1998.
6. Назарбаев
Н.Ә. Ел Президентінің «Отан» РСП ІV кезектен тыс съезінде
сөйлеген сөзінен. Мысль. 2002. №12.
7. Бэкон Ф. Сочинения в 2-х
томах. -М., 1978. Т. 2.
Резюме
В данной статье указано о правовой процедуре
участия кандидатов и политических партий в избирательном процессе в
демократических госу-дарствах, а так же об аспектах правового участия
политических партий в РК.
Rezume
This article states the rules of the
legal participation of candidates and political parties to vote in democratic
states, as well as the legal aspects of the participation of local political
parties.