Магистрант  Еңсебай Ж.Б.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде пайда болуының және дамуының мәселелері

Саяси партиялар сияқты әлеуметтік-құқықтық феноменді зерттеу кезінде бірден байқалатын факт – олардың рөлі мен мәніне берілетін бағаның әртүрлілігі. Мұндай артық эмоция отандық және шетелдік ғалымдардың барлығына тән. Тіпті ұзақ тарихы бар, классикалық американдық партия жүйесін зерттеушілердің өздері де саяси партиялар туралы ой-пікірлерінде бірқалыптылықты ұстанбайды. Әсіресе бұл «саяси партиялар –демократия» деген өзара байланыс қағидасын бағалау кезінде анық білінеді. Кейбіреулері саяси партияларды демократиялық процестерді жаратушы деп тіпті ары кетті. Партиялар шын мәнінде демократиялық басқарудың пайда болуында басты рөл ойнайды. Сондай-ақ біріншіден, саяси партиялар демократияны дүниеге әкелді, екіншіден, қазіргі демократияны саяси партияларсыз елестету мүмкін емес» [1]. Бірақ осылармен қатар, саяси партияларға қажеттілік жоқ немесе олар демократиялық саяси өмірдің түбіне жетеді деп есептейтін екінші топ бар. Тіпті кейбір зерттеушілер саяси партиялардың қызметіне тыйым салу қажет деп есептейді. Республикашылдардың негізін салған тұлғалар саяси өмірдегі ұйымдасқан топтарға күдікпен қараған. Дж. Медисон партиялардың құрылу процесін «топтардың апаты» деп атаған [2].

Егер ресейлік саяси партияны зерттеушілерге көшетін болсақ, мұнда да, демократия мен саяси партиялар ажырағысыз деп есептейтіндер және саяси партиялар демократия идеалдарын жүзеге асыра алмайды және оларды жояды деп есептейтіндер болып екіге бөлінеді. Бірақ қазіргі кезеңде саяси партияларға сыни көзбен қарайтындардың қатары көбейіп келеді. Олар, саяси партиялар парламенттік емес бірлестіктермен салыстырғанда өзінің маңызын төмендетіп отыр деген көзқарасты ұстанады. Бұлардың пікірі «партиялар дағдарысы», «қос партиялық жүйенің құлауы» сияқты саясатттану теориясында кең орын алған. Мұндай теорияны жақтаушылар қазіргі қоғамда саяси партиялар өз функцияларын тиімді орындай алмай отыр деген ойға жүгінеді. Демократиялық режимнің орнауы саяси партиялардың пайда болуы мен дамуына ықпал етеді деп біржақты кесіп айтуға болмайды. Себебі партиялар қазіргі түрінде демократияның әсерінен пайда болған жоқ, күрделі урбанизацияланған, индустриалды қоғамның қажетттілігінен туындады. Дәл осы факторлар партиялардың пайда болуы мен дамуында фундаментальды рөл ойнады. Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, саяси партиялар саяси режим мен басқару нысанына байланыссыз пайда болады. Алайда, мемлекет құқықтық регламенттеу арқылы саяси партиялардың өмір сүруіне айтарлықтай ықпал жасай алады. Басқару нысаны мен саяси режим билікке күрес жүргізу сферасында әрқайсысы өзіне тән ерекше партияны туғызып алады. Мысалы, көз алдымызға күрделі ұйымдасқан, урбанизацияланған, басқару нысаны аристократия болып табылатын қоғамды елестетсек, мұндай демократиялық емес қоғамда да бәрібір саяси партия мен партиялық жүйе болатынын сенімділікпен айтуға болады. Ал демократия болса, саяси партиялардың еркін қызметіне, саяси өмірдің әралуандылығына және барлық азаматтардың саяси құқықтарын қорғауға ең жақсы жағдай туғызады. Мұндай қорытындыны мынадай мысалмен бекітуге болады, Афинадағы ежелгі демократия кезінде партиялар мен партиялық жүйелер болмаған еді, себебі бұл қоғам жеткілікті түрде күрделі ұйымдаспаған еді. Сондай-ақ партияның пайда болуы мен демократияның арасында байланыстың жоқтығына, мысалы, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдайды келтіруге болады. Ол кездегі саяси режимді демократиялық деп атауға болмайды, алайда, алғашқы ресейлік партиялар мемлекет пен қоғамдағы демократиялық құрылымның жоқ кезінде пайда болған. Саяси партияларды зерттеудің бір жолы ол оларды ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеу болып табылады.

Саяси партиялардың әлеуметтік құбылыс ретінде ұзақ тарихы бар. Зерттеушілердің арасында партиялардың прототипі Афина демократиясының кезінде болған деген көзқарас бар. Шынында да Аристотельдің еңбектерінен б.д.д VІ ғасырда Афинада бірнеше бір-біріне қарсы топтар болғандығы жайлы деректерді кездестіреміз. Сондай-ақ ежелге Римде «pars» терминімен белгілі бір императорды қолдайтын лауазымды тұлғалардың тобын атаған. Алайда, саяси партиялар деп, ұқсас көзқарастары бар тұлғаларды түсінсек, онда саяси партиялар билікпен бірге сонау неолит дәуірінде пайда болғанын анықтаймыз. Себебі, адамға ұқсас көзқарасы бар басқа адаммен бірігіп әрекет істеу үшін ұйымдасу тән. Ал егер партиялы пікірлестер тобы дегеннен гөрі әлдеқайда күрделі құрылым деп есептесек, онда партияның пайда болуы тарихы мүлдем кейінірек басталады. Қазіргі ұғымдағы саяси партияларды дүниеге әкелген ұйымдар XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы ерте буржуазиялық революциялар кезінде пайда болды. Алғашқы саяси партиялар Голландиядағы оранжистер мен республикашылардың күресі нәтижесінде пайда болды. Партиялар саясатқа, оның ішінде сайлау процесіне тұрғындардың барлық бөлігін тарту арқылы біртіндеп өзінің қызмет аясын кеңейте берді және саяси өмірдегі өзінің маңызын арттырды. Егер партиялар алғашында экономикалық және саяси элиталардың клубы ретінде өмір сүрсе, XІX ғасырдың соңынан бастап күшті ұйымдасқан топқа тән белгілерге ие бола бастады. Аталған өзгерістер партиялардың алғашқыда ұстанған элита мүддесін бұқаралық электораттың мүддесіне алмастыруға итермеледі. Оның үстіне қоғамның күрделенуі мен урбанизациялануы бұқараны мемлекеттен алшақтата бастады, сөйтіп осы екі ірі құрылымның арасындағы делдал қызметін саяси партиялар атқара бастады.

Қазақстандық партия жүйесінің әлсіздігі мен тиімсіздігі негізінен екі факторға тіреледі. Бірінішіден, Қазақстандағы партиялардың қалыптасуына, азаматтық қоғамның әлсіздігі өзінің кері әсерін тигізуде. Азаматтық қоғамның әлсіздігі басқа маңызды мәселені – қоғам мен саяси элита арасындағы байланыстың жоқтығын тудыруда. Біздіңше, осы жағдай қазақстандық партиялар, азаматтық қоғамның емес, саяси элитаның өкілдері екенін көрсетеді. Қазақстандық партиялардың әлсіздігін түсіндіретін келесі бір фактор, ол қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың айқындалған мүдделерінің болмауы. Мемлекетпен қатынаста қоғамның өкілі болуы үшін партия қандай мүдделерді білдіру керектігін білуі тиіс. Мүдделер толық айқындалмағандықтан, саяси партияларды күшті қару ретінде пайдалану мүмкін болмай отыр.

Тек қазіргі уақытта ғана партиялардың құқықтық жағдайын реттеудің, біртіндеп Қазақстанның құқықтық кеңістігінде жеке орынға ие болып жатқандығын көрсетеді. Біздің пікірімізше, аталған процесс Қазақстанның конституциялық құқығы саласында саяси партиялардың мәртебесін реттейтін нормалардың орнын анықтаумен байланысты проблемалардың туындауына негіз береді. Оның үстіне, саяси партиялардың мәртебесін бекітетін құқықтық нормалардың кешенділігі туралы айтуға болады. Олар тек қана партиялардың қызметі сферасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды ғана емес, сондай-ақ құқықтың өзге салаларындағы «партиялық» қатынастарды реттейтін нормаларды да қамтиды. Мысалы, саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді реттейтін нормалар әкімшілік құқыққа жатады, ал саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруды заңдық тұрғыдан бекіту аталған институтқа қаржы құқығының нормаларының енгені туралы айтуға мүмкіндік береді.

Саяси партияларды ғылыми зерттеудің келесі бір жолы, оларды құқықтық реттеу объектісі ретінде зерттеу, олардың институттану процесін зерттеу болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, қазақстандық партиялардың осы жағы қазіргі кезде жеткілікті зерттелмеген және осы жұмыста негізгі көңіл осы мәселеге бөлінді [3]. Конституциялық құқық саласының реттеу объектісі ретінде саяси партиялар салыстырмалы түрде жуықта пайда болған құбылыс ретінде сипатталады. Саяси партиялардың жағдайы құқық нормаларымен тек XX ғасырдың ортасында ғана реттеле бастады. Біздіңше, бұған үш себеп бар – мемлекет қызметінің аясының кеңеюі, саяси партиялардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің артуы, мемлекеттегі жеке тұлғаның рөлінің, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы. Бірінші себеп ол, мемлекет рөлінің кеңеюі, саяси партияларды құқықтық реттеу кеңістігіне кіргізді. Бұған саяси партиялардың сайлау кампаниясына тікелей қатысуын, олардың Парламенттегі, Үкіметтегі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы қызметін реттеу кірді. Өзінің нысаны бойынша реттеу нормативтік құқықтық  түрде жүрді [4].

Партияларды құқықтық реттеудің келесі кезеңі болып, саяси партиялар туралы арнайы заңның пайда болуы саналады. Саяси партиялар туралы арнайы заң - құқық шығармашылығының жас түрі болып есептеледі. Оның қалыптасуы XX ғасырдың 60-70 жылдарына жатады. Аталған заңның ерекшелігі, оның тек қана партияға бейімделуінде және оның қызметінде ғана емес, сонымен бірге ұйымның өзін де реттеуінде еді. Сондай-ақ аталған заң партияның ішкі ұйымдастырушылық қатынастарын реттейтін нормаларды қамтиды. Уақыт өте келе заң шеңберінде партия қызметін қаржыландыру сұрақтарына ерекше назар аударыла бастады.

әдебиеттер:

1. Н.И. Матузова, А.В. Малько. Теория государства и права. -М., 1997.

2. Бекназар-Юзбашев Т.Б. Партии в буржуазных политико-правовых учениях. -М., 1988.

3. Евдокимов В.Б. Партии в политической системе буржуазного общества. -Свердловск. 1990.  

4.  Баглай М.В., Туманов В.А. Малая энциклопедия конституционного права. -М., 1998.